• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Абай 02 Мамыр, 2023

Алғашқы «Абай» қалай туды?

490 рет
көрсетілді

«Қалибектен кейін Абайды талай дарынды актерлеріміз орындап келді, бір­ақ Қалибек – Абай біреу-ақ! Ол – Хан­тәңірінің биік шоқысында оқшау тұр­ған бейне». Бұл – М.Әуезов пен Л.Со­болевтің әй­гі­лі «Абай» траге­дия­сы алғаш сахна­лан­ғаннан кейін басты рөлді сомдаған актер Қалибек Қуа­нышбаевқа ре­жиссер Асқар Тоқ­па­новтың берген бағасы болатын. Әри­не, премьера күнгі тарихи сәт бас­па беттерінде осылай жарқын таспаланғанымен, алайда бұл көр­кемдік биікке көтерілу, Абай шыңынан үн қату актер үшін оңай болған жоқ. Айтулы мақтаудың астарында теңдессіз маңдай тер мен үздіксіз ізденіс те жатқан еді. Олай дейтініміз – Абай бейнесінің ең алғаш қазақ сахнасына шығуы һәм көрермен жүрегіне жол табуы өз алдында, пьеса авторы кірпияз Мұхтар Әуезовтің талап-үдесіне лайықты кейіпкер тудыру Қаллеки – Қалибек Қуанышбаев үшін салмағы зіл батпан жауапкершілік те еді.

Себебі Қуанышбаевтың Абай бей­­несін дәл автор қиялындағыдай бей­не­лі­лік биігіне алып шығады дегенге Мұхтар Әуезовтің өзі үлкен күмәнмен қарапты. Тіпті әу баста ұлы жазушы Абайға лайық актер таба алмай: «Әттең, актер Свердлин қазақша білсе, нағыз Абайдың бейнесін жасай алар еді-ау!..» деп аһ ұрыпты. Оның үстіне шоқтығы биік бұл тарихи бейнеге әркімнің-ақ тала­сы­ һәм дәмесі болғаны анық. Таласты та­ тартысты сәтті режиссер Асқар Тоқ­па­нов: «Мен Абайды Қалибекке бердім де­генімде, тіпті актерлер де сенген жоқ.­ Оны мен Шәкен (Айманов) мен Қапан­ның­ (Бадыров): «Тоғызыншы дублер бол­сақ та Абайды ойнаймыз...» деген твор­честволық тілектерінен аңғардым» деп­ жазады.

Алғашқы талқылауда басты рөлге Қали­бекті лайық деп тапқан режиссер Тоқ­панов таңдауына Мұхтар Әуезов те өзінің көңілтолмаушылығын жасырмапты. Ал мұндай күдік әлбет­те сезімтал актер көңілін сенімсіздік­­­ке ұрындырғаны анық. Дәл осы кез­ді­ режиссер былай деп еске алады: ­ «...ке­­лесі күні Мұхтар театрға келді. Кө­рер­мендер залының ең түкпіріне ба­рып отырды да маған: «Бастай бер!»­ деді. Репетиция басталып кетті. Айдар мен Ажарды байлау сахнасынан бастап ойға шомып тұрған Абайға Оразбайдың: «Аруақ бары шын болса, қанат-құйрығыңды отар­мын сенің!» деген жеріне дейін үні шықпай отырған автор, Абайдың: «Сен не дейсің?» деген­ же­рінде атып тұрып, жүгіріп бірінші қатар­ға­ жетіп келіп: – Ей, Қалибек, «сен не дейсің?» дегенді айта алмайсың ғой. Тілің күрмеледі ғой... Осы күнге дейін бір сөзін айта алмайсың. Сенен қалай Абай­ шығады? «Сен не дейсіңде» бүкіл Абай бейнесінің кілті тұр. Осы бір сөзін­де­ күйіну де, түңілу де, тебірену де, таң­да­ну да, тағысын тағы толып жатқан көп­ астарлы сыр жатыр. Ал сенің «не дей­сініңде» жалаң қабат, жай адамның айтатын, онда да тұтықпа жабының үні ғана тұр. Пәлі, сендердей актері бар, мынадай режиссері бар мен бақытсызбын. «Абай» трагедиясы – симфония, ал симфонияны балалайкамен ойнаса не болар еді?­ Сендер балалайкашысыңдар, деп Қали­бекті де, мені де, бүкіл коллективті де қатты мұқатып, күдер үзе автор Семей­ге жүріп кетті».

Осы оқиғадан кейін тығырыққа тірел­ген шығармашылық топ енді шындап­ са­са бастайды. Алайда шегі­нерге жол жоқ­ еді. Сондықтан режиссер актер бойы­на Абайды «сіңіру» үшін сан түрлі айла-тәсілге көшеді. Оның алғашқысы – ре­жиссерлік менмендікке салмай, бірін­ші планға актердің өзін шығару. Яғни Асқар Тоқпанов актерді өз талабы­ не­гі­зінде тоқпақтамай, керісінше сахнагерге барынша еркіндік береді. «Абай­ды менен артық ешкім білмейді, тіпті режиссерінің өзі менен сұрайды, үйренгісі келеді» деген сана Қалибекке берік орнасын деп тіледім. Бұлай еткен себебім – актер өзіне өзі әбден берік сенсе, Абайға лайықты саналы тәкаппарлық, ұстаздық сезімі оның ойына нық орнап, бекінеді. Режиссер білетіндігін білдіріп, актердің алды-артын орап тастаса, онда жалтақтық, шәкірттік пайда болады, өзіне өзі онша сеніңкіремейді, қанаттана, шабытқа ие бола алмай қалады» деп түсіндіреді бұл қадамын режиссердің өзі.

Екіншісі – Қалибек Қуанышбаев­тың актер­ліктен бөлек, жазушылық та өнері­ бар. Кезінде жарық көрген «Шан­шар­лар»­ деген жинағы сахна­герді ұлы ақын­ бейнесіне жақын­да­та түсер тамаша жол еді. Осыны түсінген режиссер дайын­дық бары­сында актер ойынындағы атал­ған шы­ғармашылық қабілеттің барынша ашылуына жағдай жасайды. Нәти­­жесінде, «Абай аузындағы ойлар, ойлар­дан туған сөздер сахнада жат­танды айтылмай, жазушы Қали­бек­тің өз тілегінен, мақсатынан туған ыстық, әсерлі, әрекетті дүниеге айна­лып отырды. Абай мен актердің тілегі де, ойы да табиғи қабысып, Абай­дың жылауы, қуануы, күйінуі, тү­ңілуі Қалибектің өз қасиетіне айна­лып, кейіпкермәнділік дәрежесіне көтерілді».

Абай бейнесінің шынайылық биігінде бедерленуіне жол салған үшінші тәсіл – грим. Заманындағы өз ісінің кәнігі шебері әйгілі суретші Сергей Гуськов жасаған грим Қуанышбаевты Абай бей­несіне тіптен жақындата түсті: «Абай гримімен актерлерге келгенде бәрінің көзқарастары, бағалаулары мүлде өзгеріп кетті. Үлкенді-кішілі – бәрі-бәрі ибадатпен, құрметпен қарсы алысты. Тірі Абайды көргендей болып ардақтап, бас ие қабылдады» деп еске алыпты режиссер бұл тарихи сәтті.

Сөйтіп, қалың қазақ асыға күткен «Абай» қойылымының премьерасы 1940 жыл­дың 20 қазанында зор табыспен өтеді.­ Басынан сенімсіздік танытқан автор­дың өзі шебер сомдалған Абай бейне­сіне иланғаны, тәнті болғаны сон­шалық: «...Жаман Қалибектен жап-жақсы Абай шығыпты» деп риза көңі­лін­ жасырмай, актердің қолын алып, құша­ғы­на­ қысыпты.

Қалибек Қуанышбаевтың Абай бей­несін кемеліне келтіре кейіп­тегені сон­ша­лық, өз дәуірінде бұл табысты еңбек То­ма­зо Сальвини мен Остужевтің Отел­ло­сы, Б.Бабочкин­нің Чапаевы сынды ке­сек бейне­лермен қатар айтылды. Ал та­рихи қойы­лымды көзімен көргендер Қал­леки­дің Абайын әлі күнге дейін аңыз ғып айтады.

Рас, сахнада ойлы, кесек бейне тудыру оңай емес. Әсіресе, кейінгі кезде түрлі форма мен жаңалық қуып, жалаңдыққа ұрынып жатқан кей режиссердің жеңіл жұмыстарын көргенде, еріксіз алғашқы Абайдың сахнаға шығу тарихын еске аламыз. Сондай сәтте жаңалық емес, ең әуелі кемелдікке көтерілуді ойлаған талағампаз Әуезов, талапшыл Тоқпанов һәм кемеңгер Қуанышбев одағы ойға оралады. Театрдағы жаңалыққа құштар жастарға сахнада ұлы Абайдың тарихи бейнесін тудырған тұлғалардың осы бір жемісті еңбегі тағылым болса, қанеки?!.