• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Мамыр, 2023

Блогер мәртебесі: Жауапкершілік пен адамгершілік

766 рет
көрсетілді

«Ерінбеген етікші болады» демекші, қазіргі таңда ерінбегеннің бәрі – блогер. Кейінгі кезде интернетке қолы жетіп, смартфоны барлар әлеуметтік желінің белсендісіне айналып, қоғамдық пікірді қалыптастыруда да, жеке мүддесін көксеуде де «ысқырығы жер жарады».

Тіпті қазір базбіреулер «блогерлер дәстүрлі журна­листерді алмастыруы мүмкін» деген пікір айтып жүр. Осы орайда, «блогер деген кім?», «оның жауапкершілігі бар ма?» деген заңды сауал туындайды. Сарапшылар блогер мен әлеуметтік желі белсендісінің айырмашылығы бар екенін, журналист пен блогер тең емес екенін алға тартады. Күні кеше Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа азаматтардың әлеуметтік желілердегі мәлімдемелері үшін жауапкершілігі туралы мәселе көтерді.

«Осыдан он шақты жыл бұрын «блогер» деген сөз қазақ қоғамына алғаш енгенде – біз оларды сапалы контент жасайтын жас мамандар деп қабылдаған едік. Алғашында бәлкім солай болған да шығар, бірақ қазір «блогер» деген кім? Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайын­байтын, бопсалап ақша табатын, атақ­құмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар. Өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі шын мәнінде блогтың не екенін түсініп жүр деп айта алмаймыз. Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеу­меттік желілерде түрлі «хайп» ұйым­дас­тырып әлек. Дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қар­жылық пирамиданың жандануына да себеп болғанын бәріміз жақ­сы білеміз. Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қан­шасы денсаулығынан айырылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге?», дейді А.Баққожаев.

Депутаттың айтуынша, кейінгі кезде блогерлер елдегі түрлі әлеу­мет­тік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, жалған ақпарат таратады. Осыған байланысты олардың әрекетін майшаммен қарауға шақырып отыр. Бұған мысал ретінде Қордай оқи­ға­сы­на тоқталды.

«Жеке азаматтардың ішкен-жеге­нін, киген киіміне дейін аңдып, қоғамда кибербуллинг жасап жүрген блогерлер тобы тағы бар. Өкінішке қарай, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады, олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Сондай-ақ осы блогерлердің сөзіне сеніп, шетелге күңдікке түскен қыздарымыз қаншама? Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс. Ал мұның бәрі біздегі заңнамада блогер мәртебесі айқындалмағаннан. Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар әрине, ойына келгенін істейді», дейді А.Баққожаев.

Оның айтуынша, халыққа шын жанашыр блогерлер баршылық. Депутат көпбалалы жалғызбасты аналарға, мү­ге­дек жандарға жәрдем беріп, әлеу­мет­тік желі арқылы халыққа пайдасын тигізіп жүрген жерлестеріне алғысын білдірді. Оқырманға қызықты әрі пайдалы ақпарат таратып, жеке блогын жүргізіп жүргендерге де қояр кінәсі жоқ екенін жеткізді.

«Бірақ әлеуметтік желілерін пайдаланып, азаматтар мен ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделеріне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін оларға қолданылатын шара қа­рас­­тырылмаған. Сол себепті оларда еш­қан­дай жауапкершілік жоқ. Артын зерттеп, шындық па, жоқ па бас­тарын қатырмайды. Бастысы – шу. Бас­ты­сы – сөз. Кімнің болмасын алдында дікіңдеп, беттен алып, жеке басына тиіседі. Сөз бос­тан­дығы деген осы ма? Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз. Олардың білімі де, талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – әдепті, сондықтан да жұмыссыз», дейді А.Баққожаев.

Осыған байланысты депутат заң жобасында сала мамандары бір кісі­дей атсалысуы қажеттігіне тоқ­талды. Оның па­йымдауынша, ақпарат сала­сын­дағы жа­уап­кершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінуге тиіс.

Мәселен, PR менеджер Алмас Тоқабаев депутаттың пікірімен келі­се­ді. Оның айтуынша, артық кеткен блогерлер жауапкершілікке тартылмай, видео кешірім сұрап құтылып кетеді.

«Депутаттың сөзінің жаны бар. То­лық­тай болмаса да, жартылай ке­лі­­се­мін. Бұған екі себеп бар. Бі­рін­­шісі, біздегі заңдар – Аза­мат­тық, Қылмыстық кодекстер дұрыс жұ­мыс істемейді. Яғни блогерлер артық сөйлеп қояды, сеператизмге ша­қы­рады, жеке басқа өтеді. Осын­дай оқи­ғаның бәрінде блогер жазаланбайды. Көбі бейнеүндеу жасап, кешірім сұрау арқылы құтылып кетеді. Ал олардың жазаланбауы адамға еркіндік беріп, одан сайын құтыра түседі», дейді А.Тоқабаев.

Сондай-ақ сарапшы блогерлер көбіне мемлекеттік қызметкерлерді бопсалайтынын алға тартады. Әсіресе, мемлекеттік бюджетке қатысы бар адам­дарды нысанаға алады. Ал ондай қызметкерлердің қолы таза болмаған­дық­тан, бопсаға көнеді. Сөйтіп, блогерлер сұраған қаржыны тауып береді.

«Жағдайдың дәл осындай болуына мемлекеттің ақпараттық саясатының жүйесіздігі әсер етіп отыр. Өйткені мемлекет тарапынан түсіндіру, ақпа­рат жеткізу, ақпараттық шабуылды қай­тару секілді әрекеттер жеткілікті да­мы­маған. Ал ақпарат жоқ жерде оның орнын басқа нәрсе толтырады. Қазіргі таңда мұны атқа­рып отырған блогерлер. Әрине, бло­гер­­лердің ішінде шынайы ақпарат жеткізгісі, біліммен бөлгісі келетіндер бар. Бірақ дезинформация, жалған ақпарат тарату арқылы халық арасында дүрбелең тудыруға, белгілі бір қаржылық мақ­сатты көздеу арқылы бопсамен айналысатындар да табылады», дейді А.Тоқабаев.

Мұндай пікірді әлеуметтік желі белсенділері мен танымал тұлғалар да айтып жатыр. Мысалы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың блогер мәртебесі мә­се­­лесін көтеріп, Үкімет басшысы мен Бас прокурорға сауал жолдауын жөн санайды.

«Қазақта «қыздырманың қызыл тіліне еріп» деген тіркес бар. Бү­гін­де ашық ақпараттық кеңіс­тікте ай­ғай­ға сүрен қосқан, құрыққа сырық жалғаған, өздерін «блогер» деп ат қойып, айдарлап алған бір топ бар. «Самауырын суалды дегенді Самар­қанды су алды» деп жеткі­зе­тін блогер­сы­мақтарға бақы­лауды күшейт­кен жөн-ақ», дейді Жазу­шылар одағы Астана қалалық филиа­лы­ның басшысы Дәулеткерей Кәпұлы.

Өкінішке қарай, миллиондаған оқырманы бар желі белсенділері кейде тексерілмеген жалған ақпараттарды жариялап жіберетіні жасырын емес. Ал мұндай жағдайда оларға ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Тек бүкіл ел болып шулағанда ғана кешірім сұрап құтылады. Ендеше, блогердің мәртебесін заңмен айқын­дайтын кез келгені анық.

Айта кетейік, бүгінде елімізде БАҚ саласындағы заңнаманы жетіл­діру жұмыстары жан-жақты жүріп жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қоғамда қызу тал­қыланған «Масс-медиа туралы» заң жобасынан бөлек «Интернет-жарнама және онлайн платформалар туралы» заң жобасын әзірлеу үстінде.