• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 04 Мамыр, 2023

Визасыз режімнен ұтарымыз бар ма?

1356 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Қытай азаматтарының бір елден бір елге уақытша визасыз барыс-келіс орнатуына байланысты қоғамда қызу пікірталас жүріп жатыр. Көршілес елдердің сауда-экономикалық әлеуеті мен туристік қарым-қатынасын саяси һәм мәдени ынтымақтастығын арттыруға бағытталған жоба туралы мамандар не дейді?

Бірқатар сарапшы әлемдік тә­жіри­беде бұрыннан бар бұл үдеріске үрке қараудың қажеті жоқ деп есептейді. Себебі жаһан­ның жүзден астам дамыған мем­ле­кеті осы бағытта оңтайлы жұ­мыс жүр­гізіп, өз елдерінің экономикасын өріс­тетуге жол ашқан. Аталған мәсе­ле­ге қатысты ойын ор­таға салған саясат­та­нушы Асхат Қасенғалидың пікірі тө­мен­­де­гідей.

«Әлеуметтік желілерде «Қы­тай қап­тай­ды», «Қытай жаулайды» деген жазбалар көбейіп кетіпті. Мұндай пікірлер жуырда шыққан «Қазақстан мен Қытай азаматтары 30 күн визасыз жүре алады» деген мәселеге байланыс­ты айтылып жатыр. Ал жағдайға басқа қырынан үңіліп қара­сақ, ешқандай да қытай қаптамайды. 2022 жылы біз «қытай азаматтары 14 күн визасыз жүре алатын» өзгеріс енгіз­генбіз. Бір жылға жуық уақыт болды, қаптаған қытай көрмедік. Дәл сол сияқ­ты болады. Қытайдың жалпы біздің аза­маттар үшін 30 күн визасыз режімге рұқ­сат еткені – жақсы жаңалық. Қытай елшілігінің ал­дында виза алуға тізіліп кезек тұратын. Қытайдан келген қандас достарым жетерлік, со­лардың туыстары, таныстары виза алу үшін айлап құжат жинап жүретін. «Ана жерден анықтама әкел, мына жерден құжат әкел» деп шапқылайтын. Ал енді мынау – сол азаматтар үшін жақсы жаңалық. Алтайдың арғы бетіндегі қандасқа да тиім­ді. Оның үстіне Қытайға де­малуға, медицинасы жақсы бол­ған­дықтан ем алуға бара­тындар да жеткілікті. Олар үшін де әуре-сарсаң азайды. Сон­дық­тан эмоцияны жиып қойып, мәселеге Қытайға кіру үшін виза алуға табан тоздырған қазақтың да көзімен қарау керек», дейді А.Қасенғали.

Пікір иесі өткен жылы Қазақ­стан мен Қытай сауда қаты­насы алғаш рет Ре­сейді артта қал­ды­рып, көршіміз эко­номи­ка­лық және сауда қа­ты­на­сын­да­ғы бас­ты серіктеске айнал­ға­нын ай­та­ды. Әрі Қытайға кіріп кәсіп көзін ашып, шапқылап жүрген жандарға уа­­қыт жағынан да, қар­жы үнемдеу тұр­­ғысынан да тиім­ділік артқан. Бұл тұр­­ғыда Қытайдан киім-кешек тасумен айналысатын алматылық Елназар Ахметбек 30 күнге дейінгі визасыз режім өзі­не оңтайлы жағдай тудырғанын айтады.

«Соңғы аптада Қытайға емін-еркін ба­рып келдім. Бұрын виза мәселесінде ке­дергілер туындап, алған тауарымды ше­карадан күтіп алуға мәжбүр бола­тын­мын. Тауар жеткізуде біраз қаржым делдалдарға жұмсалатын. Бұл жолы ішкі Қытайға өзім барып, өндіріс фабрикаларын аралаудың сәті түсті. Атажұртқа 2000 жылы Қытайдан көшіп келгенбіз. Ол жақта әлі тұрып жатқан туыстарымыз бар. Карантиннен бергі шекарадағы қиын­дықтардың салдарынан өлім-жітім жағ­дай­ла­рында қатынай алмай қинал­ға­­ны­мыз рас. Қазір ол жақта туыс­тары тұратын азаматтар үшін де қолайлы сәт туып отыр», дейді ол.

 Жоба жүзеге асқалы бір ғана Алматы қаласының өзіне мың­даған қытай азаматы келіп, шаһардың туристік орындарын аралаған. Әсіресе Көктөбе, Медеу шатқалы, қаладағы тари­хи-мәдени му­зей­лерге келуші туристердің саны артқан. Құ­қық қорғау органдарының мә­лі­­­метінше, шетел азаматта­ры та­рапынан ешқандай құқық бұзушылық жағ­дай­лар тіркелмепті.

 Үкімет қаулысы негізінде Сыртқы іс­тер министрлігі дайын­да­ған құ­жат­та екі елдің азаматтары туризм, емделу, транзит немесе іскерлік кездесу мақсатында көрші мемлекетте 30 тәулікке дейін болуды жоспарласа, виза рәсімдемеуге құ­қылы. Ал одан ұзағырақ мерзімге қал­­ғысы келсе, сапарды жоспарлау ке­зін­де визаға өтініш беруге тиіс. Екі ел ара­сындағы бұл келісімді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамыр айын­да Қытай еліне ресми сапары кезінде одан әрі өрістету көзделген.

«Қытайда жұмыс істейтін кәсіп­кер­ле­ріміз аз емес. Енді екі ел арасындағы сауда-саттық нығаяды. Біз қытай на­ры­ғына ет өнімдерін, дәнді дақыл және тағы басқа азық-түлік тауарларын жет­кі­земіз. Тауар айналымын ұлғайтып, ин­вестор тартуға таптырмас мүмкіндік туып отыр. Іскерлік кездесулер де жиі өтетін болады. Визасыз режім еліміздің ­ке­зекті дипломатиялық жеңісі деп ой­лай­мын», дейді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Кәукенов.

 Өткен жылдың дерегіне үңіл­сек, Қазақстан төлқұжатының күші әлемдік паспорт индексінде 55-орында. Ел аза­маттары 30-ға жуық мемлекетке визасыз бара алады. Ал қырықтан астам мем­ле­кеттің визасын сол елге бар­­ғанда әуежайдан алу мүм­кін­ді­гі қарас­тырылған. Мәселен, отандастарымыз Гру­зияда 1 жыл, Арменияда 180 күн, ба­уырлас Әзербайжан, Түркия, Қыр­ғыз­стан елдерінде 90 күн визасыз жүре алады. Дәл солай Беларусь, Ресей, Моңғолия елдеріне үш ай мерзімге бар­са­ңыз, алдын ала виза алудың қажеті жоқ. Молдова, Албания, Украина, Коста-Рика, Колумбия, Намибия елдері де отандастарымыздан 90 күндік сапары үшін виза талап етпейді. Сол се­кіл­ді Тәжікстан, Өзбекстан, Қатар, Ин­до­незия, Малайзия елдеріне бір айға ба­рамын десеңіз, виза алмайсыз. Бұл тұста кей­бір елдер туристік науқанға қолайлы кезеңдерді белгілеп, сол аралықта өз елде­рі­не емін-еркін кіруге жол ашады. Мысалы, Черногорияға сәуір мен қазан айларының аралығында жолыңыз түссе, виза алудың қажеті жоқ, ал сапарыңыз қараша мен наурыз аралығына жоспарланса, елшілікке жүгінуге тура келеді.

Туризм – көптеген мемле­кет­­тің бас­ты табыс көзі. Мұн­дай мүмкіндіктер ел­дің эконо­ми­калық қуатын нығайтып, мә­дение­тін көрсетудің төте жолы. Ен­деше, әлемдік тәжірибеде бұ­рыннан қалып­тасқан үрдіс еліміздің саяси бе­делін арттырып, халықаралық байла­ныс­тар­ға оң ықпалын тигізеді деп се­нейік.

 

АЛМАТЫ