• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 06 Мамыр, 2023

Айыртаудан аттанған артиллерист

310 рет
көрсетілді

Жеңіс күні жақындаған тұста редакциямызға бір қария кісі кел­ді. Қолында бір парақ қағаз бен жауынгердің фотосы бар. Әңгі­ме­лесе келе Жаслан ақсақал атасы Бегалы Байарысовтың (Бояри­сов) Екін­ші дүниежүзілік соғыс ке­зін­дегі ерлігін өскелең ұрпақпен бөлі­суге келгенін түсіндік.

Бұл соғыста Қазақстаннан көп­­теген даңқты дивизия шық­­қаны белгілі. Ұлы далада құ­рыл­ған түмендер кеңес одағын қор­ғауда жан алысып, жан бе­рісті. Ерлігімен көзге түсті. Осын­дай күштік құрылымның бірі – Ақтөбе облысында іргетасы қа­ланған 312-атқыштар дивизия­сы. Оның құрамы негізінен үш ұлттан жасақталған. Ал қазақ­тардың үлесі 32 пайызды құ­раған екен. Біздің бүгінгі кейіп­керіміз осы дивизияның 859-артил­ле­рия­лық полкі сапына енген қазақ жауынгері.

Бегалы Байарысов 1901 жылы Көкшетау облысының Айыртау ауданына қарасты Сарысай Нау­рыз ауылында дүниеге келген. Май­данға шақырылғанға дейін Солтүстік Қазақстан облысының «Наурыз» колхозында ауыл ша­руа­шылығы саласында еңбек етіп, мал шаруашылығымен ай­на­лысқан. Қарапайым тірлік­пен айналысып жүрген азамат соғыстың кесірінен, отан ал­дын­дағы борышын өтеу үшін Куй­бышев аудандық әскери ко­мис­сарияттың шақыртуымен әскерге алынады. 312-атқыштар дивизиясы майдан даласына бара сала Мәскеуді қорғауға аттана­ды. Түмен әскерді Боровск қаласы­­ның маңына қорғанысты ұстап тұру­ға жібереді. Осылайша, жауын­герлер 11 қазаннан бастап 18 қазанға дейін фашистердің шабуылына тосқауыл қояды. Алайда қарсылас күші басым еді. Оның үстіне, қару-жарақ жеткізу жағынан да қиындық туған сыңайлы. Оны диви­зия командирі Александр Нау­мов­тың 43-армия штабына жазған хатынан да байқаймыз. Мәселен, баяндамада түменбасы қолда бар артиллериялық және атыс қаруларының оқ-дәрі бір күнге ғана жететінін жазған. Үсті-үс­тіне төгілген Вермахт әске­рі­нің екпініне шыдамай, дивизия шегіне отырып ұрыс салады. Бі­рақ қан төгіс майданда көптеген сар­базынан айырылады. Мыса­лы, екі айдың ішінде 11 мыңнан асатын жауынгердің 9,5 мыңға жуығы жер жастанған. Осыған байланысты дивизияны тылға әкетіп, қайта жасақтаған. Сөйтіп, 1942 жылғы 9 шілдеде қайтадан майданға аттанды. Осы­лайша, 312-атқыштар дивизиясы жауды тықсыра қууға зор үлес қосқан.

Кейіпкеріміз 1943 жылғы 13 қазанда жеңіл жарақат алады. Бірақ жазылып шыққан соң қай­тадан ұрысқа кіріскен. Бегалы ақсақал талай мәрте ер­лік танытып, тапқырлығымен көзге түсіп, бірқатар марапат иеленді. 1944 жылғы 22 шілдеде «Әскери еңбегі үшін» медалін тағады. Ал 15 қыркүйекте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Мәселен, «Әскери еңбегі үшін» медалі шабуылға шыққан фашист әскерін тоқтатып, 2 пулемент пен 20-ға жуық жауынгерді жер жастандырғаны үшін бе­рілген. Сондай-ақ 1945 жылғы 28 ақ­панда жау әскерімен күресте жан­­қиярлық ерлік танытқаны үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені­мен марапатталған. Соғыс аяқ­­­­талғаннан кейін Бегалы Боя­рисовке «Германияны жең­гені үшін» медалі табысталды. 312-атқыштар дивизиясы 1945 жылғы 5 мамырда Эльба өзе­нінің шығыс жағалауына жетеді. Осы жерде америкалық жауын­герлермен кездесіп, өңірді фашист әскерінен тазалаған екен. Содан 7 маусымға дейін Берлинде тұрақтайды. Дивизия Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін марапат иеленген. Смоленск қаласын азат етуде көрсеткен жанқиярлығы үшін әскери құраманы «Смоленск дивизиясы» деп атап кетті. Сондай-ақ «Қызыл ту» орденімен, екінші дәрежелі Суворов орде­німен, екінші дәрежелі Кутузов орденімен марапатталды. Диви­зия құрамындағы 9 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Айыртаулық жауынгер соғыс аяқталғаннан кейін елге оралды. Туған жеріне оралып, сов­хозда жұмысын жалғастырды. Зейнетке шыққанға дейін мал шаруашылығымен айналысты. Бүгінде оның ұрпағы атасының ерлігін мақтанышпен айтады.