Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында «Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс. Сонымен бірге 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет» деген еді.
Осы орайда шымкенттік тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС-ның үлгілі тәжірибесін мысалға келтірсем деймін. Кәсіпорын тоқсаныншы жылдардың аяғында құрылған. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт ішінде халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында компания үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Жаңғырту жобалары арқылы халықты ауыз сумен қамтамасыз етуде үлкен сапалы іс тындырды. Қосымша инвестициялардың көмегімен тозығы жеткен ауыз су құбырларының жүйелері ауыстырылып, әрбір мекеме мен үйге есептеуіш құралдар қойылып, халық судың рақатын көріп отыр. «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС бас директоры Анарбек Орманның айтуынша, кәсіпорын мегаполистің бір миллионнан астам тұрғынына қызмет көрсетеді. Мекеме қалаға ауыз су беріп қана қоймайды, сонымен бірге қалдық суларды жинап, тазалап, ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін егістіктерге қайта жіберіледі екен.
«Инвестиция тарту жағына келсек, Еуропа қайта құру және даму банкімен 14 жылдан бері қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Осы аталған қаржы институтынан 18 млрд теңге инвестиция есебінде несие алған. Оның 13 млрд теңгесін жауып үлгеріпті. Қалған сомасы ауыз су мен кәріз жүйелерін жаңалауға жұмсалатын болады. Инвестиция қаражатын жаңғырту жобаларына арнау – кәсіпорынның басты қағидаты. Сондықтан әрбір қаражат тиынына шейін жоспарға сай игеріліп жатыр», дейді кәсіпорын басшысы.
Жаңғырту ісін толық жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан да арнайы бағдарлама шеңберінде қолдау көрсетіліпті. Оның көлемі 4,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын құрылғалы осы салаға 38 млрд теңге инвестиция құйылған. Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған қаражатқа мың шақырымнан астам су құбыры жаңартылып, 90 шақырымға жуық кәріз жүйесі ауыстырылыпты. Ал экология жағдайын жақсарту мақсатында 100 мың текше метрлік тазалау қондырғысы жаңартылған. Мекеме Польшадағы әріптестерімен байланыс орнатып, сол елдің озық технологиясын ендірген. Заманауи технологияның нәтижесінде кәріз жүйелерінде жағымсыз иіс жоғалды. Кәсіпорын кәріз жүйесінен аққан жаман суларды да кәдеге жаратып жатыр. Яғни қалдық сулардан биогаз өндіріп, одан сағатына 3,5 млн Квт электр энергиясын алып отыр. Бұл деген сөз жалпы қала тұтынатын электр энергиясының біршама бөлігін өздері өндіріп жатыр. Шаһар аумағының кеңеюіне байланысты қосымша 50 мың текше метр қуаттылығы бар тазалау қондырғысы іске қосылып, жалпы қуаттылық көлемі 150 мың текше метрге жеткізіліпті. Сонымен бірге былтыр Германиядан табиғи газдан электр қуатын алатын қондырғы әкеп орнатқан. Электр энергиясын өндіру қуаты тағы сағатына 4 млн Квт-ға өсіп, кәсіпорын тазалау қондырғысына кететін электр энергиясы шығындарының 95 пайызын өз есебінен жауып отыр.
Мекеме басшысының айтуынша, тоқсаныншы жылдардың аяғында қала 105 млн текше метр ауыз су тұтыныпты. Соның өзінде толық қамтамасыз ете алмаған. Жаздың күндері жоғарғы қабаттарға су бармай қалатын. Өйткені ауыз су бейпіл болғанымен көлденең шығындар өте көп болды. Халық суды бейберекет пайдаланып, ысырапшылыққа көп жол беретін. Алайда жаңғырту мен қайта құру жұмыстарының нәтижесінде әрбір үйде есептеуіш құралдары пайда болып, сол арқылы адамдар судың сұрауы бар екенін терең ұғынды. Әрбір аққан судың ақысын қалтадан шығарып төлеу керек болған соң, барынша үнемдеуді үйренді. Біріншіден, су жүйелерінің ескілігінен және қайта-қайта жарылуынан, екіншіден құр бос шығындардың салдарынан халықты ауыз сумен сапалы түрде қамтамасыз ету мүмкін болмай жатқанда тығырықтан осы модернизация мен қайта құру бастамасы алып шыққан. Сол арқылы кәсіпорын 36 млн текше метр суды үнемдеп қала алды. Сол алғашқы құрылған жылдары мекеме иелігінде 2 экскаватор мен 15 апаттарға арналған көлік болса, инвестиция есебінен өскен компанияда қазір техникалар саны ондаған есеге артқан. Тоқсаныншы жылдардың соңында қалада есепсіз су шығындары 42 пайызды құраса, бүгінде ол 17 пайыздың көлемінде. Бұл ең төменгі көрсеткіш болып саналады. Себебі тіпті ТМД мемлекеттерінің өзінде бұл сан 30 пайыздан жоғары екен. Шығын демекші, сол тұста бір адамға тәулігіне 456 литр су жұмсалып отырыпты. Тұрғындардың үнемшілдікке мән бермегені соншалық, жаздың күнгі күн ыстықта үйінде салқын микроклимат қалыптастырып, сөйтіп түнде терлемей жату үшін күні бойы ванна бөлмесіндегі себезгіден су ағызып қоятын болған. Ал шаһардағы 3-4 канал жаз бойы суға толып жататын. Өйткені құбырлар жиі жарылатын. Ескі құбырларды жаңалап, есептеуіш құралдарды орнатқан соң мұндай ысырапшылдық өзінен-өзі сап тыйылыпты. Бүгінгі таңда 1 адам шамамен 125 литр су пайдаланады. Бұрын әр тұрғынға 260 литр бойынша есептеліп, 950 теңгеден төлеген болса, қазір тарифпен есеп айырысып, 430 теңге төлейді. Мұның бәрі суды үнемдеп жұмсаудың нәтижесі. Сонда 56 млрд теңге тұрғындардың қалтасында қалып отыр.
– Қалада 5 су арнасы болса, жүзге жуық сорғы күндіз-түні тоқтамай жұмыс істеп тұрды. Бір жылда сағатына 97 млн Квт пайдаланды. Қазіргі таңда кәсіпорынның қалалық электр жүйесінен пайдаланып жатқан электр қуаты бар жоғы сағаты 9,4 млн Квт құрайды. Ауыз су құбырының ұзындығы 750 шақырымнан 5 547 шақырымға ұзарды. Кәріз жүйесі де 880 шақырымға өсті. Инвестиция нәтижесінде құбырлардың тозығы 68 пайыздан 47 пайызға азайды. Еліміз нарықтық жүйеге өткенде газ, жылумен қамтамасыз етуші коммуналдық кәсіпорындар қиын жағдайда қалды. Газ да, жарық та болмады. Жұрт далаға шығып тамақ істеді. Ал бірақ су болды. Ол бір күнде тоқтаған жоқ. Осының өзі сол кездегі мекеме жұмысшыларының айлықтары екі мың теңге болса да қызметтерін тастамағаны үшін нағыз патриот еді деп айтуға болады, – деді «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС басшысы Анарбек Орман.
Табыс көзі кәсіпорында сонау тоқсаныншы жылдардың аяғында 348 млн теңгені құрапты. 2022 жылдың қорытындысымен ол 10 млрд теңгеге жетті. Мемлекетке алғашқы кезде 100 млн теңге салық төлесе, былтыр бюджетке кәсіпорыннан 1млрд 757 млн теңге салық табысы түскен. Сол бір қиын кезеңде зауыт-фабрикалар тоқтап, адамдар айлық ала алмай жатқан уақытта тұрғындардың 60 пайызы ғана су ақысын төлеуге мүмкіндігі болған. Бүгінгі таңда төлемақының деңгейі 99,5 пайызға ұлғайды. Сонымен бірге қазіргі кезде тұтынушылардың 82 пайызы Kaspi Gold арқылы төлейді. Ал бұрын кассаға барушы еді, кезекке тұрып, қаншама уақытын жоғалтатын. Сондай-ақ тексерушілер тұтынушылардың есігін қақпайтын болды. Абоненттердің 72 пайызына чат-бот арқылы электронды хабарлама келеді. Жоғарыда айтылғандай, кәсіпорын тазалау қондырғыларының деңгейін біршама жақсартты. Бұрын олар экологиялық санитарлық талаптарға сай емес еді. Заманауи технологияларды пайдаланудың нәтижесінде Шымкентте республика тұрмақ ТМД бойынша ең алдыңғы қатарлы тазалау қондырғылары жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Қазақстанда кәріз жүйесіндегі қалдық сулардан биогаз алып жатқан тек осы кәсіпорын ғана.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС Экологияға қосқан үлесі үшін «Парыз» сыйлығының алтын жүлдесімен марапаттады.
«Шымкент қаласынан республикалық «Парыз» сыйлығына үміткер ретінде 23 мекеме өтінім берген еді. Бірақ еңбек нарығында жүйелі жұмысымен, уақыт талабына сай өндірісті жандандырып отырған үздік ұжымдардың ішінен біз алға суырылып шықтық. Жасыратыны жоқ, соңғы 5 жылда «Су ресурстары-маркетинг» кәсіпорны ауқымды жұмыс атқарып, еңбектің тәтті жемісін таттық. Президент қолынан алған марапатты әуелі біздің ұжымның экологияға қосқан үлесінің нәтижесі деп ұққан абзал. Өйткені кәріз суын тазалап, қалдық сулардан биогаз одан электр энергиясын өндіру экологияны жақсартуға бағытталған ең пайдалы іс деп қабылдаған жөн», деді кәсіпорынның бас директоры А.Орман.
Ендігі ретте қаланың өсуіне байланысты мекеме тазалау қондырғыларының қуаттылығын 200 мың текше метрге жеткізгелі отыр. Еуропа қайта құру және даму банкімен несие мәселесінде келісіп, тиісті қаржы алды. Оның 50 пайыз қаражатына Үкімет қолдау көрсетеді. Бұйыртса, 2025 жылға қарай іске қосылатын болады. Республика бойынша суды жер астынан шығарып тазалап халыққа жеткізіп берудегі 1 текше метрге кететін шығыны жағынан Шымкент 49 теңгемен ең соңғы орында тұр. Мәселен, Қарағандыда 120 теңге екен. Әйтпесе сумен қамтамасыз ету жүйесі екі қалада да бірдей. Канализация бойынша 1 текше метр суды тазалауға кететін шығын жағынан 27 теңгемен мегаполис тағы да республикада соңғы орын алады. Ал сол Қарағанды қаласында оның бағасы 126 теңгеге тең.
Жалпы, «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС де 83 шақырым су құбырын жаңғыртуға – 2,5 млрд. теңге, 18 шақырым су бұру жүйесін жаңғыртуға 29,8 млрд теңге инвестиция салуы қажет. Нәтижесінде, ауыз су жүйесінің тозу деңгейі 21 пайызға төмендейді. Осы міндеттерді орындау мақсатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен бірлесе отырып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.