• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2010

БИОХИМ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТҮСІНБЕУШІЛІК

607 рет
көрсетілді

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНЫҢ АРАЛАСУЫМЕН РЕТКЕ КЕЛЕТІН СЫҢАЙЛЫ 2006 жылы Тайынша ауданында “Қазақстан даму банкі” АҚ-тың қатысуымен жалпы құны 10,6 миллиард теңге болатын “Биохим” өндірістік кешені іске қосылған болатын. Жоғары технологиялық инновацияға құрылған кластерлік жоба әлемдік сұранысқа ие биоэтанол, басқа да өнімдер шы­ға­руға негізделді. Бензинге ара­лас­тыратын жоғары октанды биол­о­гия­лық қоспа өндірісін игеруге арналған кәсіпорында жылына 250-300 мың тонна төменгі сортты бидайды қалдықсыз өңдеп, 57 мың тонна биоэтанол алу жобаланды. Қосымша 25 мың тонна көмір қышқыл газ, 20 мың тонна балуыз, 24 мың тонна жемазық ашытқы өндіру көзделді. “ХХІ ғасырдың биотехнологиялық кластері” деген теңеуге ие болған кәсіпорынның зор өндірістік мүмкіндігі осылай айқындалған еді. Ең бастысы, био­ло­гиялық қоспаны мұнай өнім­де­ріне пайдалану қоршаған ортаға та­рай­тын зиянды заттардың мөл­шерін 30-35 пайызға дейін кемітуге мүмкіндік беретін. Аса қуатты өндіріс орнының астықты алқапта құ­рылуы жүздеген адамды жұ­мыс­пен қамтып, бірқатар әлеуметтік мә­селелерді де шешіп берді. Ал­ғаш­қы кездері өнімге сұраныс көп­теп түсе бастағанымен ауыл ша­руа­шылығы саласында жасалған қа­рышты қадам кейін кібіртіктеп қалды. Оның басты себептерінің бірі биоэтанолды шетелдерге өт­кізудің қиындығынан туындады. Ре­сейде биотынды өндіру және рет­теу мәселелері арнайы заңмен рет­телмегендіктен шетелдерге та­сымалдау үлкен машақатқа ай­нал­ды. Екі ел арасындағы ке­лі­сім­дер бір ізге келтіріл­ме­ген­дік­тен арнайы депозитке сақтандыру қаржысын алдын-ала салып қою секілді жөнсіз талаптар қойылды. Оның мөлшері миллиондаған долларды құрады. Кедендік ресімдеулердегі қарама-қайшылықтар да іс түйінін күрделендіріп жіберді. Кәсіпорын директорының өн­ді­ріс­тік мәселелер жөніндегі ор­ын­басары Игорь Габидуллин про­бле­ма­лардың орын алғанына қа­ра­мас­тан өндіріс циклының үзілмегеніне, қалыпты жұмыс істеп тұрғанына бәріміздің көзімізді жеткізді. – Клейковинаны Еуропа ел­де­рі­не, АҚШ-қа жөнелтеміз. Қалған өнімдер Ресей мен елімізге шы­ға­ры­лады. Жасыратыны жоқ, био­ло­гия­лық қоспаны шетелдерге жет­кі­зуде кедергілердің орын алып отыр­ғаны рас. Негізгі дәліз Ресей арқылы өтетіндіктен тәуелдіміз. Мәселен, ол елде біздегідей жоғары октанды биологиялық қоспа деген ұғым жоқ. Жай ғана этанол деп аталады. Осындай айырма­шы­лық­тарды заң жүзінде бір ізге түсірсек, алыс-жақын шетелдермен тура байланыс орнар еді. Екіншіден, төлемақы мәселесін де тезірек шеш­пей болмайды. Шетелдіктердің 45 күн ішінде есеп айырысуы біз үшін тиімсіз,– деді Игорь Вла­димирович. 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму жөніндегі мемлекеттік бағ­дарламаға енген “Биохим” өнді­ріс­тік кешенінің ет комбинаты, құс фа­брикасы, сүт зауыты өңдеуші клас­тердің негізгі бөліктері сана­лад­ы. Ет комбинаты биыл маусым айында пайдалануға берілмек. Қазір мұнда жұмыстың қызған шағы. Мәселен, шошқа кешенінің жыл­дық қуаты 3,5 мың тонна бол­са, бүгінге дейін 800 тонна ет өн­ді­р­ілген. Мал сою цехы да қар­ба­ласқа толы. Облыс әкімі Серік Біләловтің тікелей атсалысуымен қаражат бөлініп, еңбек ырғағы арта түскен. Парламент Сенатының де­путаттары Қожахмет Бай­мақанов пен Анатолий Башмаков та осында атбасын арнайы тіреп, іс ба­ры­сы­мен жан-жақты танысты. Өн­ді­рістік кешен жұмысын тоқтатыпты деген әңгімені жоққа шығарды. – Жағдай депутаттар ойлағандай емес екен. 100 доллардың астығын қалдықсыз өңдеп, одан алынған өнімді бірнеше есе қымбат бағаға сату бізді ерекше қуантты,– деп қос депутат ағынан жарылды. Олардың қатысуымен өткен кластерді да­мы­туға арналған жиында биоотынды шетелдерге тиімді бағамен ұсыну жолдары, оны өндіру және реттеу туралы заңның тезірек қабылдануы жөнінде өтініш-тілектер айтылды. Заң жобасы Мәжілісте талқыланды. Енді жуық арада Сенат қарауына ұсынылады. Жергілікті жердегі нақты жағдаймен танысып, заңның ауадай қажеттілігін біз де сезініп отырмыз. Қабылдануына бар күшімізді саламыз, десті халық қалаулылары. Серік Сұлтанғазыұлы кей­біреулер “Биохим” биоэтанол ғана өндіреді деген оймен жа­ңылысып жүр. Ұнды, кебекті, балауызды, крахмалды, көмір қышқыл газын, ашытқыны қайда қоямыз? Бұларға биогаз бен биобензинді қосыңыз. Бәзбіреулер астықтың көп кететінін айтып даурығысады. Тіпті де олай емес. Облыс жылына 5-6 миллион тонна астық өсіреді. Ал, биоқоспаға жұмсалатыны — 225 мың тонна ғана. Оның өзі төртінші сортты бидай, деп даулы мәселенің аражігін ажыратып бергендей болды. “Биохим” компаниясы” АҚ бас ди­ректоры Евгений Сутягин­ски­й­дің айтуына қарағанда, Алматы, Астана қалаларының көліктеріне биобензин құю қолға алынатын көрінеді. Сондай-ақ өндіріс жү­йе­сіне халал стандартын енгізу ар­қы­лы мұсылман елдері рыногына шығу жайы да қарастырылыпты. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.