Арқалық қаласының орталығында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіндегі ірі тұлғалардың бірі – Кейкі батырға ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің өзін жергілікті мүсінші Әбілбек Ұзақов өткен жылы дайындап қойған болатын. Оның тас-тұғыры “Қазақстан алюминий” акционерлік қоғамы Торғай боксит кен басқармасының директоры Виктор Родиннің демеушілігімен жасалды.
Арқалық өңіріндегі Елена Цвентух басқаратын “Жас ұлан” балалар ұйымы екі жыл бойы “Ауылым – алтын бесігім” жобасы бойынша ауқымды тарихи-мәдени зерттеу жұмысын жүргізіп келеді. Осы жоба шеңберінде жасұландықтар Кейкі батыр туған жері-елі үшін соғысқан, қан төккен жерлерде болып қайтты. Жиналған материалдар негізінде Елена Цвентухтың жетекшілігімен Кейкі батырдың есімін мәңгі есте қалдыру ісі басталып кетті. Үкіметтік емес ұйым жетекшісінің бастамасын Виктор Павлович қолдап, игілікті іс жүзеге асты.
Қолына ши мылтық ұстаған мерген баба тас-тұғырдың үстінен алысқа қарап отыр. Мүсінші Әбілбек Ұзақов сомдаған халық батырының тас кейпінен халқымыз тәуелсіздік үшін бастан кешкен сұрғылт күндер елестегендей болады.
Мүсінші бұған дейін Торғай өңірінде халық тарихынан сыр шертетін бірнеше туынды жасаған болатын.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
АРҚАЛЫҚ.