• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Пікір 26 Сәуір, 2023

Елдікті келісім ғана сақтайды

230 рет
көрсетілді

Кешегі өткен панельдік отырыстар Ассамблеяның тыңнан түлеуге, жаңаша жұмыс істеуге ұмтылысын келісті көрсетіп берді. Толғағы жеткен мәселелерді ашық айтып, қиын түйіндерді шиеленбей тұрып тарқату ғана тығырыққа тірелуден сақтай алады.

Ғалымдар этностық қатынастарда алдан шығып тұратын мынандай мәселелерге назар аударады: этностық және аумақтық шекаралардың үйлеспеуі, экономикалық ахуалдың нашарлауы, әлеуметтік қайшылықтар, мемлекет саясаты деңгейіне көтерілген ксенофобия мен ұлттық астамшылық, ұлттық және діни алауыздық, тарих тереңінен тамыр тартатын өкпе-реніш. Осылардың ішінде біздің елімізге нақты қатысты бола алатыны – экономикалық ахуалдың нашарлауы мен әлеуметтік қайшылықтар. Мұның екеуінің өзі де жалпы жұрттың жүйкесін жұқартуға жетіп жатыр.

Ондайда адам кінәлілерді іздеуге, табуға тырысуға бейім тұрады. Сондықтан да бірлік, достық, татулық, жарастық, келісім қай кезде де керек, ал қазіргідей дүн-дүние дүрлігіп, еліміз жан-жақтан қаумалаған қыспақтар құрсауында тұрғанда, сыртқы факторлар ішкі ахуалға әсер етпей қоймайтын шақта олар тіпті керек, ауадай керек.

Тыныштық, татулық сақталса, бәрі де болады. Бүгін болмаса, ертең болады. Тыныштық, татулық сақталмаса, оның бәрі де болмайды. Бүгін тұрмақ, ертең де болмайды. Осыны ұмытпайықшы. Елдіктің бұл ұлы міндетінде Ассамблея атқарар миссия аса ауқымды.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты