• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Мамыр, 2023

Мүгедектерге арналған теміржол билеті

443 рет
көрсетілді

Жолға шығу үшін кассаға арнайы келіп, ұзын-сонар кезекке тұратын күндер біртіндеп келмеске кетіп барады. Негізі бүл үдерістің біздің өмірімізге енгеніне де біршама жылдың жүзі өтті. Ел цифрлы технологияның дәл осындай жетістігін сәтті пайдаланып келеді. Енді мүгедектігі бар жандар үшін де мұндай тиімді мүмкіндік қолжетімді бола бастады.

2023 жылдың бірінші тоқ­санында мүмкіндігі шектеулі жан­дар интернет арқылы жолаушылар пойыздарына 100 мыңнан астам жеңілдікті билет сатып алды.

Электрондық билетті сатып алудың жолы оп-оңай. Интернеті бар құрылғыға отырып bilet.railways.kz сайты арқылы сатып алуға болады. Оны ресімдеу үшін жолаушы төлқұжат дерек­терін, ЖСН, мүгедектік туралы анық­тама нөмірін және eGov mobile-дан алынған алты таңбалы әлеу­меттік ID кодын көрсете отырып тіркелуі қажет.

Жеңілдікті билет сатып алуға қамдансаңыз, мәліметтеріңіздің барлығын тексеру автоматты түрде жүргізіледі. Деректерді онлайн режімде тексергеннен кейін сату жүйесі таңдалған орынға төмен баға жеңілдігін қол­дануға мүмкіндік береді. Ерек­ше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік маңызы бар мар­шруттар бойынша жол жүру билетінің құнынан 50% жеңілдік, «Таль­гоның» коммерциялық маршруттары бойынша маман­дан­дырылған купелерге (ерекше қажеттіліктері бар жолаушы мен ілесіп жүретін адам үшін) 70% жеңілдік көзделген.

Жеңілдікті жол жүру құжат­тарын ресімдеу рәсімін жеңіл­дету үшін ҚТЖ Еңбек министр­лігінің «Әлеуметтік көмек» авто­маттандырылған ақпараттық жү­йесімен интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізуде. Осыдан кейін жолаушы тек ЖСН көрсете оты­рып, жеңілдікті билеттерді рәсім­дей алады.

Ұлттық тасымалдаушы по­йыз­­дарына мүгедектер мен оларға іле­сіп жүретін адам­дарға арналған орындары бар мамандандырылған ва­гондар ен­гізуде. «Жолаушылар тасы­малы» АҚ паркінде ерек­ше жо­лаушылардың қажетті­ліктеріне жа­уап беретін 80 купе вагоны бар. Оның 20-сы – Тальго вагондары.

2025 жылға қарай әлеуметтік маңызы бар маршруттар қозға­луы нашар адамдар үшін ың­ғайлы вагондармен толық қам­тамасыз етілу жос­парлануда. Оның коммерциялық пойыздар құ­рамындағы үлесі – шамамен 90%. 2023 жылдың соңына дейін 13 вагонда ерекше адамдарды тасымалдау үшін бір-бір купе қайта жабдықталады. 2030 жылға дейін мүмкіндігі шектеулі жандардың жайлы сапары үшін купесі бар 46 вагон сатып алу жоспарланып отыр.

Онымен қоса, мүмкіндігі шек­теулі жандар пойыз билетін тікелей вокзал кассалары арқылы да сатып ала алады.