• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 09 Мамыр, 2023

Тағдыр батыр еткен тұлға

230 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында Кеңес Одағының Баты­ры атағын алған фашист Германия әскері Вермахтың кіші коман­дирі ұлты неміс жігіті болғанын көбіміз біле бермейміз. Бұл батырдың аты-жөні – Фриц Шменкель (Fritz Schmenkel) екен.

Бұл жауынгердің өмір тарихы туралы бертінде бірнеше кітап жарық көрді. Атап айтқанда, Па­вел Александровский мен Алек­сей Егоров екеуі жазған «Пар­ти­зан Фриц» атты 230 беттік туын­ды 1971 жылы жарық көрсе, атақ­ты қалам­гер Борис Полевой 1942 жылы жазған «Партизан товарищ Ш» атты шағын бая­ны автордың 1980 жылы жарық көрген «Самые памятные: Истории моих репортажей» жинағына енген екен.

Жоғарыдағы деректерде «1942 жыл­дың 1 ақпаны күні Смо­ленск облысы Курганово қала­шығына жақын жерден кеңес пар­тизандары 26 жастағы Герман әс­керінің кіші сержантын қолға түсірді» деп жазса, келесі бір деректе: «Фашистер наразы неміс жауынгері партизандарға қосылу үшін 1941 жылы қараша айында Вермахт сапынан қашып шығып, бой тасалап жүрген болатын» делінген. Соңғы дерек шындыққа бір табан жақын. Қалай десек те, бұл азамат шынайы ниетімен кеңес өкіметін жақсы көргені анық. Оған себеп те бар.

Фриц Шменкель 1916 жылы 14 ақпанда Германияның Штет­тин қаласында туған екен. Бұл қала соғыстан кейін Польшаның құзырына өтіп, қазір «Щецин» деген атымен танымал. Әкесі Гер­­­манияның коммунистік пар­тия­сы­ның мүшесі, сонымен қа­тар Тель­манның жақтаушысы болыпты. Өкі­ніштісі, әкесі 1932 жылы фа­шис­терге қарсы қақ­ты­ғыста қаза тап­қан. Бұл оқиға жас Фриц­­тің көз­қа­­расын өзгерт­кен. Әке­­­сін өл­тірген фашистерді жек көретін жағдайға жет­кен.

Ол 1938 жылы Вермахт әскері сапына шақырылғанға дейін қала­дағы шағын кірпіш зауытын­да жұмыс істеген. Фашистік Гер­мания әскерінде қызмет етуден бас тартқан. Осы әрекеті үшін екі­жылдық «еңбекпен түзеу» жа­­засын жүктеген. Бір қызығы, соғыс басталған тұста майданға өзі сұранған. Ондағы мақсаты: шайқас кеңес әскері қатарына өтіп, фашистерге қарсы күресу еді дейді. 

Сөйтіп, ол Вермахтың 186-жаяу әскер дивизиясы сапында соғысып жүріп, жақын маңда кеңес партизандарының жасағы бар дегенді естиді. Дереу соларға қо­сылуды ойлайды. Ең қиыны, орыс­ша тіл білмейді. Оған да қара­май қашып шығып, Смоленск об­лысы Ярцевский ауданының Под­мошье кентіне келіп, шеткі үйдің есігін қағады. Үйден шыққан кек­се әйелге «Ленин! Сталин! Тель­ман!» деп осы үш сөзбен іштегі зарын төгеді. Ана әйел де көпті көрген сұңғыла болса керек, жүзі жылы немісті үйіне кіргізіп паналатады. Фриц бұл жерде үш ай бой тасалап, партизандарды күтеді. Ақыры оларға қосылады.

Бірақ партизандар алға­шында бұған сенбейді. Жатқан-тұр­ғанын қатаң бақылайды. Уақыт өте келе, адалдығына көзі жеткен парти­зандар оған қару бе­ріп, қатарға қосады. Фриц 1942 жылы тамыз айында неміс офицерінің формасын киіп, фашистерге қол­шоқпар болып жүрген жергілікті 11 сат­қынды жал­ғыз өзі айламен қол­ға түсіреді. 1943 жылы тағы да не­міс офи­це­рінің кейпіне еніп, фа­шис­тердің азық-түлік арт­қан колоннасын алдап әкеліп, пар­тизандардың тұзағына түсі­реді. Ашыққан партизандар ас-суға кенеліп жырғап қалады. Шмен­кель бұл әдісті бірнеше рет қолданып, фашистердің ірі-ірі әскери құрылымдарын қапы қалдырады. Айлалы азаматтың айрықша әрекетіне риза болған партизандар оған Иван Иванович деп ат қояды.

Батырдың жоғарыдағы әрекет­терінен құлағдар болған неміс жағы «Әскери қылмыскер, сатқын Фриц Шменкельді өлтірген адамға сыйлық бар. Ол адам орыс болса, оған 8 гектар жер тегін береміз, ал неміс сарбазы өлтірсе, оған екі мың марка толық екі ай демалыс береміз» деп жариялайды.

Партизандар қызыл әскермен қау­ыш­қан тұста Шменкельді Мәс­­кеуге шақырып, оған «Жа­уын­герлік Қызыл Ту» ор­денімен марапаттап, барлау мек­тебінде арнайы жаттығудан өткізеді. 1943 жыл­дың желтоқсан айында қазіргі Бе­ла­русь жерінде фашистерге қар­сы партизандық жорық жасау үшін құрылған арнайы топқа командир етіп тағайындайды.

Жүктелген міндетті атқара жүріп, Фриц 1944 жылдың қаң­тар айында фа­шистердің қо­лына түседі. Оған себеп, жо­ға­рыдағы ар­найы топтың ішінде немістердің жансызы барын аң­ғармай қалады. Бұл сатқын тек Фрицті ғана емес, небір мық­тыларды орға түсіреді.

Әбден ызасы өткен фашистер Фриц Шменкельді 1944 жылдың 22 ақпаны күні ату жазасына бұйырады. Оған 1964 жылы Ке­ңес Ода­ғының Батыры атағы бе­ріледі. Қа­зіргі таңда Ресей Фе­де­ра­циясының Нелидово және Белый қалаларында Фриц Шменкель атында көше болса, Минск қаласындағы батырды ату­ға үкім шығарған ғи­марат қа­быр­­­­ғасында ескеркіш тақта ор­натылған.

Екі Германия бірікпей тұр­ғанда Берлин қаласында Фриц Шмен­кель атында көше бар еді, кейін немістер тұтас Германия құра­­мына қосылған соң бұл кө­ше­нің атын «Rheinsteinstraße» («Гауһ­ар көше») деп өзгертті.