• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2014

Интеграция клубының Мәскеудегі отырысы

254 рет
көрсетілді

Мәскеуде Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ресей Федера­ция­сындағы елшісі Марат Тәжин Федерация Кеңе­сінің Төрағасы жанындағы Интеграция клубының отырысына қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Отырыс тақырыбы «Еуразиялық эко­но­микалық одақ: жаңа мәселелер мен мүмкіндіктер» деп аталды. Федерация Кеңесінің Төрайы­мы Валентина Матвиенко отырыс қатысу­шыларына айтқан құт­тықтау сөзінде соңғы жылдардың ең маңызды оқиғасы Достастықта Ресей, Беларусь және Қазақстаннан тұратын «интеграциялық ядро­ның» шығуы, оның Кеден одағы ретінде құрылып, Біртұтас эко­номикалық кеңістік ретінде қалыптастырылуы екенін, соның нәтижесінде стратегиялық мақсат – Еуразиялық экономикалық одақтың пайда болуы екенін атап көрсетті. «Жетекші үштіктің эко­но­ми­калық өзара ықпалдас­тығы­ның қазіргі ахуалы туралы сөз қозғағанда, интегра­ция – абстрактілі жоба емес, мемле­кеттеріміз экономи­калары­ның тиімді дамуының, азамат­тары­мыздың әл-ауқаты жақса­руы­ның бірден-бір мүмкіндігі екенін ескеру маңызды. Инте­гра­цияға қол жеткізу ТМД-ның басқа елдерін жетекші үштікке қосылуға итермелейтіні анық. Бұған Армения мен Қырғызстан мысал бола алады. Сонымен қатар, ТМД кеңістігінен тыс елдер де біздегі интеграциялық үдерістерге қызығушылық білдіріп жатыр», – деді В.Матвиенко. М.Тәжин өз сөзінде Еура­зиялық экономикалық одақ құру туралы шарттың ратифика­циясымен байланысты тек заңдар деңгейіндегі ғана емес, заңға қосымша актілер деңгейіндегі парламенттік рәсім­дердің маңы­зы зор екенін атап өтті. Қазақ­стандық дипломат ЕАЭО елдеріндегі экономикалық бел­сенділік төмендемеуі үшін мү­ше-мемлекеттер өзара сауданы көтеру, инвестициялық бағыт­тарды ынталандыру және бизнес-климатты жақсарту мақсатында елеулі күш-жігер салулары керек екеніне де назар аударды. Клуб отырысына қатысушылар болып жатқан интеграциялық үдерістерге түсініктемелер беріп, оның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттер азаматтарына пайдасы мен тиімділігін кеңінен көрсететін бірыңғай ортақ медиа кеңістік құру мәселесіне де ерекше көңіл бөлді.