Алматы қаласындағы №29 балалар кітапханасында қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, елші Мұрат Әуезовтің 80 жасқа толуына орай кездесу кеші өтті.
Жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезовті ел-жұрты мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде таниды. Ол халқымыздың рухани мәдениетін дамытуға, Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени құндылықтарын зерделеу мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосты. «1949 жылы наурыз айында Алматыға келдік, сол жылы күзде қаладағы қазақ мектебіне 1-сыныпқа бардым. 4-сыныпта орыс мектебіне ауысуға тура келді. Әріп таныған күннен бастап әкем маған қазақ әдебиеті мен тарихын танытуға ден қойды. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев туралы алғаш мектепте оқып жүргенімде әкем мен анамнан естідім. Анам Фатима Ғабитова ақынжанды еді. Мағжан, Ілиястар ұсталып кетсе де олардың шығармаларын көзінің қарашығындай қорғады. Кешкісін бізге есік-терезені жауып сол кісілердің шығармаларын оқып беретін», дейді М.Әуезов.
Кіші Әуезовтің танымында Мұхаң ол үшін әке ғана емес, ұлы ұстаз. Тек халқына ғана емес, балаларына, отбасына ұстаз бола білді. «Әпкем Ләйлә Мұхтарқызы көрнекті тарихшы ғалым. Бауырым Ернар құстың қарашығын зерттеген, дүние жүзіне атағы шыққан ғалым-орнитолог. Мәскеуге оқуға барып, мамандық таңдағанымда әкем жол көрсетті. Өте балажан еді», дейді Мұрат Мұхтарұлы.
Қазақ тілін жетік білмегенімен, ол өзін «қазақ тіліне оралған адаммын» деп санайды. «Орыстілді болсам да жүрегім қазақ деп соққан. Уақыт өте қазақ тілін меңгеруді жөн санадым. Бұл жерде жалғыз мен ғана емес, қасымдағы достарыммен бірігіп үйренуге бел будық. Сонда қайсымыз орысша сөйлеп қойсақ, бес тиыннан айыппұл төлейміз деп келістік. Солай қазақ тіліне орала бастадық», дейді қазақтың ұлы тұлғасының ұрпағы.
АЛМАТЫ