• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 11 Мамыр, 2023

Түркістан – мақтанышымыз

844 рет
көрсетілді

Еліміздегі ең көне шаһарлардың бірі Түркістан бүгінде инфрақұрылымы дамыған, мәдени орталықтары көз тартатын жасыл желекті, көрікті қалаға айналды. Соңғы жылдары ерекше өзгерген қастерлі шаһар енді ұлтымыздың рухын көтеретін келешегі кемел Түркістан ретінде де дамып келеді. Осы қаланың байырғы тұрғыны мені заманауи да ерекше архитектуралық шешіммен, шығыстық үлгімен салынған жаңа ғимараттардың көптігі қуантады. Туризмнің дамуына, қонақтарға сапалы қызмет көрсетуге септігін тигізетін нысандар көп.

Бүгінде еліміздің тарихы мен мәдениеті бай, адамдардың ру­­хани күш жинауға келетін орынға айналған қалада туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Халықаралық көлік магистралінің желісінде орналасқан көне шаһардың жаңаруы халықтың ізгі ниет-тілегінен туындаған өзгеріс деп білемін. Түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістанға тағзым ету үшін арнайы келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көне қаланы еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың рәмізіне және бүкіл халқымыздың бойтұмарына балады. Бұл қасиетті жерді көздің қарашығындай сақтап, дамыту қажеттігін айтты. Облысты дамытудың 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық бас жоспарына сай 5 жылға 1 трлн 236 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі қарқынды құрылыс, салынған инвестиция елдің игілігі үшін атқарылып жатқан дүние екені мәлім.

Қазір Түркістан қаласын да­мытудың ІІ кезеңі жоспарлы жү­зеге асырылып жатыр. Түр­кістан қаласының әкімі Нұр­бол Тұрашбековтің ақпарат құ­ралдарына берген дерегіне сүйен­сек, биыл қаңтар-наурыз айларында киелі қалаға келушілер мен туристердің саны 130,5 мың адамға жеткен, яғни былтыр осы кезеңмен салыс­тырғанда 7,4%-ға өсті. Қала тұрғындарының қолайлы ортада өмір сүрулеріне барлық жағдай жасалып отыр. Мысалы, қалада газ тұтынушылар 98 пайыздан асса, биыл электр­мен қамтуды 99%-ға жеткізу жос­парланған. Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 220 мыңға артты. Пре­зидент тапсырмасын орындау үшін оның жергілікті өкілдері де әділ, турашыл, халыққа жақын болуы тиіс. Әл-Фараби бабамыз: «Бақыт – әрбiр адам ұмтылатын ұлы мақсат» деп, оған тек бiлiм мен игiлiк нәтижесiнде ғана жетуге болатынын, қаланы басқару үшін ізгілік қасиеттер болуы керек екендігін, қайырымды әкім басқарған қаланың көркі асқақтап, адамдары да бақытқа бөленеді деп айтқандай, бүгінгі таңда қалың елдің көңілінен шығатын әкімдер санаулы ғана. Ал екі жылға жуық уақыт Түркістан қаласына басшылық жасап келе жатқан Нұрбол Тұрашбеков ха­лықтың тұрмыс-тіршілігіне на­зар аударып, өндіріс орында­рын көбейтуге екпін беріп келеді. Жұрт­шылықпен арқа-жарқа әң­гімелесу үшін алдымен, сол жұрт­тың жағдайын жасауды дұрыс көрген сыңайлы. Басты мақсаты – еңбек адамдарын лайықты кө­термелеу, талантты жастарға қол­дау көрсету. Барынша «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қа­лыптастыруға ынталы. Әлеу­меттік желіде Түркістан қаласы ту­ралы мәселе шықса, дереу түйін­ді шешуге атсалысады, әр­дайым ашық диалогке шығады. Уа­қытының басым бөлігі қаланың қайнаған тіршілігін аралап, құ­рылыс орындарының жұмысын қадағалап, тиісті орындарға тапсырма береді. Қаламызда көптеген үйлер мемлекеттік тұрғын үй бағ­дарламасы бойынша салынды. Жаңа тұрғын үйлердің басым бөлігі көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген. Сонымен қатар қалада бірнеше әлеуметтік дүкендер де бар. Қаланың экологиялық ахуа­лын жақсарту және мәде­ни ор­талықтарды көбейту мақ­сатында түрлі саябақтар бой кө­терді. Аулаларды көгалдандыру және тұрғындар үшін қолайлы жағ­дай жасау жұмыстары да қа­тарласа атқарылып келеді. Қала тұрғындарының ұсынысы бойынша жуырда демалыс орындары «Отбасы» саябағымен толықты. Көптеген жақсы жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қонақ үйлер, бордақылау кешені, сүт фермасы, мұз сарайы, ат спорты кешені, сондай-ақ Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында тоғыз үлкен мектеп салынады.

Көне Түркістанның қандай қала болғанын білдіретін нысандар көп. Дегенмен аумағы ұл­ғай­ған бүгінгі қаланың тыныс-тір­­шілігі, келбеті бөлек. Бүгінде қар­қынды құрылысымен қатты өзгер­ген қаланың қай бөлігінен де кө­ненің белгісіндей көзге түсе­тін ке­сененің мұнарасы менмұн­да­­лайды.

 

Ғалымжан БИМҰРЗАЕВ,

Түркістан жоғары медицина колледжінің директоры, медицина ғылымдарының кандидаты