• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жәдігер 16 Мамыр, 2023

Жүсіпбектен қалған жәдігерлер

488 рет
көрсетілді

Ұлт асылдарының бірі Жүсіпбек Аймауытұлы заманында он саусағынан өнері тамған шебер болыпты. Өз қолымен жасаған ағаш сызғышы, сия сорғышы жергілікті музейде қаз-қалпында сақтаулы тұр.

Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейін аралап жүріп, Ж.Аймауытұлына қатысты кей­бір жәдігерлерге еріксіз назар аудардық. Әсіресе Алаш ар­дақтысы үнемі жанынан тастамаған «Насихат» қалта са­ғаты, қағаз кесуге арналған сыз­ғыштар, «Сюзанна» кілемі және ағаштан жасалған сия­сорғыш. Музей қызметкері Әлия Саматова бұл заттардың кей­бірін кезінде Жүсіпбектің өзі жасап, күнделікті жұмысында пайдаланғанын атап өтті. Көне заттар өте қарапайым әрі іс білетін шебер адамның қолынан шыққаны байқалады. Бұл бұйымдарды 90-жылдары музей ашылғанда қаламгердің қызы Мәруа Жүсіпбекқызы қорға тапсырыпты. Алаштың арда азаматынан қалған құнды заттарды ұрпақтары көзінің қарашығындай сақтап, қаншама уақыт сандықтың түбінде жасырып келгені таңғалдырады.

Мәруа Аймауытова есте­лігінде айтып қалдырғандай сызғыштар мен сия сорғышты әкесі өзі жасап, ою-өрнекпен оқалаған. «Анамның айтуын­ша, кей-кейде әкем қатты ой­ға шомған уақытта осы сия­сорғышқа қолын қойып, әрі-бері теңселтіп отыратын болған. Бұл затты да өз қолымен жа­саған. Мұндағы бейнелерге назар аударсаңыздар, онда ба­ласын тамақтандырып отыр­ған құстың суреті бейне­лен­ген. Әкемнің қолынан шық­қан қандай туынды болсын, оның әрбірінде қазақтың фи­лософиялық терең мазмұны жатыр. Ал қалта сағатын жанынан тастамаған. Күндіз қо­ғамдық жұмыстар атқарып, түн ауа шығармашылықпен ай­налысқан. Әкемнің сағатқа жиі қарайтын әдеті болыпты. Уа­қытының, өмірінің аз қал­ғанын сезсе керек...», депті ұлы тұлғаның ұрпағы өз естелігінде.

Әкесінің жатын бөлмесінде үнемі ілініп тұрған «Сюзанна» кілемі де жақсы сақталған. Оны кезінде Бұқара қаласынан арнайы алдырыпты, бұқарлық ше­берлердің туындысы көрінеді.

 

Павлодар облысы