Алматыда, №29 балалар кітапханасында «Мұрат Әуезовпен әдеби қонақжай» атты кездесу кеші өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесудің мақсаты Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау. Онымен бірге даңқты қазақ қайраткерінің ұрпағы Диар Қонаев болды.
Қаламгердің ұлы Мұрат Әуезовты ел-жұрты мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде танылды. Ол халқымыздың рухани мәдениетін дамытуға, Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени құндылықтарын зерделеу мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосты.
«1949 жылы наурыз айында Алматыға келдік, сол жылы күзде Алматыдағы қазақ мектебіне 1 сыныпқа бардым. 4 сыныпқа барғанда орыс мектепке ауысуға тура келді. Әкем әріп таныған күннен бастап қазақ әдебиеті, тарихымен танысуыма ден қойды. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев туралы мен мектеп қабырғасында жүрген кезде әкем мен анамнан естідім. Анам ақын-жанды еді. Мағжан, Ілиястар ұсталып кеткен соң да олардың шығармаларын көзінің қарашығындай қорғады, кешкісін бізге есік-терезені жауып Мағжанның шығармаларын оқып беретін еді», дейді М. Әуезов.
Кіші Әуезовтың танымында Мұхтар Әуезов тек әке ғана емес, ұлы ұстаз. Тек халқының ғана емес, балаларына, отбасына ұстаз бола білді.
«Әпкем Ләйлә Мұхтарқызы көрнекті тарихшы ғалым. Бауырым Ернар құстың қарашағын зерттеген – дүние жүзіне атағы шыққан үлкен ғалым-орнитолог. Өзім де осал емеспін. Мәскеуде оқығанда мамандықты таңдағанда әкем мені жолға салып, бас көз болып тілеушім болды. Өте балажан еді. Әкемді осы уақытқа дейін сағынамын» дейді М. Әуезов.
Қазақ тілін жетік білмейтіні туралы сөз еткен Мұрат өзін «қазақ тіліне оралған адаммын» деп санайтынын айтты. «Орыстілді болған кезімде де менің жүрегім қазақ деп соққан. Бірақ уақыт өте ана тілімді меңгеруді жөн санадым. Қасымдағы достарымыз бәріміз бірігіп тілімізді үйренуге бел буып, қайсымыз орыс тілінде сөйлеп қойсақ, бес тиыннан өтемақы төлейміз деп келістік. Солай қазақ тіліне орала бастадық», дейді қазақтың ұлы тұлғасының ұрпағы.