Өңір ауыл шаруашылығы көктемгі егіске қамданып жатыр. Әйтсе де көңілді қобалжытар өткір мәселелер бар.
Топырағы құнарлы Бұланды ауданының диқандары үстіміздегі жылы 264 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірмек. Бұл көлем өткен жылғы көрсеткіштен біршама жоғары. Ауыл шаруашылығы құрылымдары импортты алмастыру үшін жоғары өнімді дақылдарды көбірек егуге ынталы. Әрі егістік алқаптарды әртараптандыру мәселесіне де мейлінше назар аударып отыр. Айталық, майлы дақылдарға арналған егістік алқаптары 33 мың гектар жерге орналастырылады. Бұл талпыныс ішкі нарықты сұранысқа ие өніммен қамтамасыз етуге біршама мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдейтін кәсіпорындарды да қажетті шикізатпен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Егін шаруашылығымен бірге мал шаруашылығының қажеттілігі де назарда. Айталық, аудандағы малсақ қауым соңғы жылдары мал азығына көбірек тапсырыс беретін болды. Шынтуайтында бұл мәселе мал азығын дайындайтын шабындық жерлердің тарылғандығынан әрі құнары кемігендігінен орын алып отыр. Ендігі арада олқылықтың орнын мал азығын көбірек егіп толтырмақ. Жемшөп дақылдары 24 мың гектар алқапқа себілмек. Жайылым құнарын арттыру әрі мал азығын молайту үшін 4 мың гектар алқапқа бір жылдық мал азығына қажетті шөп өсіріледі.
Нарық талабына сай халықты картоп, көкөніспен қамтамасыз ету де уақыт талабы. Оның үстіне аудан астана тұтынушыларын жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтитын азық-түлік белдеуінде. Көктемгі егіс кезінде 0,6 мың гектарға картоп отырғызылса, 0,02 мың гектар алқапқа көкөніс өсіру көзделген.
Қыруар шаруаны уақтылы, тиянақты атқару үшін қолда бар техника тоқтаусыз жүріп тұруы керек. Көктемгі қарбаластың айрықша маңызын ескерген байырғы диқандардың көктемнің бір күні жылға азық деп айтатыны тегін емес. Осыған орай, егіс науқанына қатысатын 355 трактор, 242 астық сепкіш, 85 жоғары өнімді егіс кешендері жөндеуден өткізілуде. Бүгінгі таңда аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының қолда бар техникасының 90 пайызы әзірлік сапында. Қалғандарын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауданға көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 4 мың тонна дизель отыны қажет екен. Күні бүгінге дейін операторларды анықтау өткізілді. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Бар тарапты таразы басына тартып, төрт операторды анықтады. Қазір шарт жасасып, дизель отынының кепілдендірілген көлемін жеткізу бойынша жұмыс жүргізуде.
Дала сырын көкірегіне тоқыған кәнігі диқандар «не ексең, соны орасың» дейді. Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары сапалы тұқым әзірлеу ісін күзгі орақтан кейін-ақ қолға алған болатын. Айталық, аудан бойынша 31,2 мың тонна тұқым қажет болатын болса, қазір бұл көлем 100 пайыз дайын. Зертхана нәтижелері көрсеткеніндей барлық тұқымның өнгіштік қасиеті тәуір, бірінші және екінші класты.
Ендігі мәселе қаржыға келіп тіреледі. Биыл ақмолалық диқандар қаржыдан қысылатын сыңайлы. Олай болатындығы өткен жылғы өнімнің жартысы сатылмай, қоймаларда жатыр. Бидай бағасы бұрнағы жылдармен салыстырғанда екі есеге жуық арзандап кетті. Мұндай жағдайда әсіресе шағын шаруа қожалықтары мен серіктестіктер қаржы тапшылығына тап болатындығы жасырын сыр емес. Бұл мәселе жауапты науқанның жүгін ауырлатып, қолбайлау болатын түрі бар. Тығырықтан шығу үшін дәл қазір диқандардың қолындағы өткен жылғы бидайды «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы сатып алса, сол кезде қаржыдан қысылып отырған ауыл шаруашылығы құрылымдары жауапты науқанды мүлтіксіз өткізуге мүмкіндік алар еді. Бидайдың тоннасы 90-100 мың теңге төңірегінде. Шаруашылық басшыларының айтуларына қарағанда, осы бағаға өтіп кетсе, өзіндік құнын ғана шығаратын түрі бар. Күзден бері элеваторларда сақтап, қыруар шығынға ұшыраған. Көктем келгеннен кейін бидайға құрт түсіп, бүліну қаупі де ұлғайып отыр.
– Қаржы тапшылығының көп қырсығы болуы мүмкін, дейді «Әсет және Әділхан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Уәлихан Байжанов, – біріншіден, лизингке алған техникаларымыздың төлемақысын уақтылы төлей алмауымыз әбден ықтимал. Диқандардың қолында қаржы тапшы болғандықтан жер де көңілдегідей өңделмей қалуы, әртүрлі тыңайтқыштардың жеткілікті себілмеуі мүмкін. Бұл олқылық егістік жерді тоздырып жібереді. Ал, Жер-Анаға қажетті тыңайтқышын бермегеннен кейін мол өнім күту мүмкін емес қой. Ауыл шаруашылығымен айналысқан адамдар бұл мәселені жақсы біледі. Сондықтан уақытша қиындық болғанның өзінде ел ырыздығы өсіріліп отырған жердің де жайын ойлауымыз керек.
Ауданда «Аграрлық несиелік корпорация» акционерлік қоғамының филиалдары арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарына қажетті қаржыны несиеге беру жұмысы жүргізіліп жатыр. Әйтсе де, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары бұрынғы несиелерін өтей алмай жүріп, жаңасын алуға жасқанып отыр.
Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, қазір төңіректегі елді мекендерде техника тілін білетін механизаторлар қасқалдақтың қанындай таптырмайды. Көктемгі дала жұмыстары қызып, қарқын алған кезде әр сағатың санаулы. Механизаторды айтасыз, токарь, дәнекерлеуші мүлде жоқ.
– Қазір өзіміз дәнекерлеуші болып алдық, – дейді серіктестік басшысы, – ат тұяғы жететін жерден таба алмаған соң күдер үзіп қойдық та, амалсыздан үйрендік. Ал токарь болу маңдайымызға жазылмаған өнер. Техникадан ақау шыға қалса, істен шыққан тетікті алып аудан орталығына, одан таба алмасақ Көкшетауға шабамыз. Қаншама уақыт кетеді, қосымша шығын. Ауылдағы жастар сұранысқа ие осындай мамандықтарды неге меңгермейді екен?
Ауыл демекші, кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, қазір серіктестік орналасқан Елтай ауылының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мақтанарлық емес. Заманында табиғаты тамылжыған осы өлкенің құйқалы пұшпағындағы елді мекенде жетпістен астам отбасы болған екен. Қазір соның 17-сі ғана түтін түтетіп отыр. Онда да көшіп кетуге қауметі жете бермейтін зейнеткерлер. Бастауыш мектеп төрт-бес жыл бұрын жабылған. Мың шұңқырлы жолда жеңіл көлікпен жүргеннің өзінде белің үзіліп кете жаздайды.
Шағын ауылдың тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған осы «Әсет және Әділхан» серіктестігі. Келешектерінің кіндігі осы ұжымның болашағына байланғандай.
Ақмола ауданы,
Бұланды ауданы