Байтағымыздың бас бренді
Өткен күндер мен адамзат күнтізбесіне және тарих парақтарына көз жүгіртсек, әлемде жиырма бес мемлекет өз астанасын ауыстырғанын білеміз. Мұндай деректердің бір-екеуіне тоқтала кетер болсақ, 1712 жылы I Петр Ресей астанасын Мәскеуден Санкт-Петербургке көшірген. Ал 1923 жылы Ататүрік Түркия астанасын Ыстамбұлдан Анкараға ауыстырған. Әлемдік тәжірибелер мемлекет астаналарын ауыстыру қалпақпен ұрып ала қоятындай оңай іс емес екенін көрсетеді. Бұған қаншама күш-қайрат, ой, жігер, мақсат тұтастығы, шығармашылық-сәулеттік қарым-қабілет кететінін шамалап, жобалап айтудың өзі қиын. Қазақстанның Алатау бөктеріндегі астанасын Сарыарқаның самал төсіне әкеліп жайғастыру ісіне де осындай өлшем тұрғысынан келуге болады. Парламент Мәжілісінің депутаты Самиғолла ОРАЗОВПЕН әңгіме осындай бағытта өрбіді. – Самиғолла Хамзаұлы, биылғы 6 шілдеде Астананы ауыстыру жөніндегі тарихи шешімнің қабылданғанына 20 жыл толды. Осы датаға қатысты не айтар едіңіз? – Еліміздің бұған дейінгі астанасы Алматы бір бүйірде, ұлан-байтақ қазақ жерінің батыс және солтүстік өңірлерінен тым шалғайда орналасты. Ал мемлекетіміздің жаңа елордасын еліміздің шекарасының кіндік тұсында орнықтыру жөнінде алынған шешім – көрегендік пен алыстағыны болжай білудің және стратегиялық ойлау жүйесінің кеңдігі мен тереңдігін көрсетеді. Шынтуайтына келгенде, бұл тек республика аумағының ғана емес, сонымен бірге еуразиялық құрлықтың да бел ортасы болып табылады. Алайда, бұдан жиырма жыл бұрын қазақстандықтардың көпшілігі дәл бұлайша ойлай алмады. Сондықтан да бұл шешім олардың бәрін бірдей қуанта қоймады. Жасыратыны жоқ, солардың бірі өзім едім. Өйткені, дәл сол кезеңде ел өтпелі кезеңнің ауыртпашылығын бастан кешіп жатты. Ірі өндіріс орындары мен зауыт-фабрикалар жабылып қалды. Бұл жаппай жұмыссыздықтың белең алуына әкеліп соқтырды. Бюджет қызметкерлері айлар бойы жалақыларын ала алмады. Дәл осындай қысталаң, алмағайып шақта астананы көшіру жөнінде шешім алынғаны сол кезде бірқатар отандастарымыз үшін ақылға сыйымсыз көрінуін бір есептен түсінуге де болатын секілді. Бүгінгі күні, яғни арада жиырма жыл өткен соң Елбасымыз көреген, аса тапқыр әрі батыл шешім қабылдағанына барша қазақстандықтардың көзі жеткеніне ешқандай күмән жоқ. – Астананың даму қарқыны жоғары. Мұндай даму көрінісі республика өңірлерінде де байқалып жүр деп есептей аласыз ба? Яғни, өңірлер Астанаға қарай бой түзей алды ма? – Астана өзінің аумақтық тұтастығы тұрғысынан да, халық санының өсу көрсеткіші бойынша да тез, қарқынды дамып келеді. Биылғы соңғы деректер мен мәліметтер бойынша, мұнда 800 мыңнан астам адам тұрады. Жыл сайын көз алдымызда құлпырып, қаулап, өсіп келе жатқан жас елордамыз шығармашылық ұшқырлық пен белсенділіктің, күллі Қазақстан халқының әлеуметтік-тұрмыстық деңгейінің өсуі мен тұтас ел аумағындағы жасампаз жобалардың нышандық көрінісі болып табылады. Біз кешегі кеңестік дәуірде осыншама деңгейдегі жылдамдатылған, бұған қоса, сапалық деңгейі жоғары құрылыс қарқыны мен бүкілхалықтық қолдау көріністерінің оннан, тіпті, жүзден біріне де қол жеткізе алмадық. Бұл – елдік пен мемлекеттік мінез-құлықтың және отаншылдық рухтың артуының көрінісі. Соның нәтижесінде соңғы он жыл ішінде елімізде қайталанбас көркі мен стилі бар заманауи жаңғыртылған жаңа қалалар салынды. Қала шаруашылығы мен индустриясы бойынша республикада ең артта қалып келген кенттер адам танымастай өзгерді. Мысалы, кеңестік кезеңде инфрақұрылымдық жүйелер бойынша Қазақстандағы ең артта қалған қала – Гурьев, яғни қазіргі Атырау деп есептелетін. Ал бүгінгі Атырау, мұндағы сәулет өнерінің туындылары қандай? Айтуға тіл жетпейді. Айырмашылық жер мен көктей. Екіншіден, елордасы Астана Қазақстан халқының этносаралық қарым-қатынасын одан әрі жақсарта түсті. Мұндай оң көңіл-күй ахуалы ел өңірлеріне де сіңісті бола бастады. Міне, сіздің Астанадағыдай даму көрінісі республика өңірлерінде байқалып отыр ма деген сауалыңызға қайтарар жауабым осындай. – Астананың өсіп-өркендеуі мен көркеюі және одан әрі дамуы жөніндегі шежірелер мен тұтастай тәуелсіздік тарихы бір-бірімен тамырлас. Бұл ұғымдарды бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Айтайын дегенім, сіздің бұған дейінгі қызметіңіз Қазақстанның батыстағы қақпасы – Орал өңірімен тығыз байланысты болып келді. Ендеше, сіз мұнда тәуелсіздік жылдарында атқарылған жұмыстар жөнінде не айтар едіңіз? – Бұл өңір Ресейдің бес бірдей облысымен шекаралас орналасқанын айтып та, жазып та жүрміз. Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі кезең барлық жердегідей Ақжайық аймағы үшін де ауыр болды. Өзгесін айтпағанда, бұл кезде ауылдағы әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды, фельдшерлік-акушерлік амбулаториялар мен кітапханаларды және клубтар мен мәдениет үйлерін сақтап қалудың өзі үлкен жетістік болды. Бұл орайда бұрынғы облыс басшысы, бүгінгі Парламент Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыповтың еңбегі мен ел-жұртқа көрсеткен жанашырлығын айта кеткенді жөн көремін. Сондай-ақ, осындай қиын кезеңде Орал–Атырау, Орал–Самара және Орал–Ақтөбе автомобиль жолдары құрылыстары басталды. Нышандық тұрғыдан Жайық өзені арқылы Еуропа мен Азия құрлықтарын жалғастыратын жаңа көпір салынды. Облыс орталығы Орал қаласында Қазақ драма театры мен мұз спорт сарайы және жүзу бассейні ғимараттары бой көтерді. Тұтастай облыс аумағында газ құбырларын тарту жұмыстары кеңінен қарқын алды. Одан бергі кезеңде шағын және орта бизнесті дамытуға жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, әр азаматтың өзіне және қоғамға пайдалы іспен шұғылдануына мүмкіндіктер жасалды. Қазіргі нарықтық қарым-қатынастар кезеңінде меншік иесі атану қоғамдық құндылықтардың қатарына кіре алады. Әйтсе де бүгінгі күні отандастарымыздың арасында осы құндылықты адами-психологиялық тұрғыдан сыйлау мен бағалауға өрелері жете алмай жүргендері де кездеседі. Қазіргі кезде облыста тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан тамыр тартатын жұмыстар мен жобалар өз жалғасын тауып келеді. – Астананың бас сәулетшісі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі екені белгілі. Бұған не дейсіз? – Астана сәулетінің бас тұғырнамасын алдын ала әзірлеп бекіткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі екені белгілі. Осы қисынға сүйенсек, өзіңіз айтқандай, Мемлекет басшысын елорданың бас сәулетшісі деп санауға толық негіз бар. Елорданың бас жоспарында еуразиялық келбет пен бітім-болмысты кескіндеуге баса көңіл бөлінгені бүгінгі күні айқын байқалады. Айталық, мұндай бағыттағы бас жоспар мен жобалардың авторы ретінде бірінші кезекте Амстердамдағы Ван Гог мұражайының, Куала-Лумпур халықаралық әуежайының, Осака қаласының ұлттық-этнологиялық мұражайының авторы, әйгілі жапондық сәулетші Кисе Курокаваның есімін атай аламыз. Оның бас жобасында заманауи дизайнға басымдық беріліп, азиялық үлгілер орын алды. Тағы бір әйгілі британдық сәулетші, хай-тек стилінде көшбасшы болып танылған Норман Фостерге Астанада әлемдегі ерекше Бейбітшілік және келісім сарайын салу құқығы берілді. Бүгінде бұл айрықша нысан астаналықтар мен барша қазақстандықтарға «Достық үйі» атауымен жақсы мәлім. Бұған қоса, ол «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығын тұрғызып, оны халық қолданысы мен игілігіне ұсынды. Астананың құрылысына өзінің сүбелі үлесін қосқан әйгілі сәулетшілердің қатарында орталық концерт залының авторы италиялық Манфреди Николетти де бар. Бұдан тұп-тура он бес жыл бұрын 1999 жылдың шілде айында елордамыз ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» сыйлығына ие болып, одан бергі аралықта Астана Қазақстанның бас брендіне айналды. Еліміздің болашағы мен Астананың болашағы ұғымдары бір-бірімен төркіндес, мағыналас. Өйткені, қазіргі уақытта әлемдік қауымдастық Астана қаласын Қазақстанды жиырма бірінші ғасырдың жаңа даму үлгісіне бағыттай білген модель ретінде қабылдай алады. Бүгінгі әңгімеміздің түйінінде елордада тұратын немесе оған жиі ат ізін салатын қазақстандықтар әлемнің көрікті қалаларына жолдары түскен кезде оның архитектурасы мен ажарына аса таң қала бермейтінін айтқым келеді. Өйткені, мұнда әлемдік сәулет өнерінің ең озық үлгілері бойынша салынған ғимараттар мен нысандар және Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) мен Еуропа футбол қауымдастығы одағының (УЕФА) стандарттарына сәйкес келетін заманауи стадиондар мен өзге де спорт кешендері баршылық. Сондай-ақ, Астана бойынша алынған архитектуралық шешімдер бұған дейінгі үлгілерді қайталамауларымен де ерекшелене алады. Елбасымыз – «Астана еліміздің дамуының символы және Еуразия кеңістігінің жаңа ордасы», деген болатын. Бүгінгі әңгімені Нұрсұлтан Әбішұлының елордамыз жөнінде дәл тауып айтқан осы анықтамасымен аяқтағанды жөн санаймын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Орал–Астана–Орал.
•
12 Шілде, 2014
Елбасы мен елорда егіз ұғым
828 рет
көрсетілді