• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 15 Мамыр, 2023

Қайтарылған актив: аз ба, көп пе?

303 рет
көрсетілді

Бас прокуратурада Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жиында әңгіме арқауына ай­нал­ған ең басты мәселе – заңсыз ак­тивтерді қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссияның осы уақытқа дейін атқарған жұмысының нәтижелерін талдау. Сонымен қатар жекелеген істер бойынша тыйым салынған мүлікті қабылдау тетіктері және параллель қаржылық тергеп-тек­серулер жүргізу мәселелері тал­қыға салынды. Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару – Президенттің алға қойып отырған басты тапсырмаларының бірі екенін айтқан Бас прокурор Берік Асылов бұл бағытта комиссия мүшелері айтарлықтай жұмыс атқарғанын атап өтті.

– Жақында өткен Парла­мент сессиясының ашылуы кезін­де Мемлекет басшысы осы мәселені қайталап, назар аударды. Арнайы заңды тезірек қабылдауды тапсырды. Әлем­дік тәжірибелер зерделеніп, сарапшылардың ұсыныстары жиналып, Әділет министрлігінің бастамасымен заңсыз игерілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасы әзірленді, – деді ол

Бас прокурордың айтуынша, осы күнге дейін Экономи­ка­лық ресурстардың заңсыз шоғыр­лануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомство­аралық комиссияның оннан аса отырысы өткен. Экономиканың маңызды секторларына қатысты 11 тақырыптық топ құрыл­ған. Атап айтқанда, жер қой­науын пайдалану, қаржы, көлік, жер­ді пайдалану, энергетика, ден­саулық сақтау, т.б. «Осы бағыт­тар бойынша заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр», деді Бас прокурор.

Берік Асылов комиссия жұмы­сы бастағалы бері мем­лекет­ке жалпы сомасы 760 мил­лиардтан астам теңгеге баға­лан­ған актив қайтарылғанын же­ткізді. Бұл шамамен 1,7 млрд доллар. Оның ішінде 575 млн доллары – шетелдік юрисдикция­лардан қайтарылған қаражат. Бас прокурор бұл арнайы заң қабылданбай тұрып-ақ комиссия мен прокуратура және басқа да мемлекеттік органдардың күш біріктіруі арқасында қол жеткізілген нәтиже екенін атап өтті. Берік Асылов Президент тапсырмасының сапалы орындалуымен қатар, тергеп-тексерулер кезінде адал жұмыс істеп тұрған бизнеске зиян келтірмеу жағын назарға алу керектігін атап өтті.

Бас прокуратура берген мәлі­метке қарағанда, Жоғарғы сот Бас прокурордың негіз­сіз оли­гопо­лия субъектілерінің пайда­сына шығарылған бұ­рынғы шешімдерге қатысты жол­даған 24 наразылығын қан­ағаттандырған. Солардың бірқатарына тоқталар болсақ, мәселен, Алматы ауыр машина жасау зауытының 31% акциясын жекешелендіруді заңсыз деп тану туралы сот шешімі қабылданды. Сонымен қатар Жоғарғы соттың қаулысымен Астанадағы «Думан» қонақүй кешенінің иелерінен 1,3 млрд теңге өндіріп алынған.

Бұдан басқа, соттар заңсыз сатылған мемлекеттік мүлік­ті қайтару жөніндегі ондаған талапты қанағаттандырып, олардың мемлекет меншігіне өтуіне мұрындық болды. Атап айтқанда, олардың қатарында өндірістік нысандар, базарлар, коммерциялық үй-жайлар, элиталық учаскелер, т.б. бар. Мәселен, сот шешімі бойынша «Атырау мұнай өңдеу» зауыты­ның меншігіне Атырау қаласын­дағы сұйытылған мұнай мен газды сақтау паркінің 50% үлесі қайтарылды. Сонымен қатар басқа мемлекеттерге құқықтық көмек көрсету туралы 100-ден астам сұрау хат жолданған. Олар бойынша жалпы құны 100 млн АҚШ долларынан асатын мүлікке тыйым салынды.

Қаржы министрлігі қаржы-өнер­кәсіп топтарының кәсіп­орын­дарынан қосымша 100 млрд теңгеден астам салық өндіріп алды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі қаржы-өнеркәсіп топтарының компанияларына 7 млрд теңгеге жуық айыппұл салды, ал Бәсекелес­тікті қорғау және дамыту агент­тігі 4 млрд теңгеге санкциялар қолданды.

Инфографиканы жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Жоғарыда айтылғандай, Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысы аясында құрылған салалық топтардың бірі заңсыз алынған жер учаскелерін мемлекетке қайтарумен айналысады. Прокурорлар тарапынан қабылданған шаралар арқасын­да олигополия субъектілеріне бұрын негізсіз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған 460 мың гектардан астам жер қайтарылды. Олардың ішінде мемлекетке берілген нарықтық бағасынан 4 есе төмен бағамен сатып алын­ған Алматының көтерме сауда нарығындағы үлесі, олигополия субъектілерінің меншігінде заңсыз болған Алматы әуежа­йы­­ның 17 коммерциялық үй-жайы да бар.

Жер заңнамасының бұ­зылуы­на қатысты тағы бір жайт жуырда Солтүстік Қазақ­стан облысында тіркелді. Петропавл қаласының прокуратурасы коммерция­лық мақсаттағы жер учаске­сін беру кезінде уәкілетті ор­гандар қолданыстағы ережелер­ді елемей, ауданы 0,0150 га жер учаскесінің бір бөлігін заңсыз бергенін анықтады.

Осы қалада аукционнан тыс заңсыз берілген құны 172 мил­лион теңгеге бағаланған тағы бір жер учаскесі қалалық про­куратураның актісі бойынша мемлекетке қайтарылды. Ауданы 6,8 га құрайтын бұл жер учаскесі құрылыс компанияларының біріне әкімдіктің 2021 жылғы маусымдағы қаулысымен көп­қабатты тұрғын үйлер салу үшін конкурстан тыс инвестициялық және инновациялық жобаларды іске асыру үшін уақытша өтеу­лі жер пайдалану құқығы­мен беріліпті. Алайда мемлекеттік меншіктен жер учаскелерін беру үшін инвестициялық жобаны айқындау ережелері тек 2022 жылдың қаңтарынан бастап (яғни жер учаскесі берілгеннен кейін 6 айдан кейін) қолданысқа енгізілген болатын. Яғни алыс-бе­ріс жасалған кезде аталған ин­вес­­тициялық жоба мүлдем жоқ еді.

Бас прокуратураның Ха­лық­аралық-құқықтық ынты­мақ­тастықты дамыту қызметі­нің бастығы Нұрдәулет Сүйін­діковтің айтуынша, заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссияның жұмы­сын жүргізуде құқықтық, ұйым­дастырушылық, кадрлық қиын­дықтар бар. Себебі комиссия алдына бұрын-соңды болмаған кешенді мақсат­тар бойынша тапсырмалар қойылып отыр. «Мұның барлығын іске асыру үшін еліміз түгіл, әлемдік деңгейде оңай көшіре салатын дайын тетіктер жоқ», дейді ол.

– Соған қарамастан «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ортақ іске күш-жігер біріктіру­дің арқасында айтарлықтай нә­ти­желерге қол жеткізілді. Мен­шік құқығы Конституция­­мен қор­ғалатындықтан, мүлік­тің біразы сот шешімдерімен қайтты. Жоғарғы соттың жаңа ұстанымының нәтижесінде елеу­лі активтерді мемлекетке қай­таруға, салықтар мен айып­пұл­дарды өндіруге, тарифтерді төмендетуге қол жеткізілді, – деді Бас прокуратура өкілі.

Комиссия мүшелері басқа мемлекеттердегі заңсыз мүлікті анықтау мақсатында шетелдік әріптестер және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылға ерекше назар аударып келеді. Мәселен, биыл сәуір айында Швейцарияда Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Базель басқару институты арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осы институттың құрамына кіретін Активтерді қайтару жөніндегі халықаралық орталық (ICAR) – әлемдегі ең ірі ұйымдардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып келеді.

Активтерді қайтару жө­нін­дегі ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің айтуынша, комиссия құрылғалы бері 7-8 айдың ішінде мемлекетке қайтарылған елдегі және шетелдегі активтер негізінен дүние-мүлік және валюта түрінде қайтарылып отыр. Олардың көбі Аустрия, Лихтенштейн және Біріккен Араб Әмірліктерінен әкелінген.

– Атап айтар болсақ, мысалы, Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі ондаған миллион долларға бағаланған әшекей бұйымдар бар. Одан бөлек, елімізде салықтан жалтарғандар көп. Комиссия жұмысының арқасында 100 млрд теңгенің салығы өндірілді. Ал мүлік түрінде қайтарылған активтер қандай мақсатта пайдаланылады немесе оларды қалай қаражатқа айналдырамыз деген мәселе комиссия отырыс­тары барысында талқыланып жатыр, – деді ол.

Елімізден заңсыз шығарыл­ған және заңсыз пайдаланылған активтерді қайтаруға қатысты жаңа заң жобасы жақында Пар­ламентте қаралатынын айтқан Зейін Әліпбек бұл құжат осы бағыттағы жұмыстарға үлкен жол ашатынын жеткізді.

– Өйткені жобада бірнеше ма­ңызды мәселе қарас­тырылған. Мысалы, мүліктің немесе қара­жаттың заңсыз актив екенін қалай дәлелдеуге бо­лады, кімдерді және қа­лай жауапқа тарту керек, қайтарылған активтерді не істеу қажет деген сұрақтардың жауа­бы, сондай-ақ сол активтерді жинақтап, әрі қарай пайдаға асырумен айналысатын арнайы мемлекеттік қор құру мәселесі осы заң жобасында толыққанды қарастырылуға тиіс, – деді ол.

Оның айтуынша, комиссия өз қызметін экономикалық ресурстардың ат төбеліндей азғантай адамдардың қолында шоғырлануын тоқтатқанша және адал бәсекелестік пайда болғанға дейін жүргізе бермек.

Жалпы, құқық қорғау органдарына қаражатты жымқыру ар­қылы табыс табуға байланысты істер бойынша тиімді парал­лель тергеп-тексерулер ұйымдас­тыру тапсырылған. Бұл шаралар негізгі қылмыстың мән-жайын тексерумен қатар, мүлікті заңсыз шығару, қыл­мыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.