Ақсуды айтсақ, баяғы Қожаның айна алдындағы монологі еске түседі. Қант өңдеуде қалыс қалған аудан қайсы? – Ақсу. жолы шұрық-тесік аудан қайсы? – Ақсу. денсаулық саласына шағым көп түсетін аудан қайсы? – тағы да Ақсу. 2022 жылдың негізгі көрсеткіштері бойынша облыста соңғы орында қалған тағы да осы Ақсу… Енді жаңа әкіммен жайы қалай болар екен?
Мұны естіген облыс әкімі Бейбіт Исабаев әбден ыза болған секілді. Жыл сайын жөндеуден өтетін аты мәшһүр Ақсу қант зауыты да үмітті ақтап отырған жоқ. Ал жақында келген Үкімет басшысы осы кәсіпорынның болашағына имандай сеніп кетті. Оның жайына жыл соңында бір қайыра соғамыз.
Қараңыз, өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, былтыр аудан өнеркәсіпте өндіріс көлемінің 47 пайызға төмендеген. Бұл жағынан ақсулықтар облыста ең соңғы, яки 10-орында. Ол аздай негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі – 28 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 2,2 млрд теңгеге, бизнес субъектілерінен бюджетке түскен түсімдер 21 пайызға азайған. Бұдан басқа да кемшіліктер толып жатыр. Бұған дейінгі әкім жалған есеп беріп, көрсеткіштерді көбейтіп отырған екен.
Жуырда өңір басшысы аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, Есім Базархановты өз өтініші бойынша жұмыстан босатты. Босатып қана қойған жоқ кетіп бара жатқан әкімнің кемшілігін бетіне басты да. Сөйтіп, аудан әкімі лауазымына Берік Тынышбаевтың кандидатурасын ұсынды. Осы өңірдің топырағынан түлеген Берік Тынышбаев – қант қызылшасы кәсібінде өте білікті маман. Сондықтан бұған дейін де бірқатар жауапты лауазымдарды атқарған азаматтың кандидатурасын депутаттар бірауыздан қолдады. Бірақ біз Берік Тынышбаевтың мойынына үлкен жауапкершіліктің артылғанын сезіп отырмыз. Өйткені артта қалған ауданды алға сүйреу – енді соның қолында.
Жауапкершілік дегеннен шығады, Бейбіт Исабаев жаңа әкімге ауыл шаруашылығын өркендету, өнеркәсіп саласына қозғау салу, инвестиция тартып, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында көптеген тапсырма берді. Атап айтсақ, ауданның атқарушы органдарының алдына аймақ экономикасын жандандыру, өсу динамикасын қамтамасыз ету міндеттерін қойды. Соның ішінде көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде сапалы атқару, қант қызылшасының егіс алқаптарын азайтуға жол бермеу, Ақсу қант зауытының басшылығымен бірлесіп, қысқа мерзімде зауытты іске қосу шараларын атқару, суару желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алу тапсырылды.
«Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту – басты міндеттің бірі. Сол үшін «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлініп отыр. Ауылдық округтерде халық арасында жобаға белсенді қатысу жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу керек», деді Б.Исабаев.
Облыс әкімінің айтуынша, ауыл тұрғындарының малын жаю үшін барлығы 195,5 мың гектар жайылымдық алқап бекітілген, оған қосымша тағы 33,3 мың гектар жайылым қажет. Биыл пайдаланылмайтын жерлерді қайтару жоспары 28 мың гектар, бүгінгі күні оның небәрі 3,8 мың гектары қайтарылған.
Бұған дейін тапсырылғандай, әзірге «Байсерке Агро» серіктестігі 17 мың гектар жерінің 15 мыңын, «Күреңбел» шаруашылығы 9,7 мың гектардың 366 гектар жерін қайтарған. Бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет. Және де аудандық жер комиссиясының құрамына белсенді азаматтарды тарта отырып, жұмысын заң шеңберінде, ашық жүргізу талап етілді.
Мысалы, былтыр 28 мың тонна қант қызылшасының орнына небәрі 5,3 мың тонна өнім жиналған. Матай ауылдық округінде жер бөлуге байланысты дау туындағаны да – әкімдіктің тікелей кінәсі. Осындай кемшіліктері үшін аудан әкімі Есім Базарханов бірнеше рет тәртіптік жазаға тартылған. Мұны өңір басшысы көпшіліктің көзінше ашық айтып, жаңа әкімге олқылықтардың орнын толтырарына сенім білдірді.
Сондай-ақ осы жылы ауданға инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға және қайта жаңғыртуға бюджеттен 4,2 млрд теңге қаражат бөлініп отырғанын атап өтті. Оған Жансүгіров ауылында тұрғын үйлер, Көшкентал, Көлтабан ауыларында жаңа мектептер салынып, Ж.Сыдықов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілмек. Құрақсу, Ойтоған және Кеңғарын ауылдарында блокті-модульді медициналық пункттер орнатылып, Б.Сырттанов, Еңбек, Қарашілік, Есеболатов ауылдарындағы 11 шақырым ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу үшін 458 млн теңге қарастырылған.
Енді осы жол дегеннен шығады ғой, жақында жергілікті тұрғындар журналистерге тағы бір түйткілдің құлағы қалқайып тұрғанын жеткізді. Ақсу ауданына қарасты Арасан ауылынан өтетін Талдықорған-Өскемен автомагистраліне дейінгі жол салынып бітпей жатып бүліне бастаған. 22 шақырымды жөндеуге қазынадан 800 млн теңгеден аса қаражат бөлінген екен.
Арасан ауылынан «Талдықорған – Өскемен» тас жолына дейінгі 48 шақырымды жүргізушілер өгіз аяңмен бір сағатта жүріп өтетін көрінеді. Тұрғындарды жолдың ойылып кетуінің себебі алаңдатып отыр. Оның үстіне аталған бағыттың қалған 26 шақырымы қашан жөнделіп бітері белгісіз. Жөнделе қалса, сапасы қалай болады деген сауал әрі-бері қатынайтын жүргізушілерді де мазалайды.
«Жолдың сапасы өте нашар. Шұрық-тесік. Бір күн жол жүрсеңіз болғаны, көлігіңізді 2 күн жөндейсіз. Бүгін бір дөңгелегім жарылып қалды. Жол жылдан-жылға нашарлап барады. Бұрын жамап-жасқап тұрушы еді, қазір оны да қойды», дейді жүргізуші Дәурен Ордабаев.
2020 жылы аталған бағыттың 22 шақырымына асфальт төселе бастаған. Орташа жөндеу жұмыстары содан бері әлі жалғасып жатыр. Құрылысы аяқталмаған жолдың қайтадан ойылып кетуін сала жауаптылары былай деп түсіндірді:
«Қапал жақтағы гранитті карьердің болуына байланысты ауыр жүк көліктері аталған жолға зақым келтірді. Бірақ мердігер мекеме жолдың конструкциясын нығайту мақсатында қосымша жобалау жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады деп жоспарда тұр. Күн жылынған соң, осы жолдың қалған 26 шақырымына асфальт салынбақ. Ол үшін конкурс өткізіліп, құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме де анықталған. Жобаның құны – 1,4 млрд теңге. Биылға 485 млн теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары осы сәуір айының аяғынан бастап жүргізілетін болады. Ең бастапқы жұмыстары су өткізу құбырларын ауыстырады», дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Айдос Досжанов.
Биыл алғаш рет Ақсу ауданындағы Суықсай ауылы мен Жансүгір кентіне дейінгі аралыққа асфальт төселеді. Қара күзге дейін облыс бойынша 200 шақырым жол жөнделіп, көлік қатынасы жақсара түспек.
Иә, Ақсу өзені арқырап аққанымен, сол қасиетті өзенді бауырға басқан ауданның әлеуеті артқа жылжып барады. Құжат бойынша бәрі жақсы болғанымен, көзбен көрген адам көңілі қалары анық. Өнеркәсібі өркендеген байырғы Ақсу қашан оралады екен?
Жетісу облысы