Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры сахнасында Ақтөбе қаласындағы №78 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясы «Жанталас» актерлік мектебінің жас өнерпаздары драматург Думан Рамазанның «Бейуақ» пьесасын сахналады.
Сахнада қарым-қатынастары күрделенген отбасының шым-шытырық өмірі барынша анық көрсетілді. Бір шаңырақ астында тұрып жатқан ерлі-зайыптылардың ортақ мүддесі жоқ, олардың өзара тіл табыса алмауының зардабын балалары тартқан. Ержеткен ұлдары қайырымсыз да қатал, жастайынан ата-ананың мейіріміне шөлдеп өскен қыздары бойжеткен кезде үйлерінен кетуге мәжбүр болады. Отағасының ойы – сыртта, аңдығаны – атақ пен мансап, сол үшін де арын сатудан арланбайды. Шаңырақты ұйыстырып отыратын отағасының балаларымен шаруасы болмаған соң, ержеткенде олар да әкесін онша керек қылмайды. Бұл үйдің керегесін отанасы ғана тіреп тұрғандай. Анасы отағасы мен балаларын татуластыруға тырысып, жаманды жасырып, жақсысын асырып, жаны қалмай шырылдап жүрсе де, еңбегі зая кетеді. Өйткені ізгілік пен мейірімге, бір-біріне деген жаны ашу сезімі іргетасына әуел бастан қаланбаған үйдің берекесі жоқ. Ортақ құндылық болмаса, бір әке-шешеден туған адамдардың да өгей болатынын жас әртістер көрермен жүрегіне жеткізе білді.
Қойылым премьерасына облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, көрермендерге ой саларлық дүниені сахналаған №78 мектеп оқушылары мен актерлік мектептің жетекшісі Фархат Шынтеміровке алғыс айтты. Өңір басшысы әрбір мектепте осындай шығармашылық ошақтары болуы керектігін алға тартып, мұндай орталықтар балалардың тұлғалық жағынан қалыптасуына әсер ететінін жеткізді.
Осыдан екі жыл бұрын құрылған мектеп театрының мақсаты – оқушылардың шығармашылығын дамыту, балалар бойына рухани қазынаны сіңіріп, кітап оқу мен өнерге баулу.
Ақтөбе облысы