• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 09 Мамыр, 2023

Нева тұмсығындағы қанқасап

453 рет
көрсетілді

Біз соғысты көрген жоқпыз. Бірақ аталарымыз нацистік Германиямен күресте жан алысып, жан берісті. Олардың көбі жау оғынан қаза тапса, санаулысы ғана елге оралды. Менің атам Отар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, қанды қырғынды бастан өткерді. Артынан «қара қағаз» келсе де, соғыс біткеннен кейін бір жылдан соң елге аман оралды.

Мен дүниеге келгенде Отар атам әлдеқашан ба­қиға аттанған екен. Ол туралы есте­лік­терді әжем Мәйке мен әке-шешемнен естіп өстім. Атама қатысты әңгіме қозғала қалғанда, үйдегі анам құжаттардың ішіне мұқият салынған бір жапырақ қағазды көрсетеді. «Қара қағаз». Оның атын естігенде қара түсті деп елестетіп жүрген екенмін. Жоқ, кәдімгі бір жапырақ қағаз. «Қара қағаз» атануы түсіне емес, оның жет­кізген қаралы хабарына байланысты болса керек.

Апамның атына келген қайғылы хабарламада атамның Ленинград түбіндегі шайқаста қаза тапқаны айтылады. Бірақ жеңістен кейін бір жылдан соң Отар атам арып-ашып, туған жеріне табан тірейді. Соғысқа үш боздақ аттандырып, хабар-ошарын мүлдем білмейтін шағын әулет үшін бұл – үлкен той. Бір қызығы, соғыс жылдары Мәйке әжем атама қатысты қайғылы хабарды мүлдем естімепті. Өйткені соның алдында ғана Отардың ағасы Иланның қаза тапқаны туралы ақпарат жетеді. Мұны жақсы білетін ауыл басшысы «қара қағазды» көрсетпей, тығып қойған екен. Атам оралғаннан кейін үйге арнайы келіп, қаралы құжатты табыстапты.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде біздің әулеттен үш адам майданға аттанды. Олар: Қыстаубайдың балалары Отар мен Илан, Әлиманның ұлы Әмірбек. Отар атамның жағдайын жоғарыда айттық. Иланның артынан да хабар-ошарсыз кеткені туралы «қара қағаз» келіпті. Басқа еш мәлімет жоқ. Әмірбек соғысқа дейін үйленбегендіктен, ол туралы мәлімет мүлдем жоқ. Қиын-қыстау кезеңде хабарсыз қалғандарды кім іздесін? Илан атамыздың да, Әмірбек атамыздың да сүйегі қайда қалғанын сол күйі іздеуге мүмкіндік тумады.

Кейін, кеңес өкіметі құлап, заман түзелген тұста Ресей шаң басқан архивтерде жатқан миллиондаған құжатты интернетке салды. Қазіргі таңда «ОБД Мемориал» (obd-memorial.ru) және «Память Народа» (pamyat-naroda.ru) се­кіл­ді сайттар сарғыш тартқан тарихи жәді­герлерге толған. Аталған дерек­қор жыл сайын мыңдаған құжатпен толық­ты­рылып отырады.

Ес білген тұста аталарымды іздеп Тараздағы архивті ақтарған едім. Олар туралы мәлімет табылмады. Алайда іздеуді жалғастыра бердім. Санаулы жылдар бұрын «ОБД Мемориал» сайтынан Отар атамның хабарсыз кеткені жөніндегі мәліметті кездестірдім. Илан атамыз жөнінде мүлдем ештеңе жоқ еді. Таяуда «Память народа» порталында ол кісіге қатысты ақпарат табылды. Тегі қате көрсетілген. Басқа мәліметтің бәрі сай.

Архив деректерін сөйлетейік. Отар да, Илан да 1942 жылы Жамбыл облысындағы Сарысу аудандық әскери комиссариатына шақырылып, майданға аттанады. Екеуі де Ленинград майданындағы 11-атқыштар бригадасына түсіпті. Тіпті, батальондары да бір – 4-жеке атқыштар баталь­оны. Архив деректерінде Қыстаубаев Иланның 1942 жылғы 26 қыркүйекте, ал Қыстаубаев Отардың 5 қазанда хабарсыз кеткені көрсетілген.

Аталарым Отан қорғаған әскери топ 1941 жылы Ленинградта 2-атқыштар бригадасы ретінде құрылады. Кейін сол жылы 30 қыркүйекте 11-атқыштар бригадасы атанады. Бастапқыда бригада Ленинградтың шығысында, Нева өзенінің оң жағалауында қорғаныс ұстап тұрады. Кейіннен «Нева тұмсығы» атанған плацдарм тұсына жіберіледі. 1942 жылдың қыркүйегінде сол маңда қорғаныс құрған.

«Нева тұмсығы» («Невский пятачок») – Нева өзенінің сол жағалауындағы плацдарм атауы. Ленинград блокадасы кезінде Қызыл әскер фашистердің шабуылын тойтарып, қарымта қайтару үшін өзеннің қарсы бетіне өту қажет еді. Сондықтан плацдарм салу үшін Нева өзенінің ұзындығы 2 шақырым, ені 800 метрге жететін иірімі таңдап алынған. Атау осыдан шыққан.

«Нева тұмсығы» плацдармы Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ең қанды әрі ерлікке толы оқиғаға куә болды. Тарихшылардың есептеуінше, соғыс кезінде осы шағын алаңқайға тәулігіне 52 мың бомба мен снаряд түскен көрінеді. Алақандай жерде 1941-1943 жылдары Ленинград майданының жауынгерлері блокаданы жарып өту үшін 400 күнге жуық жан алысып, жан берісті.

Тарихи деректерге сүйенсек, кеңес әскері 1941 жылғы 20 қыркүйекте Нева өзені маңындағы Дубровка ауданына келіп бекінеді. Алайда одан кейінгі ұрыс нәтижесіз аяқталып, Волховск майданы сарбаздарына қосыла алмаған. Ақыры 1942 жылғы 29 ақпанда Қызыл әскерлер «Нева тұмсығын» тастап, кері шегінеді.

Сол жылы қыркүйекте Ленинград майданының әскери кеңесі Нева өзені­нен жаңа плацдарм жаулап алуға шешім қабылдайды. Осылайша, Нева ма­ңын­да­ғы Дубровка елді мекенінен 70 және 86-атқыштар дивизиясы және 11-жеке атқыштар бригадасы әкелінеді. Бұл іс-қимылдар тарихта «Нева жедел тобы» атымен қалды. Топтың жаңа жетекшісі генерал-лейтенант Д.Н.Гусевтің қолбас­шы­лығымен «Нева жедел тобы» 1942 жылғы 26 қыркүйек күні түнде шабуылға шығады. Негізгі күш «Нева тұмсығы» тұсындағы «Теплобетонная» платформасы маңайына шоғырланады.

Жаудың қақ маңдайынан плацдарм алу – оңай шаруа емес. Сондықтан Кеңес әскері бұл шабуылға мұқият дайындалды. Мыңдаған қайық жеткізіліп, танк, артиллерия секілді ауыр техниканы таситын арнайы катерлер де әкелінді. Тіпті, фашистердің көзіне түспес үшін Нева өзеніне дейін терең траншея қазылып, қайықтарды сонда жасырған. Межелі мерзім жеткенде кеңес әскері қолда бар артиллериялық қарудың бәрінен немістер орналасқан тұсқа снарядты жаңбырша жаудырады. Артиллериялық дайындықтан кейін, таңғы 3:30-да өзеннің үш тұсында алғашқы десанттар түсіріле бастайды. Снарядтан әрең есін жинаған фашистер көп ұзамай қарсылық көрсете бастайды. Олар десантшылар түскен тұсты минометпен атқылап, күні бойы пулемет оғының астында ұстайды. Сол қанқұйлы 26 қыркүйекте немістердің ұшақтары 300 мәрте аспанға көтеріліп, Қызыл әскердің төбесінен «өлім сәлем­де­месін» тастапты. Қанды ұрыс кешкі 6-ға дейін жалғасқан. Плацдарм алу міндеті негізінен 70-атқыштар дивизиясына жүктеледі. Ал 11-жеке атқыштар бригадасы жаудың назарын аударып, Қызыл әскер плацдармға бекінгенге дейін «Теплобетонный» платформасының маңында ГЭС-тің қақ алдынан әлсін-әлсін шабуылға шығып отырған. Ақыры 70-атқыштар дивизиясы Нева өзенінің сол жағалауынан алақандай жерді басып алып, бекініс құрады. Кейіннен 11-жеке атқыштар бригадасы мен 86-атқыштар дивизиясының аман қалған жауынгерлері оларға қосылады.

«Нева тұмсығындағы» қырғынның сұмдығы мына деректерден-ақ байқалады. Мәселен, 1942 жылғы 26 қыркүйекте 11-атқыштар бригадасы сапынан із-түссіз жоғалғандар саны 319 адамға жеткен. Ал жалпы осы «Нева тұмсығында» маңында жаудың құрсауын бұзып шығу барысында Қызыл әскер 400 мыңға жуық сарбазынан айырылған екен. 60-жылдары «Правда» газетінде қаза тапқандар санын 200 мың деп көрсетіліпті. 2001 жылы Ленинград ардагерлер комитетінің деректеріне сүйенсек, осы шағын алаңқай маңында 50 мың сарбаз бақиға аттанған. Осы кезеңде фашистер 40 мыңға жуық жауынгерінен айырылды.

Қазіргі таңда бұл маңда қаза тапқан жауын­герлерді іздестіру жұмыстары тоқтау­сыз жүргізіліп келеді. Отан үшін қан төккен жүздеген сарбаз бен сардар­дың жерленген жері анықталып, арнайы мемориалды ескерткіш орнатылады. Осы маңдағы қанды қырғын кезінде XV ғасырда іргетасы қаланған Выборгская Дубровка деревнясы жер бетінен мүлдем жойылып кетіпті. Қазір деревня орнында «Мынаны біл ұрпақ. Мұнда XV ғасырдан бері Выборгская Дуб­ровка деревнясы болған. 1942 жылы жойылды» деген жазуы бар ескерткіш тұр.

Тағы да архив деректерін сөйлетейік. 1942 жылғы 25 қыркүйектегі мәлімет бойынша, «Нева жедел тобы» құрамында 24491 сарбаз бен сардар сапта тұрған. 26 қыркүйектен бастап төрт күн ішінде топ 1191 жауынгерінен айырылса, 2613-і із-түзсіз жоғалып, 3059-ы жарақаттанған. Жалпы, 6863 сарбазы, яғни 30 пайызы қатардан шыққан. Міне, осы мыңдаған боздақтың ішінде менің Илан атам да бар. Бәлкім, ол кісі Нева өзенінің жағасындағы бауырластар зираттарының бірінде жатқан болар. Илан атамның жалғыз ұлы Байтан көкем өле-өлгенше әкесі туралы хабар естуді армандап өтті. Ол кезде қазіргідей интернет дамыған емес. Алда-жалда тірі кезінде Илан атамның қайда қаза табуы мүмкін екені туралы мәлімет шыққанда, Байтан көкем әлдеқашан Нева өзенін жаяу аралап шығар еді...

Отар атам соғыс туралы сирек айтқан екен. Бірақ аз әңгіменің бірінде бауы­рын шабуылға шығар алдында көріп, сәлемдесіп қана үлгергенін, ұрыстан кейін таппай қалғанын еске алған. Тарихи мәліметке сүйенсек, Илан атамыздың хабарсыз кететін тұсы да сол кез болса керек. «Нева тұмсығындағы» шағын жеңіс көпке ұзаған жоқ. 30 қыркүйекте Арбузова стансасын азат еткен 11-атқыштар бригадасы бірнеше күн бойы жаудың шабуылын тойтарып отырады. Алайда 6 қазанда бекінісін тастап, Нева өзенінен кері өтуге мәжбүр болады. Отар атам осы сәтте неміс тұтқынына түскен. Әкемнің айтуынша, ол кісі өзеннен өтер кезде ұсталғанын әңгімелеп отырады екен. Бригада бас­шылығы Отар Қыстаубаев табылмағандықтан, оны өлдіге санап, жұбайы Мәйкеге қаралы хабарды жеткізетін хат жолдайды. Хаттың тағдырын жоғарыда айттық.

Атам қолға түскен соң, басқа да тұтқындармен бірге Германияға кетеді. Көп қиыншылық көріп өскен Отар әскери билеттің маңызын түсініп, ұстала сала күпәйкесінің қолтығын сөгіп, құжатын сонда тығып қояды. Немістердің елінде тағы бір тұтқынмен бірге алыс орманда командирдің атын баптап, ас-суын әзірлеуге жегіледі. Бірнеше жыл бойы амалы құрып, жау қолында жүрген олар жеңіс туралы жаңалықты кеш естіпті. Нацистік Германияның тізе бүккені жөніндегі жаңалық тұтқындардың елге оралсақ деген арманына қанат бітіреді. Сөйтіп, күндердің бірінде орманда тығылып жүрген фашистерден қашуға бел байлайды. Әдеттегідей моншаға су толтырып, ысытқан соң, командирлердің кіруін күтеді. Содан кейін есікті сыртынан құлыптап, айналасына ағаш үйіп, оған от қояды. Сөйтіп, шығысқа бет түзеп қашады.

Әупірімдеп жүріп кеңес одағының шекарасына жеткенде оларды Қызыл әскер тоқтатып, құжат көрсетуді талап етеді. Қасындағы жолдасы еш мәлімет ұсына алмағандықтан, оны бірден тұт­қын­дайды. Ал атам күпәйкесінің қол­тығына тыққан әскери билетін шығарады. Осылайша, Отар атам туған жеріне аман-есен оралған. Атамның тұтқында болғанының белгісі іспетті, үйде ұстара, темір қайшы және алюминий шара бар. Соғыстың аяқталғанына 78 жыл өтсе де, қанды қырғын салған жара жүректерде мүлдем жазылар емес.