Дәстүрлі «Парктер шеруі – 2023» акциясы аясында Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкері Әмір Базилов мектеп оқушыларына құстарға ұя жасауды үйретіп, шеберлік сабағын өткізді.
Күздің күні жылы жаққа ұшып кеткен жыл құстары наурыз, сәуір айларында қайтып оралып, балапан шығарады. Әсіресе, ауыл іштерінде қараторғайдың сайрап отыратынын жиі байқаймыз. Иә, сайрауық құстар елді мекенді жағалайды.
– Жылы жақтан ұшып келген құстар балапан басуға қолайлы жер іздеп, алас ұратындай көрінеді бізге. Жұмысымыз табиғатты қорғау болғандықтан, құстарға қамқорлық көрсеткіміз келеді. Құстар ғана емес, күзде түз тұяқтыларына да жем-шөптерін әзірлеп, қыстан шығуын жеңілдетеміз, – дейді жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің қызметкері Әмір Базилов.
Қанаттыларға қамқорлық танытқан парк қызметкері Катонқарағай ауылындағы С.Ластаев мектебінің оқушыларына құс ұясын жасауды үйретті. Балалар да бұл жұмысқа қызыға кірісті. Бұл – бір жағынан табиғатты қорғауға, жануарларға жанашырлық көрсетуге үйретсе, екінші жағынан баланы еңбекке баулу. Құстарға ұя, науа жасау секілді жұмыстарды қала мектептерінің оқушылары да қолға алса, құба-құп болар еді. Әйтпесе, қол еңбегіне икемі жоқ балалар аз емес.
Сөйтіп, катонқарағайлық оқушылар жасаған ұяларын мектептің бау-бақшасына орнатты. Көп ұзамай биіктеу ұяға қос қараторғайдың тұрақтағанын да айтады оқушылар. Бұл сайрауық құс жылына үш рет балапан ұшырады екен. Екі рет жылы жақта жұмыртқа басса, бір рет солтүстік өңірлерде балапанын қара қанаттандырады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы