Ертеңнен бастап елімізде Отбасы банктің «Ұмай» бағдарламасы бойынша өтініштер қабылдау басталады.
Биыл бұл бағдарламаны несиелендіруге 15,6 млрд теңге жұмсалады. Қажетті қаражатты Азия даму банкі (АДБ) үшінші транш аясында бөліп отыр. Отбасы банк дәл осы қаржы институтымен бірлесіп, бірнеше жылдан бері «Ұмай» жобасын сәтті жүзеге асырып келеді.
АДБ шарттарына сәйкес Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларына заемның жалпы көлемінің 40% аспайтын бөлігін немесе 200-ге жуық несие бөлу жоспарланып отыр.
Несиенің 60%-ы облыстар мен шағын қалалардың тұрғындарына берілмек. Бұл өңірлердегі әйелдер қауымын қолдау және несиелеуде диспропорцияны болдырмау мақсатында жасалды.
Гендерлік теңдікті жетілдіруге негізделген бағдарламаны іске асыруға АДБ бас-аяғы 38 млрд теңге көлемінде қаражат бөліп отыр. 2021 жылы «Ұмай» бағдарламасы басталған кезде, бірінші транш аясында, жалпы көлемі 8,4 млрд теңгеге 954 қыз-келіншек қарыз алған болатын. 2022 жылы 14 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1 119 бұрымды баспана алып, қоныс тойын тойлады.
Бағдарлама бойынша берілетін заемның ең жоғарғы құны 30 млн теңгеге дейін. Пайыздық мөлшерлеме биылғы жылы 14,4% (ЖТСМ - 15,4% бастап) тең, кейін ол 3,5%-5%-ға дейін (ЖТСМ - 3,6% бастап) төмендетіледі.
«Ұмай» бағдарламасы бойынша қарыз алу мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін. Бұл ретте тұрғын үй таңдауда шектеулер жоқ, оны алғашқы және екінші нарықтан, соның ішінде үлестік қатысу шарттары бойынша сатып алуға болады. Сондай-ақ «Ұмай» бойынша баспананы жөндеу жұмыстарына да 3,7 млн теңгеге дейінгі мөлшерде қарыз алуға болады.
Әлеуетті қарыз алушының ай сайынғы отбасылық табысы 550 000 теңгеден аспаса, ол 15%-дық бастапқы жарнамен несие ала алады. Ал отбасының ортақ кірісі айына 550 001 теңгеден 640 000 теңгеге дейінгі аралықта болса, онда тұрғын үйді 20%-дық алғашқы жарнамен алуға болады.
– «Ұмай» бағдарламасы екінші немесе үшінші тұрғын үй сатып алуды көздеп отырған, кірісі жоғары әйелдерге арналған. Биылғы жылы біз АДБ-мен бірлесіп, «Ұмай» бағдарламасына табысы 200 000 теңгеден аспайтын әйелдер де қатыса алады деп шештік. Егер олар төлем қабілеттілігін растаса, ең төменгі 15% бастапқы жарнамен несие алатын болады. Біз оларға бөлінген қаражат аясында жалпы несиелендірудің 20%-ға жуығын бөлуді жоспарлап отырмыз, деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
«Ұмай» бағдарламасы бойынша несиені otbasybank.kz порталында онлайн немесе банк бөлімшелерінде және кеңес беру орталықтарында рәсімдеуге болады.
Бүгінгі күні Отбасы банкінде 1,5 млн жуық депозит немесе белсенді жинақ шоттарының жалпы көлемінің 68% әйелдермен ашылған. Банктің қарыз алушылары арасында да әйелдердің саны басым (54,7%). Қыз-келіншектеріміздің пәтер немесе үй сатып алу үшін несие алатын негізгі жасы 36-45 жас аралығында. Әдетте, несие мерзімі – 10 жыл. Отбасы банкінде әйелдер төлеп отырған несиенің орташа сомасы 11 млн теңгеге тең.