• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 30 Сәуір, 2023

Түрлі этностардың Алашқа жәрдемі

427 рет
көрсетілді

XІX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында тағдыры күрделі Ресей империясы аумағындағы түркі мұсылман халықтарын оянуға, жаңашылдыққа бастайтын жәдитшілдік ағымы дүниеге келіп, саяси, мәдени, рухани, әлеуметтік ізденістерге ұйытқы болды. Қазақ қоғамында ол Алаш қозғалысына ұласты.

Халқымызда «Құдай басқа салды...» деген әрі тәуба, әрі шешімді сөз бар. Сол айтқандай, патша өкіметінің әділетсіздігін, басқа да теңсіздігін көрген Қазақ елі мен жеріндегі түрлі этностар арасында мәдени байланыс пен рухани рухани сенім күшейді. Әр салада, әр өңірде бір-біріне көмек қолын созып, қолдау көрсетті. Бұл адамшылық істен түркі-мұсылмандармен қатар өзге ұлттар да қағыс қалмады. Бұған алғашқы қазақ кітаптарының басылып шығуына ықпал ету, аштыққа ұшыраған жұртшылыққа жылу жинау, ұлт баспасөзін қолдап жарна беру, мұқтаж шәкірттерге жәрдем, «Игілік қауымдарына» көмектесу, т.б. іс-әрекеттерді айтуға болды. Осылайша, шынайы достық, теңдестік, мүдделестік қалыптасып, елдік дәстүрді шың­дап, мемлекетшілдіктің арқауын жалғады.

Алғашқы қазақ баспасөзінің дүниеге әкелу идеясын қолдап, жәрдем бергендер арасында туыс­қан һәм көрші ұлттардың зиялы, қайраткер адамдары мен зерделі көпестері де жетерлік. Мысал ретінде, «Қазақстан» газетін шы­ғарарда әзербайжан көпесі Зей­нелғабиден Тағиев мырза 1 мың сом көмек көрсеткені тарихтан белгілі. Сондай-ақ 1911 жылы «Айқап» журналын шығарда Троиц­кідегі татар байлары ақшалай жәрдем берді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен соң Жетісудан Қытайға ауып, мүлкінен айырылып, аштыққа ұшыраған қазақ пен қырғыз халқына ортадан ақша жиып көмек көрсеткендер де  туысқан мұсылман ұлттар, түркі бауырлар еді.

1917 жылы шілдеде Алаш партиясы, желтоқсанда Алаш автономиясы құрылғанда, Қазақ елінің «ұлт қазынасына» деп, қаржы аударған түрлі ұлттың өкілдері болғанын ұмытпаған жөн. Мысалы, 1918 жылы Павлодардағы үйезі сиезінде осы шараға туысқан татар (ноғай) көпестерімен қатар орыс ұлты байлары да болды. Бұл – қазақ азаттығын түсіну мен Алаш зиялыларының шынайы теңдік ұранын түйсінуден өрбісе керек.

Тағы бір дерек: Алашқа Ресей империясы аумағынан сырт қытай қол астындағы қазақтар да, басқа мұсылман ұлттар да көмектесіп тұрды. Осылайша, Алаштың серпілісіне шеттегі ағайын, түрлі милләт достық көңілмен, адам­шылық пейілмен атсалысты. Мысал ретінде, 1916 жылы Құл­жадағы Қызай ел ағалары «Аза­мат серіктігіне» 600 сом жарна беріп, «Қазақ» газетінің баспахана сатып алуына түрлі сомадағы үлесін қосты (Бұл ізгі шараны осы аймақта ұйымдастырған – Орал өңірінің тумасы, 1909 жылдан бас­тан Құлжадағы Қызайлар арасында мұғалім Молдағали Бектұрлин еді). 1917 жылы Шәуешек мұсылмандары Жетісудағы қыр­ғынға ұшыраған аш-жалаңаш қазақ-қырғызға жәрдем пұл атады. 1918 жылы Алтайдағы Абақ Керей жұрт­шылығы ұлт қазынасына ақ­ша жинап жіберді (Бұл ізгі шара­ны ұйымдастырушылардың бірі – Көк­шетау өңірінің тумасы, 1911 жылдан бастан Алтайдағы Абақ Керей арасында мұғалім болып тұрған Сейітқазы Нұртаев еді). Бұл ақшаның есеп-қисабы сол кез­дегі «Қазақ» газеті, «Сарыарқа» га­зеттерінде жарияланып, арнаулы алғыс мақаламен тарихқа хатталды.

Халық ұлттық бірлік пен жеке автономия жолында күрескен Алаш қозғалысына тілеулестігін жарнама немесе мақтан үшін жасамады.

Жалпы, ұлт ұғымында көмек сан салалы. Айталық, Алаш әскері жасақталып, большевиктер­мен соғысқан мезгілде Елена Бөкей­ханова бастаған ұлт көшбас­шы­ларының жұбайлары да Се­мей қаласындағы күндіз-түні дамыл таппай еңбектеніп, киім-кешек дайындады. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінің №77 санында Алаш әскерінің басшысы Хамит Тоқтамысов хабарлады. Ұлт сардары былай дейді: «Мен қазақ әскерінің атынан әскердің кимін тігіп берген Алаш қаласындағы ханымдарға көптен-көп тәңір жа­рылғасын айтуды міндет көр­дім. Әсіресе күн-түні демей қыз­мет қылған Елена Яковлевна Бөкейханова, Гүлбаһрам ханым Тынышбаеваға һәм «Алаш» баспаханасын басқарушы Шынжы мырза Керейбаевқа көптен-көп тәңір жарылқасын айтамын...».

Әрине, зиялы Алаш ханымда­рының арғы жағында олармен ара­лас-құралас өзге ұлт өкілдерінің әйелдері де болғанын ұғу қиынға соқпайды.

Жалпы, Алаш және өзге этнос өкілдері арасындағы сенім, бауырластық, достастық – жеке зерт­теуді талап ететін тақырып.

Біз төменде болашақ тың зерттеулерге тамызық болсын деп, оқырман назарына Алаш қай­раткерлеріне ынта-ықылас көр­сет­кен, қиын-қыстау сәтте жәр­демдескен өзге ұлт өкілдері туралы екі материалды ұсынамыз.

 

Марқұм Оспанбек

Оспанбектің кім екенін, газетке жазып таныс­тырар­лықтай не істегенін жазуды өзіме борыш білдім.

Оспанбектің әкесі Әбдібай атал­ған Ташкенттің сарты еді. Қазақтан алған екі жамағатының (жұбайы.- Ред) кішісінен туған кенже ұлы еді.

Оспанбек жасынан мұсыл­манша, орысша оқып, екі ғылымның басын қосып, кіршіксіз таза тұтқан жігіт еді. Қарқаралының городской училищесін бітіріп, пошта қызметіне кіріп, шенеунік болып жүргенде, Омскі округтің пошта-телеграф бастығы Оспанбекті пай­далы жұмыскер екенін бі­ліп, қазағы қалың Қарағанды за­уытының поштовой канторына бастық қылып еді. Зауытта тұрған кезінде өмір­ден соққы жеп, қызмет іздеп қаңғырып келген қазақ баласына мұршасы жеткенше болысып, орналастырушы еді. Маңайындағы ел де, зауыттағы жұмыскерлер де қысылғанда ақыл сұрап, білімінен пайдаланып отырушы еді. Түбі сарт болса да, нағыз қазақтың оқы­­ғандарының көбіне бергісіз. Саяси іске қатынасып, қазаққа қыз­мет қы­луды өзіне борыш санаған жігіт еді.

Оспанбектің қазаққа қыл­ған қызметтерінің бірі мынау: Қар­қаралыда пошта-телеграф канторында тұрған уақытта Ахмет Байтұрсыновтың үстінен хүкіметке қарсы адам деп көрсеткен шағым бойынша Семей жанаралы Қар­қаралының үйезіне телеграм берген: «Ахмет Байтұрсынұлының үйін тінтіп, абақтыға жап» деп. Бұл телеграмды өзге шенеуніктерден Оспанбек бұрын біліп, жүгіріп маған келіп айтты: «Ақаңа барып, тезірек хабар бер. Хүкіметке қарсы қағаздарын тықсын!» деп. Мен барып Ахметтің бар кітап-қағаздарын алып, таң атқанша Қарқаралының тасына апарып, Оспанбек екеуіміз тығып едік. Ертеңінде Ахметті тін­тіп, түк таба алмаса да, Семейге айдап жіберіп еді.

25 үйін жарлығы Оспанбекке де тимей кетпеп еді. Жұрт үріккен қойдай ұйлығып, қайтерін білмей сасып тұрған кезінде ақыл айтып, бірқатар елді қырғыннан аман алып қалып еді. Кісі ал­маққа Ақмола жанаралы Кошорамасалский (П.Н.Масальский-Кошуро. – Ред.) Қа­рағанды барып, Оспанбекті көріп, «зиянды» тауып, Омбының пошта-телеграф округіне: «Ос­панбек Әбдинді кетір. Әйтпесе, өзім кетіремін» деген зорлығымен Семейге жіберілген еді. Семейде сырқаттанып, дем алуға бостандық алып, Қарқаралыға қайтып барған кезінде өзгеріс басталып, жұрт жұмысына белсеніп кірісіп еді.

Оспанбекті жамандаған, сыртынан бір ауыз өсек жүрген емес еді. Қағынған Қарқаралының қақ ортасында жүрсе де, соңынан сөз ертпеген көптің сүйкімдісі десем өтірікші болмаспын. Оспанбектің тазалығын таңдап, Қарқаралы қазағы үйезный азық-түлік комитетінің управасына ағза сайлаған еді. Қарқаралының үйезный қазақ сотына кісі бел­гілегенде таразыға тартып, оқы­ған­дарды електен өткізгенде сарт­тығына қарамай, обласной қазақ комитеті сотқа кандидат қылған еді. Оспанбектің өз басыма қылған жақсылығы мынау: жасымда жалаң аяқ, жалаң бас Оспанбектің үйінде малай сияқты болып жүргенімде Оспанбектен орысша мен қазақша оқушы едім. Маған киім, қағаз, кітап, оқуға керек басқа аспаптарды әперіп, өзі оқып жүрген городской училищеге мені де түсірген еді. Қарқаралыда 4-5 жыл оқыған соң, өзім қарайласамын деп мені Омбыға жіберіп, ай сайын хат жазып, ақша жіберіп, тарықпа деп тұрып еді. Менің адам болғаным – Оспанбектің арқасы.

Қош, сүйкімді жолдасым Оспан­бек!

 

Шынжы Керейбаев

«Сарыарқа» газеті, 2 йануар 1918 жыл, №27

 

Ұлт қазынасы

15 феуралда Семей облысының Павлодар қаласында үйезный сиез ашылды. Бұл сиезге Тұрағұл, Мір­жақып кез келіп, халықтың басы қосылған жерде ұлт қазынасы туралы сөз сөйлеп, түсіндіргеннен кейін халықтың рухы көтеріліп, бір мәжілістің өзінде 53 мың 239 сом ұлт қазынасына жазылды. Жұрттың көбі сиезге келген жолаушы, көбінің қалтасына салып келген ақшасы болмай, сол арада қолма-қол тапсырылғаны – 21 мың 939 сом, елге барысымен тапсырмақ болған ақша 31 мың 300 сом болды. Халық көбірек жиылған болса, ақша да көбірек жиналатын екен. Бірақ жер шалғайлықтан сиезге бір үйездің өкілдері түгел келмеген һәм ірі байлар да елде екен. Сиезге келгендердің тартынып қалғаны болған жоқ. Бірлі-жарымды бай һәм басшы адамдар ол мәжілісте суырып ақша салмаса да, елге барып, жұрттың басын қосып, басшылық етіп, ұлт қазынасын молайтамыз деген уағдаларын берісті. Бұл уағда, бұл жігер бергеннің де, бермегеннің де ауызында һәм көңілінде болып, тұс-тұстан елге ұғындырмақ һәм ұлт қазынасын көркейту жолында аянбай қызмет етпек болысты.

Ұлт қазынасы сөз болғанда халықтың рухы көтеріл­гендігі сон­дай:

– Айналдырған үш тайыншам бар еді, ұлт қазынасына соның бірін бердім. Сатып ақшасын алыңдар, – деп бір кедей келді.

– Барым осы. Алаш жолында аянар түгім жоқ, малым түгіл, басым құрбан, – деп жыламсырап бір кедей шал келді.

Байларға қарап: «Партияға да неше мыңдап шашатынсыңдар, беретін жолдарың осы. Біз, кедейлер, Алаш жолына басымызды беруге даярмыз, сендер малдарыңды аяма!» деп айқайлаған кедейлердің сөзі көңілді балқытқандай әсер берді.

Мұхтар Жәлеладдинұлы деген жігіт:

– Ақшам жоқ. Жегіп жүрген аяулы екі сары атым бар, ұлт қа­зынасына салдым. Қазір біреуің базарға шыға­рып сатыңдар, – деп қалада тұратындарға аманат тапсырды.

Павлодар қазағының бірлік-берекесі, ұлтшылдығы аса көзге көрінді. Заман түрленіп тұрғанда алалық, алтыауыздық, іріген-ші­рігендік көрмедік. Шашау шық­пастан Алаш тілегінің үстінде еке­нін байқап, Құдайға шүкіршілік қылдық, қуандық.

Алаш баласы былай тұрсын, Павлодардағы азғантай ноғай ағайындардың Алашқа тілектестігі, туысқандығы артықша көрінді. Ұлт қазынасы сөз болған соң, Ке­реку ноғайлары 8 жарым мың сом берді, тағы да жинамақшы. Бұл ағайындарға Алаш атынан Алла риза болсын айтылды. Алаш қазынасына астындағы жалғыз атын түсіп берген ноғай болды. Аты – Хафиз Сатаров.

Қандасымыз, діндесіміз ноғай ағайындар былай тұрсын, ұлт қазынасы туралы сөз сөйленгенде тыңдап тұрған Гавриил Колмогоров деген орыс келіп, бір мың сом ақ­шасын суырып ортаға салды. «Қа­зақпен көрші орыс едім» деп, әр ісімізге тілектестігін білдірді.

Құдайға шүкір, Павлодар қазағы Колмогоровтан бізді ұялтқан жоқ. Өзге елдер де ұлт қазынасы сөз болғанда Колмогоровтың ісін ұмытпасын...

Сөйтіп, Павлодар елі өзге жұрт­қа үлгілі бір ізгі іске мұрындық болды. Әр жерде әр ел осындай қи­мылдайтын болса намыс-жігері, ұлт қаны қайнайтын болса қазына табылатындығы иманымызды күшейтті.

Қазынасыз іс бітпейтіндігі белгілі. Неше айдан бері зор мақсат, ілгері тілеудің үстіндеміз. Бірақ құр тілекпен алысқа кете алмаймыз. Білімді – білімін, бай – малын, жас – қайратын, қарт – қариялығын ұлт жолына аянбай жұмсап, Алаш көшін жолда қалдырмай, мақсұтты қонысына қондырғанша түнде ұйқы, күндіз күлкіден безбесек, жанды құрбан, малды пида қыл­масақ, басың базарға, малың та­лауға түсіп, қор болған күні өкі­ніш­тен пайда жоқ. Ондай күнді Құдай бізге көрсетпесін.

Садақаңды сауыңда бер, Алаш!

 

М-яр [Міржақып Дулатұлы]

«Сарыарқа» газеті, 3 март 1918 жыл, №31

 

Әзірлеген

Абай Мырза,

мұратанушы