• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сенат 20 Сәуір, 2023

Тұрмыс сапасын арттыру ерекше бақылауда

213 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өтті. Жиын барысында Президентіміз жуырда өткен Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы саяси реформалардың маңызды кезеңі болғанын айтты. Осылайша, билік тармақтарының тепе-теңдігі орнықты.

Енді Парламент, жаңадан жасақ­талған Үкімет, әкімдер және бар­лық билік органдары әлеуметтік-эконо­микалық саладағы мәселелерді шешу­ге бұрынғыдан да баса мән беруі керек. Осыған орай Мемлекет басшы­сы бұл бағыттағы бірқатар басым­дықты бел­гілеп берді. Әлеуметтік-эконо­ми­калық саясат, ең алдымен, азамат­тар­­дың өмір сүру сапасын артты­ру­ға ба­ғыт­талуы қажет. Бүгінде бұл мәсе­леде инфляция басты кедергі болып отыр.

Соған байланысты Президентіміз инфляцияның монетарлық және монетарлық емес факторларының әсерін азайтуды тапсырды. Бұл ретте күнделікті тауарлардың қымбаттауы өзекті мәселе екені белгілі. Оның себебін анықтау үшін өндірістен сатылымға дейінгі барлық тізбекті жан-жақты қарау қажет. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бағаның күрт өсуімен күресу үшін тұрақтандыру қорларын тиімді пайдалануды, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өткізу бойынша заманауи инфрақұрылым құру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Жалпы, барлық экономикалық сая­сат экономиканы әртараптандыруға және оқшаулауды ұдайы арттыра отырып отандық өндірісті дамытуға басымдық беруі қажет. Президентіміз атап өткендей, елімізді индустрияландыру саясаты нақты әрі шынайы жүргізілуге тиіс. Ол үшін отандық банктерді ұлттық экономика мен өндірістерге кредит беруге жұмылдыру, бизнес пен инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау өте маңызды.

Сонымен қатар елімізге әлеу­меттік-экономикалық дамудың негізі болатын жаңа Салық сая­саты керек. Ол қосылған құны жоғары өнім өндірісіне салынатын инвестицияларды қолдауға және технологиялық экспортты ынталандыруға бағытталғаны жөн.

Экономикалық өсудің тағы бір маңызды шарты энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту екені анық. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке «Инвестиция орнына тариф» жаңа тарифтік саясатына көшуді тапсырды.

Кеңесте Президент ауыл тұрғын­дары­ның табысы мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін де ерекше бақылау керектігін айтты. Бұл рет­те экономикалық саясатты іске асы­ру және инвестициялар тарту үшін әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі.

Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару әлеуетін де тиімді пайдалану қажет. Кеңеске облыстық және аудан­дық мәслихат төрағаларының қаты­суы – осы бағыттағы маңызды қадам.

Сенат – бірінші кезекте, өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата. Сондықтан алдағы уақытта маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін Үкімет, әкімдер және мәслихаттармен бірлескен жұмысымызды белсенді түрде жалғастыра береміз.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Сенат төрағасы