• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 03 Мамыр, 2023

Жаңа экономикалық саясат: басым бағыттар

533 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте макроэкономикалық саясатты өте байыпты жүргізу керектігін ескертті. Бюджет тапшылығын, мемлекет қарызын, Ұлттық қордан аударылатын трансфертті және басқа да макрокөрсеткіштерді реттеу қажеттігін қаперге салды. «Талай жылдан бері жалғасып келе жатқан осы мәселені түпкілікті шешетін уақыт жетті» деп кесіп айтты Мемлекет басшысы.

Жалпы, біздің экономикалық жүйемізде шешімін таппаған және туындап жатқан мәселелер өте көп және олардың барлығы жедел шешуді талап етеді. Сарапшылар Үкімет стратегиялық бағыттарды таңдай білуі керек, оның шешімі тез мультипликативті нәтиже бере алады және халық арасында әрқашан танымал бола бермеуі мүмкін деген пікірге көбірек басымдық беріп жүр.

Мерзімді басылымдардың экономикалық кеңістігінде оқшау, озық ойымен танылып жүрген танымал экономистермен қатар жас сарапшыларды да ашық әңгімеге шақырып, жаңа экономикалық саясаттың басым бағыттары туралы пікірін білдік.

 

Мағбат СПАНОВ, экономист-сарапшы:

– Тәуелсіздіктің отызжылдық тарихында Қазақстан көптеген ел үшін ғасырларға созыл­ған жолдан өтті. Бұл кезеңде бас айнал­дырған табыс та, жылдам құлдырау да болды. 2014 жылы әлемде жаңа гео­эко­но­микалық және геосаяси жағдайлар пайда болды. Сол 2014 жылдан 2022 жылға дейін орташа өсу 2-4 пайыз деңгейінде болатын. Бұл ІЖӨ өсімінің төмендігіне де байланысты. Яғни еліміз 2022 жылға дейін сегіз жыл бойы төлем балансының теріс сальдосында тұрды. Дамыған отыз елдің қатарына кіру үшін қажетті жылдық өсім кем дегенде 5-7 пайыз болуы керек еді. Американың Global Finance Magazine басылымы 185 мемлекетті қамтитын әлемдегі ең бай елдердің рейтингін (The Richest Countries in the World) құрастырды. Қазақстан бұл рейтингте 50-орынға тұрақтады. Түрікменстан 77-орынға жайғасты. Бұл тізім Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының мәліметтері негізінде жасалған. Халықтың өмір сүру деңгейінің салыстырмалы құны мен елдердегі инфляция деңгейін ескере отырып, жан басына шаққандағы сатып алу қабілетінің паритеті ескерілген. Үкімет үнемі Ұлттық мұнай қорынан қарыз алуға мәжбүр болды. Соның кесірінен қордағы қаражат соңғы бірнеше жылда 75 миллиард доллардан 57 миллиард долларға дейін төмендеді.

– Бұл ретте әлемдік шикізат нарығы өсу дина­микасын көрсетті және сыртқы сауда ба­лансы әрқашан оң болды ғой.

– Макроэкономикалық және әлеуметтік-саяси реформаларды басқарудың жеткі­лік­сіздігі мен тиімсіздігінен статистика эконо­ми­каның қисық айнасы қызметін атқарды. Басшылық тиімді деректерді Үкімет назарына ұсынумен шектелді. Нәтижесінде, эко­но­микалық, әлеуметтік және саяси ланд­шафттың үзік-үзік өзгерістері, тек озық кө­рініс­терді алдыңғы планда көрсету эконо­микалық және әлеуметтік үдерістерге бақы­лау­дың мүм­кін­дігін шектеп тастады. Мұның жалғасы ор­талық және аймақтық деңгейдегі сәтсіз та­ғайындаулармен ушыға түсті.

– Үш жылда Президентке атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелердің аралық нәтижелері туралы есеп берілуі керек. Бұған экономика дайын ба?

– Президент тапсырмасын орындау үшін кадрлық шешімдер де қажет. «Іс тетігін кадр шешеді» деген сталиндік қағида әлі өзектілігін жойған жоқ. Сыннан өтпеген, ысылмаған тұлғаларға реформаның тізгінін беру реформа идеяларын көмескілендіреді.

Мен реті келгенде қысқа мерзімде белгілі бір же­тістікке жетуге мүмкіндік беретін кон­цепцияны ұсынғым келеді. Мұны әзірге даму­ға жетелейтін үш бағыт деп атағым келіп отыр. Аты айтып тұрғандай ол 3 негізгі бағытты қамтиды:

Ең алдымен, алдағы бірнеше жыл ішінде облыс және аудан деңгейінде әкімдерді сайлауды енгізу мәселесін шешу қажет. Бұл міндеттің оң шешім табуы қаңтар оқиғасының қайталанбауына мүмкіндік береді.

Қасіретті қаңтар кезінде халықтың тілінде сөйлей алатын тұлғалардың кемшіндігі бай­қалып қалды. Бізге көлеңкеде, жайлы каби­нет­терінде отырып, бұлбұлша сайрайтын мемлекетшіл қызметкерлер емес, халықшыл тұлғалар керек. Егер осы бағытты алға жыл­жыт­сақ, билік пен қоғам арасында керулі тұрған перде жойылатын еді.

Екіншіден, үш бағыт бойынша басшыларды тағайындауды қайта форматтау керек. Парламент арқылы парламенттік бақылауды және атқарушы органдардың сот шешімдеріне, әсіресе, экономикалық қылмыстар мен рейдер­­лік­ке қатысты істерге араласпауын қамта­ма­сыз ететін сот жүйесі құрылсын.

 Парламенттiң негiзгi қызметi заң шығару екенін ескере отырып, заңдардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi Бас прокурорды тағайындау өкiлдi органның төменгi палатасында жүзеге асырылсын.

 Әрі қарай Үкімет ұсынған ел бюджеті Парламент арқылы бекітіледі және түзетіледі. Осыған сәйкес бюджеттің сапалы және дұрыс атқарылуын бақылауды өзі жүзеге асыруға тиіс. Демек, Жоғарғы есеп палатасының төрағасын тағайындау Сенат пен Мәжілістің бірлескен шешімінің құзыретіне айналуға тиіс. Сонда бюджет сомалары мен страте­гия­­лық бағдарламалардың индикативтік көр­сеткіштерін үнемі заңсыз түзету мүмкіндігі алы­нып тасталады. Бұл Үкіметтің бюджеттік бағ­дарламаларды жоспарлау және іске асыру үшін депутаттар мен партиялар алдындағы жауап­кершілігін арттырады.

Үшіншіден, соңғы он жылда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің дербес органының жұмыс істеуіне қарамастан, мемлекеттік қыз­мет­шілердің сапасы сын көтермей қалды. Бұл – олардың халықпен және ел азаматтарымен тікелей жұмыс істей алмауының нәтижесі. Осыған байланысты бізге оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшылығы мен бақылауына қайтару керек сияқты.

Төртіншіден, Қазақстан облысының нө­мір­лен­уін өзгертуге және ең алдымен, Ресей­мен байланысты +7 санынан бас тартуға байланыс­ты рәсімдерді іске қосу.

– Сіз журналистермен кездескен кезде экономикалық салада аса күрделі шешім­дер­ді қабылдау халықтың ес жиып алуына мүмкіндік беретінін айттыңыз. Осыны та­ратып беріңізші. Біздің экономика сіз айтып отырған «шок терапиясын» көтере ала ма?

– Ұлттық және аймақтық дамуды теңестіру, Салық кодексін салықтардың өзін және са­лық салынатын базаны ұлғайту бағытын өзгеру керек. Ең алдымен, өнімді бөлу тура­лы келі­сім бойынша келісімге отырған ком­па­ния­лардың салықтарын қайта қарау мәсе­лесін қарастыру қажет. Сондай-ақ инфляцияны тежеу үшін бюджеттік сала қызметкерлері мен квазимемлекеттік сектор жұмысшыларының еңбекақысын көтеруге мораторий жариялайтын кез келді. Нарық мүмкіндігі көтере алмайтын қаржыдан белі қайыса бастады. Үкімет елдің дамуына жол ашатын тетіктерді инвесторлар емес, әлеуметтік бағдарламалар арқылы шешкісі келді. Экономикалық мәсе­ле­лерді айлық жалақыны көтеру немесе демеу қаржы арқылы шешу дотацияға тәуелді облыстардың қатарын көбейтті. Жиырма облыс арасынан 4 донор аймақтың шығуы – осы күнге дейін жүргізіп келе жатқан эконо­ми­ка­лық саясатымыздың «жемісі». Бізге даму үшін донор аймақтардың қатарын 12-ге жеткеру керек. Басқаша жағдайдағы ұстанымдар – көбік әңгіме. Сондықтан салық жүйесінде осы бағытта қозғалуымыз қажет.

Ауыл шаруашылығына қаржы бөлінбеді деп ешкім айта алмайды. Бірақ нәтиже аз. Агросектордың тиімділігі төмендеп барады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігі уысымыздан шығып кетті. Астық, ет және басқа да азық-түлік тауарлары бойынша тарихи үстемдік еткен нарықтардағы позицияларымызды жоғалта бастадық. Орталық Азия, Ауғанстан қазір басқа нарықтарға көз сала бастады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономи­ка­лық реформаларда жетістікке жеткен кез келген мемлекет, ең алдымен, ауыл шаруа­шы­лығындағы реформалардан кейін табысқа кенелді.

 Сарапшылардың бағалауынша, соңғы жиырма жылдағы капиталдың көлеңкелі экспорты шамамен екі жүз миллиард долларды құ­рады, бұл – отыз жылдағы Қазақстан экономикасына салынған шетелдік инвестицияларға тең. Бұл өз азаматтарының инвестициясының шетелдік инвестиция ретінде қорғалмағанын ғана дәлелдейді. Сондықтан шетелдік және отандық инвесторлар кеңесін біріктіруден бас­тап, отандық және шетелдік инвесторлардың құқықтарын теңестіру қажет.

Бюджетке ең көп кіріс әкелетін страте­гия­лық секторларда (тау-кен металлургия кешені) қабылданған шешімдерге ықпал ету үшін мемлекетке тиесілі акциялардың бақылау пакетін сақтау қажет.

Республикалық бюджетке бекітілген транс­­фертті (8 млрд АҚШ доллары) қос­па­ған­да, Ұлттық қор қаражатын бюджет тап­шы­лығын жабуға пайдалануға заңнамалық түрде тыйым салынсын. Бұл қорды болашақ ұрпақ үшін сақтап, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына тосқауыл қояды.

2008 жылы Ұлттық мұнай қорынан эконо­ми­калық дағдарысқа қарсы тұруға 10 миллиард доллар бөлінді, оған қоса бюджетті қайта бөлу арқылы қосымша 10 миллиард доллар табылды, барлығы 20 миллиардқа жуық доллар бөлінді. 2008 жылдың қорытындысы бойынша елдің ішкі жалпы өнімі шамамен 100 миллиард долларды құрап, өсім 1,2 пайыз деңгейінде тіркелді, бұл осы ин­вес­тициялардың тиімсіздігін көрсетеді. Эко­но­микалық тәжірибеде, мысалы, ІЖӨ-нің 1 пайызға өсуі тоқырау деп танылады. Ал мұнда ІЖӨ-ге қатысты шамамен 20 пайыз ин­вестициялардың арақатынасы 0,1 пайыз нақты өсім берді, бұл да жоғарыда айтып кет­кен тоқыраулық көрсеткіштің ықпалынан алыстап кетпей тұр.

 

 

Досжан АЛТАЙ, экономист-сарапшы:

– 19 сәуірде Президент еліміздің әлеуметтік экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңес өткізді. «Реформалардың негізгі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар мұнай және газ өнді­ру­ші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағ­дай­ға бейімделуіміз қажеттігін ашып айтты. Экономиканы әртараптандыру – уақыт талабы әрі стратегиялық міндет. Бірақ ісімізден сөзіміз көп болып тұр. Дереу іске көшпесек, әлемдік бәсекеде шаң қауып қалуымыз да әбден мүмкін.

Президент шын мәнінде өте тың және өзекті мәселелерді көтерді. Халықтың табыс көлемінің төмен және оны инфляция жеп қойып жатқанын баса айтып, Үкімет жұмысына көңілі толмағанын аңғартты. Елі­міз­де болып жатқан әлеуметтік және эконо­ми­калық қадамдар соңғы кезде халықтың да көңілінен шығып жатқан жоқ деп айтсақ, қателеспейтін шығармыз.

Былтыр экономика, яғни ІЖӨ 3,2 пайызға өсті. Көрсеткіш жаман емес. Әсіресе, айналамызда болып жатқан геосаяси тұрақсыздық пен сауда байланыстардың күрт өзгеруі жағдайында. Бірақ сарапшылардың айтуынша, біз сияқты дамушы мемлекет ІЖӨ-сі жылына 5-6 пайыздық өсімнен түспеген жөн деп кеңес береді. Екіншіден, халықтың қарызы жылдан-жылға өсіп келеді. Тұрғындар табысының 50 пайыздан көбін азық-түлікке жұмсаса, кейбіреулері оны кредитке рәсімдеп жүр. Кедейлердің де үлесі өсіп келеді. Егер жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші 4,9 пайыз болса, аймақ арасындағы жұмыссыздық деңгейі әркелкі.

– Қазақстанның экономикасы өсімі туралы билік, экономистер, ғалымдар тарапынан көптеген ұсыныс айтылды және айтылып та келеді. Сіздің ұсынысыңыздың ерекшелігі не?

– Біз мысалы ІЖӨ-ні еке есе ұлғайтамыз деген жоспарды ұмытып кеткен сияқтымыз. Себебі соңғы он жылда Қазақстан экономикасы ұзақ стагнацияға кетті. 2013 жылдың ІЖӨ-сіне жете алмай келеміз. Президентіміз айтып өткендей, ауыл шаруашылығына бөлінетін көмек өз пайдасын алып келмеді. Әлемде ауыл шаруашылығының маңыздылығы жыл сайын артып келеді. Кешенді даму тетіктерін қайта қарастыруымыз керек, өйткені субсидиялар өз мақсатына жетпей, оң нәтиже бермей жатыр.

Мемлекеттің экономикадағы орны тым көп. Экономиканы мемлекеттің ықпалынан тазарту тым кеш басталды, баяу жүріп жатыр. Екібастұздағы жылу орталықтарындағы жағдай бұл үдерісті кері шегіндіріп жібер­ген­дей. Елдің стратегиялық маңызды нысандарын басқаруға алған олигархтар үмітті ақтамады. Бұл – 1990 жылдардың екінші жартысында өткен жекешелендіру науқанының кері салдары. Бұған қоса мемлекет бағдарламалары һәм демеуқаржылары арқылы нарықтың беталысын кері бұрып жіберді. Бізге экономикалық саясатты қайта қарап, кемшіліктерден сабақ алудан өзге жол жоқ.

«Самұрық-Қазына» қорындағы стра­тегия­лық маңызы жоқ кәсіпорындарды жеке отандық кәсіпкерлерге беру керек. Яғни шағын және орта бизнеске жол ашу. Көптеген ұлттық жоба болды, әлі де бар. Үкімет қыруар қаржыны сол ұлттық жобаларға бөле­ді. Олардың қалай орындалып жатқанын, қан­дай нәтижеге жеткеніне Үкімет тарапынан бақылау аз. Мемлекет экономикада тек қауіпсіздік пен стратегиялық маңызы бар салалардан басқа салаларға араласпау керек, жеке сектормен мемлекет бәсекелес емес, керісінше оларға жағдай жасау керек. Теміржол, көпір, мектеп, балабақша, тасжол, қойма, тағы сондай сияқты инфрақұрылымдарды салумен ғана айналысқаны абзал.

Үшінші, елдегі аймақтардың біркелкі дамымауы. Түркістан облысы – Қазақстандағы Жалпы аймақтық өнімі (ЖАӨ) бойынша ең кедей аймақ. Сонымен қатар бай облыс пен кедей облыстардың кіріс деңгейі жылдан-жылға алшақтап барады, бай аймақтар одан әрі байып, кедей өңірлер одан әрі кедейленіп жатыр.

Төртінші, мемлекет мүддесін табандырақ қорғау. Қазақстан ЕАЭО-да соңғы жылдары қатты зардап шегіп жатыр. Әсіресе, солтүстіктегі көршіміз соғыс басталғалы одан әрі үдеп кетті. Қазақ тауарларын негізсіз шектеулер үйреншікті үрдіс болып қалды. Оны олар саяси құрал ретінде қолданып келеді. Сол себепті, кедендік баж салымдарды Қазақстан басқа да ЕАЭО мемлекеттерімен қайта қа­рау­ды күн тәртібіне қою керек. Мысалы, ЕАЭО кедендік баж салымдарының 85,32 пайызы Ресейге кетеді. Қазақстанға бар жоғы 7,11 па­йызы түседі. Бұл Ресейден басқа ЕАЭО-ға мүше өзге елдер үшін үлкен проблема және оны Ресей мен Беларусь 2022 жылдың 24 ақпанын бастап жаңа геосаяси жағдайды ескеріп, стандарттарды автоматты түрде қайта есептеуге мүмкіндік беретін әдістемелерден бас тартып отыр. Онымен қоса, Қазақстан ресейліктер үшін өз нарығымызға есікті айқара аштық, алайда Ресей өз нарығын қорғау мақсатында санитарлық-эпидемиялық жағдайларды алға тартып, тауарларымызды шектеп тастап жүре беретіні қалыпты жағдайға айналды. Мұны қайта қарап, ішкі нарығымызды қор­ғап, өз өндірушілерімізді түстік көршіміз жасап жатқан демпингтік қадамдардан сақ­та­уымыз керек. Қорытындылай келе, Қазақ­­стан экономикасына кішігірім шолу жасап, өз ұсыныстарымызды жаздық. Сонымен қатар сырттан келетін ауылшаруашылық техникасына, автокөліктерге салынып жатқан өтіл алымдар мен басқа да алымдардың ел экономикасы мен тұрғындардың табысына келтіріп жатқан зияны туралы да атап өтсе болады. Немесе сыртқа шығатын мұнай өнімдерінің өндірісін күрделендіріп, қосымша құн қосып сату мәселелері. Тағы бір өзекті мәселе – газ өндірісіне жаңа дем беру. Ондаған жыл газ өндірісі дамымай, мұнай өндірісінің кө­лең­ке­сінде келді. Айналамызда орын алған геосаяси жағдайдың күрт өзгеруінің себебінен, газ өндірісін дамытып, жаңа мұнай-газ кен орын­дарын табуға инвестиция тарту ерекше маңызға ие болып отыр. Үкіметке, отыз жылда эко­номикада жасалған қате-кемшіліктерімізді ескеріп, тек кішігірім топтың мүддесін емес, мем­лекет мүддесін ескеретін кез келді деп айт­қымыз келеді.

Қуанышбек ДҮЙСЕНОВ, сарапшы:

– Қазақстандағы экономикалық реформалар қазіргі өзгермелі уақытта еліміздің бірнеше салаларын қамту керек деп ойлаймын. Оның ішінде, ең біріншісі ауылшаруашылық саласындағы экономикалық реформа. Менің ұсынысымыздағы реформаның ерекшелігі бұл бірінші ретте жеке фермерлікті дамытуға және тартымды етуге мүмкіндіктер жасау. Көп жағдайда елімізде ауыл шаруашылығына, өсімдік және мал шаруашылығы болсын жарамды жерлер тиімсіз бөлінген немесе ірі жер иелерінің меншіктерінде толыққанды қолданылмай қалуда. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 49 жылға жалға алынған жерлердің әлі де қолданыссыз бос жатқандары қаншама. Тәуекелі көп ауыл шаруашылығында кезінде кәсіп бастап, кепілдік ретінде жерлерін қо­йып, артынан фермерліктен түскен табыс қарызды жабуға жетпеген соң, екінші дең­гей­лі банктердің есебіне кеткен бос жерлер қаншама. Әрине, соңғы жылдары белгілі бір деңгейде бұл мәселе көтеріліп, кейбір бос жерлерді мемлекет қайтарып алып жатыр.

– Жеке отбасылық немесе жеке серік­тес­тік негізінде құрылған қарапайым фермерлерге үшін бұл жерлер қол жетімді ме?

– Ауыл шаруашылығындағы ірі жер иелерінің кейбір өнімдер бойынша белгілі бір деңгейде монополист, олигополистік сипатқа ие болуы, Қазақстан үшін өзекті осы саланың кешенді реформалар талап ететіндігін көрсетеді. Жерді тиімді бөлумен қатар, фермерлерді оқыту, маркетингтік қамтамасыз ету, логистикалық инфрақұрылымды реттеуге мемлекет тарапынан қолдау беруі қажет. Айтылғанды аша түсетін болсақ, фермерлерді оқытып, тиімді әрі табысты фермерлік кәсіпті жүргізуді үйретуге болады. Маркетингтік қолдау мен логистикалық инфрақұрылымды рет­теу, бұл ауыл шаруашылығы өндіретін өнімді табысты бағада, түпкі тұтынушыға жет­кі­зу үшін, оған жылжыту және өткізу үр­дісін реттеу үшін маңызды. Бұл айтылып отырған тұжырым Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань мемлекеттерінің алғашқы тәуелсіздік немесе соғыстан кейінгі іске асырған реформалары болды. Нәтижесінде, бұл елдегі жерді тиімді игеруге қол жеткізген фермерлер уақыт өте келе, мемлекеттегі азық-түлік қауіп­сіз­ді­гіне ке­пілдік жасап, артылған ақ­ша­сын өңдеу­ші кә­сіпорын ретінде дамуға платформа құрып берді.

Бәлкім, бұл ұсыныс бойынша күмән туындайтын шығар, біздегі және сол елдердегі адам санына байланысты. Алайда ол елдер осындай реформа жасаған кезде адам саны елеулі рөл атқаратын. Ал қазіргі жаңа технологиялық заманда мал бағу болсын, өсімдік өсіру шаруашылығы болсын көп адамның әрекетін талап етпей, кешенді басқару әдістерін бере алады. Сәйкесінше, осы бағыттағы тиімді реформалар ауыл шаруашылығы бағыты бойынша білім алып жүрген қаншама мамандарды оқу аяқтаған соң, өзге салаға кетпей, ауыл шаруашылығы дамытуға үлес қосу үшін маңызды. Келесі мәселе, өнеркәсіп орындарының ұлттық мүддеге, яғни мемлекеттік даму принципіне сәйкес құрылмауы. Кеңестік индустриаландырудан қалған кәсіпорындар қазіргі уақытта не жойылып, не соңғы демімен әрекет етіп жатыр. Шикізат беретін кен орындарының өнімдері экспортқа бағытталған. Жарайды, бұл жақтарда мемлекет пен ірі шетелдік кәсіпорындар арасында болған келісімдерге байланысты реформа жасау күрделілігі бар. Дегенмен әлеуетті тұрғыда ішкі нарықты қамтамасыз етуге және шетелдік нарыққа шығуға бағытталған жеңіл өнеркәсіп орын­­дар­дың үлесі төмен. Оларға мемлекет дамуға мүмкіндік бергенімен, әлі субсидияға, түрлі қолдаулар мен жеңілдіктерге тәуелді кәсіпорындар саны баршылық. Алайда бұған қатысты, өзге көзқарас негізінде реформа бағытын ұсынсақ, тағы да сол «Азиялық жолбарыстардың» қалыптасуындағы ауыл шаруашылығындағы реформадан кейінгі «жас өнеркәсіпті қолдау» реформасына сілтеме жасағым келеді. Оған сәйкес мемлекет тарапы жалпы барлық осы санаттағы кәсіпорындарға тектен-тек сандық көрсеткіш негізінде «өсу» үшін ғана қолдау көрсету қажет емес. Бірінші ретте, осы бағытта бірден мемлекет мүддесі, яғни ішкі нарықты қамтамасыз ету, әрі ше­тел­дік на­рыққа шығуға деген ұмытылысы бар кә­сіп­­орын­дарға ғана қолдау көрсету. Яғни әлсіз, әлеуеті жоқ кәсіпорындардың орынына даму тенденциясы мен динамикасы жақ­сы­ларды ғана қолдау, алайда қолдаудан масай­ра­ған кәсіпорындар болса, оларды қолдаудан айыру немесе өзге кәсіпорынмен біріктіріп жіберу.

– Қарапайым сөзбен айтқанда, үздік кәсіпорын­дардың сұрыпталуына басым­дық беру қажет қой?

– Бұл – табиғи іріктеу негізінде мемлекет онсыз да қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорындарға зейін қоюды емес, сол бағытта тиімсіз әрекет етіп, мемлекеттік субсидия мен қолдау есебінен ғана күн кө­ре­тін кәсіпорындарды нарықтан шығару. Әлбетте, бұл бір қарағанда, жоспарлы эко­но­­микаға ұқсас болады. Алайда осыған қарама-қарсы саясат жүргізген Тайланд, Филиппин, Индонезия, Малайзия елдерінің қазіргі өнеркәсіптік сая­сат­тағы беталысы Қазақстаннан әрі емес. Ал осындай іріктеуге негізделген «жас өнер­кәсіпті қолдау» реформасын жасаған Оң­түстіккореялық танымал брендтерді еске алуға болады. Тігін машинасы, тракторға қозғалтқыш жасай бастап, қазіргі уақытта әлемдегі ірі көлік өндіруші жапон корпорациялары осындай сұрыпталудан өткен. Үшіншісі, ең басты реформалау бағыты – бұл экономикалық көрсеткіштердің және тиім­ділік көрсеткіштерінің ашық әрі нақты болуы. Әлбетте, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп бағыттағы белгілі бір деңгейдегі қолдау беріліп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Алайда олардың қаншалықты тиімді екендігін біз тек әдемі әр жылдық оң сандық көрсеткішпен көргенімізбен, шынайы жағдай өзгеріссіз қалып отыр. Соңғы инфляцияның өсуі – оған жарқын дәлел.

 

Әңгімені жүргізген

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ