• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Театр 27 Сәуір, 2023

Халық театрларының фестивалі

404 рет
көрсетілді

Халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтанның 100 жылдығына орай Ақтөбеде «Театр – өнердің ұлы көші» атты халық театрлары фестивалі өтті. Оған сегіз өңірден он халық театры қатысып, екі күн бойы қаламгердің шығармаларын сахналады. Көрермендердің назарына он қойылым ұсынылды.

Фестиваль қорытындысы бойынша Шалқар аудандық Сары Батақұлы атындағы мәдениет үйінің халық театры сахналаған «Қаһарлы күндердің тәтті дәмі» қойылымы бас жүлдеге ие болды. Аудан өнерпаздары майдан даласындағы медбике Раушан мен жауынгер Ержанның махаббатын, ұрыс суреттерін барынша шынайылықпен көрсете білді.

Қазылар алқасына төрағалық еткен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов: «Бү­гінде рухани құндылықтар өзге­ріп, жеңіл, сырты жылтыраған дүниелер алға шыққан уақытта Тахауи Ахтан­дай алыбын еске алып, оның шы­­ғар­­маларын көпшілік назарына ұсы­ну­ды ұйымдастырған облыс бас­шы­лығы, мәдениет басқармасы, ха­лық шығармашылығы орталығына ри­за­шылығымды білдіремін. Кей өңір­лерде мемлекеттік театрлар қанатын кеңге жая алмай жатқанда халықтық театрлар фестивалін ұйымдастыру үлкен көрегендіктің белгісі. Мұндай іс-шаралар ел ішіндегі шығармашылық ұжымдарды өсіруге септігін тигізеді. Қай кезде де нағыз талант ел ішінде болады. Халқымыздың маңдайына біткен шамшырақтарының көбінде кәсіби білім болмаса да, олар таби­ғи дарындарының арқасында ел сүйіс­пеншілігіне бөлене білді. Осы сәтті пайдалана отырып, ел басшыларына халықтық театрлардың қаржылық-материалдық жағдайын жақсарту қажет деген ұсыныс айтамын. Сахнада ауыл мәдениетіне шын жаны ашитын адал азаматтар жүр. Оларға қолдау қажет», деп атап өтті. Шындығында да, халықтық театрлардың әртістері еңбекақы алмайды. Ауыл сахнасында өнерге бейім, өнерді қадірлейтін абзал жандар жүреді. Театрдың бас режиссері ән, терме айтатын, бойында актерлік қабілеті бар ауылдасын сахнаға дайындайды.

Ақтөбе облыстық халық шығарма­шылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталинаның айтуынша, өңірдегі 198 мәдениет үйінің жанында 120 театр үйірмесі жұмыс істейді. «Осы 120 үйірменің 22-сінде халықтық атағы бар. Біздің орта­лық өткізген іріктеу кезеңіне ал­ты ұжым қатысып, Шалқар, Ойыл, Мұ­­ғалжар аудандық халық театрлары байқауға жіберілді Халықтық театр­да режиссер мен оның көмекшісіне ғана штаттық бірлік бекітілген. Ак­терлік құрамы өнерсүйер ауыл тұр­ғындарынан құралады. Олар жұмыстан кейін ауылдық клубқа, мәдениет үйлеріне жиналып дайындалады. Бұл өнерпаздар фестивальге ғана қатысып қоймай, ауыл мәдениетінің дамуына үлес қосып отырған жандар. Бүгінде ауылдағы кез келген мәдени іс-шара олардың қатысуынсыз өтпейді», деп атап өтті.

Қазылар алқасы үздіктерді бір­неше аталым бойынша марапаттады. Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» комедия­сын сахналаған Түркістан облысы Ордабасы аудандық «Темірлан» халықтық театры «Үздік актерлік ансамбль», «Махаббат мұңын» көрсеткен Абай облысы Ақсуат аудандық театр­ы «Ең үздік сахналық нұсқа» аталымын иеленді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы Бөрлі аудандық халық театры «Ең үздік дебют», Қы­зыл­орда облысы Шиелі аудандық ха­лық­тық театры «Ең үздік сценография» аталымына лайық деп танылды.

Фестивальге келгендердің ешқай­сысы құр қайтқан жоқ. «Рөлді шынайы сомдағаны үшін» Ойыл аудандық мәдениет үйінің әртісі Сандуғаш Қар­сақбаева, «Ең үздік екінші план­дағы рөл» аталымы Қарағанды облысы Шет аудандық халық театрының әртісі Арайлым Артықбаеваға, «Ең үздік әйел рөлі» аталымы Жамбыл облысы «Дулати жастары» театрының әртісі Айымжан Бауыржанқызына, «Ең үздік ер адам рөлі» аталымы Мұ­ғалжар аудандық халық театрының әртісі Ерболат Амангелдиевке бұйыр­ды. Бар­лық аталым иелеріне 300 мың теңге көлемінде сертификат табысталды.

Фестиваль аясында әйгілі әртіс Болат Әбділманов халықтық театрлар әртістері мен режиссерлеріне бірнеше шеберлік сабағын өткізді.

 

Ақтөбе облысы