Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңестен аңғарғанымыз: бізде мұндай ауқымды іс-шараны ұйымдастырудың жаңа мәдениеті қалыптасып жатыр. Президент енді елдің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне биліктің барлық деңгейіндегі тармақтары қатысатынын осы формат арқылы анық аңғартты. Бұл билікті орталықсыздандыру саясатының басталғанын көрсетті.
Билікті орталықсыздандырмай, биікке көтерілу жоқ
Президент реформаларды жүзеге асырудың сапасыздығын, жауапкершілікпен қараудың жоқтығын айта отырып, мемлекеттік қызметкерлерді реформатор болуға шақырды. Кездесуден кейін сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев билікті орталықсыздандыру туралы заңдарға қол қойды.
Орталықсыздандыру мәселесі шынымен де күрделі. Бірақ басқа елдерге қарағанда бізде бұл бағытта шешімдер дәйекті түрде қабылданып жатыр. Елімізде саяси реформаларға сәйкес билікті орталықсыздандыру жөнінде көптеген жаңалық енгізілді. Конституциялық өзгерістер аясында Президент өз өкілеттіктерінің бір бөлігін биліктің басқа тармақтарына, әкімдерге берді. Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру жөніндегі құзыретінен бас тартты. Енді бұл үдеріске араласпайды. Бұл – шын мәнінде өкілеттіктерді атқарушы органдарға беру әрі олардың бастамашыл болуына жол ашу. Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін қызметінен алу құқын жою, облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін тағайындауға мәслихаттардың келісімін алуы үшін баламалы негізде кемінде екі үміткер ұсыну шарттылығы енгізілді. Мұның өзі билікті бір адамның қолына шоғырландыруға мүмкіндік бермейтін тетік боларына дау жоқ.
Сонымен қатар Үкімет басшысы министрлерге өзінің кейбір өкілеттіктерін берді. Бұрын біз кез келген шешімді Үкімет қаулысымен қабылдасақ, қазір министрлердің бұйрығы бар. Олардың күші Үкімет қаулысымен бірдей болмаса да, бұл – еліміздің бүкіл аумағына қолданылатын нормативтік акт. Яғни мемлекеттік билік институттары арасындағы өкілеттіктерді бөлу іске асып жатыр. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес алғаш рет 2021 жылы ауыл әкімдері арасында ашық сайлау өтті. Биыл 70 аудан әкімін халық сайлайтын болады. Сайланған әкім облыс әкіміне жалтақтамай, халықтың қамын көбірек ойлайды. Міне, бұл – нағыз орталықсыздандыру.
Жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде жаңа үлгідегі басшылар қашан пайда болады? Бұл – уақыт талабы. Әлі күнге дейін әкімдер мен министрлер арасында басқарудың кейбір үлгілерін экс-президенттен қабылдаған адамдар бар. Өйткені олар тікелей соған қызмет етті. Олар халықтан бұрын соған жағуды ойлады. Енді мəдениеті, көзқарасы, басқару принципі тіпті басқаша қалыптасқан жаңа Президентіміз бар. Ол қарапайымдылығымен, зерделілігімен, ашықтығымен ерекшеленеді әрі өте еңбекқор. Шенеуніктер одан басқарудың жаңа сипатын үйреніп, бірте-бірте қайта қалыптасатыны сөзсіз. Жуық арада оған ұқсағысы келетін басшылар көбейеді деп ойлаймын. Бірақ бұған да уақыт керек. Бір-екі жылдан кейін мемлекеттік қызметшілердің басқару стиліндегі нақты өзгерістерді көретінімізге сенемін.
«Орташа кіріс тұзағына» қалай түстік?
Президент жиында Қазақстан тығырыққа тірелген «орташа кіріс тұзағы» туралы айтты. Ол нені білдіреді? Біз орташа кіріс қармағына қалай іліктік? Одан қалай шығамыз? Бұл – өте күрделі әрі көпқырлы мәселе. Сондықтан тұзақтың қандай да бір стандартты түрі бар деп айту қиын. Шынымен де, еліміздің осы тұзаққа түскеніне аз болған жоқ. Шамамен 10 жыл бұрын елде алғашқы ресурстар пайда болғаннан кейін билеушілер мемлекетіміздің күшін сезіне бастады. Олар жаңа жағдайда қоғамымыздың кез келген мәселесін мемлекет қаржысы арқылы шешуге болады деп түсінді. Міне, осы сәттен бастап, кейінгі 10 жылда ел Үкіметі экономикамыздың көптеген саласында бағаны реттеуге араласа бастады. Басқаша айтқанда, коммуналдық қызмет тарифтері, жанар-жағармай бағасы және басқа да көптеген қызмет түрі мемлекет тарапынан реттеліп немесе субсидиялана бастады. Мұның дұрыс үрдіс емес екені қазір дәлелдеуді керек етпейді. Біз бағаны қадағалай аламыз, бай мемлекетке айналдық деп өзімізді бүгінге дейін алдап келдік. Тұзақтан шығамыз десек, ескірген жүйені бұзуымыз қажет. Бұл – халық үшін де, ел үшін де қиындығы мол қадам. Тіпті әлеуметтік наразылық тудыруы да мүмкін. Бірақ батыл шешімдерден қорқып, тұзақтан шығуға талпынбасақ, ешқашан қуатты елге айналмаймыз. Себебі Үкімет бағаны реттеу арқылы нарықтық ортаға көбірек араласқан сайын бизнестің тынысы тарылып, экономикаға тартылатын инвестицияның көлемі азаяды. Ал инвестицияның өсу қарқынының баялауы қосымша жұмыс орындарының ашылмауына, өндірістің жаңа салаларының дамымауына әкеп соғады. Ел экономикасы кейінгі он шақты жылда осындай тұзақтан шыға алмай отыр. Даму әлеуетіміздің тұралап қалғанының бірден-бір себебі де осында жатыр. Мысалы, бағаны реттеудің салдарынан Қазақстанда электр энергиясы Ресейге қарағанда екі есеге жуық арзан. Бізде – 0,04 цент, Ресейде – 0,07 цент. Ал дизель отыны бізде соңғы уақытқа дейін литрі 230 теңгеден болды, Ресейде – 450 теңге, Өзбекстанда – 570 теңге. Бағаны осындай орынсыз реттеудің салдарынан көп нәрседен ұтылып жатырмыз. Өйткені арзан баға экономиканың біраз секторына инвестиция тартуға жол бермейді. Ал мемлекет қаражаты барлық мәселені шешуге жетпейді. Салдарынан экономиканың көптеген инфрақұрылымы тозып, оның тұрақты дамуына қауіп төне бастады. Мысалы, соңғы кезде электр қуатының, газдың немесе мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалып, халықты жылумен, ауыз сумен қамтамасыз етуде көптеген мәселе туындап жатыр.
Елге мол инвестиция тартып, экономиканың үдемелі дамуын қамтамасыз етеміз десек, тауарлардың бағасы мен қызмет көрсету тарифтерін реттеуден дәйекті түрде бас тартуымыз керек. Бұл алғашында халыққа, соның ішінде әлеуметтік әлсіз топтарға ауыр тиюі мүмкін. Сондықтан ең алдымен, халықтың осал топтарын әлеуметтік қорғау шараларын естен шығармай, бағаны біртіндеп босату керек. Елді сауықтыруға, бизнесті дамытуға мұндай қадамның пайдасы көл-көсір болары сөзсіз. Біз субсидия арқылы байға да, кедейге де қолдау көрсетіп, мемлекет байлығын оңды-солды орынсыз жаратып жүрміз. Экономиканы дұрыс жолға қоямыз десек, кедейлер, әлеуметтік әлсіз топ өкілдері ғана мемлекет қамқорлығында болып, ал тұрмысы дұрыс азаматтар тұтынатын тауарлар мен қызметтердің толық құнын төлегені абзал. Тек осындай жүйе қалыптасқан жағдайда ғана экономика айтып отырған тұзақтан біртіндеп құтыла бастайды.
Инвестор ақша салып, салған қаржысын біраз уақыттан кейін пайызбен қайтарып алуы үшін басқа механизмді ойластыру керек. Президент Қазақстан орташа табысы бар елдердің тұзағына ілініп қалды деп айтқанда осыны меңзесе керек. Қазіргі жағдайда бизнесті дамыту кеңістігі тарылып барады, тарифтердің төмендігінен коммуналдық салаға инвестиция тартудың реті келмей отыр. Ал бизнеске еркіндік беріп отырған салалардың инвестиция тарту әлеуеті айтарлықтай жақсы. Мысалы, білім саласына елеулі инвестиция тартылып жатыр. Өйткені Үкімет бұл салада көрсетілетін қызметтердің бағасын бақыламайды. Осылайша, жекеменшік мектептер салуға ынталы азаматтар көбейіп жатыр. Себебі оқыту бағасын халық сұранысына сәйкес олар өздері белгілейді. Бұл салған инвестицияны қайтаруға мүмкіндік беретіні анық.
Тағы бір мысал. Медицинаның стоматология саласы толығымен бәсекелестік ортаға берілді. Олардың қызметіне ешкім араласып, бағаларын реттеп отырған жоқ. Соның нәтижесінде медицинаның осы саласы елімізде қарқынды дамып, халықтың сапалы қызмет алуына жол ашылды. Бұл салада бәсекелестік жоғары болғаннан соң стоматологиялық клиникалар дүние жүзінде пайда болған жаңа технологиялардың бәрін елімізге бәсекелестерінен бұрын әкелуге тырысатыны белгілі. Олардың қызмет көрсететін ғимараттары да, пайдаланатын техникасы мен технологиялары да күн өткен сайын жаңарып жатыр. Көрдіңіз бе, стоматологияны еркіндікке жібергенінің арқасында мемлекет те, халық та осы шешімнің игілігін көретіндей жағдайға жетті. Меніңше, дәл қазір медицинаның көптеген саласына еркіндік беруге болады. Сонда ғана бізде медицина саласына жеке инвестиция тартылып, халықтың сапалы қызмет алуына жол ашылатыны анық. Олай дейтінім, кез келген инвесторлар мемлекет бағаны реттемейтін салаларға ғана өз қаражатын құяды.
Президент әрбір инвестициялық жобаға прокурорлардың сүйемелдеуін белгілеуді тапсырды. Өте дұрыс. Өйткені елге пайдалы жобаларды жүзеге асырғысы келетін инвесторлар бұған дейін шенеуніктердің де, тексеруші органдардың да озбырлығына жиі ұшырап келгені жасырын емес. Прокурор бақылаушы органдардың мінез-құлқын бақылап, реттеп отырса, осыдан бизнес ұтады. Мұндай механизм Өзбекстанда қолданылады. Әрбір ірі жобаға бір прокурор тағайындалады. Инвесторлар кейбір құрылымдарды заңсыз тексеруге шағымданса, олқылықтың орнын прокурорлар толтырады. Бұл инвесторларды қорғау үшін қажет уақытша шара болуы мүмкін. Оны тек республикалық деңгейде ғана жүзеге асыруға болмайды. Аймақтық ауқымдағы ірі жобаларға да прокурор араласса, заңсыздыққа жол бермейтін болады.
Мұңы көп мұнай
Президент мұнай өнімдерінің бағасына да тоқталды. Бұл халық үшін өте ауыр мәселе. Соған қарамастан Президент жанар-жағармай бағасын біртіндеп көтермей, нарықта тұрақтылыққа қол жеткізу қиын екенін ескертті. Бұл ретте Үкімет мұнай өнімдерінің бағасын қайта қарау кезінде бюджетке түсетін салық мөлшерін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауы қажет екенін айтты. Жанар-жағармай бағасы тізбек бойынша қымбаттаса, көлік шығыны да өсетіні анық. Бірақ кейінгі бірнеше жылда сұйық отын бағасын өсірмеген жағдайдың өзінде де елімізде инфляция төмендеген жоқ. Сондықтан біраз өсім болатыны рас. Алайда ол соншалықты халыққа ауыр болмайтыны анық. Бүгінгі таңда баға энергия көздерінің, энергия ресурстарының қымбаттауынан емес, ең алдымен, жалақының жоғарылауынан жылдам өсіп жатыр.
Жанар-жағармай бағасының көтерілуіне келетін болсақ, бұл қадамның кемшілігінен артықшылығы көп деп айтар едім. Жалпы, бірқатар елде мұнай өнімдерінің нарығын мемлекет бақылауына алмайды. Бірақ сұйық отын бағасының өзгеруін мұнай құнының өзгеруімен байланыстыратын белгілі бір дәліз бар. Мысалы, мұнайдың құны өссе, мұнай өнімдерінің бағасы көтеріледі. Мұнай арзандаса, жанар-жағармайдың да құны төмендейді. Біздің елде жанармай құю бекеттеріндегі бағаның шекті деңгейін мемлекет бақылайды. Мұндай жағдай біраздан бері қалыптасқан. Жоғарыда айтқанымыздай, осының өзі көптеген іске қолбайлау болып отыр.
Жанар-жағармай бағасының өсуінен кім пайда көреді? Мұнай өңдеу зауыттары бұдан ешқандай қосымша табыс алмайды. Өйткені олардың кірісі өңдеуге бекітілген тарифтер есебінен қалыптасады. Жанармай құю стансаларының табысы аздап өсуі мүмкін. Бірақ бағаның шектілігіне байланысты олардың қосымша кірісі аз болады. Қосымша ақша сонда қайда кетеді? Ол жаңа бағамен мұнай сатып алуға жұмсалады. Бұл мұнай өндірушілердің жағдайын сәл де болса жақсартады. Бүгінде мұнай өнімдерін арзан сату үшін мемлекет мұнай өндірушілерді, негізінен отандық компанияларды арзан бағамен сатуға мәжбүрлейді. Салдарынан мұнай өндірушілер жаңа технологияларды тарту, қосымша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, жалақыны көтеру мүмкіндігінен айырылған. Мұнай сатып алу бағасының төмендігінен өндірушілер мұнай өндіруді жылдан-жылға азайтып отыр.
Біздегі ескі кен орындарында жылына 30 млн тоннадай мұнай өндірілсе, оның 18 млн-ға жуығы отандық зауыттарға арзан бағамен беріледі. Бұл олардың мұнай өндіруге деген ынтасын жыл өткен сайын тежеп келеді. Егер жағдай өзгермесе, жақын арада кен орындарының мұнай өндіру қабілеті күрт төмендейтіні анық. Осындай жағдай орын алса, ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз ету үшін мұнайды әлемдік бағамен сатып алуға тура келеді. Бұл мұнай өнімдерінің де бағасын 2-3 есе қымбаттатып жібереді. Демек жанармай бағасын төмен деңгейде ұстап отыра беруге құмар болудың реті жоқ.
Неліктен энергия құнын көтеру қажет? Арзан болса, ресурсты үнемдеуді ешкім де ойға алмайды. Соның арқасында біз тұрғын үйдің бір шаршы метріне 278 киловатт жұмсаймыз, Ресейде – 220 киловатт, көршілес елдерде одан да аз. Еуропада – 100-110 киловатт, яғни бір шаршы метрге электр қуаты екі есе аз жұмсалады. Біреу шетелде қолайлы ауа райы, жақсы және оқшауланған тұрғын үй, жалпы жақсы жағдай жасалған деп айтуы мүмкін. Мен де мұны түсінемін. Алайда Ресейдің ауа райын біздің елден жақсы демес едім, аумағының жартысынан көбі суық аймақта орналасқан. Соған қарамастан бұл елде бір шаршы метрге әлдеқайда аз энергия жұмсалады. Өйткені оларда электр энергиясының бағасы жоғары.
Тағы бір дәлел, Қазақстанда адам басына шаққанда дизель отыны – 370 литр. Ресейде бір тұрғынға шамамен 220 литрден, Өзбекстанда 44 литрден келеді. Бұл да бағаның айырмашылығынан туындап отырған жағдай. Өзбекстанда дизель отынының литрі 570 теңге, бізде – 230 теңге. Баға жоғары кезде тұтынушы үнемдеуге мәжбүр болады. Егер энергия ресурстары өте арзан болса, оларды үнемдеуге қызығушылық болмайды. Қазақстандағы арзан жанар-жағармай бағасы қазір мыңдаған адам үшін тұтас көлеңкелі индустрияны қалыптастырды. Бізде тұтас индустрия бар. Сыйымдылығы бір тоннаға жақын багі бар ауыр жүк көлігіне жағар-жанармай құйып, көршілес елдер шекарасынан өтіп, 500 метрден кейін сол жерде сатып, кері қайтып жатқан азаматтар жетерлік. Осындай жағдайды түбірімен жоюдың жалғыз жолы – бағаны біртіндеп көтеру.
Дағдарыс дауылында қайық қаңбақпен тең
Қазақстан – экономикасы шағын мемлекет, біз екі алпауыттың – Ресей мен Қытайдың ортасындамыз. 2021 жылы жаһандық экономика 6 пайыздық қарқынмен өссе, былтыр 3,2 пайызға дейін төмендеді. Биыл өсу қарқыны үш пайыздан төмен болады деп күтіліп отыр. Экономикалық өсудің баяулауы бүкіл әлемде, оның ішінде АҚШ, Еуропа, Жапонияда анық байқалып отыр. Әлемдегі екінші экономикаға ие Қытай кейінгі он жылда 7-8 пайыздық қарқынмен өсті. Өткен жылы өсім небәрі 3,2 пайызды құрады. Бұл – көптеген тауарға, оның ішінде еліміздің негізгі экспорттық тауары саналатын мұнайға деген әлемдік нарықтағы сұраныстың төмендеуіне алып келді. Сұраныстың төмендеуі мұнай бағасын арзандатады, яғни біз азырақ кіріс аламыз, бұл – біздің бюджет үшін жақсы құбылыс емес. Сонымен қатар басқа экспорттық тауарлар, қара және түсті металдар, астық бағасы да төмендеп кетті. Соның салдарынан былтыр шаруалар астық сатуда қиындықтарға тап болғаны рас.
Соңғы 100 жылда ортақ экономика құрып келе жатқан ең үлкен көршіміз – Ресей. Көптеген отандық зауыт әлі күнге дейін ресейлік немесе кеңестік техниканы пайдаланады. Бұл үрдістен бір күнде құтыла алмаймыз. Саяси жағдайларға байланысты бізде бұл тұрғыда қосымша қиындықтар пайда болды. Мысалы, өткен жылы Ресейден әкелінетін машина жасау өнімдерінің импорты 70 пайызға қысқарды. Қазақстан сатып алғысы келмегендіктен емес, Ресей санкцияның салдарынан аталған өндіріс саласының өнімдерін шығаруда үлкен қиындықтарға душар болғандықтан. Осыған орай бізге энергетика, мұнай-газ, көлік, теміржол машиналарын жасау салаларының өнімдерін алу қиынға соғып отыр. Біз тіпті жеңіл және жүк көліктерін әкелуді тоқтаттық. Осының бәрі ел экономикасына ауыртпалық туғызып жатыр. Бұл жағдай барған сайын қиындай түсетін секілді. Мұның өзі күн тәртібіне көптеген сұрақ қойып отыр: Біз аталған өнімдерді немен алмастырамыз? Оларды қандай бағамен сатып аламыз? Жаңа техниканы пайдалануға адамдарды қалай дайындаймыз? Тіпті қолданыста тұрған техникаға қосалқы бөлшектерді қайдан іздейміз?
Соңғы кезде Ресей рублінің құнсыздануы күшейіп барады. Бұл біздің экономика үшін қауіп тудыратыны анық. Өйткені Ресей ішкі нарығында баға бұрынғы деңгейде қалса, онда рубльдің құнсыздануының салдарынан ол елде өндірілген өнім бізде арзандай бастайды. Нәтижесінде, Ресейдің арзан тауарлары Қазақстанға ағылып, отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеті төмендейді және алтын-валюта қорымыз қанша үлкен болса да, оның бәрі Ресейге қарай ағылады. Біз шекараны жаба алмаймыз. Сондықтан экономиканы тұрақтандыру үшін біз де ұлттық валютамызды құнсыздандыруға мәжбүр боламыз. Оның соңы инфляцияның өсуіне, инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне, экономиканың біраз саласының дағдарысқа ұшырауына әкеліп соғуы мүмкін. Бұл – бізді алаңдататын үлкен қауіптің бірі.
Президент алдымызда тұрған үлкен проблемалар туралы айта келіп, жағдай бұдан да қиын болуы мүмкін екенін ескерткенде жоғарыдағы факторлардың барлығын ескерген секілді. Шынында да бізге дүниеде болып жатқан бүкіл оқиғаны мұқият бақылау керек. Үкіметте ақылды, кәсіби деңгейі биік мамандар жеткілікті. Олар осы жағдайларды онсыз да жіті бақылап, қиындықтардың алдын алу іс-шараларын зерделеп жүргені айтпаса да түсінікті. Дегенмен қазіргі әлемдегі жаңа геосаяси жағдай барысында Қазақстан кейде өз бетімен бірдеңе істей алады, ал кейде дәрменсіз екенін мойындауымыз керек. Себебі біздің экономикамыз – шағын экономика. Оны мұхиттағы дауылға қарсы жүзген қайықпен теңеуге болады. Сондықтан осындай қиын кезде барлық жағдайға бейімделе білуіміз керек.
Бейімделу дегеніміз не? Сабырлы болу. Қиындықты мүмкіндік деп қарау. Жаңаша еңбектену. Әлеуетімізді сарқа пайдалану. Әрқайсымыз осы факторларға айрықша мән беріп, алға жылжудың жолдарын жабыла қарастырмасақ, бай мемлекет бола алмаймыз. Саяси реформаларды жүзеге асыру арқылы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді түпкілікті шешуді мақсат еткен Мемлекет басшысы мен Үкімет азаматтардың бастамасын қолдау үшін барлық жағдайды жасауға тырысып жатыр. Президент нарықтық қатынастарға көшкен Қазақстанда еркіндік пен еңбекқорлық алдыңғы орынға шыққанда ғана ел бола алатынымызды бірнеше мәрте айтты. Ол атқарушы билікті халықпен етене жұмыс істеуге, мемлекетшіл-реформатор болуға, адал кәсіпкерлікті қолдауға жұмылдырып отыр. Жалпы, Қазақстанның экономикасын шенеуніктер емес, өз қолымен бірдеңе жасай алатын адамдар, яғни кәсіпкерлер, диқандар, кеншілер, мұнайшылар көтереді. Сондықтан Президент ең алдымен жасампаз еңбек адамдарына дұрыс жағдай жасауды күн тәртібіне қойып отыр.
Бізде «мемлекет мен үшін бәрін жасауы керек» деп ойлайтын адамдардың белгілі бір тобы бар. Жоқ, әсте олай емес. Ең алдымен мемлекетімізге пайдалы іс жасауға тырысуымыз керек. Батыс елдері, соның ішінде Америка да осы өлшеммен өмір сүріп келеді. Керек десеңіз, бұл елдерде өзін-өзі басқару органдары мемлекеттік институттардан бұрын пайда болған. Жоқты-барды сынап, билікке қол жайып отыру өзін-өзі басқару институттарының ойына да келмейді, барлық мәселесін өздері шешеді. Әу бастан ешкімге алақан жайып отырмайтын олардың менталитеті қандай да бір мәселені өзіміз шешіп аламыз дегенге саятыны да жасырын емес. Бізге де социализм заманынан келе жатқан ескі масылдық көзқарастан арылатын кез келді. Сондықтан қазіргі кезеңде елімізді гүлдендіру үшін көп қаржыдан бұрын адамдардың игі ниеті мен болашақ жарқын өмірге деген іскерлік құштарлығы қажет.
Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
экономист