• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бизнес 15 Мамыр, 2023

Орта бизнестің орны бөлек

179 рет
көрсетілді

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың орта бизнес өкілдерімен өткізген кездесуінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға қатысты ауқымды мәселелер қаралды.

Жиынға Астана, Алматы және Шымкент қалаларының кәсіп­керлері, «Атамекен» ҰКП, сон­дай-ақ министрлер, қала әкім­дерінің орынбасар­лары мен кәсіпкерлік бастама­ла­рды дамытуға және мемлекет­тік қол­дауға жауапты квазимем­лекеттік сектор басшылары қатысты.

Наурызда VIII сайланған Пар­ла­менттің бірінші сессия­сының ашылуында Мемлекет басшысы елімізге экономиканы дамыту жолында өздері­не жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет екенін атап өтті.

«Орта бизнестен зор үміт күтіп отырмыз. Ол бәсекеге қабі­летті өнім шығаратын және кең ауқымды қызмет көрсететін өң­деу­ші сектордың қозғаушы күші­не әрі драйверіне айналуға тиіс», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Кездесу барысында қатысу­шы­лар қаржыландырудың қол­жетім­ділігін қамтамасыз ету, өнім көлемін ұлғайту, импортты алмастыру және жаңа өндіріс орындарын дамыту, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру, мемлекеттік сатып алу, салық салу, сертификаттау, индустриялық аймақтар мен индустриялық парктерді дамыту, инновацияларды енгізу, экспорт, жұмыс орындарын құру, кадр даярлау және тағы басқа мәселелерді талқылады.

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және ин­теграция министрі Серік Жұ­ман­ғарин, Индустрия және инфра­құры­лымдық даму ми­нистрі Марат Қарабаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өзекті мәселелерге тоқталды.

Премьер-министр мемле­кет­тік органдарға бизнес қауымдастығымен бірге көтеріл­ген барлық мәселелердің шеші­мін пысықтау үшін тапсырма берілетінін айтты.

Ол әлемдік тәжірибе көр­сетіп отырғандай, орта бизнес үнемі өзгеріп отыратын нарықтық жағдайларға тез бейімделетінін атап өтті. Бұл оны өз кезегінде эконо­ми­калық дамудың аса ма­ңыз­ды бағ­дарына айналдырады. Сол себепті дамыған елдер ша­ғын кәсіпорындарды әлем­дік на­рық­тағы позициясын кеңей­тіп, нығайтуға белсенді түрде ынталандырып отырады.

«Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. «Samsung», «Toyota» немесе «Hyundai» сияқты компаниялар шағын және орта бизнес ретінде өз жолын бастаған, ал бүгін оларды табысты әлемдік көшбасшылар ретінде білеміз. Өз кезегінде Үкімет бизнестің дамуына қажетті барлық шараларды қабылдап жатқанына сендіргім келеді», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы жүктемені азайтып, салықтық әкімшілен­діру рәсімдерін жеңілдетуді көздейтін жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын айтты.

Сонымен қатар кәсіпкер­лер­дің құқықтарын одан әрі қорғау мақсатында «таза парақтан» реттеу нормасы енгізілуде. Оның ая­сында бизнеске қойылатын 10 мың негізсіз талап алынып таста­лады және мемлекеттік бақы­лау­дың барлық бағыты бойынша рәсімдер автоматтандырылады.

«Бұл жаңа жылдан бастап бизнесті тексеруге мораторий аяқталғаннан кейін адами факторсыз, тәуекелдерді басқару­дың автоматтандырылған жүйе­лері негізінде барлық тексеру кестелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл тексерулер санын азайтып, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттырады», деді Премьер-министр.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сай, мемлекеттік ресурстар мен инфрақұрылымға қолже­тімді­лікті жеңілдету мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріп­тес­тіктің жаңа моделі әзірлен­ге­нін айтты. Жергілікті дең­гейде жер телімдерін бөлу, ин­ф­рақұрылым және әкімдік­тердің құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша да қолдау көрсету жалғаса береді.

«Негізгі капиталға инвес­тиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру бойын­ша әкімдіктерге қойылған нақ­ты KPI бар. Бұл ретте ШОБ субъек­тілерінен түсетін кор­по­ративтік табыс салығы жер­гілікті бюджетке берілді, сол себепті әкімдіктер жеке секторды кеңейтуге мүдделі. Үкімет әрқашан бизнеспен диалогке ашық және оның дамуына ықпал ететін жобаларға қолдау көрсетуге дайын екенін тағы да атап өткім келеді», деп түйіндеді Әлихан Смайылов.