• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 09 Мамыр, 2023

Майдан газеті: Сарғайған парақтар сыры

1486 рет
көрсетілді

Сұрапыл соғыс талайдың өмірін жалмады. Қызыл әскер қатарына 1 млн 200 мыңнан астам қазақ­стан­­дық шақырылса, олардың әр­бір екіншісі опат болған. Сол күн­дердің жылнамасы, тарихы ретінде сақ­талған, көпшілік біле бер­мей­тін басылым «Отанды қорғау­да» деген атпен 1942-1944 жылдары шы­ғып тұрды. Газет Қызыл әскер­дің жоғарғы сая­си басқармасы Ле­нин­град майданы әскери кеңесінің ұсы­нысымен жарық көрді.

Ондағы мақсат – Ленинград майданында ерекше ерліктерді насихаттау арқылы жа­уын­герлер арасында үгіт-насихат жұмысын жақсарту еді. Қан майданның қақ ортасынан ақпарат дайындап, газет шығару қиынның қиыны болатын. Тіпті кей кездері журналистер қаламын қойып, қолына қару алып соғысқа тікелей араласып отырған. Сұм соғыстың әр таспасын, майдангерлердің ерлігін баяндайтын бұл газеттің сарғайған беттері бү­гінге дейін жетті. Академик Түймебай Әшімбайұлының отбасылық архивінде ұзақ уақыт бойы ұқыпты сақталып келген газеттің тігіндісі 2019 жылы Прези­дент архивіне мемлекеттік сақтауға тап­сырылған еді.

«Отанды қорғауда» атауымен шыққан газеттің алғашқы саны 1942 жылы 6 қа­рашада жарық көріпті. Ол уақытта Кеңес әскері Ленинград коршауында қалғанына 503 күн болған екен. Сол себепті газеттің алғашқы нөмірі «Қазақ жауынгерлері, неміс арамдарын аямай жой», «Неміс оккупанттарына – өлім» деген ұранмен шығарылған, онда өлім қоршауында қалған адамдардың ауыр күйі мен қазақ жауынгерлерінің қайсарлығы жазылды. Газет Ленинград майданының Қызыл әскер басылымы еді. «На страже Родины» қазақ тілінде, аптасына 2 рет шығатыны басылымның маңдайшасында жазылған. Бірінші мақаласының атауы «Октябрьдің жеңісін тұрақты қорға» деп аталған. Бұл мақалада тыныш әрі бейбіт жатқан кеңес еліне соғыс ашқан деп немістерді жек көруге, оларды аямай өлтіруге ша­қырады. Соғысқа аттанған майдангерлерге Отанды қорғау міндет екенін, жеңілмейтіндеріне сендіріп рух беруге тырысады. Ал өз кезегінде жауынгерлер қазақ тілінде майдан газетінің шық­қанына ризашылығын білдіріп, арнайы хат жолдаған. 1942 жылғы 25 қарашада қазақ жауынгерлері И.Әбенов, Ш.Рыс­беков, Тінтаев, Әмірбеков «Қазақ тілінде шығатын «Отанды қорғауда» газетін оқып  қуанып қалдық. Ана тілімізде шы­ғатын газет бізге өте керек», деп жазады.

Газет беттерінде ерлігімен көзге түскен майдангерлер туралы арнайы ма­қалалар да жазылып тұрған. Мысалы, «Отанды қорғауда» газетінің 1942 жылғы 5 желтоқсандағы санында «Мерген Рау­шанов» деген тақырыппен сержант Бахран Раушанов туралы мақала жарық көр­ген. Мақалада оның жасы 21-де болса да, соғыс басталғалы 70 немістің көзін жойғаны жазылады. Ал газеттің 1943 жылғы 15 қаң­тардағы 20-санында аға лейтенант Нұрбек Махметов туралы мақала жарияланған. Онда оның со­ғысқа өз еркімен келіп, кейіннен коман­дирлер оқуына барғаны жазылады. Нұр­бек өз бөлімінде темірдей тәртіп ор­натқан шыныққан командир екені ай­тылған. Сонымен қатар ұшқыш, майор Саид Жылқишиев 60 рет әуе соғысына қа­тысып, 20-дан аса артиллерия мен миномет батареяларын тұрған жерін тауып, 4 батареясының көзін жойған.

Басылымда Халық комиссарының бұй­рықтары, ұрыс даласындағы өзге­ріс­тер, Қызыл әскердің қандай қалаларды алғаны ту­ралы ақпараттар үздіксіз жарияланып тұрған. Мысалы, Сталинград түбіндегі 6 апта ішінде болған шабуыл жинағы, тұтқынға түскен немістердің жағдайы да жазылған газетте «Жауынгер ұлдарыма» деген өлеңдер, жау әскеріне қатысты әзіл-қалжыңдар да бар. Со­нымен қатар басылым майдангерлер­мен бір­дей Жеңіс үшін аянбай тер төк­кен тыл еңбеккерлерінің ерлігін де баян­дап отырған. Мысалы, 1942 жылғы 9 жел­тоқсанда Қызылорда облысынан Қы­зыл әскер бөлімдеріне жаңажылдық сыйлықтар жібергені жазылған. Жалағаш ауданының колхозшылары 42 пуд күріш, Балық тресінің жұмысшылары 6 тонна балық, қалалық нан комбинаты бір жарым тонна кондитерлік заттар жіберген. Сонымен қатар газеттің 1942 жылғы 18 қарашадағы санында кеңестер одағының басшылығына Мұсылман орталық діни қызметкерлер басқармасының муфтиі Аб­дырахман Росулов «Дұшпанның тез же­­ңілуіне Алла жәрдем берсін» деп жазады.

Газет беттерінен соғыс жылдарындағы бірегей фотоларды кездестіруге болады. Соғыс даласындағы қару-жа­рақтар, ерлігімен көзге түскен батырлар, тылдағы еңбек адамдарының сурет­терін көре аламыз. Олардың сапасы қазіргі отандық басылымдағы суреттер­ден кем емес. Майдангерлердің бет-бейнесі, қару-жарақ түрлері анық көрінеді. Со­ғыс кезінде қазақ тілінде жарық көр­ген майдандық 26 газеттің арасында «Отанды қорғауда» ең үздік басылым деп танылған. «Со­циалистік Қа­зақстан» газеті сонау сұрапыл соғыс жылдарының өзінде-ақ бұл басылымды «неғұрлым толық газет» деп бағалаған көрінеді. Газетте жарияланған фотосуреттер Отан үшін жан беріп, жан алысқан батырларымыздың боямасыз шынайы күйі мен сол заманның бейнетті бейнесі секілді. «Отанды қорғауда» газетінің 1942 жылы 9 желтоқсандағы санында Ленинград фронтында Шайқы Қымызбаев пен Тәжібек Ахметовтің суреті жарияланған. Бір қызығы, ол суреттің түпнұсқасын біз Президент ар­хи­­вінің 1907-1997 жылдардағы фот­осуреттердің коллекциясы жиналған «Фотоқұжаттардың архивтік коллекциясы» деп аталатын №896 қорынан таптық. Фотоқұжаттың аннотациясында: «Отделение противотанковых ружей в засаде: на переднем плане Шайки Кумызбаев и Тажибек Ахметов» деп жа­зылған. Осылайша, архив құжаттарымен жұмыс істеу кезінде өзге қордан дәл сол материалдың басқа қырынан көре ала­тынымызға кезекті рет көз жеткіздік. Қат-қабат сақталған құжаттарды оқып-іздену арқасында осындай жан-жақты, қызықты һәм танымды мәліметтерді біле аламыз.

Тағы бір мысал, «Отанды қорғауда» газетінің 1942 жылғы 16 желтоқсандағы санында 8-гвардиялық Қызылтулы атқыштар дивизиясының мергені Төлеуғали Әбді­беков туралы ақпарат бар. Мақалада ҚазақКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов соғыста жаңа батырлар шығып жатқанын айтады. «Соғыста жаңа батырлар өсуде. Бұрын мақта совхозының жұмысшысы, қазір мерген Т.Әбдібеков жақында майданнан «Өз винтовкасынан 125 фашисттерді» атып тастадым» деп ақпар жіберіпті», деп жазады ол. Сондай-ақ архивтің №893 қорында Төлеуғали Әбдібековтің түпнұсқа суреті сақталған. Аталған қорда «Атақты снайпер Төлеуғали Әбдібеков майдан шебіндегі торуылда» атты фото құжаты да кездеседі.

2022 жылы 5 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1941-1945 жылдардағы соғыста көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін мерген Төлеуғали Насырханұлы Әбдібековке қай­тыс болғаннан кейін Қазақстандағы ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағымен қоса айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұл­дыз» және «Отан» орденін беру туралы Жар­лыққа қол койғанын айта кету керек.

Газеттің әр парағын ақтара отырып, аталарымыздың көзсіз ерлігіне куә боласың, жауды жойып, туған ауылына жеңіспен оралатын мезетті аңсағанын көресің. Дұшпанын тойтарып, туған елге той жасайтын күнді армандағанын түсінесің. Басылым жеңісті аңсаған майдангерлер мен баласын сағынған туған ауылдың арасын байланыстыруға сеп болған еді. Президент архивінің қорында «Отанды қорғауда» газетінің тігіндісін парақтап отырып, отты жылдары отан үшін аянбаған қазақ майдангерлерінің есімін білуге болады.

 

Дайана ТОҚБЕРГЕНОВА,

Президент архивінің қоғаммен байланыс маманы