Өткен аптада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси Қазақстанға келгені белгілі. Аустралиядан ат терлетіп келген мейман Өскемендегі Төмен байытылған уран банкінің жұмысымен танысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Рафаэль Гроссиді қабылдап, оның сапары Қазақстан мен агенттік арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін маңызды екенін атап өткен-ді. Бұдан бөлек, шетелдік қонақпен Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те кездесті. Қазақстан мен АЭХА арасындағы техникалық ынтымақтастықты ортамерзімді жоспарлау үшін негіз болатын 2023-2028 жылдарға арналған елдік негіздемелік бағдарламаға қол қойылды.
Төмен байытылған уран банкі – Үлбі металлургия зауытының аумағында 2019 жылы құрылған төмен байытылған уран резерві. Оның міндеті – АЭХА-ға мүше жекелеген мемлекеттерде ядролық отын өндіру үшін шикізаттың кепілді қорын қалыптастыру. Жеткізуде кідірістер болған жағдайда, бұл елдер банкте сақталған материалды пайдалана алады.
Уран гексафториді түріндегі төмен байытылған уран – атом реакторында қолданылатын негізгі шикізат. Материал беріктігі жоғары болаттан жасалған герметикалық цилиндрлерде сақталады. Яғни қатаң сынақтан өтетін және барлық халықаралық қауіпсіздік стандартына сәйкес келетін арнайы сертификатталған контейнерлер қолданылады.
Өскеменге сапар барысында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Мұқанов Төмен байытылған уран банкінің Қазақстан аумағында орналасуы еліміздің оң имиджіне ықпал ететінін жеткізді. «АЭХА – ең заманауи технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірегей ғылыми алаң, сондай-ақ Қазатомөнеркәсіп атом өнеркәсібі мен ядролық технологияларды дамыту саласындағы бірлескен жұмысымызды жалғастырады», деді ол.
Сапар кезінде делегация Үлбі металлургия зауытына еншілес кәсіпорын – «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС-ның жылу бөлгіш құрастырмалар шығаратын зауытына ат басын бұрып, атом электр стансаларына ядролық отын дайындау үдерісімен танысты. Кәсіпорын 2021 жылдың соңында пайдалануға берілді, оның жобалық қуаттылығы жылына 200 тонна өнімді құрайды. Жоба өндірісті әртараптандыруға және қосылған ең жоғары құны бар жоғары сапалы экспортқа бағдарланған өнімді алуға септігін тигізді.
АЭХА бас директоры Үлбі металлургия зауытының жұмысын жоғары бағалап, қызметкерлердің жоғары кәсібилігіне тоқталды. «Қазақстан Республикасының Төмен байытылған уран банкін құру үшін зауытты таңдау туралы шешім дұрыс болды. Мұның дұрыс екеніне әбден көзім жетті», деді Рафаэль Гросси.
Үлбі металлургия зауытының басшысы Сергей Бежецкий биыл АЭХА Төмен байытылған уран банкінде сақталған 24 цилиндрден тұратын бірінші партияны қайта сертификаттауды жоспарлап отырғанын атап өтті. Қалған 36 цилиндрді сертификаттау 2024 жылы жүзеге аспақ. Әлемдік тәжірибеде алғаш рет материалды алмай-ақ, қайта сертификаттау толтырылған цилиндрлерде жүргізіледі. Үлбі металлургия зауыты қайта сертификаттауға дайындыққа қатысады, оны өткізу барысында АЭХА-ға қажетті көмек көрсетеді.
Айта кету керек, АЭХА Төмен байытылған уран банкін орналастыру үшін Үлбі металлургия зауытының таңдалғаны кездейсоқ емес. Кәсіпорын уран гексафторидімен 50 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Зауытта барлық қажетті инфрақұрылым, білікті персонал, көлікке қолжетімділік, сенімді физикалық қорғаныс жүйесі бар.
«Қазақстан – әлемдік атом нарығындағы ең ірі ойыншы, ал Төмен байытылған уран банкін құру жөніндегі жобаны іске асыру – табысты ынтымақтастықтың жақсы үлгісі, сондай-ақ атом энергетикасының қауіпсіз және пайдалы екенін растау», деді Рафаэль Гросси.
Айта кетерлігі, өткен аптада Еуропалық одақ атом мен газды жасыл энергетика қатарына қосу туралы шешім қабылдады. Осы орайда, АЭХА басшысының сапары стратегиялық маңызы зор екенін айта кеткен жөн. Бұл халықаралық қоғамдастықтың елімізге артқан сенімі, ядролық саладағы барлық халықаралық талапты сақтайтынымызды білдіреді.