«Egemen Qazaqstan» газетінің редакциясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің іс-шаралар жоспарына сай «Сейдахмет Бердіқұлов мұрасы және қазіргі журналистика» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Белгілі қаламгер, көрнекті көсемсөз шебері, қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы тұлғаның 90 жылдығына орай өткен басқосуда жылы естеліктер, тағылымды әңгімелер айтылды.
Дөңгелек үстелде мемлекет және қоғам қайраткерлері, әр жылдардағы «Egemen Qazaqstan»-ның басшылары Сауытбек Абдрахманов, Уәлихан Қалижанұлы, танымал қаламгерлер Жарылқап Бейсенбайұлы, Жанболат Аупбаев, Қуаныш Жиенбай, Бауыржан Омаров, Қыдырбек Рысбек қатысып, ойларын ортаға салды.
С.Абдрахмановтың айтуынша, Сейдахмет Бердіқұлов – бұрынғы одақ көлемінде мойындалған спорт журналисі. Футболдың феноменін, қадір-қасиетін қазаққа алғаш түсіндіріп берген де – сол кісі. Әсіресе қазақ жастарының бойына намысшылдықты егу тұрғысынан ерекше еңбек етті.
У.Қалижанұлы қаламгердің ұйымдастырушылық қасиетіне кеңірек тоқталса, Ж.Бейсенбайұлы идеяшылдығына ерекше екпін бере сөйледі. Ж.Аупбаев Сейдағаңның «Лениншіл жастың» редакциясында түрлі кездесулер ұйымдастыруға ұйытқы болғанын айтты. Сөзіне мысал ретінде Ла Скаладан келген Амангелді Сембинмен, антрополог Ноэль Шаяхметовпен, түркітанушы Иштван Қоңырмен, алты құрлықтың бесеуіне аяғы тиген жазушы Әнуар Әлімжановпен болған кездесулерді алға тартты.
Қ.Жиенбай қаламгердің көпшілікке беймәлім адами қасиеттері туралы ой қозғаса, шәкірттері Б.Омаров пен Қ.Рысбек абзал ағалары хақында қызықты естеліктер айтты.
– Редактор ретінде Сейдахмет Бердіқұлов тәртіп пен қағидаттың адамы еді. Аса жауапты кезде ол талай қаламгерге қорған бола білді. Оның мектебінің журналистика тарихында айрықша орны бар, – деп сөзін қорытындылады Бауыржан Омаров.
– Бүгінде «Қазақ газеттері» болып қайта жаңғырғанымызды көзіқарақты көпшілік жақсы біледі. Оның құрамында бірнеше басылым бар. Соның бірі – «Ұлан» газеті. Бұл – бұрынғы «Қазақстан пионері». Сейдахмет Бердіқұлұлы кезінде дәл осы басылымды басқарған. Сондықтан қаламгердің мерейтойы бәрімізге ортақ. Бүгінгі дөңгелек үстел журналистер қауымы үшін шеберлік сыныбы болды, – деді «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы.