• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Сәуір, 2023

Тәуелділіктің емі – алдын алу

511 рет
көрсетілді

Жақында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Жастар саясаты жөніндегі кеңесте синтетикалық есірткі заттарының таралу проблемасына қатысты мәселе көтерілді.

Ерлан Қариннің айтуын­ша, наша­қор­лық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес Прези­денттің сайлауалды­ бағ­дар­ла­­ма­сы­ның басым­ бағы­т­тары­ның­ бірі болып­ белгіленді. «Пре­зидент жанындағы Жас­тар­ саясаты жөніндегі кеңес син­те­тикалық есірткінің таралуына қатысты қауіпті алғашқылардың бірі болып көтерді. Оған барша қоғамның назарын аударды. Сондықтан бүгін Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы 2023-2025 жыл­дарға арналған кешенді жоспарының кеңес алаңында талқылануы бекерден­бекер емес. Жоспар бойынша жоба 7 бөлімнен және 64 пункттен тұрады. Ол ең алдымен, нашақорлықтан оңалтуды және есірткіге тәуелділер санын азайтуды көздейді. Осы арада мұндай жоспардың 2016 жылдан бері қабылданбағанын айта кету керек», деді ол Telegram-дағы парақшасында.

Мамандар ресми статистика бойынша елімізде есірткі тұтынушылар саны жылдан-жылға азайып келе жатқанына қарамастан, синтетикалық есірткіге тәуелділер қатары керісінше көбейгенін айтып дабыл қағуда. Синтетикалық есірткі немесе психотропты заттар әсіресе жастар арасында көп қолданылады. Біріншіден, ол заттарды алу үшін арнайы «нүктелерге» барып жүрмей, интер­нет арқылы қол жеткізу мүмкіндігі, екін­шіден, бірден «баурап» алатын қасиеті өзіне тәуелді жастардың тым көбеюіне әкеп соқтыруда. Мәселен, өткен жылы тіпті танымал «Mad Men» тобы жігіттерінің синтетикалық есірткі жасап, сатқаны үшін ұсталып, сотталуы бұл пәлекеттің бет алысы қандай қорқынышты екенін аңғартса керек.

Ресми статистикалық мәліметтер бойын­ша, елімізде дәстүрлі есірткі зат­та­рын­ тұтынушылардың орта жасы – 40-45 жас аралығы болса, синтетикалық есірткі пайдаланушылар негізінен 30-35-тегі жастар, ал ұшпа ерітінділерді 20-25-тің­­ айналасындағы жастар тұтынады екен. 2017-2018 жылдары 13 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдердің есірткі тұтыну ауқымын анықтау мақсатында жүргізілген ұлттық зерттеу олардың 1,6 па­йызы психобелсенді заттарға тәуелді екендігін айғақтаған. Ал Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжі­ри­белік орталығының психиатр дәрігері Гүлмира Сәдуақасованың айтуынша, ано­­нимдік зерттеулер соңғы уақытта есірткіге тәуелді жастардың қатары 2 пайызға жеткенін көрсетті.

Біздің ойымызша, мемлекет тарапы­нан есірткінің таралуына қарсы жасала­тын қадамдар өзінің жемісін беруі үшін ең алдымен отбасындағы ата-ана бақылауы күшейтілуі керек. Отбасында бетімен кеткен баланы қоғам тәрбиелей алмайды.­ Психиатр Гүлмира Сәдуақасова есірткіге бой алдыра бастаған жастың бо­йында жүріс-тұрысы мен мінез-құлқының өз­ге­руі, агрессияның пайда болуы, ешнәрсеге қызықпауы, ал тәуелділіктің ауыр кезеңіне өткенде қорқыныш сезімінің пайда болуы секілді белгілер көрініс табатынын айтады.

Әрбір ата-ана баласының жүріс-тұры­сы­нан осы аталған өзгерістерді байқап, дер кезінде қимыл жасаса, оны есірткіге тәуел­ділік құрдымынан оңай құтқарып ала­ды. Баланы жалғыз тастау, онымен сырласпау, проблемаларын сұрап, тал­қы­ламау, жұмысбастылықпен жүріп қада­ға­лауды көзден таса қалдыру – көбіне олар­дың түрлі теріс жолдарға түсіп кетуі­не себеп болатын қателіктер. «Бір сөз­бен­ айтқанда, есірткіге тәуелділіктің ең бірін­ші тосқауылын тәрбиеден іздеу керек», дейді мамандар. Ал тәрбиені тәрк еткен­ отбасыдан нашақорлыққа, спиртті ішім­дік­терге және құмар ойындарға тәуелді бала­лар өсіп-жетілетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр.