Кене энцефалиті – ми және орталық жүйке қабынуын тудырып, жүйке жүйесін қатты зақымдайтын жұқпалы ауру. Биыл Жетісуда кене көп. Қазірдің өзінде аталған сырқатпен 4-5 науқас тіркелген. Мамандар тұрғындарға барынша сақ болуды ескертуде.
Жетісу облысының Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Сарқан аудандары мен Талдықорған, Текелі қалалары кене энцефалитінен эндемиялық аймақтарға жатады. Қазір мамандар аталған вируспен күресудің амалдарын жасауда.
«Сырқаттанушылықтың маусымдылық кезеңі наурыз-қазан айлары аралығына келеді. Аурудың алдын алу мақсатында сәуір айынан бастап кенелерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Жетісу облысында биыл 230 гектар жер кенеге қарсы өңделеді. Бұл жұмыстар Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Сарқан аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларын қамтиды», дейді өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов.
Оның айтуынша, ұлттық сараптама орталығымен өңдеуге арналған 230 литр «Фаворит» дәрісі жеткізіліп, барлық аудан, қалаға таратылған. Өңдеу жұмыстары Алакөл, Ескелді аудандарында басталған.
Кене энцефалитінің эпидемиологиялық маусымдылық кезеңінің басталуына байланысты апталық мониторинг енгізіліп, соған сай жұмыстар жүргізілуде. 1-ші апталық мониторингке сәйкес облыс бойынша кене шағумен медициналық көмекке 35 адам жүгінген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар 46 пайызды құрап отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда, кене шағумен медициналық көмекке жүгінген адам саны 9 жағдайға жоғарылаған.
«13-14 сәуір күні Талдықорған қаласының Ардагерлер паркінде дезинсекциялық препараттын қолдану арқылы жүргізіледі. Қайта өндеу жұмыстары мамыр айында өткізіледі. Биыл наурыз айында басқарма мамандарымен 200 дана кене жиналып, ұлттық сараптама орталығының аса қауіпті зертханасына жіберілді. Кенелерді конго-қырым безгекке, кене энцефалитіне және туляремияға сырқаттанушылығына зерттеу жүргізетін болады», дейді Талдықорған қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Сәкен Мелдебаев.
Мамандар тұрғындар арасында кене энцефалитімен сырқаттанушылықтың алдын алу мақсатында табиғатқа шығу, саябақтарда серуендеу және аумақты жинау кезінде сақтық шараларын ұстануға шақырады.
Жетісу облысы