Жастар саясатын жаңғырту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформаның негізгі бағыттарының бірі. Бұл бастама көпшілік қолдауына ие болып отыр. Өйткені болашаққа алаңдайтын әрбір саналы адам жастар саясатына бейжай қарамауы керек.
Әлемдік тәжірибені алып қарайтын болсақ, бүгін жастар саясатын ұйымдастыруда негізгі 3 модель дамып келеді: либералдық, континенталдық, азиялық. Либералдық модельде жастар саясаты жеке сала ретінде қаралмайды. Жастар саясаты негізінен азаматтық қоғам арқылы іске асады. Бұл саясат жекеменшік компаниялар және жеке адамдармен (демеушілермен) қаржыландырылады. Континенталдық модель бойынша жастар саясаты жеке сала ретінде қарастырылады. Ол арнайы мемлекеттік орган тарапынан ұйымдастырылады. Қаржыландыру мемлекет тарапынан жасалынады. Саяси партиялар жастар саясатына араласпайды. Азиялық модельде жастармен жүргізілетін жұмыс мемлекеттік саясаттың жетекші бағыты ретінде алынады. Бұл жұмыспен жеке мемлекеттік орган айналысады.
Қазақстандық модельге қарасақ, мұнда континенталдық және азиялық жүйелердің негізгі элементтерін кездестіруге болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1999 жылы жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданып, құжат 2012 жылға дейін қолданылды. Бұл құжат өз міндеттерін орындады және қазіргі күн талаптарына сай келмей қалды. Негізінен, 1999 жылғы тұжырымдама ұйымдастырылған (оқушы және студент) жастарға арналған еді. Ал олар жалпы жастардың тек жартысын құрайды. Жастардың екінші жартысы (қалған 50%) бұрынғы тұжырымдамада ескерілген жоқ: бұл жұмысшы жастар, ауыл жастары, өзін-өзі ұйымдастырған жастар, маргиналдық жастар және т.б. Сол себептен 2012 жылы «2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы», «Қазақстан 2020: келешекке жол» деп аталатын жаңа құжаттар қабылданды. Тұжырымдаманың негізгі өзгешелігі – құжатта жастардың барлық категориясы қамтылды. Осы құжаттың негізінде 2015 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң дайындалып, қабылданды.
Мәселелер де аз емес. Біріншіден, қоғамдағы жастар саясатына деген көзқарасты өзгерту керек. Жастар саясатын бір күндік акцияларға, шулы пиар-компанияларға айналдыруға болмайды. Қазіргі кезде күнделікті, жүйелі және кешенді негізде нақты жұмыстарды іске асыру қажет. Сонда ғана жастар саясатында кездейсоқ, фрагментарлық іс-шаралар қысқарады. Сонымен қатар сан жағынан неғұрлым көп және жастардың барлық категориялары қамтылады. Биыл «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде жастардың орта жасы 35-ке дейін ұлғайтылды. Яғни елімізде жастардың үлесі 6 миллионнан асты. Әрине, бүгінде жастар саясаты саласындағы жұмыстар қайта жаңғыртылып келеді. Қазіргі таңда «жастар үшін» қағидатынан гөрі «жастармен бірге» қағидаты маңызды рөлге ие.
Екіншіден, жастарды қолдау мақсатында «әлеуметтік лифтілерді» құру үлкен мәнге ие. Оның мысалы ретінде қабілетті жастарды мемлекеттік қызметке тарту және жастардың волонтерлық орталықтарын құруға байланысты жобалар іске асты. Ендігі кезде әр аймақта «әлеуметтік лифтілерді» қалай құрамыз және оның нақты механизмі қандай болады деген мәселені шешу қажет. Өкінішке қарай, бұл мәселе бүгінге дейін толық шешімін тапқан жоқ.
Үшіншіден, кейінгі жылдары жастарға арналған «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Мемлекеттік қызмет мектебі», «Жастар – Отанға» жобалары дамып келеді. Десек те қазіргі таңда жастардың барлық категорияларын қамтитын, оларды біріктіретін жаңа жобалар қажет.
Төртіншіден, «Жұмыспен қамту», «Бизнес жол картасы-2025», «Қолжетімді тұрғын үй» секілді әлеуметтік жаңару бағдарламалары да іске асырылып келеді. Жаңа мемлекеттік жастар саясатын осы әлеуметтік бағдарламалармен дұрыс ұштастыру қажет.
Бесіншіден, бүгін жастардың әр категориясына мысалы, қалалық және ауылдық жастарға, жастардың этностық топтарына, формалдық емес көшбасшыларына нақты адрестік тәсілдер пайдалану қажет.
Алтыншыдан, жастардың бойында кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастыру мәселесіне ерекше мән бергеніміз жөн. Қоғамда әрбір жас өзіне лайықты орынды табуы үшін оларды мектеп, колледж, университет қабырғасынан бастап шағын және орта бизнеспен айналысуға дайындаған дұрыс.
Бірнеше жыл бұрын Жамбыл облыстық кәсіпкерлікті дамыту басқармасының жанынан құрылған комиссия «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге грант беру туралы мәселені қараған еді. 3 млн теңге көлеміндегі грант өз кәсібін бастап жатқан азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау (старттық капитал) ретінде берілетін. Өкінішке қарай, сол кезде конкурсқа қатысқан көп азаматтар кәсіпкерге қажетті негізгі сұрақтарға (бизнес-жоспар, жобаның жаңашылдығы, қосымша жұмыс орындарын ашу) жауап беруге қиналды. Бұл олардың кәсіпкерлік мәдениетінің төмен екендігін аңғартады. Сондықтан жастарды кәсіпкерлікке дайындау қажет. Польшадағы Краков ұлттық техникалық университетінің кіреберіс қабырғасында үлкен әріптермен: «Біз бизнестің экономистерін емес, бизнестің инженерлерін дайындаймыз» деген сөздер жазылған. Өкінішке қарай, бізде кәсіпкер болу үшін экономикалық білім қажет деген пікір қалыптасқан. Ал әлемге ең әйгілі бизнесмендер – техникалық білім алған азаматтар. Жалпы, бүгінгі жастарды мамандығына қарамай шағын және орта бизнеске бейімдеу қажет.
Жастармен кездескенде бір мәселені жиі айтамын. Қазақта «Өмір қамшының сабындай қысқа» деген теңеу бар. Ал жастық жылдары одан да қысқа. Осы жылдарды жастарымыз өздері үшін тиімді пайдалануға тиіс. «Бүгін болмаса, ертең болады» деген жастардың арасында жайбасарлық көзқарас болмауы керек. Өйткені жастарға жайбасарлық жараспайды. Барлық нәрсені (оқу, ғылыммен айналысу, спортпен шұғылдану, қоғамдық жұмысқа белсене қатысу, т.б.) бірдей жақсы жасауға болмайды. Бірақ жастарда бір нәрсені басқалардан нәтижелі іске асырамын деген ұмтылыс болуға қажет.
Қазақ жастарының арасында дарынды әрі талантты, қабілетті әрі шығармашыл ұл-қыздарымыз көп. Сол әлеуетті орнымен ұтымды пайдаланып, халыққа паш ету үшін ең алдымен жастарға қажетті жағдай жасау.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор