• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тұлға 04 Мамыр, 2023

Толқынға қарсы жүзген Долкунтай

307 рет
көрсетілді

Елімізді мекендеген барлық этностар сияқты Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени бірлестігі де мемлекетіміздің экономикалық, мәдени дамуына, этносаралық келісімді нығайтуға өз үлесін қосып келеді.

Бүгінгі күні республикалық ұйғыр мәдени бірлестігіне жетекшілік етіп отырған Долкунтай Абдулхалил Қа­зақ­станға егемендіктің елең-алаңын­да, 1990 жылы Қытай елінен ата-анасының ағайынына сапарлап келіп, жасыл желекті қаланы жақсы көріп, біржола қоныстанып қалуға бел бу­ған­да 24 жаста ғана болатын. Бүгін­гі бай-манаптар секілді бұл да алғашқы кәсібін «барахолкадан» бастап, ұсақ-түйекті сатып жүріп, үлкен өмірдің ыстық-суығына бой үйрете бастаған. Бұл уақытта құлаудың аз-ақ алдында тұрған алып елдің адамдары әлі «бай мен кедейі тең» кеңестің кең пішілген қаудыр тонының ішінде қамсыз-қарекетсіз бейғам өмірін сүріп жатқан. Бір күн жұмыс істемесе, күндік талғажауын табуы мұңға айналатын миллиардтың ішінен келген Долкунтай «БАК» аталған ұзын өзеннің бойын жағалап келе жатып, екі тістелген күйі тізіліп тұратын, кейде аяқастында жататын аппақ кірпіш нанды көргенде, «әй, мына нанның обалы мен киесі ұрмаса нетті» деп аштық пен соғыстың азабын тартқан баладай, әлдеқайдан келе жатқан қауіпті тұла бойымен сезінетін. Ораза айы бастала сала үйіне екі-үш қап ұн алдырып, анасының күн сайын нан пісіріп, жомарт қолымен бүкіл көшеге үлестіріп, үлкендердің батасын алатын кезімен, дастарқанда нан қиқымын қалдырмай жеп алатын бала күннің дағдысымен салысты­рып, шашылып жатқан нанға шошына қарайтын. Бардың бағасын білме­геннің зардабы көп күттірмей-ақ сөре­лері жылан жалағандай қаңырап бос қал­ған дүкендердің алдында нан үшін шұбатылған кезектерден көріне бас­та­ғанда, бір үзім нанды қадірлеуді үй­рет­кен атасының даналығына бас иді.

Тоқсаныншы жылдардың тоқы­рауында пайдаға кенелемін деп сауда­ға келгендердің көзді ала бере тұты­нушыны алдауға бейім тұратын қулығын түсінбей-ақ қойған еді. Себебі өзі «Сауданың бірінші заңы – адалдық» деген алтын қағидаға сүйенеді. Ел еңсесін түсірген дағда­рыстың қауіп емес, керісінше, мүм­кіндік екенін жас кәсіпкер бірден бағамдады. Маңдайына бақ бұйырып, өрлейтін азаматты құстай ұшыратын құдіреттің аты «бата» мен «алғыс» деп аталатынын Долкунтай бүгін түсініп отыр. Мыңның ішінен суырылып шығып, өркені өсіп, өрісі кеңейсе, сол бір қиын-қыстау күндерде балаларына мектеп формасын алып бере алмай жүзін төмен салған аналардың, азық-түлігі жоқ туыстарының, жалпы тұрмысы төмен отбасыларды көл-көсір пейілімен жарылқап, шын ниеттен алғыс алғанымен байланыстырады. Қазақ, ұйғыр, қырғыз секілді бүкіл түркі халқына ортақ «Кең болсаң, кем болмайсың» деген бірауыз мәтел сөзді өмірінің формуласына айналдырғандықтан, бір азамат армандайтын абырой мен жетістікке қолы жетті. Мұның сыртында кішіпейіл мінез, қиындыққа төзімділік, төңірекпен жылы қарым-қатынас секілді қасиеттер де кәсіп жасаған азаматтың келбетін көркейте түсті.

Әкесі де, аталары да өмір бойы маңдай тері моншақтап шағын кә­сіп­пен айналысқанын көріп өскен Долкунтайдың басқа салаға мойын бұруы мүмкін емес еді. Жасынан еңбекпен шыңдалған адам жұмыстың қиындығынан қашпайды. Саудамен қоштасып, темір-металмен айналысуға бел буған Долкунтай осы жұмыстың бастапқы сатысы – станокта тұрудан бастап, барлық кезеңін басып өтіп, бүгінде бас директор дәрежесіне дейін жетіп отыр. Алғаш ірі кәсіпті бастағанда бір айда 5 мың тонна темір бұйымын шығаратын еді. Бүгінде бұл өнім ауқымы 75 мың тоннаға дейін артып, нарықтың сұранысын алдын ала есептеп, тұтынушының керек затын ертерек ұсынатын алпауыт өндіріс орындарымен жұмыс істейтін аймақтағы аса белді компаниялардың біріне айналды. Тапсырысты дәл уақытында орындайтын жылдамдық пен жауапкершілікті меңгерген Долкунтай басқаратын өндіріс орнында 130 адам жұмыс істейді.

Бірде теледидар жаңалықтарынан бес баласы бар жалғызбасты шым­кент­тік жас келіншектің басындағы қиындықты баяндаған сюжетті көзі шалып қалды. Бес баланың бірі – баяғы шу болып, қоғамды аяғынан тік тұрғызған жаппай ВИЧ жұқтырған оқиғаның құрбаны. Әкелері естіген бетте тастап кеткен. Баспанасы жоқ әйел шиеттей бала-шағасын шұбыртып жалдамалы пәтерлерді жиі жағалауына тура келетін көрінеді. Себеп біреу – баланың жұқпалы дерті. Баланың сырқатын естіген бетте үй қожайыны сұқ саусағымен есікті нұсқап, сол күні-ақ буыншақ-түйіншектерін далаға сүйреп шығарып тастайды. Үнемі үрей құшағында бес баламен көше кезіп қаңғып қалатын әйелдің басындағы ауыр жағдайды естіп тұрып Долкунтайдың шыдап тұра алмайтыны анық. Қиналған адамның қасынан табыла кетіп, өзінде барды өзгемен бөлісіп үйренген ол отбасы ахуалымен таныса сала телеарна редакциясынан толық ақпарат алып, мейірімге зәру мұқтаж жандарды іздеп тауып, 12 млн теңгеге 7 сотық жерімен алты бөлмелі үй алып береді.

«Жаны жомарттың алақаны ашық». Айдың күннің аманында Арыстың басын алапат өрт шалғанда, алдымен көмекке ұмтылып, Алматыдан әрқайсысы 30 тонна 4-5 жүк көлігімен құрылыс материалдарын, азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек аттандырған да Долкунтай болатын. «Игі іске жұмсалмаған ақша – сенің ақшаң емес» деген атасының сөзін жүрегіне тоқып өскен жомарт жүрек жігіт адал еңбекпен тапқан ақшасын игілікке ғана жұмсауды ойлап тұрады. Көп сөзге жоқ, істі ғана білетін, жастайы­нан қиындықты еңсеріп, толқынға қарсы жүзіп үйренген Долкунтай Абдулхалил республикалық ұйғыр мәдени бірлестігінің төрағасы болып тағайындалғалы қоғамның барлық саласы бойынша мақсатын айқындап, нақты нәтижеге бағытталған шаруамен айналыса бастады. Әсіресе әлеу­меттік бағытта атқарылған іс ұшан-теңіз. Орталықтағы Аналар, Ғалымдар, Жастар және Білім кеңес­тері өз бағыты бойынша маңыз­ды міндет арқалап, білімді және бәсе­ке­ге қабілетті қазақстандықтарды қалып­тастыру мәселесіне айрықша көңіл аударады.

 

АЛМАТЫ