Түркістан облысының полицейлері есірткі құралдарының айналымын тоқтату жөнінде жедел-профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізіп жатыр. Аталған іс-шара барысында трамадолды заңсыз сақтауға және халық арасында өткізуге қарсы іс-қимыл бойынша рейд өткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Келес аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, жолдардың бірінде ВАЗ-2107 автокөлігін тоқтатты.
Көлікте отырған жолаушыны тексеру кезінде 200-ден астам трамадол таблеткасын табылып, тәркіленді. Тиісті сараптама тағайындалды. Жедел уәкілдер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Айта кетсек, тек екі тәулік ішінде Сарыағаш және Келес аудандарында трамадол препаратын заңсыз сақтау мен сатудың 7 дерегі анықталды.
Полицейлер заңсыз айналымнан 350-ге жуық психотроптық таблетка тәркіледі.
Аталған фактілер ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) мен ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тіркеліп, тергеу амалдары басталды.