Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы жақында қаладағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін медициналық тексеруден өткізуге жағдай жасап, ашық есік күнін өткізді.
Күнделікті қарбалас жұмыспен қауырт жүретін журналистер қауымының өз денсаулығына қарап, көңіл бөлуіне уақыттары бола бермейтіні рас. Барлық білікті кәсіби маманды бір емханаға жинап, осындай жанашырлық, қамқорлық көрсетіп жатқан кезде мүмкіндікті пайдаланғысы келген журналистердің бұл ұсынысты құп алып, келушілердің қарасы көбеюі бұл да бір біткен іс болғанын көрсеткендей.
БАҚ өкілдерін Алмалы ауданына қарасты №5 қалалық емхана алдында Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы әкімшілік бөлімінің басшысы, баспасөз хатшысы, журналистердің досы Ләйла Кеңесбаева мен емхананың бас дәрігері Гүлшаһира Қамбарова күтіп алып, қолдарына тексеруден өтетін мамандардың тізімі мен бір-бір медбикені қосып беріп, қошеметтің астында қалдырды. Айта кетейін, осы жолдардың авторы да тексеруден өтті.
– Қаладағы журналистер қауымына осындай қызмет көрсету идеясын медиктердің кәсіби мерекесіне орай Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова айтқан еді. Басқарма бұған дейін де ашық есік күндерін өткізуді дәстүрге айналдырған. Бірақ бұл жолы Зәуреш Жұманәліқызының бастамасын қолдап, тек журналистерге арнап, бүкіл қала бойынша жетекші кафедралды мамандарды шақырып, акция өткізуді жөн деп ұйғардық. Екі күнде Алматыдағы жүзге жуық БАҚ өкілдері салалық мамандардан, диагностикалық тексеруден өтті. Рас, журналистердің өз денсаулығына көңіл бөлуге уақыты да, мүмкіндіктері де бола бермейтінін жақсы білеміз. Сондықтан денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мақсатында осындай медициналық кеңес, көмек көрсететін амал таптық, – деді бізге қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Жанат Қасымжанова.
Шынында да, №7 клиникалық аурухананың эндокринология бөлімінің меңгерушісі Айнұр Асанова, қалалық Кардиология орталығының кардиолог-дәрігері Меруерт Опабекова, №5 емхананың білікті мамандары – УДЗ-дің дәрігері Б.Мәмбетова, психолог С.Шәкіржанова, ревматолог А.Атханова, гастроэнтеролог Б.Жұбанышбекова, т.б. мамандардың алдынан өтіп, бірқатар лабораториялық зерттеу жасалды.
Аталмыш емхананың әйелдер кеңесінің меңгерушісі Гүлмира Әнуарбекқызы Авкубаеваға жолығып, екі күн бойы өткізілген акцияның қорытындысын сұрағанымызда, алғашқы күні – 10, екінші күні 30 адам қабылдағанын, олардың арасынан бір пациентті ауруының асқынуына байланысты Жедел жәрдеммен ауруханаға жібергенін, 2 әйелден жатыр миомасы анықталғанын, суық тиген бірнеше пациентке ем-домын жазып бергенін, ең бастысы, барлық қабылдауға келушілерден онкомазок алынып, оның қорытындысы он күннен кейін белгілі болатынын жеткізді. Ал жүректі ЭКГ-ге түсіріп, бірден кардиограммасын оқып, кеңес берген Алматы қалалық кардиология орталығының дәрігері Меруерт Опабекова бірінші күні 21, келесі күні сағат үшке дейін 49 адам қабылдаған. 2 адамда қан қысымы жоғары, 2 адамда ишемиялық жүрек ауруы, бір жас жігіттің кардиограммасында үлкен өзгеріс барын, оған жүрегіне УДЗ-ден өтуді ұсынғанын айтты.
«Биыл Республика алаңында Қарттар жылына орай дәл осындай акция ұйымдастырылған еді, – деді бізге №7 қалалық клиникалық ауруханадан келген нефрология бөлімінің меңгерушісі, білікті маман, жоғары санаттағы дәрігер Шынар Сәрсенова. – Мынау биылғы жылға екінші іс-шара. Меніңше, бүгінгі акция ерекше өтуде. Таңдалған ғимарат та керемет, дәрігерлерге, журналистерге де барлық жағдай қарастырылған. Республика алаңы алдында дәрігерлер де, келушілер де тоңып, мазамыз кетіп, әбігерге түскен едік. Ал бүгінгі акцияның қорытындысына келсек, қабылдауда болған нәзік жандылардың 70 пайызында мастопатия, яғни омырауында кінәрат бар. Олардың дені өздерінде мұндай патологияның барын білмеген. 2 адамда қан қысымының жоғары екені анықталды. Олар оны білмеген. Қазіргідей аптап ыстықта бір жерде құлап қалса қайтеді. Мұндай акцияның жақсылығы – адамға ауру белгісін тапқанның өзі көмек емес пе. Маған ұнағаны, топырлаған кезек жоқ, бәрі мәдениетті түрде өтуде. Оның үстіне, бір-бірлеріңізді білесіздер, қандай тамаша».
Иә, шынында керемет сый болды. Бас ауырып, балтыр сыздаса да уақытында қаралмай, кейінге қалдырып жүретін әдетіміздің барын жоққа шығармаймыз. Оның үстіне өзімізге өзіміз диагноз қойып алып, күдіктеніп жүретініміз тағы бар. Қалай дегенде, айналдырған 4-5 сағаттың ішінде 16 маманның алдынан медициналық алдын ала тексеруден өтіп, бар мәселеміз шешілгендей жеңілдеп қалғанымыз рас.
– Омырауым анда-санда шаншып қоятын. Өзіміздің учаскелік терапевт маммолог-дәрігерге баруға кеңес берген-ді. Содан әні-міне деп жүргенмін. Оның үстіне емханада УДЗ-ге тегін түсуге алдын ала кезекке жазылып, оны күтуің керек. Бұл жолы УДЗ-ге де, маммолог дәрігерге де қаралып, көңілім орнына түсті. Әрі қан қысымын, қандағы қанттың, холестериннің мөлшерін білдім. Басқа да бірқатар мамандардан өтіп, қажетті кеңес алдым. Осындай шараны ұйымдастырған қалалық денсаулық сақтау басқармасына рахметтен басқа айтарымыз жоқ, – дейді «Егеменнің» Шынары.
Мұндай жағымды пікірлерді медициналық тексеруден өтуге басқа басылым, телеарналардан келген әріптестерімізден де естідік. Тағы бір кереметі, емханада көптен көрмеген қаламдастарымызды көріп, мәре-сәре болып қалдық.
Акция соңында журналистерге осындай жағдай жасаған №5 қалалық емхананың бас дәрігері, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санаттағы дәрігер Гүлшаһира Қамбароваға рахметімізді айтып, зор ризашылығымызды білдірдік.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.