ТІЗГІН ҚАҒАР
немесе әңгіменің әлқиссасы
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ел газеті – «Egemen Qazaqstan» редакциясында қазақ көркем сөз өнерінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы, бесаспап журналист, ұлттық журналистикамызда ұстаздық мектебін қалыптастырған қабырғалы қайраткер Сейдахмет Бердіқұловтың 90 жылдығына арналған дөңгелек үстел мәжілісі өткен еді. Орайы келген отырысқа Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов, ҰҒА академигі Уәлихан Қалижанұлы, сондай-ақ тұғыры биік тұлғаның Жарылқап Бейсенбайұлы, Жанболат Аупбаев, Қуаныш Жиенбай, Қыдырбек Рысбекұлы, Бауыржан Омарұлы секілді аты-жөні әмбеге аян шәкірттері қатысып, салмақты сөз сабақтады.
Алқалы жиынды ашқан «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы құтты шаңырақта бас қосқан құрметті қонақтарды аман-сау көргеніне қуанышты екенін айтып, бүгінгі әңгіменің арқауына айналғалы отырған әйгілі қаламгердің өмірі мен шығармашылығы әспеттеуге әбден лайық әрі өз тағдырын баспасөзбен байланыстырған барлық жастарға үлгі-өнеге екеніне айрықша назар аударды. «Қазіргі таңда «Қазақ газеттері» болып қайта жаңғырғанымыз бәріңізге белгілі. Оның құрамында бірнеше басылым бар. Солардың бірі – «Ұлан» газеті. Бұл – бұрынғы «Қазақстан пионері». Сейдахмет Бердіқұлұлы кезінде дәл осы балалар басылымын басқарған. Бұл – бір. Екіншіден, қазақ журналистерін тәрбиелеуде өзіндік мектеп қалыптастырған басылымдардың қатарында қазіргі «Жас Алаш», кезіндегі «Лениншіл жасты» айтамыз. Бүгінгі іс-шарамызға қатысып отырған мәртебелі меймандарымыздың біразы – сол алтын ұяның түлектері. Шынында да «Лениншіл жас» қазақтың рухани өмірінің айнасы еді», деді ол ойын түйіндеп.
ҮЗЕҢГІ ҚАҒЫС
немесе ағаның алдын көрген інілер ілтипаты
Басқосу барысында сөйлеген ақпарат саласының ақтаңгерлері ағынан жарылып, саналы ғұмырын ұлт сөзін ұстауға сарп еткен жайсаң жанды емірене еске алды. Елдік мәселелерге ерекше мән берген ерен редактордың ерлік істері де ескерусіз қалмады. Тоталитаризмнің тоқпағы астында жүрсе де, ұлт ұпайын түгендеуге аянбай атсалысқаны атап өтілді. Сол соқталы пікірлердің сөлді тұстарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ:
– Сейдахмет Бердіқұлов туралы айтқанда, біз қазір байқаймын, әңгіменің ауаны спорт журналистикасына ауып сала береді. Адам сан қыры болған кезде, бір қыры жарқырап алға шығады да, басқа қырлары көмескілене береді, өкінішке қарай. Бұл бір. Ал Сейдахмет Бердіқұловтың «Ол орамал жоғалмайды», «Егеулі найза» сияқты тамаша туындылары бар және жазушы ретінде өте тамаша стилист болатын. Сондықтан оның прозасына да көңіл бөлу қажет деп санаймын. Екінші жағынан ол – ерекше тұлға. Осы жиынға келерде интернеттен «Спортивные журналисты СССР» деп сұрау салдым. Сонда Мартын Мержанов, Наум Дымарский, Виктор Понедельник, Игорь Фесуненколармен бір қатарда Сейдахмет Бердіқұлов та тұр. Және бұл ұзын тізім емес. Мұнда тек таңдаулылар ғана назарға алынған. Тегіне қарап байқаймыз ғой, ол тізімде тәжік, өзбек, қырғыз фамилиялары жоқ. Армян тектес екі-үш фамилия бар. Бірде-бір грузин фамилиясы жоқ. Тіпті Котэ Махарадзенің өзі кірмеген. Демек, Сейдахмет Бердіқұлов спорт журналисі ретінде одақтық көлемде анық мойындалған. Осыны ерекше айтқым келеді. Бұл оңай нәрсе емес. Қазіргідей емес, баяғыда шетке шығудың өзі ерекше оқиға еді. 1966 жылғы Англиядағы чемпионатқа, 1970 жылғы Мексикадағы чемпионатқа барып, репортаждар жазған дәл осы Сейдағаң болатын. Және сол арқылы бір сәтте журналист беделі көтеріліп кетті. Бүкіл Қазақстан журналистеріне стандарт жасап берді. Бүгінгі тілмен айтсақ, жаһандану журналистикасының бастауында тұрған жігіттердің бірі – осы Сейдахмет Бердіқұлов.
Сейдағаң әсіресе қазақ жастарының бойына намысшылдықты егу жөнінен ерекше еңбек етті. Футболдың феноменін, қадір-қасиетін қазаққа алғаш түсіндіріп берген – Сейдахмет Бердіқұлов. Намыс тұрғысынан Сейдағаңның жазғандарынан «Қайратқа» байланысты айтқандарына ерекше назар салу керек. Мен бұрынғы «Қайратты» айтамын. Ол ерекше бір команда болатын. Өзі қирай жеңіліп жүреді, 13, 15-орыннан жоғарыламайды. Бірақ стадион қашанда толық болады. 3-0 болып жеңілсе де, қазақ риза болып шығады. Өйткені «Қайрат» 89-минутқа дейін жан алып, жан беретін команда. Бүкіл спорт әлемі «Қайраттың» сол намысшылдығын ерекше бағалайтын еді. Кәсібилігі де бар, әрине. «Қайраттың» осындай ерекшелігін Сейдағаң ашып көрсететін. Сейдағаңның шәкірті Несіп Жүнісбаевтың бір айтқаны бар: «Лениншіл жастың» лездемесін жүргізіп отырып, «әлемдік жарыста жүлдеге ілікпеді дегенді қойып, мұндай жарыста 30-орын алған қазақ баласын да жазуға тиіспіз» депті.
Сейдахмет Бердіқұловтың редакторлығына байланысты баса айту керек. Бізде қазір журналистика туралы ұғым өзгеріп бара жатыр. Журналистиканы жазу және өзіңнің мақалаңды жазу сияқты болып қалыптасып бара жатыр. Бұл жақсы үрдіс емес. Журналистика – ең алдымен ұйымдастыру. Өзгелерге жазғызу. Өзгелердің ойын байыту. Өзгелердің сөзін ұштау. Тақырып қоюдан, нөмірді жоспарлаудан, макеттеуден бастап редакторлық қызмет барлығы журналистің кемелділігін көрсетеді. Осы тұрғыдан қарағанда Сейдахмет Бердіқұлов редактор ретінде де ерекше адам. Баяғыда Оралхан тапсырма беріп, мен үшінші курста жүргенде Ескендір Хасанғалиевтен интервью алдым. Соған бір тақырып қойғам. Газетке шыққан соң қарасам, «Жеңіл жанрдың ауыр жүгі» деп қойыпты. Звондадым, тақырыпты жақсы қойыпсыздар деп. Сөйтсем, редактор қойды дейді. Тапқыр тақырыптар қоюға қатысты осындай түрлі мысалдар айтуға болады. Нөмірді жайнатып жіберетін нағыз редактор еді ғой.
Енді Сейдағаңның идея бергіштігі туралы бір мысал. 1975 жылы Аян ағамыз хабарласты. Саған Сейдағаң сәлем айтты деді. Алматыға Айтматов келе жатыр екен. Сауытбек интервью алсын депті. Шықаңның досы Қалағаңды – Қалтай Мұхамеджановты алға салып интервью алдым. Сол интервью – Сейдағаңның идеясы менің өмірімді күрт өзгертті. Интервью шыққан соң, екі күннен кейін мен редакцияға шақырылдым, арада екі күн өткеннен кейін «Социалистік Қазақстанның» әдебиет және өнер бөлімінің тілшісі болып шыға келдім. Сейдағаң «Шықаң кино бойынша келе жатыр. «Қызыл алма» деген фильмін алып. Сол киносы туралы сұхбат алсын деп тапсырған. Кімнің оң жамбасына келетін тақырыпты дәл табу деген осы.
Уәлихан ҚАЛИЖАНҰЛЫ:
– Сейдахмет Бердіқұлов – қазақ журналистикасының тарихында алтын әріппен жазылған тұлға. «Лениншіл жас» газеті С.Бердіқұлов басқарған 16 жылдың ішінде Қазақстандағы ең таралымы көп басылымға айналды. Мен мұны еркін ойдың басылымы дер едім. Өйткені еліміздің басқа басылымдарында қозғалмаған тақырыптар негізінен осы «Лениншіл жас» беттерінде көтерілді. Сондықтан бұл – тек жастардың ғана емес, ұлттың тәрбиешісі болған, ұлттық рухты көтерген, ұлтжандылықты дәріптеген басылым. Атақты Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердіқұловтан кейін «Лениншіл жасты» басқару бақыты маған бұйырған екен. Мен бұрыннан қалыптасқан дәсүрді сақтауға және дамытуға тырыстым.
Сейдағаңның тұсында газетте жыл сайын 22 наурызда жасыл түспен «Көктем» нөмірі шығып тұрды. Мұның ар жағында Наурыз мейрамы жататын. Бірақ онда Ұлыс күні туралы тура, ашық айта алмайтынбыз. Ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеуде «Лениншіл жастың» орны бөлек дейтін болсақ, соның бір мысалы осы – Наурыз.
Сонымен қатар Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесін тұңғыш рет «Лениншіл жас» жариялады. Ал аса таланатты қырғыз қаламгерінің айдай әлемге танылуы осы хикаяттан басталғаны белгілі.
Жалпы, қазақ әдебиетіне спорт тақырыбын алып келген, соның бастауында тұрған – Сейдахмет Бердіқұлов. Оның «Аспаннан шұға жауған күн» деген повесін көпшілік біледі. Тұйғын дейтін біздің велосипедші азаматымыз туралы еді. Онда менің туған ауылымда дүниеге келген жігіттің тағдыры, үлкен спорттағы қасиеті мен қасіреті көркем бейнеленген. Содан кейін Сейдағаңның бір топ ізбасары пайда болды. Солардың қатарында Несіп Жүнісбай, Қыдырбек Рысбек сияқты шәкірттері спорт журналистикасының майын ішіп, майталманға айналды. Олардың жазғандары – әлем чемпионаттарынан берген репортаждары, сұхбаттары қазақ жастарының намысын оятты. Тіпті «Лениншіл жаста» істеп жүрген кезімізде Несіп Жүнісбай қара даналықтардан құралған «Намыс» футбол командасын құруға біраз күш-жігерін салды.
Сейдағаңның тағы бір қасиеті – әр нәрседен деталь іздейтін. Ол кісінің киіну үлгісі де ешкімге ұқсамайтын. Шалбарының түсі басқа, костюмінің түсі басқа болса да керемет үйлесіп тұратын, сосын өзгеше кепка киетін. Ондай бас киім басқаларда болмайтын. Өйткені оны шетелдерге барғанда әкелетін көрінеді.
Ол кісінің азаматтық тұлғасын көрсететін тағы бір жайтты да айта кеткен жөн деп ойлаймын. 1986 жылдан кейін Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бюросы болды. Сонда қазақ жастарының ұлтшылдығы айыпталды. Дәл сол кезде бұл пікірге қарсы ойын айтқан жалғыз адам Сейдағаң болды. Ол партияның жоғары лауазымды функционеріне «Сіз, саусағыңызды шошайтпаңыз, бізді құртқан осы – сұқ саусақтар» деді. Ондайды айту үшін адамға үлкен жүрек, мінез, рухани ерлік керек.
Мен енді ол кісінің қол астында жұмыс істемедім. Бірақ 7 жыл «Қазақстан пионері» газетінің редакторы болғанымда бір ғимаратта, бізден бір қабат жоғарыда отырды. Біз ағайын болмағанымызбен, ауылдас едік. Кейбір мәселелерді бірге талқылайтынбыз. Кейін қатты ауырып жатқанында үйіне көңілін сұрай бардым. Сонда ағасы: «Уәлихан, Сейдахметтің бетіне ешкім келе алмайды. Мынау ауруының беті жаман. Олай-бұлай болып кетсе, не істеуіміз керек, қайда қой дейді екен. Сен соны біліп берсейші» деді. Сосын Сейдағаңмен дидарласып, басу айтқандай болдым. Ол: «Шіркін, Қарақыстақтың суы-ай», деп қалды. Ауылда су толы үлкен бөшке, оның үстінде күрішке тұратын. Күрішкемен суды сіміріп ішетінбіз. Аға сол суды аңсап жатыр екен. Содан Қарақыстақтан дереу бір фляг су алдырдық. Сол судан бір күрішке сіміріп ішті де: «Уәлихан, бәрін өзің білесің ғой», деді. Кейін дүниеден өткеннен кейін ол кісінің қайраткерлігін ескере отырып, барлық қажетті жоралғылармен шығарып салдық. Мен ол тұста Жоғары кеңестің депутаты едім. Бірден «С.Бердіқұловтың есімін ардақтау» туралы қаулы шығардық. Онда туған күнінде футболдан турнир өткізу, болашақта мектепке атын беру, тұрған үйіне ескерткіш тақта қою туралы баптар бар еді. Оның барлығы орындалды.
Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ:
– Алпысыншы жылдары қазақ руханиятына Зейнолла Серікқалиұлы, Асқар Сүлейменов, Рымғали Нұрғали, Әбіш Кекілбаев сынды тұлғалар төңкеріс әкелді. «Жас Алаш» газетінің дүрілдеуі де Шерхан Мұртаза бастаған сол толқынның ықпалы екені көрінеді. Ол кезде Сейдағаң – «Қазақстан пионері» газетінің редакторы. Алматыда Абылай хан көшесінің бойындағы үш қабатты үйде «Балдырған», «Білім және еңбек», «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», бәрі бірге отыратын. Шерағаң мен Сейдағаң онсыз да бұрыннан дос болып өскен адамдар. Кейіннен жұмыс барысында да байқап жүрдік. Отбасыларымен араласатын, бір-бірінің қалжыңдарын көтеретін.
Сейдағаңмен 15 жыл бірге істеппін. Ол кісі қалдырған дәстүр, журналистік ілім туралы ағамыз 60 жасқа толғанда «Ана тілі» газетіне «Ұстахана дүрілдеп тұр» деп мақала жазғанмын. Сейдағаңның «Лениншіл жасты» басқарған кезі нағыз ұстахана еді. Осы ағаның арқасында бейнелеу өнерінің қыр-сырына қанықтым. Алдымен бұл кісі жас маманды секретариатқа салып алатын. Ол – үлкен мектеп. Журналистика факультетін бітіргендей болып шығасың. Болашақта мақала жазғанда макетін қоса сызып апаратындай деңгейге көтерілесің. Қайнар Олжай, Қали Сәрсенбай сынды қаламгерлердің көбі сол секретариаттан өткендер. Мақаланы жазып отырғанда газет бетіне қалай түсерін ойластырып қояды. Тақырыптарды ойнатып беруі қандай керемет. Басқасын айтпағанда, спорт журналистиканың тілін көркем әдебиет деңгейіне көтерді.
Алғашында мені «жассың ғой» деп спорт бөліміне жіберді. Күніне 200-300 жол беру керек соңғы бетке. Олай-бұлай жазам, өзіме ұнамайды. Көңілім толмайды. Сол кезде «Жұмыр жерде теңбіл доп» дейтін кітабы шыға қалды. Қалай оқи бастадым, солай мақалам сайрап қоя берді. Бізде спорт журналистикасының стилін қалыптастырған Сейдағаң-тұғын.
1980 жылы Несіп Жүнісбаев екеуі Олимпиадаға кетіп бара жатып маған «біз ана жақтан жазып, телефонмен айтып тұрамыз, соны дайындап беріп тұр» деді. Сөйттік.
Жүрген жері идея еді бұл кісінің. Бір тақырыпты айтса, шіркін осыны дәл осылай қылып өзі жазса ғой деп қыбымыз қанып отыратын. Айтқанына сендіре алатын қасиеті болатын.
Эсселері ғажап еді. Әсіресе Шыңғыс Айтматов туралы жазғандары есімнен кетпейді. Тақырыпқа топ етіп түсуі таңдандырады, келтірген штрихтарын тілмен айтып жеткізу қиын тіпті. Өндіртіп жазуға әттең уақыты жетпеді. Ол кезде газет күнде шығады. Және ерте кетіп қалды. 61 жас деген немене?
«Шіркін-ай, Қазақстанда «Огонек» сияқты журнал ашылып, мені соған редакторлыққа тағайындаса, қалай құлпыртар едім!» деген сөзі күні бүгінге дейін есімде. Ол кісінің құлпыртарына бәріміз сенетінбіз.
«Сен мені ұстазым деп айтатын көрінесің, оныңа разы боп қалдым. Қазір өзінің тақырыбымен жұмыс істеп жүрген жалғыз газет сенің «Ана тілің» ғана» деді ауырыңқырап жүрген өмірінің соңына қарай. Біз ол кісі партияның тоқпағы астында істей алмағандарын ілгері шығаруға тырыстық. «Ана тілі» партияның емес, қоғамның газеті болып қалыптасты. Бар болғаны сол!
Жанболат АУПБАЕВ:
– Сейдахмет аға қызметкерлеріне жұмыс істеткізе білетін, сонымен қатар олардың дүниетанымының кеңеюіне, тұлғаларды танып-біліп, жақыннан етене араласуына жағдай да жасап жүретін. Сол үшін ол кісі газетте «Лениншіл жастың қонақжай шаңырағы» деген клуб ашты. Оған өзі атақты өнер, ғылым, мәдениет қайраткерлерін ертіп әкеліп, бұл аға-апаларымыздың әңгімелерін редакциядағы жас қызметкерлерге тыңдаттыратын. Соның бір мысалы, 1974 жылғы күздегі атақты әнші Амангелді Сембинмен газет ұжымының кездесуі. Ла-Скаладағы екі жылдық оқуда жүрген тамаша талант иесі бір айлық еңбек демалысын алып, Алматыға келген екен. Соны естіген Сейдахмет аға редакциядағы жас қыз-жігіттер көріп қалсын, әңгімесін тыңдап, әнін естісін деп шақырған ғой. Бұдан кейін редактордың мұрындық болуымен Мәскеуде жұмыс істейтін, жылына Алматыға еңбек демалысында ғана соғып кететін атақты антрополог Ноэль Шаяхметовтің 1978 жылы жастар газетіне келіп, мазмұнды әңгіме айтқаны да әлі күнге дейін есімізде. Кейін осы ұйымдастыру жұмысын Сәкең есейіп қалған біздерге жүктеп, оның орындалуын қатаң қадағалап отыратын болды. Сондай тапсырмамен 1979 жылдың желтоқсан айында мен Алматыға келген түркітанушы, мажар ғалымы Иштван Қоңырды редакцияға ертіп әкеліп, оның әсерлі әңгімесін тыңдағанымыз бар.
Сәкең тың идея тапқан, жақсы материал жазған, редакция қызметкерін керемет бағалап, құрметтейтін. Әспеттеп-әлпештеп, мақтайтын. Шығармашылық адамына тән кейбір «еркелігіне» түсіністікпен қарап, қиқар мінездерін кешіре білетін. Оған Аякең, Аян аға Нысаналинге қатысты мысалды келтіруге болады. 1978 жылғы желтоқсанда заңғар жаушы Шыңғыс Айтматов 50 жасқа толатын болды. Сейдахмет аға үшін Шықаң ерекше қастерлі, қасиетті қаламгер. Өйткені 1958 жылы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесін ешкім түсінбей, ол кісі әрі-сәрі болып жүргенде сыншы Қалжан Нұрмаханбетовтің аудармасымен тұңғыш рет «Лениншіл жаста» жарық көрген еді. Одан беріде яғни 1971 жылы Седахмет аға Шықаң жаңа шығарма жазып жатыр дегенді естіп, Фрунзеге арнайы барып, әлі баспа бетін көрмеген романының бір тарауын сұрап алып, «Қайырылып құстар келгенде...» деген тақырыппен «Лениншіл жасқа» аударып бергені бар. Енді Шықаңның 50 жылдығында аянып қалғысы келмеген Сәкең әдебиет пен ғылым бөлімінің меңгерушісі Аян ағаға дарқан дарынның мерейтойына екі ай қалғанда бұрын болмаған, ешкім жасап көрмеген арнаулы бет жасайсың деп тапсырма берді. Содан бастап редактор мен бөлім меңгерушісі күн сайын ақылдасады. Кеңеседі. Мерейтойға арналған беттің түрлі варианттарын жасайды. Сондай жүздесу басында кейде ренжіседі. Татуласады. Ақыры не болды дейсіздер ғой? Фрунзеде өтетін тойға бір ай қалғанда Шықаңның бүкіл өмірі мен шығармаларынан хабар беретін ғажап бір бет өмірге келді. Сол кездегі ұғыммен қарағанда ол құрама, ал бүгінгі тілмен айтқанда дайджест еді. Өйткені газетке бір мақала бере салғаннан гөрі барлық жағы қамтылған, дерек пен дәйегі мол ақпараттан арнайы бет ұйымдастыру әлдеқайда пәрменді болатын. Ал оның бас тақырыбы ше? Бүкіл елді таңғалдырған ол «Адамзаттың Айтматовы» деп аталатын. Бұрын айтылмаған, баспасөзде болмаған тың да жаңа сөз тіркесі. Міне, той басталардан 5 күн бұрын баспаханада арнайы 150 дана ақ қағазға басылған бұл нөмір салтанатты жиналысқа шақырылған Сейдахмет ағамен бірге Фрунзеге жол тартты. Тойдан қайтып келген соң ол кісі желпініп тұрып аталған газеттің кеңестік 5 мұсылман елі мен 8 түркітілдес автономия, округ делегацияларының қоржынына тәбәрік ретінде салынғанын айтқаны бар. Осы бетті жасап, керемет тақырып тапқаны үшін Сейдахмет аға Аякеңді біразға дейін аялап, еркелігін көтеріп жүрді.
Мен Сейдахмет ағамен 14 жылға жуық жұмыс істедім. Ол кісі туралы үлкенді-кішілі 4 мақала жаздым. Бір материал ағамыздың көзі тірі кезінде 1992 жылғы 11 сәуірде «Жас Алашта» шықты. Риза болды. Ағаның соңғы тапсырмасы да есімде. 1994 жылдың сәуірі еді. «Халық кеңесінде» бас редактордың орынбасары едім. «Әтина апаңды білесің. Бізде верстальщик болған. Сол кісінің ағасы Сираж Әмірханов жазықсыз жазалауға ұшырап, Сібірде 10 жыл азап шегіп келген адам. 70-ке толады екен. Ағам туралы мақала шықса екен дейді Әтина апаң деді. Мен Әділғазы Қайырбековті жіберіп, ол кісі туралы мақала жаздыртып, өтінішін орындадым. Бұл біздің соңғы сөйлесуіміз еді.
Қуаныш ЖИЕНБАЙ:
– «Лениншіл жасқа» қызметке қабылданған күн әлі есімде, бір жалақыны екі жігітке бөліп берді. Болды, ләппәй, тақсыр! Мұнан артық сый-сыяпатыңның қажеті шамалы. Газеттің бас редакторы Сәкең: «Жиенбаевты макетке салыңдар, деді алғаш жұмысқа кіріскен күні-ақ. Бұл жігіт аяқ-қолын байлап қойсаң да жаза береді, жаза біледі». Жарайды, түбі одан жаман болғаным жоқ, Бердіқұлов та бір кезде макет сызған. Секретариаттың жұмысы, әрине, бөлімдерге қарағанда ауырлау. Екі күннің бірінде түн қатып баспаханада жүресің. Кеңінен көсіліп жазуға да мүмкіндік бола бермейді. Бірақ жинақылыққа, барынша қысқа жазуға, көп сөзділікке ұрынбауға, ойды шашыратпай жеткізуге үйретеді екен. Ол кезде жастар газетінің таралымы 300 мыңның үстінде еді. Газеттің бір нөмірінің тағдыры саған сеніп тапсырылады. Беттерді макеттеу де үлкен өнер, бас редакторымыз газеттің безендірілуіне қатты мән береді. Мақалаларды орналастыру, арасына штрих салу, әйтеуір материалды көрнекті етіп беру макеттеушінің міндеті. Қанша жерден тыраштансаң да көңіліне ұнамаған беттерді бастығысыз лақтырып жібереді. Ерінбей-жалықпай қайта сызып, алдына қайта апарасың, күніне редактор кабинетіне талай рет бас сұғып шығуға тура келеді. Сөйтіп, жанығып жүріп те мақала жазуға уақыт табатынбыз. Екі жылдан соң бөлімге ауыстық, қатардағы тілші емес, бөлім меңгерушісі болып бекідік.
Мақтанайын деп тұрғаным жоқ, кішкене тілге тиек. Сексенінші жылдардың орта тұсында Арал теңізінің жағалаудан жылыстауына байланысты Балық шаруашылығы министрлігінің арнайы қаулысымен Бөген ауылының бір топ балықшысы Алматының іргесіндегі Қапшағайға қоныс аударған. Ұзын саны жиырма шақты отбасы. Туған жерден тамыр үзу оларға да оңай соқпаса керек, адам психологиясына әсер ететін ауыр жағдай. Осыларды басты көзір ретінде ала тұрып, «Тұз» дейтін очерк жазғам-ды. Тұз – Аралдың тұзы. Туған жерге деген сағынышты осы «ауырлық нүктесіне» түсіргім келді. Жаман шықпаған секілді. Секеңнің бір кереметі – жазған дүниеңнің алғашқы бетін оқитын да, ар жағындағыны айтқызбай-ақ сезе қоятын. Сол қолымен шиырып белгі соғатын да, баспаханаға жөнелтетін. Әріп қатесі, сөйлемдерді жөндеу, қалай басталып, немен аяқталатын оқиға желісіне барлау жасау деген секілді ұсақ-түйектерге бас ауыртып жатпайды. Ірі турайтын еді ғой, жарықтық. Айтайын дегенім, осы очерк мені қазақ әдебиетінің классигі Әбекеңмен, Әбдіжәмил Нұрпейісовпен таныстырды. Құдайдың оң көзімен қарағандығын қараңыз, шығармашылық шаруаға аса кірпияз, анау-мынауға елең ете бермейтін үлкен жазушы «Тұзды» оқыған соң Сәкеңе өзі хабарласыпты. «Мынау қай бала, біздің елдің тіршілігін білетін тәрізді ғой, қолы тисе біздің үйге соғып кетпес пе екен?» депті. Содан былай арада ағалы-інілі жақсы қарым-қатынас орнады. Сейдағаң саналы ғұмырында «Лениншіл жастан» басқа басылымдарда да басшылық қызметтерде болды ғой. Бірақ менің ойымша, өзінің де есінде қалғаны, елдің де есінде қалғаны – жастар газетінде өткізген жылдары ғой деймін. Ол сөзімен де, ісімен де көпке үлгі болған үлкен жүректі азамат.
Қыдырбек РЫСБЕКҰЛЫ:
– Сейдағаң – менің ұстазым. Менің ғана емес, мыңдаған қазақ бауырлардың ұстазы. Ол кісі – өзінің ұлтқа деген шынайы махаббатымен, азаматтық пейілімен, үлкен жүрегімен елдің есінде сақталған тұлға.
Дәл Сейдахмет Бердіқұлов ұқсап 1965-1986 жылдар аралығында ұлан-байтақ Қазақ елінің жүз мыңдаған шаңырағының есігін аптасына бірнеше рет қағып, керек десеңіз миллиондаған оқырманның жадында есімі жатталған қаламгерді табу қиын. Сейдағаң 1970 жылы сол кездегі «Лениншіл жастың» редакторы қызметіне тағайындалды. Сексенінші жылдары бұл газеттің таралымы 300 мың данаға жетті. Сейдағаң осылайша 16 жыл бойы қазақтың бар қиырындағы тілеулестерімен газет арқылы сырласты, газет арқылы сыйласты, газет арқылы өзінің жүрек түкпіріндегі асыл мұратын, арман-аңсарын жеткізуден бір танған жоқ.
Мен Сейдағаңмен алғаш рет 1973 жылдың қаңтар айында сол жастар газеті арқылы «таныстым». Ол кезде он жарым жастағы қара баламын. Бүгінгі Астанадан 220 шақырым жердегі Жалмаңқұлақ ауылында тұрып Сейдағаңның оқырманына айналдым.
Сол 1973-тен бастап Сейдағаңның жазғандарын ынтық көңілмен оқып, көп дүниесін көкейге тоқып, алыстағы ағаны туғанымдай жақын тарттым. Бүкіл қазақ басылымынан сол кісінің атын оқып қалсам, елжірей қуандым, шынайы сезімге суарылған, шымыр да сұлу дүниелерін оқысам, ерекше шадыман күй кешуші едім. Ағаның кейбір сөз тіркестері көңілді тербейтіні соншалық, тілімнің ұшында жүруші еді. Күбірлеп қайталай беремін. Сөйтіп, жүріп алыстағы Сейдахмет ағамен балаң көңілмен сырласатын болдым. Спорт дүниесіне Сейдағаңша қарауға талпына бастадым. Ауылда тұрып Сейдағаңды ұстаз тұттым. Бұл бір ғана менің басымдағы жағдай. Мен секілді Сейдағаң шығармашылығына құмартқан, балаң сезіммен еліктеген мыңдаған замандастарым болған шығар, бәлкім.
Ол кезде осынау ардақты ағаның, елге танымал үлкен адамның шәкірті боламын, деген ой қаперге кірген емес. Алланың қалауымен Алматыға оқуға келдік. Журналистикаға түсу үшін баспасөзде жарияланған бірнеше мақалаң, белді басылым басшысы қол қойған қолдау хатың болуы керек екен. Менде оның бірі де жоқ, содан ҚазПИ-дің тарих факультетіне құжат тапсырдым. Бірақ бұйырған несібе ешқайда кетпейді екен. Үшінші курстан бастап көңіл қалауымен «Лениншіл жасқа» бара бастадым. Спорт бөлімінің меңгерушісі Несіп Жүнісбаев мен бөлім қызметкері Дүрәлі Дүйсебаев ағалармен танысып, мақала жаза бастадым. Мені жатсынбай, бөтенсімей бауырға тартқан, қатемді түзеп, журналистиканың күре жолына түсуіме себепші болған екі ағама Алла разы болсын!
1985 жылдың маусым айында Несіп аға Сейдахмет Бердіқұловтың кабинетіне алып кірді. Өзім сыртынан құрмет тұтып, қолын алуды армандап жүрген аяулы жанмен жолым осылайша түйісті. 1986 жылдың қара күзінде «Жалын» баспасына ауысып бара жатып «Мен бірдеңе білсем, ана отырған қара баладан бірдеңе шығады», деп назары түскені маған қанат бітіргендей болды. «Жалынның» директоры кезінде үлкен басымен бірнеше рет звондап, жаңа шыққан мақалаларыма жылы лебізін білдірді. Алғашқы кітабымды шығарып берді.
Кейін алпысыншы жылдардың газеттерін парақтаған кезімде Ұстазымның ұлт намысы үшін қалай еңбектенгеніне көзім жете түсті. Ғұсман, Октябрь, Тимур, Жәнібек, Әбдісалан, Мақсұттарды газетке тартып, жолсапарларын, очерктерін жариялап, аштық, репрессия, соғыс, тың көтеруден, жүздеген мектептердің жабылуынан әбден титықтаған, ұлттық рухы білте шамдай өлеусіреп, өз жерінде 28 пайызды зорға құраған қазақтың намысын көтеру жолында аянбай еңбек етіпті.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ:
– Сейдахмет аға 61 жасында қайтыс болды. 61! Ол кезде бізге бұл үлкен жас көрінетін. 61-ге келген адам өмірдегі бүкіл жұмысын істеп, ана дүниеге кетуге дайындалып жүруге тиіс секілді көрінетін, біздің жастыққа тән максималистік көзқарасымызбен қарағанда. Шынында да солай. Өйткені ол кезде отызда, қырықта, елуде, елу бесте көп адамдар көп шаруа атқаратын. Үлкен жетістіктер мен биік белестерге жететін. Қазір енді өлшем өзгерді. 61 жасында Сейдахмет аға абыз болды, тұлға болды. Ұлттың үлкен қайраткері дәрежесіне көтерілді. Өз өмірінің қорытындысын жасады. Біз соны көрдік, сондықтан біздің қатарластарымыздың 61 жасы емес, Сейдахмет Бердіқұловтың 61 жасы бізге үлкен өлшем.
Ол кісі ұстаздардың ұстазы болды. Біз сондай ұстазға шәкірт болдық. Мына жерде «Жас Алаштың» бұрынғы бес қызметкері отырмыз. Сейдахмет ағаның қарамағында істеген – Жанболат аға, Жарылқап аға, Қуаныш аға, Қыдырбек және мен. Уәлихан аға ізбасары болып, жолын жалғады. Солардың ішіндегі қызметке ең кейін алынғаны мен едім. Сейдахмет ағаның бұйрықты сол қолымен жазып алған соңғы қызметкерлерінің бірімін.
Кез келген әке барлық баласын жақсы көреді, соның ішінде өзіне ұқсайтын, өзінің жолын жалғайтын, болмыс-бітімі мен түр-тұлғасы ұқсайтын бір баласы болады ғой. Сол сияқты, Сейдахмет Бердіқұловтың үш шәкірті болды, бірінен бірі өтеді – Несіп Жүнісбай, Дүрәлі Дүйсебай, Қыдырбек Рысбекұлы. Барлық журналистердің маңдайына жақсы журналист болу жазылады, жақсы ұстаз болу да жазылады, жақсы тәлімгер болу да жазылады, бірақ жақсы мектеп қалыптастыру жазылмауы мүмкін. Ондай мектеп қалыптастырған адамдар саусақпен санарлық. Тіпті бір қолдың саусағы да жетіп қалуы мүмкін. Сондай бірегей адам – Сейдахмет Бердіқұлов. Ол кісінің спорт журналистикасында мектебі қалыптасты. Үш адамнан қалай мектеп қалыптасады деп ойламаңыздар, спорт журналистикасындағы өзге жігіттер – Қыдырбектің, Дүрәлінің, Несіп ағаның шәкірттері.
Бердіқұловты айтқан кезде тәрбие мәселесі де алға шығады. Мысалы, біз осы кезге дейін Бердіқұловтың тәрбиелеу тәсілін ұстанамыз. Жасы өзімізден үш жас үлкен болса да «сіз» деп сөйлейміз. Сыйлауға тұратын болса жасы кішілерге де «сіз» деп сөйлейміз. Сосын ол кісінің болмысына, ісі мен сөзіне қарап мынадай нәрсені ұқтық, түсіндік, үйрендік. Еш нәрсені шатастырмау керек. Шатастыруға болатын нәрселер бар, шатастырған күнде де ешкім ренжімейтін. Шатастыруға болмайтын нәрселер де бар. Оны журналистиканың қазіргі буыны да, бұрынғы буыны да есте сақтауы керек. Мысалы, әлгінде ғана Уәлихан ағадан интервью алып тұрған тележурналист «Дихан аға» дейді ол кісіге. Әрине, жетпістегі Уәлихан ағаны жасарта сөйлегеніне біз қуанамыз, бірақ олай шатасуға болмайды ғой. Сейдахмет аға бұрын осындай нәрсені бізге көп айтатын.
«Жас Алашта» кезекті лездеме болып жатқан кезде Ертай Айғалиев дейтін ағамыз сөз арасында «Мен мұны Жарылқапқа айттым», «Мен Жарылқапқа былай дедім» деп айта берді. Ол уақытта Жарылқап ағамыз жауапты хатшы болып істейді. Сол кезде Сейдахмет Бердіқұлов: «Жігіттер, қазір біз тәрбие дегенді ұмытып бара жатырмыз. Ертай екі сөзінің бірінде Жарылқап, Жарылқап дейді. Өзі сонда Жарылқаптан алты жас кіші» деді. Болды. Одан кейін Ерағаң қандай тәуекелге баруы мүмкін? Бұл сөз бәрімізге қарата айтылды. Әлі күнге дейін өзімізден үш жас үлкен адамға сіз деп сөйлеуден танған жоқпыз. Қазір алпысқа келдік, енді ол дағдымызды бұзып кете қоймаспыз.
Ол кісі қызметкерлеріне қорған болды. Сейдахмет Бердіқұловтың қорған болу тәсілі бөлек еді. Бір күні газетте үлкен қате кетті. Қатені 5-6 адам жібердік. Ішінде мен де бармын. Кезекші болғанмын. Менің кінәм жеңілдеу болды. Ең кінәсі ауыр – Әнуарбек Әуелбеков. Жезқазған облыстық партия комитетінің жай хатшысын «бірінші хатшы» деп жіберген. Қазір қате жіберсең ұйықтай бересің ғой, ал ол кезде құрисың. Содан, Комсомолдың Орталық Комитеті таң атпай айғайға басты. Түсінік жазып қойып бәріміз отырмыз. Бердіқұлов жоқ. Командировкада. Содан Жезқазған обкомының хатшысы Сапарғалиев қоңыраулатты түске қарай «Не істедіңдер, жігіттер? Анау Давыдов мені өлтірейін деп жатыр» деп. Давыдов деген – бірінші хатшы. Сөйтсек, кейін білдік, Сапарғалиевқа Бердіқұлов «жігіттер қызметіңді өсіремін деп ниет қылған екен, не болды сонша аттандап» деп жауап беріпті. Сонда Әнуарбектің тілі байланып, кешке дейін шашы ағарып кете жаздады. Бізді солай құтқарып жібергенін де біраз күннен кейін білдік. Осылай қорған болды бізге және онысын айтқан жоқ.
Ол кісі ешкімнің көңілін қимайтын. 5-курс оқып жүрген кезімізде «Эпилог» дейтін қабырға газетін шығардық. Бір күні газеттің бас редакторы Мұратбек Тоқтағазин «елдің үш басылымының бланкасына қолтаңба жаздырып әкелемін, соны газетке жапсырамыз» деді. Оны кім жасайды? Мен жасаймын деп өзі кетті. Ол кездегі елдің үш басылымы – «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан». Тоқтағазин алдымен үлкенінен бастайын деп Балғабек Қыдырбекұлына кіреді. Балғабек Қыдырбекұлы тыңдап алып, «айналайын-ау, істеп жүргенің баланың ойыны ғой. Бар, есікті жап» деп шығарып салады. Үлкенінен бастап едім, ұят болды, онда кішкентайынан бастайын деп Уәлихан ағаға барады. «Аға, бланкаңыз болса, «Эпилог» газетін шығарып жатқан балалар, жарайсыңдар» деп жазып беріңізші» дейді. Уәлихан аға жазып береді. Содан көңілденіп «Білім және еңбектегі» Ақселеу Сейдімбековке барады. «Эпилог» деген орысшалау екен деп күмілжігенімен көңіл жықпай ол да жазып береді. Сосын Сейдахмет Бердіқұловқа кіреді, ол кісі жазып береді. Жазып жатқан кезде бұл қарап тұрмай «Уәлихан аға да қойды, Ақселеу аға да қойды, енді сіз де қойыңыз» дейді ғой. Сейдахмет аға ала көзімен бір қарайды. Тоқтағазин сонда «жаңағы «Уәлихан аға да қойды, Ақселеу аға да қойды, енді сіз де қойыңыз» дегенімді Ақселеу ағаға барып айтпай-ақ қойыңызшы» дейді. Сол кезде Бердіқұлов жаймен қарап, «қалқам, оны барып айтып жүруге уақытым да жоқ» депті. Бізге жазған тілегіңде Бердіқұлов «отыз жыл журналистиканың құлақ кесті құлы Сейдахмет Бердіқұлов» деп жазады. Отыз жыл деген бізге сол кезде сұмдық ұзақ уақыт көрінген.
Сосын ол кісінің басқару, менеджменттік тәсілі сұмдық болатын. Қуаныш аға екеуміз бір бөлімде жұмыс істейміз. Қуаныш аға – бөлім меңгерушісі. Бөлімнің аты – «Комсомол тұрмысы». Мен – тілшісімін. Жұмысқа тұрғаныма үш апта болған. Бердіқұлов кабинеттерді аралап келе жатыр деген сөз «министр келе жатыр» деген сияқты естіледі. Ол кісі кіріп келді, Қуаныш аға екеуміз атып тұрдық. Қарап-қарап тұрып Қуаныш ағаға ұрысты. «Айналайын, Қуаныш. Бөліміңде жас жігіттің келгені сезілмейді» деді. Менде шаруасы жоқ. Кеткен соң Қуаныш аға мені өлтіретін болды-ау деп ойлап тұрмын. Бірақ Қуаныш аға мен күткендей реніш танытқан жоқ. Дегенмен ана сөз қатты әсер етті.
Сейдахмет ағадан біз үш нәрсені алдық. Анығында, ол кісі үш нәрсені қатты ұстанды. Ол кісі мықты стилист болып, қазақ журналистикасына өте мықты стиль әкелді, өте мықты форма әкелді, сосын тақырып қоюдың шебер тәсілін енгізді. Соны алуға тырыстық. Қаншалықты қолданып жүргенімізді білмейміз. Уәлихан аға жақсы айтты «өте ерекше киініп жүретін» деп. Әсіресе, бешпент киіп жүретін. «Шерағаның шинелі» деген сияқты, біз «Бердіқұловтың бешпентінен шықтық» деп айтамыз.
ТІЗГІН ТАРТАР
немесе тілші түйіні
Әйгілі әріптесті әспеттеген қаламдастар әңгімесінен ұққанымыз: Сейдахмет Бердіқұлов – қазақ журналистикасының тарихында өшпес із қалдырған тарланбоз. Жақсы ағаның жарқын бейнесі сөз сиқырына арбалған ұрпақтарының жадында ұдайы жаңғыра бермек.
Оның оқырман олжасына айналған кітаптарын қайта парақтағанда жазушының жан-тәнімен халқын сүйгенін, салт-дәстүрін сақтағанын, ұлтын ұлықтаудан асқан ұлы мұраты болмағанын байқайсыз. Кезінде одақтық, әлемдік додаларда топ жарған қара көз бауырларымыздың барын дардай етіп жеріне жеткізе жазды. Алаштан ат оздырған Шоқыр Бөлтекұлы, Октябрь Жарылғапов, Әбдісалан Нұрмаханов, Тимур Сегізбаев, Ғұсман Қосанов сияқты саңлақтар туралы эсселері еріксіз таңдай қақтырып, бас шайқатады. Қаламымен қарасөздің қаймағын қалқып, «мазмұны социалистік мәдениет» ұмыттырып жібере жаздаған ұлттық болмыс ұғымдарын еске салып, санамызды дүр сілкіндіргенін айтпасақ арымызға сын. Сейдағаңның «Ертеңнен салса, кешке озған» дейтін шағын ғана дүниесі бар. 1953 жылы тәуліктік жарыста 311,6 км жүріп өтіп әлемдік рекорд жасаған өзінің ауылдасы Кәстекбай Рахметжановтың жетістігін аңыз-ертегідей аңыратады. Сол мақаланың бір жерінде «Кейде кәнігі редакторлығым жетелеп, «Шіркін, газеттегі жастар оқитын ресми материалдарды ауыз әдебиетінің стиліне салса...» дейтін жолдарды кездестіреміз. Біздің білуімізше, бұл – автордың айнымас ұстанымы. Бүкіл шығармаларында көрініс тапқан. Өйткені баяғы бабаларымыздан мирас фольклор жанымызға жақын, құлағымызға бірден құйыла кететінін білген. Қазақы рухты қаламгердің өзі айтқандай: «Бағзы замандардан бері бозтөбенің басында ауыл ақсақалдары айтатын желіні үзбей, сол мақаммен әсерлеп, әрлеп, әдейі ұмытқың келсе де естен шықпайтындай етіп жеткізді. Бүгінде сан мың әңгімеден, сан мың жаңалықтан құлақ тұнады. Санада сақталары бірлі-жарым».
Кешегі кеңестік кезеңде «Комсомольская правданы» көркейтіп, «Известияның» иін қандырған сойқан редактор Алексей Аджубей жайында есім-сойы қазақтарға да етене таныс ресейлік жұлымыр журналист Леонид Млечиннің «Ол газетті әйелден де жақсы көретін» деп жазғаны ойға оралып отырғаны. Себебі біздің Сейдахмет Бердіқұлов та газет жұмысына біржола берілген бірегей редактор болғаны талас тудырмаса керек. Ол қалыптастырған мектеп, соңында қалған әдеби мұра әлі бірнеше буынның көкірек көзін ашары анық. Жарылқап Бейсенбайұлы жазғандай, «Ұстахана дүрілдеп тұр».
Р.S: Айтпақшы, осы жолдар авторы да бала кезінде спорт журналисі болуды армандаған. Сол мақсаты мазалай берген соң, КазГУ-дің киелі табылдырығынан аттаған...
Бірақ... Иә, сүйікті жазушысы Сейдахмет Бердіқұловтың «Жүрек ұйықтауды білмейді» аты повесіндегі бір кейіпкер (бәлкім, автордың өзі) «Жалпы, менің Алматы дегенде жолым болмай-ақ тұр» деп кейігеніндей, ол ойым орындалмады. Тағдыр ғой... «Сұраушының сүйген асын кім берген?».
1983 жылдың көгілдір көктемі. Журналистика факультетінде ердің жасы елуге толған Сейдахмет Бердіқұловпен кездесу өтетін болды. Мұхамеджан Сералин атындағы әдеби бірлестіктің жетекшісі, ақын Қайрат Әлімбеков маған сонда баяндама жасауды тапсырды. Содан Пушкин кітапханасына барып, газет тігінділерін ақтарып, он беттен аспайтын ой-пікірімді қағазға түсірдім. Алайда оны мерейтой иесінің алдында оқудың сәті түспеді. Жақсы-жайсаңдар жан-жақтан жарыссөзге шығып, сарауыз студент бізге кезек тимей қалды.
«Қайраттың» шабуылшысы Евстафий Пехлеваниди КСРО-ның ең үздік 33 футболшысының тізіміне еніп, жанкүйерлеріміз жайраңдаған күндерінің бірі еді. «Медеуде» жаттығып жүрген жерінен тауып алып, «Пехадан» интервью алдым да «Лениншіл жасқа» апардым. Содан Дүрәлі Дүйсебаев дайындап, Несіп Жүнісбаев қол қойып, редакторға ұсынбай ма. Өкінішке қарай, сүйікті Сейдағам мақаланың шекесіне «Мұндай жаттанды интервьюді жариялаудың қажеті жоқ» деп белгі соғып, кері қайтарыпты. Кейін ... Арада айналып жылдар өткенде Дүрағаң айтты: «Сейдағаң өзіміздің ұлттың өкілдеріне ешкімді теңгермейтін Ұлтжандылығы ұлан- асыр еді ғой, ол кісінің. Егер сен Пехлеваниди емес, анау допты хоккейдегі Алматының «Динамосы» сапында алаңға анда-санда ғана шығатын Марсель Киікбаев туралы жазғаныңда бірден жарияланатын еді», деді менің баяғы өкпемді басып.
Оны мен қайдан білейін?
Талғат БАТЫРХАН,
«Egemen Qazaqstan»