• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Құрылыс 30 Сәуір, 2023

Жазатайым жарақаттан сақ болайық!

283 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында өткен жылы өндірістік жарақат алғандар саны 10 пайызға өсіп кеткен. Жазатайым оқиғаларда барлығы 71 адам зардап шексе, 55 адам ауыр жарақат алған. Ал қаза тапқандар 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе өсіп, 16 адамға жетті.

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында Батыс Қазақстан об­лыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысы Асылұлан Дос­жанов осындай деректерді жария етті.

«Елдің орнықты дамуы көбінесе еңбек ресурстарының жай-күйіне байланысты. Сондықтан жазата­йым оқиғалардың алдын алу және қызметкерлердің еңбек жағдайы қауіпсіз болуын үнемі қадағалаймыз», дейді Асылұлан Тұрсынұлы.

Мәселен, 2022 жылы еңбек инс­пекторлары «Қауіпсіз еңбек» акциясы аясында 50-ден астам өнеркәсіптік және құрылыс нысанын тексерген. Байқалған кемшіліктер бойынша жұмыс берушілерге ескерту берілген. Есептері бойынша біршама адамға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қор­ғау мәселесі бойынша түсіндіру жұмы­сы жүріпті.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысы кәсіпорындарында 428 өндіріс­тік кеңес бар екен. Олар өндірістік жарақаттанудың алдын алу мақсатын­да жұмыс орнындағы еңбек жағдайына тексеру жүргізе алады.

Сондай-ақ облыстағы белгілі «Орал Таза Сервис», «Күбілей», Орал «Зе­нит» зауыты, «ҚазАрмаПром», «Кама Центр», «№1 нан зауыты», «Искон», «Стекло-Сервис», «Агран», «Орал транс­форматор зауыты» сынды 10 кәсіп­орын «Халықтық бақылау» жоба­сын енгізді. Ал 183 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша OHSAS 18001, МОТ-СУОТ стан­дарттары енгізілді. 35 кәсіп­орын еңбек жағдайы бойынша аттестат­таудан өтсе, «Vizion Zero» тұжы­рым­­дамасын қолдау мақсатында об­лыс­тың 85 ұйымы ресми сайтта «Компания» ретінде тіркелді.

«Жүргізіліп жатқан профилак­тика­лық іс-шараларға қарамастан, өткен жылы облыста өндірістік жарақат саны өсті», дейді еңбек инспекциясының басшысы. Жазатайым оқиғалар саны 10 пайызға көбейген. Соның ішінде 7 оқиға кезінде 20 қызметкер зардап шеккен. Бұл топтық жазатайым оқиға саны да артқанын көрсетеді.

Сараптап қарасақ, 18 жазата­йым оқиға бюджеттік ұйымдарда бо­лып­ты, 26 адам зардап шеккен. Мұнай өнеркәсібінде болған 9 оқи­ғадан 10 адам түрлі жарақат алған. Энергетика саласында – 9 адам, құрылыс саласында – 7 адам, машина жасау саласында – 5 адам, ауыл шаруашылығында – 4 адам, шағын кәсіп ұйымдарында – 3 адам, коммуналдық шаруашылық кәсіп­орындарында – 3 адам, автокөлік саласында – 1 адам, басқа да салаларда 3 адам зардап шегіпті. Жазатайым оқиғалар мұнай-газ, энергетика және құрылыс саласында көбейіп кеткен.

Батысқазақстандықтар көбіне жол көлік оқиғаларынан, биіктен құлап немесе электр тоғына соғылып зардап шегеді екен.

А.Досжановтың айтуынша, құ­рылыс саласындағы оқыс оқиға­лар­дың дені жұмысты дұрыс ұйым­дас­тырмаудан, ақаулы техниканы пайдаланудан, еңбек қауіпсіздігін нашар оқытудан және зардап шегу­шілердің өз бейқамдығынан болады екен.

Әрине, әрбір жазатайым оқиға жан-жақты тексеріліп, жұмыс беру­­ші­­­нің немесе зардап шегушінің кінәсі анықталады. Соған сәйкес тиісті шешім шығарылады.

Осындай сараптама нәтижесінде Ба­тыс Қазақстан облысында бол­ған жазатайым оқиғалардың себеп-салдары анықталды. Көз са­лайық: 21 адам жұмыс өндірісі өте на­­шар ұйымдастырылғандықтан оқыс оқи­ғаға ұшырады. Жол ережесі бұзыл­ған­нан – 18 адам, жәбірленушінің өрескел абайсыздығынан – 16 адам, қауіпсіз еңбек тәсілдерін оқытудағы кемшіліктер салдарынан – 10 адам, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қор­ғау ережелері бұзылған себепті – 4 адам, ақаулы машиналарды, меха­низм­дер мен жабдықтарды пайда­лан­ғаннан 2 адам зардап шеккен.

Биыл еңбек инспекторлары «Қауіп­­­сіз еңбек» акциясы шеңберінде облыстық кәсіподақпен, сондай-ақ «Amanat» партиясымен бірлесіп, жұмыскерлердің еңбек жағдайымен танысу мақсатында өнеркәсіптік және құрылыс ұйымдарын аралауды жалғастырып отыр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша көппәтерлі тұрғын үйлер салып жатқан «Альтаир СК-7», «Болашақ-Т» компаниялары техника қауіпсіздігі ережелерінің қарапайым нормаларын сақтамай отырғаны анықталған. Кейбір жұмыс­шылар жоғарғы қабаттарда қауіпсіздік белдігі мен қорғаныс каскасынсыз жұмыс жүргізгені, құрылыс аумағы арнаулы лентамен қоршалмағаны белгілі болған. Ол компания басшыларына кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныс берілген.

«Жазатайым оқиға көбіне қандай да бір техногендік құбылыстан емес, жұмыс беруші тарапынан бақылау болмай, қызметкер қауіпсіздік техникасын сақтамағанда, жеке қорғаныш құралдары мен арнайы киіммен қам­та­ма­сыз етілмегенде, тағы басқа ада­­­ми факторлармен байланысты бо­­лып жататыны өкінішті», дейді А.Дос­жанов.

Сондықтан еңбек құқығын қорғау мәселесіне барлық қоғамдық инсти­тут, жеке азамат та атсалысуы қажет-ақ.

 

Батыс Қазақстан облысы