• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 10 Мамыр, 2023

Райымқұлов биігі

440 рет
көрсетілді

Роман жүгі ауыр жанр екені оқушы қауымға белгілі жайт. ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне олжа салған қадау-қадау көркем шығармалар сол кездегі оқырмандардың әлі күнге дейін есінде. Оны қазір ойша шолып шықсақ, Ғабит Мүсіреповтің атақты «Ұлпаны», Ілияс Есенберлиннің «Қаһарынан» бастап, көшпелілер өміріне арналған бірқатар туындысы әдебиетімізді жаңа биікке көтерген еді. Әбіш Кекілбайұлының «Үркері» мен Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны» есімізге алғашқылардың бірі ретінде оралады. Әбекеңнің (Нүрпейісов) «Қан мен терін», одан кейін «Соңғы парызын» оқыдық. Тізімді бұдан әрі де соза беруге болар еді. Сондай-ақ қазақ көркем әдебиетіне «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Бала жігіт», «Қара жорға», «Балдақты адам» сияқты сүбелі шығармалар берген Рахметолла Райымқұловатың есімі де құрметке лайық деп білеміз.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, өзіміз оқыған жоғарыда аталған шығармалар жайлы пікірімізді таратып айтып өткіміз келеді. Роман жанры – әлеуметтік салмағымен, дәуірдің маңызды мәселелерін көтеруімен айрықша бағаланады десек, Рахметолла Райымқұловтың шығамалары бұл үдеден толық шыға білген туындылар деген ойдамыз.

Сөзіміздің әлқисасын «Түйелі адам» повесінен басталық. Повестегі негізгі тартыс екі әулеттің арасында өтеді. Бірі – бай шонжар Тіспай және оның ұлдары Құрбан мен Кенжеғұл. Екіншісі – Тіспайдың малшы-жалшысы Тоқатай мен оның жас талап баласы Сейіттің басынан кешкен хикметтері өзек болған.

Оқиға қазақ даласына келген жаңа қоғамның орнауы кезіндегі тап тартысы секілді жаңа мен ескінің күресі арқылы өріледі. Жан алысып, жан беріскен алуан түрлі жағдайлар еліміздің оңтүстігіндегі Ташкент қаласымен іргелес қазақ ауылдарында өтіп жатады. Автор өзі суреттеп отырған өлкені, ондағы орын алған тартыстар мен күрес хикаяларын жетік білетіні аңғарылады.

Шығармаға негіз болған тарихи дәуір ерекшелігін ескерсек, қазақ даласына келген жаңалық – үстем тап билігін жойып, жаңа қоғам орнату жолындағы күрестің тайталас уақыты еді.

Қолындағы жалшыларына жүргізіп отырған билігі мен байлығынан айрылмау үшін байлардың үрім-бұтағы күшті қарсылық көрсеткені белгілі. Мұндай қарсылық, әсіресе, байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу кезінде шегіне жеткен. Тартыстың нағыз бетпе-бет келген «кімді-кім жеңеді?» – дегендей текетірес жағдайындағы оқиғалар оқушысын тартып, еліктіріп отырады. Ғұмыр бойы байдың малын бағып, бір ешкісін қасқырға жегізіп алғаны үшін Тіспайдан өлімші таяқ жеп, қамшы тиген бір көзі ағып түскен соқыр Тоқатайға бай босағасындағы талай жылғы еңбегі үшін кәмпеске кезінде бір түйе үлес тиген еді. Бай балаларына қызыл қоспақ түйенің кешегі қара табан құлға бұйырғаны ерекше ыза туғызып, өштік пен кектің негізгі себебіне айналады.

Бұл шағын повесін автор ширатып, көлемін кеңейтіп, келесі басылымында «Болаттың сынығы» деген атпен роман ұсынады. Шығарма роман деп айтуға әбден лайық деген ойдамыз. Бұл романда Тоқатай баласы Сейіт жаңа заманның белсендісі ретінде көрінеді. Талапты жас оқырман көңілінде жылы да жағымды сезім ұялатады. Қалада бірге оқып, көңілдері жарасқан ауылдас қыз Жамал екеуінің бүршік жарған махаббаттары да нанымды суреттеледі.

Іштей Тоқатай әулетіне кіжініп жүрген Тіспай балалары жаңа заман өріне ұмтылған, оқып сауатын ашып, өзінің мүддесін қорғаған қоғамның өкілі ретінде туған ауданында комсомол ячейкасын ұйымдастырушы Сейіттің де, оның әкесінің де көзін құртпақ... Тоқатай Сейіт пен Жамалдың үйлену тойына қажет жабдықтарды іздеп қалаға базарлай барып, қалаған заттарын алып, көңілі бірленіп қызыл қоспағына мініп, артынып-тартынып келе жатады. Көңіл хошы керемет! Аңғал қарт өзін алда қандай хикмет күтіп тұрғанынан бейхабар. «Аңдыған жау алмай қоймайды» демекші Тоқатайдың базардан қайтар жолын Құрбан, Қаранар, Кенжеғұл тосып жүрген. Жолдың ең бір қиын өткелді тұсында олар Тоқатайдың алдынан шығады. Бұларды көргенде де қарт ойына ешбір күдік алмайды: «Е-е-е, өзіміздің ауылдың балалары екен ғой»-деп, қайта көңілденіп қалады. Ниеттері қарау бай балалары қартты жолдан бұрып терең сай ішіне алып кетеді. Олардың қайда апара жатқандарын қарт адам аңғара алмаған. Әйтеуір бір жерге келген соң тоқтаған.

Тоқатай Тіспай байдың үлкен баласы басмашыларға қосылып, ел тонап жүр екен дегенді естіген. Сол есіне түсіп Құрбанды «Сен қанішер басмашы, сенің жазаңды Алла берсін», деп айтып салды. «Бұл сөзді естіген Қаранар: «Әй мына қаудыр шал не дейді?» – деп қалды да ашуы қозып, Тоқатайға тура ұмтылды.

– Шөгер түйені. Өлер алдында айтарың болса, айтып қал! – деді ақырып.

Тоқатай түйеден түспей, айналасына назар аударды. Өзін Қасқабұлақтың терістік жағындағы Жындысай атанған терең шұңқырға әкелген екен. Қараңғы түнмен үндескен бұл сайдың сыры бұған ежелден мәлім. Жыраларына сан қилы тікенді бұталар тұтасып өскен сай іші тапа-тал түстің өзінде бұлыңғыр, әрі қорқынышты-ақ еді, небір жыртқыш аңдарға мекен болған жер. Сол сай қазір Тоқатайдың жалғыз көзіне бұрынғыдан да суық, қараңғы – нағыз жын-перінің ұясындай болып көрінді. Тоқатай ішінен Тәңірінің атын атап, әлдене деп жалбарынып күбірлей береді.

– Кенжеғұл, сен неғып сілейіп тұрсың? Шөгер ана түйені! – деп бұйырды Құрбан інісіне. – Сенің-ақ кегежең неге кейін тарта береді осы? – деді зекіп. Даусында зіл бар. Кенжеғұл қарттың маңына жуымай, анадай жерде ат үстінде бүрісіп отыр еді. Қазір ағасы оған атын атап ұрысқанда жаман сасып, сасқалақтап қалды. Ал, Кенжеғұл деген есім құлағына жылы естілген Тоқатай елең етті.

– Ау, Кенжеғұл! Кенжеғұл дейсің бе? Кенжежан, – деп қарт екі-үш рет дауыстады. Жүрегі жылып, өшіп бара жатқан шырағы қайта жанғандай елжіреп кетті. – Шырағым, Кенжеғұл, сен де осында ма едің? Келе ғой, келші бері. Сен Сейітімнің ұяласы едің ғой. Менің сені Сейіттен бөліп көрген жерім бар ма еді? – деді қарт, өзіне Кенжеғұл ара түсер деген үмітпен.

– Оу, айналайын Кенжежан, үлкен жігіт болдың ба? Сені Тәшкенде оқу оқып жүр деуші еді, келіп жақындашы маған, өзің айтшы турасын, бұл не сыр? Жаным балам-ай, мен сені осылай көрем деп ойлаппын ба? Сейіт екеуіңді... – Кенжеғұл тұрған орнынан ары да, бері де жылжи алмады. Ат жалына басын сүйеді. Есіне бала жастан бірге өскен Сейіт түсті.

– Айналып кетейін, Кенжежан, шынымен-ақ анау қараңдап тұрған сенбісің? Жат болып кеткенсің бе, демде? Жақындашы қасыма, Сейітім деп бір сүйейін бетіңнен... – Сейіттің атын аузына алғанда Тоқатайдың даусы тіпті дірілдеп кетті. Кемсеңдеп сөйлей алмай тұтыға бөгелді.

– Жарайды, келмейсің бе, ендеше өзім-ақ, – деп Тоқатай қолындағы шыбығымен жерде шұбатылып бос жатқан бұйда жіпті іліп алып, қызыл қоспақты шөгерді де, жеңіл денесін ширақ ұстап жерге түсті.

– Ал, міне, не істемексіңдер? Талай беріңдер, алдарыңдамын. Кенжежан әгәрәки ала алмай жүрген өшің болса, енді, міне, сен де ал келіп! – Құрбан мен Қаранар аттарынан секіріп-секіріп түсіп, Тоқатайға жетіп барды.

Одан арғы іс тіпті шапшаң өрбіді.

«...Жойқын күшпен сілтеген Қаранардың қайраулы қара қылышы қарттың әлсіз, етсіз, қылдай қу сүйек мойнын баудай қиды. Оның басы жерге сабағынан үзілген алмадай ұшып түсті де, қалған денесі бір сәтке теңселіп тік тұрды. Сонан соң лап етіп сөнген жалындай қатты шіреніп қап, алыстан шаршап кеп аяғы жеткен жерге жантая кеткен адамдай ақырын қылжия барып құлады...»

Адамдар санасындағы кертарт­па­лықтың кесірінен болған өштік қылмыс мұнымен де тоқтамады...

Арғы жағын автор былай өрбітеді.

«...Қазір Құрбан мен Қаранар қызыл қоспақтың үстіне таңылған Тоқатайдың денесін де, түйені де ақ матамен орай бас­тады. Ол қарттың бүгін базардан алған маталары болатын. Аппақ сисасы да мол екен. Бір орамы шымқай ақ жібек болып шықты. Одан басқа қымбат кездемелері де толып жатыр. Құрбан ондай бағалы дүниелерді әрқилы жемістермен қоса өз қоржынына тықты... Осылай Тоқатай қарттың келінге дегені кебіні болды. Балама дегені басқаға бұйырды. Тоқатайдың басы салынған дорба қанжығасына байланған түйені тұрғызып, жан-жағынан бәрі қарады.

– Қараңдар, түйенің ешбір жері ашық қалмасын. Түйенің бауырын да, аяқтарын да ақ матамен шандып тастайық, – деді Қаранар масаттанып.

– Қареке, ағажан тез қимылдайық. Әйтпесе, осында таң атырып аламыз. – Бұл Құрбанның сөзі. Олар ойлағандарын тез іске асырды.

– Ал, атқа отырыңдар, ел тегіс ұйқыға кеткен кезде біз де ауылға кіреміз, – деп асықтырды Құрбан.

Түнерген үрейлі сай ішінде ирелеңдей жеңіл қалқыған қызыл қоспақ қазір аппақ болып маңып барады. Оның осы түрі бейне әлдененің құбжық елесі сияқты. Бұйдасы түрілген ұзын мойнын көкке соза түсіп, қақ беліне тап өзіндей шымқай аққа оранып алып, қимылсыз мелшиіп отырған Тоқатайдың тынысын тыңдаумен келеді...

Оның тостағандай көзінен анда-санда домалап түскен жасы есті хайуанның әлденені сезініп келе жатқанын аңғартқандай... Қабырғасы қайысып, белі майысып келе жатқандай. Кейде тіпті мың батпан жүкті көтере алмай аяқтары да бүгіле түскендей боп кетеді...

«...Ақ елес бел асып жүрген сайын ауылға жақындай берді...»

Романдағы Тоқатай қарттың жа­уыздықпен өлтірілген тұсын оқы­ғанда кім-кімнің де жаны түр­ші­герліктей. Сол арада біздің қайран қалдырған тағы бір деталь болды. Автор осы арқылы Құрбанның ешнәрседен тайын­байтын, адал-арам демей нені болсын талғамай жұта беретін ашкөздігі мен пайдакүнемдігін көрсетпек болған сияқты.

«...Құрбан қымбат кездемелерді, бағалы ормала-шаршыларды әрқилы жемістермен қоса өз қоржынына тықты», – деп суреттейді. Оқып отырған кісі ер жігіттің дүниеқоңыз ұсақтығына өзі ұялғандай болады.

...Үш салт атты аққа оранған қызыл қоспақты қамшымен тартып-тартып, ауылға жақын қалған кезеңнен асырып жібереді.

– Ал, қара да тұрыңдар, бұл ақылды жануар, мына шалды үйіне тұра апармаса маған айтыңдар, – деп масаттана сыбырлады Құрбан.

Түн қараңғылығымен ауылға ұрланып кірген топ екіге бөлінді. Құрбан қасындағыларға аса жауапты міндет жүктеді: Қаранар мен Кенжеғұл Жамал мен әкесін қолға түсірулері керек. Құрбан:

– Сейітті жалғыз өзім-ақ жайратам да сендерге тез жетемін, – деген.

Құрбанның ойынша, Қаранар мен Кенжеғұл Сейіттің қалыңдығын дедектетіп алып келуге тиіс. Құрбан оны қара есекке теріс мінгізіп, басмашылардың қолына тапсырып, қорлатпақшы еді. Алайда, әрқашан адамның дегені емес, Алланың бұйрығы орындалатынын қаперіне алмаған Құрбан бұл жолы қатты қателескен еді... ...Әкесін күтіп ояу жатқан Сейіт сыртта жүрген әлдекімнің тықырын естіп, назарын тіктей қадады. Соның арасынша, келген жан ашық терезеден ішке дік ете түседі. Сейіт:

– Бұл кім, – деді өктем үн қатып.

Құрбан дереу аяғын үн шыққан жаққа қарай басты да тапанша ұстаған оң қолын жоғары көтеріп тұрып, мысқылдай сөйледі:

– Енді қалайсың, өкімет жолдас. Ха-ха-ха!

Сейіт өзінен екі қадамдай жерде қолына қару ұстап, кезеніп, мұны мазақтай сайрап тұрған адамның кім екенін бірден-ақ білген. Ол уақытта жауапты қызметкерлерге қорғану үшін қару беретін еді. Сейіт ақ жүрек: «Өз ауылыма несіне қару асынып барамын?» – деп, қаруын өз қолымен өткізіп тас­тап келген беті еді. Ол қазір осы ісіне ғана өкінді.

Қараңғы бөлмеде бірі қарулы, бірі қарусыз екі жігіттің айқасы басталды. Құрбанның қолындағы тапанша атылды. Оқ қабырғаға қадалды. Сейіт қапасын тауып, Құрбанның мылтық ұстанған қолын қайырып қатты бұрап қалғанда тапанша әлдеқайда ұшып кетті. Екеуі ұмар-жұмар алысып жығылды. Құрбанның бір ғана қарумен жүретін жау емес екенін Сейіт білгендей. Қолын қайта-қайта белдігіне қарай апаруға тырысқан әрекетінен белінде тағы қаруы барын ұққан Сейіт оның қолын белдікке жеткізбеді. Ғажап шапшаңдықпен Құрбанның белдігінен ұстап, қатты тартып, көтеріп лақтырмақ болғанда белдік ағытылды ма, әлде үзілді ме, әйтеуір босай берді. Сейіт белдікті оған тағылған салдырлаған қару-жарақтарымен қоса, ашық тұрған, әлгінде Құрбан кірген терезеден сыртқа атып жіберді.

Алысу-жұлқысу, тартыс, жанталас шегіне жеткендей. Үйде қирамаған зат, сынбаған ыдыс-аяқ қалмағандай еді. Үй ішінен ентіккен, деміккен, ырсылдаған, қарлыға шыққан үн ғана естілді. Бірін-бірі ығыстыра езгілей итермелеп біресе қабырғаға, біресе үстелге соқтығысады. Аяқ астында қалып қирап жатқан затта есеп жоқ.

Ауылда атылған мылтық даусы шықты. Ауыл іші у-шуға толып кеткен еді. Мұны Құрбан да, Сейіт те естімеді. Екеуі қараңғы үйде жұлқысып жатты...

Мылтық атқан Жамалдың әкесі еді. Оқыс атылған дауысқа ауыл азаматтары жиналды. Жамалды ала алмаған Қаранар мен Кенжеғұл көптің көзіне түспей жылыстап тайып отырды.

Жамал шырқырай:

– Бұлар Сейітті жазым етпеді ме екен? – деп ауыл адамдарын ертіп келген еді.

Сол заматта даладан дабырлаған дауыс естіле бастады:

– Сейіт, а Сейіт, барсың ба? – деген дауыстар анық жетті Сейіттің құлағына. Келушілер Сейітті Құрбанның үстінен көтеріп алды. Бірақ қарысып қалған қолын одан әрең ажыратты.

Шам жағылды, апыр-топыр, у-ду!...

Келген топ Құрбанды тыпыр еткізбей байлап, ауданға заң адамдарына тапсыруға алып жүрді. Ақ елестей болып Тоқатайдың сүйегін алып жеткен түйенің алдынан шыққан Сейітке бүкіл ауыл жұрты қайғыра әрі үрейлене қарағандай еді...

Роман аяқталды, біз Тоқатай қарттың қазасына жанымыз ашыса да Сейіт пен Жамалдың аман-есен қалғандарына қуанып, соны дәтке қуат еткендей кітап бетін екі ұдай сезіммен жаптық!

Осы жазбамыз алда-жалда жарық көріп, көзіңізге түсіп жатса, кітаптың мазмұнына неге соншалықты көп орын берілген деп сөкпессіздер. Романды бүгінгі жастар оқыды ма, оқымады ма, анық білмейміз ғой. Сондықтан шығарма туралы пікір айту үшін оның мазмұнын жастар білуі керек деген пікірдеміз, мазмұнын қуалап жазып кеткеніміз де осы мақсаттан туындаған еді.

Рахметолла Райымқұловтың шығар­маларындағы кейіпкерлер тағ­дыры келесі кітаптарында да жалғасып жатады.

Жазушының өзі суреттеп отырған өлкені де, оның тарихын да, ондағы орын алған тартыстар құпиясын да, күрес түрлерін де жетік білетінін аңғарғандаймыз. Әйтпесе, соншалықты тартысты, қым-қиғаш оқиғаларды, олардың өткен жерлерін құр қиялға сүйеніп жазып шығу сенімсіздеу болар еді. Сондай-ақ автор кейіпкерлеріне түптұлға (прототип) адамдардың да ғұмыр жолдарын жақсы білетіндігі байқалады. Сол өлкеде туып-өскен қаламгердің көзімен көргендері, қазына кеуде қарттардан естігендері мен сезінгендері, ұмтылмас әсерлері мен одан ойға түйгендері интуиция арқылы байытылып, шығармаға өзек болғандай оқушысын қапысыз сендіреді.

Жазушы шығармаларының біз байқаған бір ерекшелігі – кейіпкерлерін жайбарақат, мамыражай мезетте емес, түрлі күштердің, мінездер мен көзқарастардың шарпысып, бетпе-бет келіп, сынға түсер кезде бастан кешкендерін сипаттау арқылы көрсетуі дер едік. «Болаттың сынығы», «Бала жігіт», «Қара жорға», «Балдақты адам» кітаптары тақырыбы жағынан сабақтас. Ортақ кейіпкер Сейіттің бас­тан кешкендері аталған шығармаларға арқау болған. Оның үнемі жеңіліске ұшырап жүруі зығырданыңызды қайнатқандай болады. Дегенмен ақыр соңында зұлымдық жеңіліп, жақсылық жеңеді, әділет үстемдік құрады!

Елімізде жаңа қоғам оңай орна­ма­ғанын, бұл салада бір-бірімен бітімге келмейтін әлеуметтік күрестер болғанын, адамның жақсылыққа сансыз қиындықтарды жеңу, сәтсіздікке төзу арқасында қол жеткізгенін жан-жақты білгісі келетін жаңа толқын, жас оқырман, егер оқыса, Рахметолла Райымқұлов шығармаларынан мол мағұлмат, ұнамды әсер алатынына сеніміз зор.

Жазушының біз оқыған роман­дарының басқа да шығармалары, аңыз-әңгімелері, сатиралары да бар. Олар да уақытында оқырмандарын тапқан. Артында осындай мол мұрасы бар қаламгердің және бір бас­ты байлығы – Ақтотыдай талантты ұрпағы.

Шығармашылық бағы, ұрпақ жалғастығының бақыты Рахметолла Райымқұловтың басты мерейі екенін оқушы қауым оның ішінде жас оқырман өздері де біледі деп ойлаймыз. Әрбір қаламгерге осындай абыройлы шығармашылық бақ, талантты ұрпақ жалғастығын бергей.

 

Шәрбану БЕЙСЕНОВА,

жазушы, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері