• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Өнер 14 Мамыр, 2023

Мұңсыз мопс

466 рет
көрсетілді

Бұл картина біздің дәстүрлі ұғымға кереғар интерьерге толы. Мақұлыққа мұнша мән берген шебердің зілді әзілі оқырманды біртүрлі ойға жетелейді. Әуелде жұмсақ орындықта шалқасынан жатқан ит күлкілі көрінгенімен, аздан кейін мазмұн түзеді. Сіз шығармаға қарап отырып, әлдекімге теңеу іздейсіз және бұл әрекетіңізге іштей разы да боласыз.

Әуелгі әңгімені «мопс» деген сөзден бастасақ. Бұл –  үй ішінде асырауға қолайлы, тәбеті жоғары, әрі кісі­мен тез тіл табысып кететін иттің бір түрі. Арғы тегін ежелгі Қытайдан таратады. Бұл өзі балалар ойнағанға қолайлы, мінезі біртоға жануар. Берген тамақты талғамай жеп, бұрышта тып-тыныш жата береді. Түрі сұсты болғанымен, бойы аласа, шамасы үруге ғана жетеді. Сосын қыңырлау, жұмсаған­ды ұнатпайды, ерінсе, жүрмей қоюы да мүмкін. Мұндай жағдайда үйіңізге көтеріп қайтасыз.

Ал мұны француз халқының жануарлар суретшісі Альфред Дедре неге мысалға алды деп ойлайсыз? Қылқалам шебері оның тоғышар қалпын қоғамдағы кейбір адамдарға ұқсатады. «Орындыққа жайғасқан мопс» туындысы қазіргі уақытта Мемлекеттік Эрмитаж мұражайының коллекциясында сақтаулы. 1857 жылы жазылған суреттің өзі пародиялық және сатиралық сипатқа ие. Дегенмен шебердің бұл кенепті жазуға не түрткі болғаны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Ал зерттеушілер әдеттегідей саналуан пікір шеңберінде сөз қаузайды.

Туынды экспозициясының ортасында қызыл төсеніші бар шағын диванда қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан мопстың кейпі жатыпішер жалқаулықты сипаттайды. Оның жанында шарап құйылған шыны мен шағын үстел саясаттан хабары жоқ үй батырларының бәкен-шүкен әңгімесін елестетеді. Ал аяғының астында жатқан «Le Figaro» газеті сол пікірімізді үстей түсетіндей. Мыжылған газет нөмірлері кейіпкердің өзіне қажет ақпаратты таба алмай, шарапқа масая қалғып кеткенін әшкерелеп тұр.

Туындының төменгі жағында мойнына күміс жағалы қарғыбау тағылған, реңкі күңгірт, сұлбасы анық көрінбейтін тағы бір итті байқаймыз. Бұл ит мопстың көлеңкесінде тұр, көзге бірден  түспейді. Автордың картинаны жазу мотиві кенепте бейнеленген кейіпкерлердің прототиптері кім екенін оқырманның еншісіне қалдыруға тырысады.

Белгілі француз журналисі Ипполит де Виллемессант аталған картинаны үш жыл үзілістен кейін қайта басыла бастаған «Le Figaro» газетінің кезекті нөміріне жариялайды. Онысы газеттің болашағына тағы да күдікпен қараған адамдарға сесі болуы мүмкін. Немесе осы газеттің жабылуына сеп болған дөкейлерге көрсеткен қыры болуы да ғажап емес. Тіпті мақтанышпен жариялауы да ықтимал. Не де болса содан кейін картинаның ғана емес, суретшінің де атағы дүркіреп шықты. Қоғамды әжуалаған сурет әлі де құнын жоғалтқан жоқ.

Негізінде, Дедре сол уақыттағы граф Шарль де Монтри­дің итін бейнелеген еді. Ит иесіне тартады. Оның жағымсыз мінез-құлқы айналасына сүйкімсіз етіп көр­сететін. Оның үстіне граф анау-мынау емес, сол кездегі Франция Республикасының президенті ІІІ Наполеонның ағасы-тұғын. Ол аз десеңіз, журналист Вилмессанттың ең жақын досы. Демек журналистің шалқып-тасып өмір сүруіне Монтридің мопсы куәлік болып тұр. Газеттің қайтып тірілуіне графтың сүйікті итінің көмегі тиген. Әрине, бұл біз секілді оқырманның болжамы ғана.

Бір қызығы, Дедре тек Монтридің ерекшеліктерін ғана емес, біршама карикатура сызып, әртүрлі образда бейнелеген. Жалпы, мопстың түрі Вилмессантқа өте қатты ұқсайды. Мұны зерттеушілер көріп, таңдай қаққан екен. Егер сіз оның бұжыр келбеті, қысқа шашы, қалың әрі сәл салбыраған ерні мен қысқа мойнына мықтап бекіген үлкен дөңгелек басын көрсеңіз, мопсқа теңеріңіз анық. Замандастарының бірінің айтуынша, де Виллемессант республикада танылған қаламгерден гөрі, контрабандашы немесе браконьерге көбірек ұқсайды.

Қайткенмен шебердің осы шығармасы патша әуле­тін күлкіге қалдырғаны даусыз. Иттің өзін қарапа­йым халықтан биік қойған ақымақ графтың сұрықсыз қы­лы­ғы көпшіліктің көңіліне тиетін. Ал оны мақтанышпен жариялаған журналист өзінің досын ыңғайсыз жағ­дайға қалдырғанын сезді ме екен. Халық қалжыңға жық­қанымен, ішінде үлкен шындықтың бұғып жатқанын астарлады. Картина өз дегеніне жетті. Ал автор өзінің юморлық шығармаларымен тарихта қалды.