• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Жастар 25 Сәуір, 2023

Жалдамалының жазасы ауыр

345 рет
көрсетілді

Таяуда әлеуметтік желіде Ук­раинада соғысып жүрген ресейлік «Вагнер» қарулы ұйымының құрамына қосылған қазақ жігіті туралы бейнежазба тарады. Бас­тапқыда оны ұрлап әкеткені, әскери ұйым қатарына күштеп қосқаны туралы ақпарат айтылған. Кейіннен жігіттің өзі бейнежазба жолдап, өз еркімен қосылғанын мәлімдеді.

Жас жігіт неге адасты?

Осы мәлімет бұқаралық ақ­парат құралдарына тарағаннан кейін Сыртқы істер министрлігі пікір білдірген еді. Аталған ведомствоның ресми өкілі Ай­бек Смадияров ол жігіттің келісім­шартқа өз еркімен қол қойғанын хабарлады.

«Қолда бар мәліметке сәй­кес, аталған Қазақстан азаматы «ЧВК Вагнер» (ресейлік мем­лекеттік емес қарулы құрылым) жеке әскери компаниясымен өз еркімен келісімшартқа отыр­ған. Мәскеудегі Қазақстан Рес­публикасының елшілігі жас жігіттің туыстарының өтініші бойынша Ресей Федерациясының құзыретті органдарына сауал жолдады. Қазіргі таңда бұл ақ­парат тексеріліп жатыр. Кон­сул студенттің туыстарымен тұрақ­ты байланыста», деді Айбек Сма­дияров.

Жігіттің туыстары «Inbu­siness» сайтына берген сұхба­тында 23 жас­тағы Марғұлан Бекеновті майданға күштеп әкеткенін алға тартады. Жас жігіт Том қаласындағы мемле­кеттік университеттің үшінші курсында оқиды. Туыстарының сөзіне сүйенсек, ол 2023 жылғы 18 наурызда аталған шаһарға жолға шыққан. Кетіп бара жатқанда сүйікті қызына жолығатынын айтқан. Алайда көп ұзамай-ақ байланыс үзілген. Бір аптадан кейін анасына хабарласып, амандығын жеткізген.

Ана жүрегі бір нәрседен секем алды ма, кім білсін, Мар­ғұланның достарына телефон шала бастапты. Сөйтіп, оны «вагнерліктер» қата­рына қосуға көндіргенін, сөйтіп Крас­нодар өлкесіндегі Молькино елді меке­ніне әкеткенін анықтайды. Ал 12 сәуірде оны соғыс болып жатқан аймаққа жіберген. Әлмира Беке­нова Ресейге барып, 9 сәуірде база­дағы бақылау-өткізу пунк­тінде ұлымен жүздескен. Содан кейін әлеуметтік желіде Марғұ­ланның өзі түскен бейнежазба жария­ланды. Онда қазақ жігіті «Вагнер» құрамына өз еркімен қосылғанын, ешкім ұрламағанын айтады.

 

«Бұл соғыс сендердікі емес!»

Желіге тараған бейнежазбадан кейін Сыртқы істер ми­нистрлігі осы оқиғаға қатыс­ты тағы да пікір біл­дірді. А.Сма­дияровтың сөзіне сай, шетелде заңсыз әскери іс-қи­мыл­дарға қатысқан ел азаматтарына бес жылдан тоғыз жылға дейін жаза қарастырылған.

«Ол жақта ешқандай романтика жоқ. Жігіттер, бұл соғыс сендердікі емес. Абайлаңдар, туыстарыңды ой­лаңыздар дегім келеді. Бәрің ересек адамсыңдар. Бұл жігіт те кәме­лет жасына тол­ған. Шешімді өзі қабыл­даған. Өкінішті. Қолымыздан келген көме­гімізді көрсетіп жатырмыз. Ата-анасымен байланыста­мыз. Тиісті сұранысты Ресей Фе­дерациясының өкілетті орган­дарына жолдадық. Ақпаратты тексеріп жатырмыз. Алай­да елге келгеннен кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалатынын ескеру керек», деді А.Смадияров.

Қылмыстық кодекстің 172-ба­бы­на сәйкес, шет мемле­кет­тің аумағындағы қарулы қақты­ғысқа немесе соғыс қи­мыл­­дары­на жалдамалы ретінде емес, қа­сақана қатысқандар 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостан­дығынан айырылады. Ал 170-бапта жалдамалы ретінде қарулы қақтығыстарға қатысқандардың 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталатыны көрсетілген.

Журналист, әскери шолушы Аман­гелді Құрмет қай тарапта со­ғ­ысса да шетелде әс­кери іс-қимыл­ға қатысқан Қа­зақстан азаматы қыл­мыстық жауап­кершілікке тартылатынын алға тартады. Алайда құқық қорғаушылар соғысқа қатысқанда қандай қылмыс жасағанын, адам өлтірді ме, басқа қандай әрекет етті деген секілді факторларды ескеріп жаза тағайындауға тиіс.

«Білуімше, 2015 жылдан бері Қазақстанда шамамен оншақты адам шығыс Украинадағы қақ­тығысқа қатысқаны үшін сотталды. Кейін басқа қылмыс жасап бас бостандығынан айырыл­ғандар да бар. Мысалы, Темір­тау қаласының тұрғыны екі адамды өлтіргені үшін 25 жылға сотталды. Алматыда тағы бір соғысқа қатысқан азамат сот орындаушысын, тағы бірнеше адамды атып тастады. Оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Кейін екі қылмыскердің де Украинада со­ғыс­қаны анықталды. Сондықтан ондай азаматтар елге келген соң қылмыстық жазаға тартылуы керек», дейді А.Құрмет.

 

«Болашағына шабылған балта»

Саясаттанушы Ғазиз Абишев шетелде қарулы қақтығысқа қатысудың мүлдем дұрыс емес екенін, қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылатынына назар аударады. Сондай-ақ кез келген қоғамда түрлі себептерге байланысты осындай қадамға баратын адамдар болатынына тоқталды. Саясаттанушының пікірінше, ондай адамдар бола­шағына балта шабады.

«Ол жас бала, небәрі 23-те. Бәлкім, ол жігіттің достары, таныс қыздары үгіттеген шығар. Сөйтіп, соғыс романтикасына беріліп, басы айналып, аздаған ақшаға қызығып, «Вагнер» сапына қосылған шығар. Бірақ оның болашағы өте бұлыңғыр. Өкінішке қарай, алдағы уақытта Украинада ал­ғы шепке барған соң қаза табу ықти­малдығы жоғары. Өйткені ешқандай әс­кери тәжірибесі жоқ. Соғыстың иісі мұрнына бармаған. Ал ондай адамдар соғысқа кіргеннен кейін көп ұзамай-ақ өліп қалатынын естіп-біліп отырмыз. Сондықтан 2-3 айдың ішінде мерт болуы мүмкін.

Алда-жалда тірі қалып жатса, Қа­зақстанға қайта оралуы қиын. Өйт­кені бұл мәселе қоғам назарына ілікті. Сыртқы істер министрлігі, Бас прокуратура онымен айналысып жа­тыр. Елге келген соң оған қарсы қыл­мыстық іс қозғалады. Енді ол ке­лешекте тек Ресейде ғана тұра ала­ды. Себебі «Вагнер» ұйымын көпте­ген мемлекет террористік ұйым деп таныған. АҚШ тарапы тіпті «Ваг­нерге» қарсы күресетінін мәлімдеді, оны «ДАИШ» содырларына теңестіруі ық­ти­мал», дейді Ғ.Абишев.

Саясаттанушының мұндай пікір білдіруі бекер емес. Ақ­пан айын­да АҚШ тарапы Украи­надағы со­ғыс­­қа қатыс­ты мәлімет жариялап, «Ваг­нер» жеке әскер компаниясы ша­мамен 30 мыңнан астам сарбазы­нан айырылғанын мә­лім­деді. Сонымен қатар қаза тапқандардың 90 пайызға жуығы соңғы уақытта ғана қатарға қо­сыл­ған көрінеді. Ақпаннан бері екі ай өткенін ескерсек, қайтыс болғандар саны артқаны түсінікті. Әсіресе, Бахмут және Авдеевка маңында соғысып жатқан «Ваг­нер» компаниясының сарбаздары қынадай қырылғанын телеграм каналдар жарыса жазғаны есімізде. Соғысты зерттеу институты (ISW) таратқан мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда «Вагнер» ұйымы өте көп шығынға ұшы­раған.

Әскери шолушы А.Құрмет те «Ваг­нер» сапына қосылған қазақтың елге аман оралуына күмәнмен қарай­ды. Өйткені қазір ұрыс алаңы өте қызып тұр­ғанын, түрлі техникалар, қарулар пай­да­ланылып жатқанына назар аударады.

«Шынымен майдан даласына ба­рып, Бахмутта, Угледарда немесе Авдеев­када соғысса, құдай бетін ары қыл­сын, онда оққа ұшуы ық­ти­мал. Сон­дықтан елге орала ма, жоқ па, болжам жасау қиын. Егер түр­лі каналдар арқылы «Вагнер» компа­ния­сының басшылығына сұрау салып, туыстарының өті­ніш хаттары арқылы біздің дип­ломатиялық қызмет майданнан шығарып алатындай мүмкіндік жасаса, онда елге әкелуге мүм­кіндік туатын шығар. «Вагнер» мұндай өтінішке құлақ аса ма, жоқ па, ол бөлек мәселе», дейді А.Құрмет.

Сарапшылардан Қазақстан аза­матының «Вагнер» сапына қосылуына не себеп болғанын сұраған едік. Олар­дың пайымдауынша, бұған Ре­сей­дің ақпарат құралдарының ық­палында ұзақ жыл отыруымыз әсер етуі ық­тимал.

«Өкінішке қарай, ақпараттық кеңіс­тігімізде әлемге, жаһан­дық оқиғаларға Ресейдің көз­қарасымен қарап келдік. Оның үстіне, солтүстік аймақтарда Ресейдің үгіт-насихат тарататын арналарын көру басым. Сонымен қатар біздің қоғамда, жалпы пост-кеңестік мемлекеттерде соғыс романтикасы деген дүние бар. Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіс­терін, сондағы айқастарды 80 жыл бойы дәріптеп келдік. Батырларды ұлықтадық, кеңес әскерін теңдессіз деп насихатталды. Сол себепті халық­тың санасында белгілі бір мөл­шерде милитаристік көзқарас қалыптасты. Бәлкім, бұл да ықпал етуі мүмкін. Мұндай қадамға барудың нақты себебін сапалы әлеуметтану және мәдениеттану, тіпті психологиялық зерттеулер арқылы анықталады», дейді А.Құрмет.