Қазақ қоғамының берік ұстындарының бірі – хан сайлау дәстүрі. Билік алмасудың мұндай өзгеше үлгісі еркіндігі мол көшпелі әскери жауынгерлік ортада айрықша ұтымды болып шығады, ағайынның татулығын, елдің бірлігін қамтамасыз етеді, өлген әміршінің артында қалған балалардың немесе көлденең үміткерлердің өзара қырқысына жол бермейді. Ең бастысы, ұлыс билігі барлық уақытта да кәмелеттен озған, біршама тәжірибе жинақтаған, беделді, жауынгер адамның қолында болады.
Мысалы, патшалық Ресейдің Уфа мен Сібірдегі наместнигі И.Якоби Сыртқы істер коллегиясына 1781 жылы 31 желтоқсанда жолдаған құпия баянхатында: «Қазақтар арасында хан сайлауы қазақ рәсімі ежелгі жарғы негізінде Ордадағы барлық игі жақсының қалауымен жүзеге асады», дейді.
Осындағы патша наместнигі айтқандай, қазақ қоғамының хан сайлау дәстүрі біздің эрамыздың IV-V ғасырларына – көне ғұн дәуіріне барып тіреледі. Ежелгі Түрік ордасы заманынан, VI ғасырдан жеткен нақты деректерге қарағанда, қағанат тарихындағы төртінші әмірші Мұған хан тақ билігі ағадан ініге, одан соң ағаның баласынан інінің баласына көшетін дәстүрді заң жүзінде негіздепті.
Ұлы Түрік қағандығының мұрагері, одан соңғы Батыс түрік қағандығының тарихи жалғасы болып есептелетін Алтын Орда заманында бұл кілтипанның да емі табылады. Алтын Орда ұлысында да ежелгі түрік дәстүріне сай, тақ билігі ағадан ініге көшетін заң берік сақталады, алайда билік міндетті түрде келесі ініге ауатын салт қабылданбайды, келесі іні – туған іні емес, немере, шөбере, шөпшек іні болуы да мүмкін, әйтеуір билеуші әулеттен шыққан үміткер тек сайлау жөнімен ғана таққа жетеді. Сөйтіп, осыған дейін жалпы жұртқа білігімен, ерлігімен танылған, тұрғылыстар арасында зор бедел алған, бүкіл әулет мойындаған адам хан көтерілуге тиіс болады. Әрине, жаңа хан сайлауда белгілі бір саяси күштер мен топтар, ірі шонжарлар, кейде үлкен билікке жеткен әскербасы бектер шешуші қызмет атқарған. Қайткенде де, ел тұтқасын ұстап отырған игі жақсылардың басым көпшілігінің ырқынан тыс, кездейсоқ адамның таққа көтерілуі мүмкін емес еді.
Жаңа ханды сайлау ашық түрде, жария жағдайда өткізілген. Әуелі бүкіл ұлысқа сауын айтылады. Жұртшылық белгілі бір жерге жиналады. Хан сайлау рәсімін көруге, белгілі бір мөлшерде сырттай болса да атсалысуға ұлыстағы кәрі-жастың бәрінің де хақысы бар. Әйткенмен, шешуші дауыс – ел ағаларына тиесілі. Бұлар: ел тізгінін ұстаған сұлтандар, рубасы билер, әскербасы батырлар және ерлігімен не білігімен топтан озған игі жақсылар.
Әлбетте, ел ағалары алдын ала ақылдасып, кеңесе келе, белгілі бір шешімге тоқтайды. Содан соң ғана жалпы жұрттың мақұлдауымен хан көтеру рәсімі жұма күні ашық аспан астында өтетін болған. Жиналған жұрт кең майданда аттылы-жаяулы алқа-қотан тұрады. Ортаға қымбат кілемдер, түрлі түсті текемет, сырмақ, жібек көрпелер жайылған. Бұл ең сыйлы төр деп есептеледі. Төрде хан сайлауға тікелей қатысқан ел ағалары мансап-дәреже, атақ-беделіне қарай үш қатар, төрт қатар болып дөңгелене отырады. Қақ ортада, яғни төрдің төбесінде осы салтанатқа орай арнайы басылған, алтын әдіпті жұқа ақ киіз.
Жұрт орнығып, дабыра басылған соң, күллі Ордаға танымал, атақ-абыройы зор ақсақалдардың бірі орнынан көтеріліп, жиналған жұртқа Ұлы кеңестің шешімін жариялайды, хандыққа кімнің сайланбағын айтады. Бұдан соң елге танымал екі адам болашақ тақ иесін екі жағынан қолтықтап әкеліп, ақ киіздің үстіне шығарады. Әлі хан емес, үміткер ақ киіздің ортасында жүзін құбылаға қаратып, қолын қусырып, малдасын құрып отырады.
Осыдан кейін: ру басы – шешен билер, әскер басы – көзсіз батырлар, кейбір ықпалды сұлтандар кезек-кезек көпшілікке қарата жаңа ханның абзал қасиеттерін және алда атқарар міндеттері жайлы өздерінің жүрекжарды пікірлерін жолдайды. Ханның жақсы істері мадақталады, елге береке-бірлікті сақтау тұрғысынан насихат айтылады. Өйткені хан сайлау – барша халыққа ортақ іс.
Одан соң дінбасы молдалар Құран аятын оқып, күллі жұртты бірлік, пәтуаға шақырады. Соңында ұлыстың атынан бата жасайды. Бұдан кейін аса ықпалды рулардан сайланған мықты төрт азамат ортаға шығып, хан отырған ақ киіздің төрт пұшпағынан ұстап, бастарынан асыра жоғары көтеріп, қайтадан жерге түсіреді. Қазақтың «ақ киізге көтеріп, хан сайладық» деген ұғымы осында жатыр.
Әуелгі төрт жігіттен кейін ұлыс бекемдігіне тікелей қатысы бар тұлғалар ру-руымен топталып келіп, ақ киізде отырған ханды кезек-кезегімен төбесіне көтеріп шығады. Бұл рәсім әр атқарылған сайын рудың беделді әйелдері хан отырған ақ киізге алтын-күміс теңгеден шашып тұрады.
Бұл рәсім аяқталған соң ел ағалары ханның сыртқы киімін шешіп, алғаш көтерген төрт жігітке үлестіреді де, ханға жаңадан тігілген алтынды айыр қалпақ, қамқа тон, зерлі шалбар, оқалы етік кигізеді, бар жарағын асындырады, соңында алтынды ер-тұрманы бар арғымақ атқа мінгізеді. Асан қайғы атамыздың:
Арғымақ атқа міндім деп,
Артқы топтан адаспа! – дейтін толғауы осындайда айтылса керек.
Арғымақ атқа мінген хан Қазақ Ордасының билеушісі ретінде толық мойындалғанын білдіреді. Қазақ рәсімінде ханға маңдайын жерге тигізіп бас ұру болмаған, тіпті түзде тізе бүгу де жоқ, ханға деген қарашаның ең үлкен құрметі – аттан түсу, түрегеп тұрып қол қусырып ізет білдіру ғана.
Қазақта «отыз күн ойын, қырық күн той» деген сөз бар. Ол осы хан сайлау рәсіміне қатысты айтылған. Сайланған ханды алыс-жақындағы жұрт құттықтай келіп, ұлан-асыр той жасаған. Тойда жыраулар өнегелі жыр айтады, күйшілер күй толғайды, аламан бәйге, жамбы ату, көкпар, балуан күрес сияқты ұлыстың мерейін көтеретін, жұртты ерлікке, кісілікке баулитын, жас ұрпаққа үлгі-өнеге тастайтын, салт-дәстүрдің бәрі хан тойында көрініс береді.
Осы орайда, басқа жұртта жоқ рәсім «Хан сарқыты» деген бар. Тойға келген қауым ханның өрістегі мал-мүлкінен қозы-лақ, тайынша-торпақ дегендей сарқыт алып кетеді. Бұл – өте жақсы дәстүр, тойға келе алмаған ұлыс тілекшісі жарлы-жақыбай қауым осылай дәм татады. Бұл – ешқандай ырым-наным емес, дәстүр, халық қалауымен көтерілген ханға деген құрмет. Арада апта өтпей сарқытқа кеткен малдың орны «Хан шашу» рәсімімен неше еселеп толады.
Қазақ даласын зерттеуші орыс офицері И.Г.Андреев 1771 жылы қазақтардың Абылайды хан сайлау рәсіміне қатысып, көрген-білгенін қағазға былай деп түсірген: «Абылай сұлтанды ұлықтап, хан тағына отырғызу рәсіміне сұлтандар мен старшындар, қара халық жиналды. Рәсімге келгендер айналдыра төсеп тасталған кілем-текеметтердің үстіне жас жағынан, руларының даңқы жағынан жол-жобаны сақтап, үш-төрт қатар алқа-қотан отырысты. Содан кейін ханның ерлігі, ақылдылығы, жақсы қасиеттері мадақталды. ...Қысқасы жиналған жұрт Абылайды хан болуға лайық деп таныды. Одан кейін атақты төрт адам Абылайды ақ киіздің үстіне отырғызып, бастарынан асыра жоғары көтеріп «Хан! Хан! Хан!» деп бірнеше мәрте айғайлады. Өзгелер де қайталады...», деп жазады (И.Г.Андреев. Қырғыз-қайсақтың Орта жүз бөлігінің сипаттамасы. Алматы. 1998, 36-37-б).
Қазақтың хан сайлау жоралғысы – халықтық демократияның айқын көрінісі. Көшпенді өмір тіршілігіне негізделген қоғам үшін ең ұтымды жол. Егер осы жүйе бұзылса, ұлыс ыдырайды. Мысалы, қазақ тарихында Қайып өлген 1719 жылғы хан сайлауда, ел ағалары бір мәмілеге келе алмай, ақыры момын Болатты хан сайлайды. Оны Әбілқайырдың тобы мойындамайды. Осы бір жорасыздықтың салдарынан ел басқарусыз қалды да, бірлік кетті. Осыны пайдаланған ойраттар қазақты ақтабан шұбырындыға ұшыратты. Бір қателіктің өзі осындай зардап әкелді.
Сол сияқты Алтын Орданың ұйық орталығы шалқар Еділді мекендеп қалған Ноғай ордасы билікті ханға емес, билерге берді де, ел басқарудағы дәстүрлі жүйе ауысты. Нәтижесінде, уақыт озған сайын Ноғай Ордасы бытырап, ақыры тозып жоғалды.
Тағы бір дәлел, дүниені дүбірлеткен Ойрат хандығы әр қоңтайшысы өлген сайын таққа таласу күшейіп, әркім әскер күшімен билікті тартып ала беру етек алып, дәстүрлі басқару жүйесі бұзылуы салдарынан, ақыры жер бетінен жоқ болып кетті (Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. Алматы: «Қазақстан», 1995. – 193-197-б.).