Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызметіне қатысты заң жобасын талқылады.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасы жөнінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан баяндама жасады.
«Заң жобасында ұлттық қауіпсіздік қағидаттарының өзгеруі адам құқығы басымдығы қағидаттарын еш жоққа шығармайды. Керісінше, оларды Конституцияға сәйкестендіреді. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін күштердің заманауи сынақтарға дайындығын арттыру, осыған қатысты заңнамадағы кейбір олқылықтарды жою көзделіп отыр.
Заң жобасы арқылы 2 кодекске және 11 заңға түзетулер енгізіледі және оларда мыналар көзделеді. Біріншіден, қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын стратегиялық объектілерге жатқызу және қорғаныс пен қауіпсіздік мұқтажы үшін қажетті тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге септігін тигізетін нормалар енгізу қарастырылған.
Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушыны таңдау рәсімін тек конкурстық негізде және ашық жүргізу ұсынылады. Қаралып отырған заң жобасында қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары жекешеленген күннің өзінде де мемлекеттің бақылауында қалдырылатын нормалар бар», деді А.Құспан.
Баяндамашының айтуынша, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызметтік тәртібіне, біліктілігіне және әлеуметтік қорғалуына қатысты түзетулер енгізілмек. Ал «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заңның қолданыстағы редакциясында қызметтік тәртіпті сақтау міндеті басшыларға ғана жүктелген.
«Енді, арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтік тәртіп үшін жауапкершілікті тек жеке-дара бірінші басшыларға ғана емес, барша бөлімше басшыларына да жүктеу ұсынылады. Бұған қоса, барлық басшыларға ұлттық қауіпсіздік органдарының кадр құрамын патриоттық тәрбиелеу және құқық бұзушылықтың алдын алу міндеті тапсырылады», деді А.Құспан.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, мұндай жұмыс ұлттық мәдениетке, дәстүрге, мемлекеттік тілді білуге, жауынгерлік рухты нығайтуға, ұжымдағы оңтайлы, адамгершілік моральдық-психологиялық ахуалды сақтауға бағытталады. Баяндамашы заң жобасындағы бірқатар норма әскери қызметті атқару тәртібін жақсартатынына сенім білдірді.
«Үшіншіден, діни экстремизмнің алдын алуды заңдық тұрғыдан реттеу ұсынылады. Қазіргі таңда заңнамаға сәйкес мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға терроризмге тойтарыс беру, оның салдарымен күресу ғана жүктелген. Оның діни аспектілері мүлдем қарастырылмаған.
Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, оған қарсы ақпараттық жұмысты да естен еш шығаруға болмайды деп санаймыз. Осы себепті Терроризмге қарсы комиссия шеңберінде жергілікті атқарушы органдарға діни экстремизмнің алдын алуды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттік беру қажет. Ал Терроризмге қарсы орталық осы жұмыстарды үйлестіріп, оған бас-көз болуы шарт деп есептейміз», деді А.Құспан.
Бұдан бөлек, Мәжіліс республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп пен жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті Үкімет пен Жоғарғы аудиторлық палатасы әзірледі. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы заң жобалары ілеспе құжаттарымен, Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы ратификациялық келісім талқылауға шығарылмақ.
Бұдан кейін депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады. Абзал Құспан бюджеттің әділ бөлінуі туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысы республикалық бюджет пен Ұлттық қорға мол қаражат аударса да, трансферт алғанда тізімнің соңында қалып қояды.
«Батыс Қазақстан облысы республикалық бюджет пен Ұлттық банкке 2022 жылы 1 758,5 млрд теңге аударса, трансферт ретінде алғаны бар-жоғы 207,8 млрд теңге ғана. Бұл Мемлекет басшысының бюджетті әділ бөлу туралы тапсырмасына қайшы келіп отыр. Президент 2019 жылы Үкіметтің кеңейтілген жиналысында сөйлеген сөзінде өңірлерді дамытуға арнаған сегізінші тармағында осы мәселеге арнайы тоқталып, кейбір дотациялық өңірлерге трансферттердің негізсіз көп бөлінетінін атап өтіп, республикалық бюджет пен ұлттық қорға мол қаражат аударып отырған еліміздің батыс өңірлеріне жіті назар аудару қажет екенін атаған еді.
Мәжіліс сайлауы өтіп жатқан кезде 2023-2025 жылдарға үшжылдық бюджет бекітіліп кетті, БҚО сұранысы 28 пайызы ғана қанағаттандырылуы салдарынан облыс тұрғындары тағы да көп игіліктен қағылды. Салыстырма түрде айтсақ, дотацияда отырған кей облыстың сұранысы 130 пайызға дейін қанағаттандырылған», деді А.Құспан.
Депутаттың пайымдауынша, бюджеттің әділ бөлінбеуі салдарынан БҚО-ның қарапайым тұрғындары зардап шегеді. Бұған мысал ретінде еліміздегі ең сапасыз жолдар жағынан өңірдің бірінші орында тұрғанын алға тартты. Сондай-ақ электрмен қамтамасыз ету, мектептердің тозуына да назар аударды.
«БҚО орталығы Орал қаласын жарықтандыру үшін биылға 1,8 млрд теңгеге 7 жоба ұсынылса да, оның ешқайсысы қанағаттандырылмаған. Қазақстан бойынша ең сапасыз мектептер де осы өңірде. Мысалы, жалпы білім беретін мектептердің 53, 5 пайызы 1980 жылға дейін, ал кейбір мектептеріміз 1941 жылға дейін салынған. 115 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасса, 48-і саманнан салынған және тозығы жеткен ғимараттарда орналасқан. XXI ғасырда Батыс Қазақстанда балалар ағаштан тұрғызылған мектепте білім алып жатқанын айту тіптен ұят.
БҚО тұрғындары газ толығымен өзінде өнідірілсе де, осы кезге дейін белгісіз себептермен басқа өңірлерден жоғары баға төлеуге мәжбүр. Мысалы, Ақтөбе облысының тұрғындары газ үшін – 10,51 теңге төлесе, Маңғыстау облысында ол – 10,84 теңгені, ал Атырау облысы 5,27 тенгені құрайды. Ал БҚО тұрғындары 16,78 тенге төлейді», деді А.Құспан.
Депутат Ермұрат Бапи банктердегі дивиденд төлеу мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, мұндай қаржы ұйымдары Ұлттық қордың есебінен акционерлерге дивиденд төлеп отыр.
«2017-2021 жылдары Үкімет банк секторына орасан зор қаржылық көмек көрсетті. Ол көмектің аты «сауықтыру» деп аталды. Естеріңізге салайын, триллион теңгемен өлшенетін бұл «сауықтыру» көмегі болашақ ұрпаққа деп белгіленген Ұлттық қордың есебінен берілді. Яғни біз банктерді «сауықтыруға» халықтың ортақ қазыналық қаржысын жұмсадық», деді Е.Бапи.
Осы орайда, депутат банктер Ұлттық қор алдындағы қарызынан құтылмай тұрып қалайша акционерлерге дивиденд төлеп отырғанын түсінбейтінін жеткізді.
«Өткен алты жылда және қай жылдары қай банк Ұлттық қордың қанша қарызын қайтарды? Осыған байланысты Мәжіліс депутаттарын «Халық банкі» мен Ұлттық банктің есебін тыңдауға шақырамын. Бұл қаржы институттары Мәжілістің алдында есеп бергенге дейін дивидендтер төлеуді тоқтататын құжат қабылдауды ұсынамын», деді Е.Бапи.
Депутат Бақытжан Базарбек Үкіметті жер саласындағы олигархтар мен сыбайластык жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдерін енгізуге шақырды. Оның сөзіне сүйенсек, жер реформасын бастап, жер саласындағы олигополиядан шынайы арылып, монополиялардың қалыптасуына құқықтық жолмен тойтарыс беру қажет.
«30 жыл бойы кім көрінгеннің қолында ауылдың жерлері қолды болып кеткен. Зансыз халықтың ауылшаруашылық жерлеріне ие болғандар оны игермей, дереу оны сатуға, не банкке кепілге қоюға тырысатын. Екі ортада сыбайластық жемқорлықтың салдарынан зардап шеккен – қарапайым халық және мемлекеттің мүддесі. Сондықтан алдағы уақытта жер саласындағы халық үшін түбегейлі реформа қажет. Реформаның негізгі мақсаты – халықтың жер қатынастарында құқықтарын күшейту және мемлекеттік қорғау болуға тиіс», деді Б.Базарбек.
Депутат осыған байланысты бірқатар шешім ұсынды. Біріншіден, жер кадастрын және ауылшаруашылық мақсатындағы жер иелерінің аты-жөндерін ашық жариялау керек.
«Мыңдаған, миллиондаған жердің иелерін, біз, Қазақстан халқы білуіміз қажет. Екіншіден, жерге бақылау жасайтын мемлекеттік орган әкімге де, ауыл шаруашылығы министрлігіне де бағынбайтын, Үкімет құрамына кіретін тәуелсіз, дербес Жер ресурстарын басқару агенттігі құрылуға тиіс. Үшіншіден, мемлекеттік жер кадастрын бір қолға беру қажет. Яғни Цифрлық даму министрлігінен Жер ресурстарын басқару агенттігіне беру қажет», деді депутат.