• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 03 Мамыр, 2023

Банкті емес, халықты ойлайтын кез

256 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиында бірқатар заң жобасы қабылданып, депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады.

Атап айтқанда, «2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Аталған мәселе бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев баяндама жасады.

«2018 жылы 1 қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексі күшіне енді. Жаңа кодексті ескере отырып, мүше мемлекеттердің барлық қажетті нормативтік-құқықтық құжатын өзектендіру қажет. Осыған орай, 2021 жылғы 19 қазанда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық одақтың 5 елінің басшылары арнайы экономикалық аймақтар бойынша келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды», деді М.Қарабаев.

Хаттамада заңдық және редакциялық сипаттағы өзгерістер енгізу, оның ішінде Еуразия экономикалық одағы­ның Кеден кодексінің нормаларына сәйкес негізгі терминология мен кедендік реттеу мәселелерін сәйкестендіру көзделген.

«Заң жобасында ең басты үш өзгеріс енгізіліп отыр. Біріншісі – терми­ноло­гиялық тұрғыда. Соған сәйкес, «Кеден одағының комиссиясы» деген ұғым осы заң жобасының мәтіні бойынша «Еуразиялық экономикалық комиссия» деген сөзбен, «Кеден одағына мүше мемлекет аумақтары» деген ұғым «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумақтары» деген ұғыммен ауыстырылып жатыр. Екіншісі, арнайы экономикалық аймақта резиденттері бұған дейін резидент­тігін тіркеген соң міндетті түрде жария­лауымыз қажет еді. Бірақ қай жерде, қандай ақпарат құралдарында жария­лау тетігі бекітілмеген. Жаңа заңға сәйкес, қай кәсіпорында резидент болса, сол одақтың ресми сайтында жария­лау қажеттігі нақты көрсетілген», деді М.Қарабаев.

Үшінші мәселе – еркін кеден айма­ғының кедендік рәсімін реттеуге, яғни Еуразиялық экономикалық одағының Кеден кодексіне және дауларды шешу бойынша осы одақтың шартына сілтеме енгізілген.

Сонымен қатар «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Аталған құжат жөнінде Әділет министрі Азамат Есқараев баяндама жасады.

«Келісімнің мақсаты – тараптарға жалған белгілер және географиялық көрсеткіштер жазылған тауарларды өндіру және өткізу фактілерінің алдын алу, анықтау және жолын кесу. Сондай-ақ осындай тауарларды ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізу фактілерінің алдын алу, анықтау және жолын кесу мәселелері бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жағдай жасау. 1999 жылғы 4 маусымдағы қолданыстағы келісімнің ережелері жаңартылды, ол осы келісім күшіне енген күннен бастап қолданысын тоқтатады», деді А.Есқараев.

Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, ТМД-ға қатысушы кейбір мемлекеттердің Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуына байланысты тараптардың міндеттемелерін көздейтін нормалар енгізілді. Сондай-ақ жалған тауар белгілері мен географиялық көрсет­кіштері бар тауарларды өндіру мен өткізу туралы анықталған фактілер мен ақпарат алмасу, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мен сақтау саласында кадр дайындау, олардың біліктілігін арттыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар көзделген.

«Келісім тараптардың тауардың шығарылған жері мен сипаттарына қатысты жаңылыстыруы мүмкін тауарларды белгілеу және таныстыру кезінде кез келген құралдарды пайдалануды болдырмау, жосықсыз бәсекеге жол бермеу жөнінде құқық қорғау құралдарын қолдану бойынша міндеттемелерін белгілейді. Келісім тараптарының өзара іс-қимылын үйлестіру ТМД елдері шеңберіндегі зияткерлік меншікті қорғау және сақ­тау мәселелері жөніндегі мемле­кет­аралық кеңеске жүктелген. Тараптар ынтымақтастықты өздерінің уәкілетті органдары арқылы жүзеге асырады», деді А.Есқараев.

Бұдан бөлек, палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстандағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жұмысқа алды.

Күн тәртібіне шығарылған заң жобаларын талқылап болғаннан кейін депутаттар өз сауалдарын жолдады. Берік Бейсенғалиев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға моноқалаларды дамыту, өмір сүру үшін қолайлы орта жасау және өмір сүру сапасын арттыру жөнінде мәселе көтерді.

«Қазіргі таңда Қазақстанда 27 моно­қала бар және оларда 1,4 млн халық тұрады. Көбінде ұқсас, шешілмеген проблемалар аз емес. Тұратын жерінен көшіп кету, халық санының азаюы, жо­ғары жұмыссыздық деңгейі, инженер­лік, көлік инфрақұрылымның тозуы және әлеуметтік инфрақұрылымның жетіспеушілігі мен төмен материалдық-техникалық қамтылуы секілді мәселелер бар. Мысалға, Екібастұз, Кентау және Арқалық қалаларында су желілері, кәріз, жылу және электрмен жабдықтау жүйелердің тозу мөлшері 85 пайыздан асқан. Арқалықта жолдардың 80 па­йыздан астамы нашар жағдайда, ал бала өлімі көрсеткішінің өсуі 2022 жылы алдындағы жылмен салыстырғанда 40 пайызға артқан. Оның негізгі себептері – медицина кадрларының тапшылығы мен денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы дең­гейі­нің төмендігі. Салдарынан халықтың 50 пайыздан астамы басқа өңірлер­ге көшіп кетуге мәжбүр болды», деді Б.Бейсенғалиев.

Депутаттың айтуынша, Арқа­лықтағы ахуал Қазақстанның басқа да моноқалаларында бар. Кейбірін келешекте ауыл қылып қайта құру мәселесі туындауы мүмкін. «Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігі мен әкімдіктер Алтай, Балқаш, Жаңатас, Қаратау, Лисаков, Риддер, Серебрян, Степно­гор және Арқалық сияқты 10 қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірле­ген. Осы күнге дейін ол жоспарлар­ды Үкімет әлі бекіткен жоқ. Яғни 2023 жыл­­дан бастап іске асырылуға тиіс Кешен­ді жоспарлар әлі орындалмай отыр», деді Б.Бейсенғалиев.

Дүйсенбай Тұрғанов Премьер-министр Әлихан Смайыловқа елдегі апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің өзекті болып тұрғанына назар аударды. Оның келтірген деректеріне сүйенсек, республика бойынша жалпы тұрғын үй қоры 54731 көппәтерлі үйді құрайды. Соның ішінде 752 үй апатты, 3024 үй тозығы жеткен деп танылған. «Атырау облысында 119 апатты үй бар, олардың бір бөлігі Индер, Махамбет, Мақат, Құрманғазы аудандарында орналасқан. Өңірдегі сайлауалды жұмысымыз барысында осындай бірнеше үйді араладық. Бұл үйлердің іші ылғал, көгерген, қабырғалармен төбелер жарылып кеткен, төбелер­ден су ағады. Үйге кіру қорқынышты. Соның салдарынан қыста суық, жыл бойы антисанитарлық жағдай ғана емес, тұрғындардың да денсаулықтарына қауіп төніп тұр. Мұндай пәтерлерде әдетте зейнеткерлер, аз қамтылған адамдар тұрады. Олардың жалғыз үміті – мемлекеттің көмегі. Астанада да осындай мәселе бар. Бүгінде техникалық зерттеу нәтижелері бойынша 206-ға жуық үй апатты деп танылған. Осындай жағдай еліміздің басқа өңірлерінде де байқалады», деді Д.Тұрғанов.

Депутат апатты және тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын көшіру үшін тұрғын үй құрылысына республика­лық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ «Отбасы банкі» арқылы несиелік тұрғын үйді қаржыландыру үлгісі бойынша, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін облигациялар шығаруды ұйымдас­тыру қажетіне тоқталды. Жалғыз бас­пана­сы апатты деп танылған тұрғын­дардың өздеріне коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйді жеке­ше­лендіре алмайтынын ескере отырып, осы санаттағы азаматтар үшін тұрғын үй­ді жекешелендіру құқығын жүзеге асы­ру мүмкіндігін қарастыруға кеңес берді.

Өз кезегінде Бақытжан Базарбек Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Бас прокурор Берік Асыловқа екінші деңгейдегі банктерде кепілге қойылған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару мәселесін көтерді. Оның айтуынша, мемлекет банктерді емес, халықты аштық пен жұмыссыздықтан қорғау керек.

«Соның бірден-бір жолы – банктерге кепілге қойылған ауылшаруашылық жерлерді қайтаруымыз керек. Ол банктердің артында кім тұрғанын, кімнің иелігінде отырғанын және қандай жолмен ауылшаруашылық жерлерді кепілге қойып жібергенін қоғам, халық білу қажет. Қазіргі таңда, Бас прокуратураның ақпараты бойынша екінші деңгейлі банктер мен каржы институттарының иелігінде кепілдік ретінде көлемі 2 миллион гектар 3,9 мың ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер жатыр. Оны банктер және каржы ұйымдары өздері пайдаланбайды және сол жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруға асықпайды. Осы банктерде кепілге қойылған, камауда жатқан 2 миллион гектар жердің ішінде үлестік ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер бар екендігін халық біле ме? Заңсыз, жемқор әкімдердің кесірінен пайлары, яғни, шартты жер үлестерінен айырылған ауыл халқы табанын тоздырып, ақиқат іздеу жолында пайларын қайтару үшін соттасып әлек болып жүр. Соттар талап арыздың көпшілігін қараусыз қалдырады не болмаса талаптың ескіру мерзімін қолданып, үлескерлердің жерлерін банкке кепілге кою туралы келісім-шарттарын бұзу туралы талап арыздарын  қанағаттандырусыз қалдырады», деді Б.Базарбек.

Осыған байланысты 2025 жылға дейін бүкіл елде жер амнистиясын жариялап – шартты жер үлесінен тұратын және банктерде кепілге қойылған жерлер­ді үлескерлерге қайтадан қайтаруды көздейтін мемлекеттік жоба жүзеге асыруды ұсынды. Депутаттың айтуынша, үлескерлерге еркін жауапкершілігі шек­теулі серіктестіктер мен өзге шаруа­шылық ұйымдардан шығудың заңды мүмкіндігін қарастыру керек. Коммер­циялық банктердің иелігіндегі 2 миллион гектар көлеміндегі жерлерді мәжбүрлі түрде Жер кодексінің 92-94-бабына сәйкес мемлекеттік меншікке қайтаруды қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ депутат шарт­ты жер үлесінен тұратын жер пай­да­лану құқығын екінші денгейлі банк­терде және қаржы ұйымдарында кепілге қоюға мораторий енгізудің маңызына тоқталды.