Елімізде ауыл шаруашылығы саласындағы қазіргі және болашақтағы ең өзекті мәселенің бірі – халықты күнделікті тұтынатын азық-түлікпен толықтай қамтамасыз ету. Өкінішке қарай әлі де шетелдің өсімдік өндірісіне (импортқа) тәуелдіміз. Мақтаулы өнімді сырттан тасуға мәжбүрміз. Осы қордаланған аса маңызды мәселелерді шешу үшін өңірдегі өсімдік және егіншілік шаруашылығын қарқынды дамыту қажет-ақ.
Ал өңірдегі климат жағдайының өте құбылмалылығы, топырақ құнарының әртүрлі болуы, дақылдардың әр алуан түрін өсіруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылығы тауар өндірісінде экологиялық және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ете алар еді.
Қазір ауыл шаруашылығы өндірісі нарықтық қатынастарға көшу нәтижесінде аграрлық саланың тиімді даму бағыттарын анықтау қажеттілігі туындап отыр. Кез келген егіншілік саласының негізгі буыны ауыспалы егіс болып табылады. Кейінгі жылдары өңделген егістік жерлердің құрылымы ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйесін тиімді пайдаланудың нәтижесі көрсеткендей, өңірдің әртүрлі топырақ-климаттық аймақтарында өсетін алуан түрлі ауылшаруашылық дақылдарын әртараптандыруды қолдану арқылы оны одан әрі жақсартуға мүмкіндік бар екендігі байқалды.
Ауыспалы егістегі ауыл шаруашылығы дақылдарының дұрыс орналасуын пайдаланғанда ғана өңделген жерлерді жақсартуға бағытталған барлық агротехникалық шараның тиімділігі артады. Дақылдардың биологиялық қажеттіліктері толығымен қанағаттандырылады. Технологияны біркелкі ыңғайлы қолдануға қол жеткізіледі және өндіріс шығындары азаяды.
Сондықтан ауыспалы егіс жүйесі табиғи климаттық ресурстар мен өсімдіктің әлеуеттік мүмкіндігіне қарай дақылдардың биологиялық топтарын ұтымды пайдалану жолына бағытталуы керек. Бұл әсіресе әртүрлі аймақта өте маңызды. Одан қалды ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін қазіргі заманғы ресурс-қорды үнемдеу технологияларына және өнімді ауыспалы егістерге көшіру маңызды шара болып қала береді. Егістік құрылымында ағымдағы жағдай, жүргізілген талдау нәтижесі мен өңірдегі топырақ-климаттық аймақтағы деректер осыны көрсетті және оны одан әрі қарай жетілдірудің мол мүмкіндіктері бар екенін анықтады.
А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында (АШҒӨО) орналасқан ауыспалы егіс зертханасының көпжылдық стационарлық учаскесіндегі ұзақ мерзімде жүргізілген ғылыми жұмыстардан алынған деректер бойынша ауыспалы егіс танаптарында әртүрлі дақылдарды биологиялық ерекшеліктеріне қарай тиімді орналастыру арқылы өсіру шаруа қожалықтарына орасан зор пайда әкелетіндігін көрсетті.
Ұсынылатын дақылдар мен ауыспалы егіс кестелері Ақмола және басқа да облыстар жағдайында ауыспалы егістерді игеру кезінде мынадай негізгі ұсынымдарды сақтау қажет:
- ауыспалы егістегі дақылдардың кезектесуі негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары жаздық жұмсақ бидай үшін ең жақсы алғы дақылдарды таңдауды ескере отырып жүзеге асырылады;
- ауыспалы егістің пайдалану әлеуеті агротехникалық іс-шаралардың сақталуы мен орындалу сапасына байланысты болады;
- егіс алқаптарының көлемдік құрылымын құру және қалыптастыру кезінде егістік танаптар ауыспалы егістерде бір биологиялық топтың дақылдарын алмастыруға жол береді.
Мысалы, ауыспалы егіс кестесі бойынша асбұршақ дақылы орналасуы қажет болса, оны қалыптасқан жағдайларға байланысты (әдетте қуаңшылықтың болуы) ноқат дақылымен ауыстыруға болады. Бұл жағдай бидай, арпа және т.б. дақылдар үшін де жарамды. Ең бастысы, дақылдарды өз орнына қайтып келу мерзімін қатаң сақтау қажет. Танаптарға кейбір дақылдарды келесі жылы өз орнына қайта себуге болмайтын бірқатар дақылдар (бұршақ, жасымық, майлы зығыр, күнбағыс, көктемгі рапс) бар. Сол дақылдар белгілі бір жылдардан кейін өз орнына қайтадан оралуы керек. Майлы және бұршақты дақылдар үшін бұрынғы өз орнына оралу уақыты 3-4 жыл, ал майлы зығыр және күнбағыс дақылдары өз орнына 4-5 жылда орналасуы керек. Жаздық бидай, арпа, жүгері сияқты дақылдардың өнімділігі айтарлықтай төмендемейді. Сондықтан бір танапта бірнеше жыл бойы қайта-қайта өсіруге болады.
- бұдан басқа, дақылдардың кезектесуі және оларды бұрынғы орнына қайтару ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің табиғи жағдаймен, нарық конъюнктурасымен, техникалық, қаржылық мүмкіндігімен, шаруашылықтың қай салаға мамандандырылуы мен айқындалады.
- әртүрлі пар танабы түрлерін, көпжылдық шөптерді, бұршақ және біржылдық мал азығы дақылдарын жасыл балаусаға немесе сүрлемге қолданатын және ерте жиналатын өнімдерден кейін орналастыру ұсынылмайды.
- жаздық бидай көбіне ерте болатын аязға дейін пісіп үлгермейтін таулы-қыратты аудандарда орташа ерте және ерте пісетін дән сұрыптарының үлесін арттыру қажет. Немесе жаздық жұмсақ бидай дақылының үлесін азайту арқылы арпа дақылының көлемін ұлғайтуға болады.
- қысқа айналмалы дәнді дақылдардың ауыспалы егістерін ұзақ уақыт пайдаланғанда және оларды өнімді ауыспалы егістермен салыстырғанда топырақтың құнарлылығы біршама төмендейтіні байқалады және егістік жерлерді пайдалану тиімділігін төмендететінін әр уақытта есте сақтаған жөн;
- қара топырақты және қара қоңыр топырақтың рельефі бойынша жазық немесе сәл ғана толқынды танаптар ауыспалы егістің кез келген түріне (астық-парлы, майлы өнімді, отамалы дақылдарды, т.б.) пайдаланып жаратуға болады.
- су эрозиясының пайда болу қаупіне байланысты көлбеу бірлігі 0,5О-дан асатын танаптарды таза сүрі жерге қалдыру ұсынылмайды. Себебі топырақтың беткі қабаты көктемгі ағынды су мен шайылып қарашірік мөлшері біршама азаяды. Мұндай танаптар ауыспалы егіс айналымы кезінде үнемі өсімдік жамылғысының астында жабық болуы қажет.
Мысалы, қазіргі АШҒӨО-ғы ауыспалы егіс зертханасының көпжылдық стационарындағы жүргізілген далалық аймақтағы ұзақмерзімді зерттеулері келесі нәтижелерді көрсетті. Далалық ауыспалы егістердің танаптық ғылыми-тәжірибе эксперименттерін жүргізгенге дейін (1962 ж.) топырақтың 0-20 см қабатындағы бастапқы қарашіріндінің мөлшері 3,9%-ды құрады. Нәтижесінде, Ақмола облысының оңтүстік карбонатты қара топырақтарындағы өңделген жерлерді ұзақ уақыт бойы 5-6 танапты дәнді-сүрлі ауыспалы егістерін пайдаланғанда топырақтың 0-20 см қабатындағы жалпы қарашірінді мөлшері 12,7%-ға дейін азайды. Ал 2-танапты ауыспалы егісте жалпы қарашірінді мөлшері біршама төмендеп, 25,5%-ды құрады. Бір орында ұзақ үзіліссіз орналасқан таза сүрі жер танабында бастапқы көрсеткіштен 33,55%-ға азайғанын көрсетті.
Мұның басты себебі, ең алдымен, топырақты жиі 4-5 рет механикалық өңдеу мен механикалық құралдарды қолданудың әсерінен эрозияның пайда болуына жағдай жасалды және органикалық заттардың біртіндеп азайып жоғалуына әкелді. Бұл қазіргі заманғы ауыл шаруашылығының басты проблемасы және топырақтың құнарлылығының біртіндеп азаюына алып келеді.
Қорыта айтқанда, ауылшаруашылық өндірісі жағдайында тауар өндірушілер (фермерлер) осы аталған және басқа көрсеткіштердің барлығын ескеріп, жоғары өнім алу үшін топырақтағы қарашірінді мөлшерін сақтап қалуға күш салуы керек. Өңірдегі диқан қауымы өздерінің егістік көлемінің құрылымында маргиналды (өте жоғары табыс әкелетін өсімдіктер) дақылдарды өсіруге аса көп көңіл бөлуді қажет етеді. Осы дақылдармен қатар басқа өсімдіктердің егіншілік мәдениетін жоғары көтеру және барынша экологиялық қауіпсіз мол сапалы өнім алу ел тұтынатын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге негізгі себепкер бола алады.
Алдаберген Алдаоңғарұлы,
А.Бараев атындағы
Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы егіншілік бөлімінің меңгерушісі