• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 24 Сәуір, 2023

Сенім ұялатқан Семей сапары

437 рет
көрсетілді

Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Премьер-ми­нистрі Әлихан Сма­йыловтың Абай облысына сапары аясында алдымен әлеу­меттік-стартегиялық ма­ңызы бар нысандардың жағ­дайын зерттеп-зерделеуге баса назар аударылды.

Үкімет басшысы  Семей қала­сын­­дағы «Ғаббасов» қазан­дығы­ның алдағы жылыту маусы­мына дайын­дығы, соны­мен қатар басқа да шешімін табу­ға тиісті мәсе­лелер барысы­мен кеңінен таныс­ты. Одан өзге Қытай – Қазақ­стан – Ресей мем­лекеттерін байланыс­тыратын магистралдық өткел саналатын Ертіс өзені үстімен өтетін аспалы көпірдің бүгінгі ахуалына назар аударды.

 

Жылудың жайы «жыр» болмауға тиіс

Тарқатып айтар болсақ, Семей­дің орталығындағы «Ғаб­басов» қазандығы – жылыту мау­сымында 66 көп­қа­бат­ты және 138 жеке тұр­ғын үйді, 39 бюджеттік меке­мені, 10 әлеу­меттік және 140 ком­мер­циялық нысанның қысқы сынақ­тан сыр бермей шығуына жауап­ты нысан. Қазір мұнда қайта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, оны жаңа жылыту кезеңі бас­талғанға дейін аяқтау жос­пар­ланған. Облыс мәртебесі беріл­г­ен қаланың басты мәселесі сана­­латын жылуға қатысты «жыр» болған жайдың алдағы уақытт­а қалай шешімін табатынын Әлихан Асханұлы өз сөзінде де атап өтті.

«Халық саны артып, жаңа нысандар мен тұрғын үй­лер салынған сайын жылыту көздеріне түсетін жүк­теме жылдан-жылға арта түседі. Биыл «Ғаббасов» және «Орталық» қазан­дықтарын қалпына кел­тіруге бюджеттен 1 млрд теңге, жылу желілері­не 3,5 млрд теңге бөлінді. Әкімдік келесі жылыту маусымы басталғанға дейін барлық жұмыстың сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуі керек»,  деді  Премьер-министр.

Үкімет басшысы сонымен бірге облыс орталығын жылумен қамту жайы Абай облысын дамыту бағдарламасында да ескерілгендігін атап өтті. Яғни өңірді дамытудың кешенді жоспарына жылу көздерін реконструкциялау бойынша 11 жоба енгізілгені жергілікті тұр­ғындар үшін маңызды жаңал­ық деуге болады. Атап айт­қанда, «Ғаббасов» және «Ор­талық» қазандық­тарын ре­конс­трукциялау жылу режімін халыққа көрсетілетін қызметтердің сапа­­сы мен сенім­ділігін, қала­ның эколо­гиялық ахуалын жақ­сартуға және жылу шығы­нын азайтуға мүмкіндік береді.

Ал Семей қаласының ғана емес, халықаралық қатынастың байланыс көзіне айналған Ертіс өзеніндегі аспалы көпір бұл күнде көптеген жөндеуді қажет етеді. Ұзындығы 1086 метр, ені 35 метр маңызды нысан­ның пайдалануға берілгеніне де 23 жылдың жүзі болған. Қазіргі уақытта аспалы көпірді кеңейтілген ауқымдағы кешенді реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы Семей қала­сының алдымен стра­те­гия­лық көлік бағыттарының тора­­бында орналасқандығын, сондықтан жол сапасын арттыру қаланың және бүкіл өңірдің дамуы үшін маңызды екендігіне тоқталды. Сол себептен де республикалық бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлу көзделіп отыр.

«Әкімдік жоспарланған барлық жобаның уақытылы орындалуын қамтамасыз етуі керек. Жалпы, Үкімет Абай өңірін дамыту бойынша бес жылдық кешенді жоспар бекіткені белгілі. Осы жоспардың аясын­да өңірдің одан қарқынды да­муы­на серпін беретін тұр­ғын үй-коммуналдық, әлеу­мет­тік және энергетикалық инфра­құры­лымды жаңғырту және салу бойынша іс-шаралар қарас­тырылған», деді Ә.Смайылов нысандарды аралау барысында.

 

Семей – ел мәдениетінің қайнары

Үкімет басшысының Абай музейіне арнайы барып, «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерт­кішіне гүл шоқтарын қойып, жергілікті зиялы қауым өкілдерімен де кездескені жұрт назарын аударған оқиғаның бірі болды. Кездесу кезінде Ә.Смайылов биыл облыс үшін ғана емес, жалпы қазақ халқы үшін рухани тағылымы зор мұра қалдырған, ақын-философ Шәкәрім Құдайбердіұлы­ның туғанына 165 жыл толуын жоғары деңгейде атап өту жа­йын тілге тиек етті. 

Бүгінгі күнде Абай облысы аумағында 300-ге жуық мәдениет және өнер ошағында 2 мыңнан астам адам қызмет атқарады.

«Үкімет мәдениетті дамыту­ға үлес қосып жүрген қыз­мет­керлердің әлеуметтік жағ­дайын жақсарту жөнінде шара­лар қабылдап келеді. Өткен жылдан бастап республикада мәдениет қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру басталды. 2025 жылға қарай жалақы екі есеге артуға тиіс», деді Премьер-министр.

Әлихан Асханұлының зиялы қауым өкілдерімен кездесуінен соң Абай музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай ойын былайша ортаға салды:

– Үкімет басшысы Әлихан Асханұлына кездесу барысында Абай музейі Семей қаласының жүрегі ғана емес, Еуразия кеңістігінде баламасы жоқ  мәдени нысан екенін айтып бердім. Бес тарапты – Абай, Шәкәрім, Мұхтарды, Абайдың ақын шәкірттерін, Алаш алыптарын Абай музейі топ­тасты­ранын түсіндірдім. Әлихан Асхан­ұлы музей ішін аралай жүріп, әрбір жәдігерге қатыс­ты деректерді тыңдауға ерекше ынта қойды. Ал зиялы қауым­мен кездесу барысында ғы­лым, білім, мәдениет саласын­да болатын оң өзгерістер туралы жақсы жаңалықтарынан хабар­дар етті. Қаладағы үш уни­верситетті халықаралық деңгейге жеткізуге де нақты қадам жасалатынын айтып, бізді қуанышқа кенелтті, –  деді Абай музейінің басшысы Тұрдықұл Шаңбай.

 

Медицина саласының маңызы айрықша

Премьер-министр жұмыс сапары аясында Абай облысының тұрғындары, әсіресе ядролық сынақ полигоны аймағында тағдыры таспаланған жандарға онкологиялық көмек көрсететін Ядролық медицина және онкология орталығының қызметіне де баса мән берді. 1656 науқасқа негізделген бұл орталықта сәу­лелік, клиникалық және радио­нуклидтік диагностика бөлім­шелері, эндоскопия бө­лімшесі және тағы да басқа зерттеу-сараптау нысандарының мамандары жұмыс істейді.

«Еліміздегі жалғыз радио­нуклидті терапия бөлім осы орталықта орналасқан. Ауру­ларды диагностикалаудың материалдық-техникалық базасы жақсарды. Оның ішінде қатерлі ісік ауруын ерте анықтау мен жедел хирургиялық емдеу де бар. Орталыққа жоғары білікті қызмет көрсететін заманауи хирургиялық корпус қажет. Денсаулық сақтау ми­нистрлігі осы мәселені пы­сықтауға тиіс», деді Әлихан Смайылов аталған нысанға ат басын бұрған кездесуінде.

Үкімет басшысының ай­туынша, Абай облысын дамыту­дың кешенді жоспарында 400 орындық көпбейінді ауру­хана, 300 орындық балалар ауру­ханасы, облыстық қан орталығы мен Семей қаласында екі емхана, сондай-ақ өңірдің ауылдық жерлерінде 65 жаңа ал­ғашқы медициналық-сани­тар­лық көмек көрсету ныса­нын салу жоспарға енген. Бұдан кейін Үкімет басшысы «Қара­ғайлы» ауданындағы бюджет есебінен салынып, жыл басында пайдалануға берілген 150 орындық мүгедектерге арнал­ған облыстық жаңа реабилитация және оңалту орталығында болды. Бұл нысанда бірнеше жүзу бас­сейні, заманауи спорт залы, емдік ванна, еңбек тера­пия ка­би­нет­тері, арнайы маман­дан­ды­­рылған сыныптар, кітапхана, дема­­лыс бөлмелері сияқты ем алу­шы­ларға қажетті жағдайлар жасалған.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасында көрсетілгеніндей, 2025 жылға қарай еліміздің 12 облысында әрқайсысы 150 орындық жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарланғанын атап өтті.

Абай облысына сапары барысында Премьер-ми­нистр Шүлбі ГЭС-нің жұмы­сын тексеріп, өңірдегі бірқатар ірі өндірістік кәсіпорын­дардың қызметімен де танысты.

 

Абай облысы