• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2014

Екі елге ортақ мүдделестік

408 рет
көрсетілді

Өңір басшысы Қанат Бозымбаев бастаған облыс делегациясы шекаралас аймақтар арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында Ресейдің Алтай өлкесінде болып қайтты. Губернатор Александр Карлинмен кездесіп, келісімдерге қол қойылды. Делегация мүшелері Барнаулда ұйымдастырылған өндірістік көрмені аралады. Жалпы, бұл сапар ғана емес, облыстың шекаралас отырған көршілес өңірлерінің сауда-экономикалық ынтымақтастық байланыстары бұған дейін де үзілген емес. Бұл байланыстар соңғы он жыл ішінде әртүрлі салаларда  жалғасын  тауып келеді. Облыстағы Ертіс, Железин, Успен, Шарбақты аудандары Ресейдің Омбы, Алтай өлкесі, Құлынды даласы, Славгород, Байғамұт, Керей ауылдары Новосібірдің аудандарымен жақын орналасқан, араларын екі-үш сағаттық жол ғана бөліп тұр. Орман өрті шыға қалса, екі елдің орманшылары тілсіз жау­мен бірлесе  күреседі. – Биыл жаз шыға Алтай өлкесін су басқанда павлодарлықтар көмек қолын созып, киім-кешек, азық-түлік жіберді. Сіздерге рахмет, –  деп Александр Карлин алғысын білдірді. 2012 жылы облыс орталығында екі ел басшыларының қатысуымен өткен ІХ форумда Павлодар облысы Та­тарстан, Башқұртстан, Алтай өлкесі, Омбы, Новосібір және Томск облыс­тарымен, Беларусьтің Минск облысы­мен ынтымақтастық туралы меморан­думдарға қол қойған болатын. Бүгінде оның нәтижесін импорт пен экспорт үлесінің артуынан-ақ байқауға болады. Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, жалпы, біздің облыстың сыртқы саудасында Ресей мен Беларусьтің үлесі 60 пайыздан асады. Былтырғы тауар айналымы 2,8 млрд. долларды құрапты. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 146 миллион доллардың саудасы жасалған екен. Және де облыстың Ресей, Беларусь елдерімен арадағы импорт көлемі экспорттан әлдеқайда төмен. Яғни, біздің өнімдер бұл елдерге көптеп шығарылады деген сөз. Ресейден облысымызға машина жасау, химия, металлургия, құрылыс, өнеркәсіп салаларына қажетті өнімдер жеткізіледі. Сондай-ақ, азық-түлік пен халықтық тұтыну тауарлары импортталады. Ал біздің облыстан алюминий, глинозем, электр энергиясы және көмір экспортталады. Соңғы үш жылда Ресейге тасымалданатын электр энергиясының көлемі артып отыр. Былтыр облыс орталығындағы «Машина жасау зауыты» Ресейге 2,7 миллион доллардың 9 жүк көтергіш кранын экспортқа жіберсе, «Нефтехим LTD» кәсіпорны 30 мың тонна полипропилен мен метил-трет-бутил эфирін жеткізді. Сонымен бірге, «Мұнай-химия зауыты» АҚ жыл сайын Батыс Сібір мұнайының 5 миллион тоннасын қайта өңдейді. Бүгінде зауытта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығындағы «Рубиком», «Акоба», «Смак» кәсіпорындары шұжық және ет өнімдерін жеткізсе, «Кэмми» серіктестігі макарон өнімдерін экс­порттайды. Соңғы үш жылда Ека­те­рин­бург, Омбы, Новосібір облыстарында «Машина жасау зауытының», «Format Mach Company-Сибирь» және «Сварко» кәсіпорындарының өкілдіктері ашылған, енді Мәскеуде «Ромат» фармацевтикалық компаниясының және «Свет» серіктестігінің өкілдіктерін ашу жоспарлануда. Омбы мен Новосібір өңірлерінде «Азимут» жиһаз фабрикасының және «Гофротара» кәсіпорнының өкілдігі құрылады. Бұл «Еуразиялық эконо­микалық одақ» аясында сауда-саттықты одан әрі арттыруға, интеграциялық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік бермек. Мысалы, беларусьтік «Могилевлифтмаш» кәсіпорны мен павлодарлық «Ертіс-Лифт» серіктестігі арасындағы байланыс арқылы павлодарлық компания 100 лифт құрастырып шығарды. Ал, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ Беларусь нарығына жыл сайын 6 мың тонна  алюминий экспорттайды. Мұның отандық өнімдеріміздің басқа елдерде танымал болуына, экспорт үлесінің артуына үлес қосатыны сөзсіз. Ресей арқылы Екібастұздан Бе­ла­руське электр энергиясын жеткізуге жол да ашылады. Өйткені, Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері 2016 жылға қарай бірыңғай энергетикалық нарық құруды қолға алмақ. 2015 жылы Екібастұз ГРЭС-1 стансасы Беларуське 2,6 млрд. кВт/сағат электр энергиясын жеткізеді деген де жоспар-жобалар бар. Бүгінде екіжақты келіссөздер жүргізілуде. Өкінішке қарай, Ресей тарапынан сұраныстың азаюына байланысты көмір экспортының көрсеткіші төмендеді. Жалпы, біздің облыста ресейлік және беларусьтік мамандардың қатысуымен 118 кәсіпорын жұмыс жасайды. Мысалы, Екатеринбургтің «Русская медная компаниясы» Баянауылдың Майқайың кентіндегі «Майқайыңалтын» кәсіпорнын басқарып отыр. Яғни, Майқайыңнан Челябі облысына, «Карабашмедь» зауытына мыс және құрамында алтыны бар концентраттар жеткізіледі. Облыста 2009 жылы шетел инвес­тициясы 8,5 млрд. теңге болса, 2013 жылы 41 млрд. теңгеден асты. Негізгі капиталда ресейлік  және беларусьтік инвестициялардың үлесі басым. Темір­жол, машина жасау салаларында Ново­сі­­бір зауытымен, Нижнетагиль металлур­гия, Магнитогор метиз-калибр комбинат­тары­мен іскерлік байланыстар орнатылуда. Облыс орталығындағы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында химия, мұнай-химия және түсті металлургия салалары бойынша жаңа өндірістер ашылса, бұл – ресейліктер үшін инвес­тиция салуға қосымша мүмкіндік деген сөз. Екіншіден, Ертіс өзені арқылы жүк тасымалының көлемін арттыру өңір экономикасына қажет. Бұрындары Ертіс өзені арқылы жылына 2-3 миллион тонна жүк тасымалданыпты, кейін мүлде азайып, 2008 жылы небәрі 17 мың тонна ғана болып қалған. Су жолы арқылы өзен құмы, қиыршық тас тәрізді құрылыстық заттар тасымалданады. Жүк тасымалдауға кедергі келтіретіні   – өзен­нің кейбір тұстарындағы таяздық. Қа­зақ­стан Үкіметі жыл сайын 80-100 миллион теңге көлемінде қаржы бө­ліп, Ертіс өзенін тазартып келеді. Ал Ре­сейдің Омбы қаласының шекаралас ау­мақ­тары тұсында мұндай жұмыстар жүргі­зіл­мегендіктен, енді бұл мәселе мемле­кетаралық деңгейде қарауды қажет етіп отыр. – Ертіс өзенін сауда жолы ретінде пай­далану экономикалық тұрғыдан тиім­ді. Осы тиімділікті пайдалану керек, – дейді Дүйсенбай Тұрғанов. Бұл күндері біздің өңірде индустрияландыру картасы бойынша жаңа  мұнай және химия, фармацевтика, металлургия, машина жасау кәсіпорындары салынуда. Осы мақсатта Ресей, Беларусьтен, өзге де мемлекеттерден мамандар келмекші. Павлодар өндірісті өңір ретінде Ал­тай өлкесіне қоңыр көмір, қара метал­дан жасалған өнімдер жібереді, ал біз­дің облысқа Алтай жерінен кокс пен жартылай кокс, ағаш материалдар, те­мір­жол шпалдары және басқа да өнім­дер мен құрал-жабдықтар, сондай-ақ, пневматикалық резеңке шиналар экспортталады. Ауыл шаруашылығына қатысты айтатын болсақ, көрші өңірлер асыл тұқымды мал және өнеркәсіптік, өсімдік шаруашылығы, орман, ағаш, бағбандық сала бойынша  жақсы байланыс жасап келеді. Өткен жылы облыс шаруашылықтарына Алтай өлкесінен асыл тұқымды «Далалық күрең сиырдан» 248 бас жеткізілді. Облыстың Шарбақты ауданындағы «Победа» ЖШС, Успен ауданындағы «Галицкое» ЖШС заманауи жоғары өнімді ауыл шаруашылығы техникаларын, мал азығына қосымша дәрумендер, мал шаруашылығына қажетті материалдар сатып алу жөнінде Барнаул қаласындағы кәсіпорындармен келісім жасасқан. Жалпы, біздің Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Қазақстан алю­минийі» АҚ, «ЕЭК» АҚ, «AES Май­көбе» ЖШС, «Қазэнергокабель» АҚ, «Ру­биком» ЖШС, «Павлодартұз» ЖШС сияқ­ты кәсіпорындарымыз ресейлік көрші өңірлермен сыртқы экономикалық байланыстың негізгі тіректері саналады. Бұл жолғы көрші облыстар арасындағы кездесулер Алтай өлкесі­нің әкімшілігі мен Павлодар облысы­ның әкімдігі арасындағы сауда-эконо­ми­калық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы 2012 жылғы 19 қыркүйекте қол қойылған келісімдер аясында жүзеге асырылды. Яғни, шекара бойында көршілес отырған екі облыс алдағы уақыттарда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және гуманитарлық даму, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ынтымақтастыққа бірлесіп қол жеткізбекші. Атап айтқанда, «Қазэнергокабель» АҚ пен «Аллеон» ТД» ААҚ алюминий созба сымын жеткізу жөнінде құны 300 миллион теңгенің, «Стальмонтаж» ЖШС мен «Алтайталь» компаниясы талий сатып алу жөнінде 25 миллион теңгенің өзара келісімдерін жасасты. Сонымен бірге, «Галицкое» ЖШС мен «Анитим» компаниясы топырақты өңдейтін ауылшаруашылық техникасын, «Победа» ЖШС мен «Киров» колхозы»  асыл тұқымды ірі қара мал төлдерін сатып алмақшы. Сөйтіп, облыс басшылығы Алтай өлкесіне сапары барысында жалпы құны 580 миллион теңге тұратын екіжақты 12 меморандум мен келісімдерге қол қойды. Сондай-ақ, облыс делегация­сы ежелден Алтай өлкесінде тұратын қандас­тарымызбен кездесіп, Барнаулдағы мем­лекеттік педагогикалық академия жанынан ашылған «Қазақ тілі мен мәдениеті» орталығында болды. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.