Алматыға Ақаев келді. Иә, бауырлас Қырғыз елінің тұңғыш президенті. Саяси сахнадан әлдеқашан кеткенімен, саясат жөнінде дәріс оқиды. Әлемнің көптеген жоғары оқу орны шақырады. Бұл жолы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де дәріс оқыды. Ұлттық университетіміздің құрметті профессоры ретінде екінші келісі екен.
Асқар Ақаев 2006 жылы Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай сынды 4 елді біріктірген БРИКС мемлекетаралық ұйымы туралы кеңінен әңгімеледі. Кейін Бұл ұйымға Оңтүстік Африка Республикасы да қосылғанын атап өтті. Бұл бес өркениетті, атап айтқанда, Латын Америкасы (Бразилия), Еуразия (Ресей), Қытай, Үндістан, Оңтүстік Африка елдерін қамтыған мемлекеттердің бірлестігі. Спикердің пікіріне қарағанда, БРИКС – қазіргі уақытта көптеген мемлекет мүше болғысы келетін танымал халықаралық ұйымның бірі. Ол мемлекеттердің ішкі істеріне араласпайды, бірақ олардың дамуын демократиялық және тең негізде қолдайды. Спикер Орталық Азиядағы түркі өркениетінде Қазақстанның көшбасшы саналатынын айрықша атап өтті. БРИКС болашақта көпбағытты әлемдік тәртіптің негізін қалыптастыратынын жеткізді.
«Қазақстан – Еуразиялық өркениетте келешекте Орталық Азия, түркі өркениетінің көшбасшысы ретінде кіруге лайықты кандидат. Сіздер барлық көрсеткіші бойынша болашақ көпполярлы әлемдік құрылымның бастауын көтеретін перспективалы және келешегі мол ұйымның құрамында болуға лайықтысыздар деп санаймын», деді лектор.
А.Ақаев КСРО ыдырағаннан кейін әлемде АҚШ үстемдік құрғанын, бір полярлы жүйе құрып, жаһандық тәртіпті қалыптастыруға ұмтылғанын жеткізді. «Бірақ АҚШ аталған мақсатты 90-жылдары да, 2000-жылдары да орындай алмады. Оның себебі әр қырлы. Оған тоқталмаймын. Бұл АҚШ-тың өз кінәсі. Олар одақтастардың да, қарсыластардың да ішкі істеріне араласып кетіп отырды. Proxy соғысқа да, нағыз соғысқа да қатынасты. Ауғанстан, Сирия, Ирак, Ливияда қан төгілді, мемлекеттер күйреді. Алайда олар уәде еткен демократия орнамады», деген спикер әлемнің күйреткіш бір полярлы жүйені қолдамайтынын, оған арқасын бергенін, қазір мойымас адамзат өркениеті жаңа көп полярлы тәртіпке қарай бет алғанын атап өтті.
«Бүгінде де қақтығыстар, қантөгістер, қарсылықтар тоқтаған жоқ. Бұл жекелеген көшбасшылардың тәкаппарлығы мен келіспеушіліктерінің салдары мен зияны. Қазіргі кезде Батыстың 500 жылдық басымдығы аяқталып келеді. Соңғы 100 жылда АҚШ басым болса, оған дейін Ұлыбритания, Нидерланд, т.б. Батыс елдері әлемге ықпал еткені белгілі. Бүгінде бұл циклдің ауысуы жүріп жатыр. Шығыс елдері мен өркениеті қайта көтерілді. Әсіресе Қытай мен Үндістан өркениеті 1990-жылдардан бастап жедел дамып келеді. Парсы шығанағындағы Иран 30 жыл бойы қатаң санкциядан көз ашпаса да экономикада, ғылымда, технологияда жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Екі тектоникалық плита соғылса, жер сілкінісі болады. Өркениет те осы сияқты. Қазір осы өркениеттер соқтығысы жүріп жатыр. Батыс өркениеті құлдырап келеді. Саяси, экономикалық, гуманитарлық қатынастарда тоқырау байқалады. Бұл – заңды құбылыс. Л.Гумилев айтқандай, бәрінің бастауы болады, бәрінің ақыры болады. Шығыс өркениетінің де гүлденген, күйреген кездері болған. Қазір қайта бас көтерді. Бұл – табиғат, эволюция заңы. Өркениеттердің осындай соқтығысуында қақтығыстар тумай қалмайды. Біз Украинадағы proxy соғысты, ҚХР-ға қарсы Тайваньдағы арандатушылықты т.б. көріп отырмыз. Оған әрқалай баға беруге болады. Мұның бәрі заңды құбылыс. Бұл да өтеді. Біз болашақтағы әлемдік теңгерімді БРИКС елдері қалыптастыратынын көріп отырмыз. Мен осы ретте БРИКС туралы әңгімелегім келіп отыр. Қазақстан – БРИКС-ке мүше болуға лайықты үміткерлердің бірі», деді А.Ақаев.
Экс-президенттің айтуынша, БРИКС – бұл толысып келе жатқан күш. Оның көшбасшысы – Қытай. «Қытай ұйықтап жатқан алып, ол оянғанда әлем шайқалады» деген әйгілі қолбасшы Наполеонның сөзі бар. Бұл ел расында оянды. 2010 жылы әлемнің екінші державасы тұғырына бекіді, сол кезде оның дүниежүзілік ІЖӨ-дегі үлесі 10 пайыз болса, бүгінде 20 пайызға жетті. Ал АҚШ-тың дүниежүзілік ІЖӨ-дегі үлесі – 16 пайыз. Қытайдан 4 пайызға кем. 30 жылдық реформадан соң Қытайдың ІЖӨ-і 1980-2010 жылдар аралығында 100 есеге өсті. Жыл сайын орташа өсім 10 пайызды құрады. 2020 жылы юань әлемнің негізгі қосымша валюталарының біріне айналды. Қазір көптеген ел мұнайды долларға емес, юаньға сатады. Ал АҚШ экономикасын демеп келген негізгі тіректердің бірі доллар болғаны белгілі. Қытай бүгінде әлем мұнайының 15 пайызын сатып алады. Қара алтынды экспорттаушылар да қазір юаньға сатуға құмбыл. Сондықтан Қытай 2030 жылы әлемдік көшбасшылықты АҚШ-тан тартып алатынына сенімді. Бұл рас. Көпшілігі осыдан он жыл бұрын ғана экономикалық тұрғыдан аларына сенгенімен, технологиялық жағынан басым түсеріне күмәнді болатын. 2019 жылы Шанхайға барған сапарымызда ғылыми, ғарыштық технологияларымен және басқа бағыттағы зерттеулермен танысып, олардың бұл салада да көші ұзап кеткенін көрдік.
Қытай – «әлемдік фабрикаға» айналды. Үндістан – ақпараттық қызметтің әлемдік кеңсесі болып отыр. Әлемдегі қолданбалы бағдарламалардың 80 пайызға жуығы тиесілі. Бұл елдер соңғы он жылда ғаламат жылдамдықпен дамып келеді. Олардың күш-қуаты – дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалуында. Қытай сияқты әлемнің бірде-бір елі отыз жылда осындай ғажайып қарқынмен дамыған жоқ. Қытай – кедейлікті жеңген ел. Бүгінде бұл елде 600 млн орта тап өкілі бар. Яғни Батыс әлемінің қалталы тұтынушыларына тәуелді емес. Осыдан отыз жыл бұрын Орталық Азияда тәуелсіз мемлекеттер құрылғанда бізге даму жолы тек Батыс моделі арқылы жүзеге асады деп үйретіп келген-ді. Бірақ Қытай мен Үндістан Батыс моделінсіз де ғажап жетістіктерге қол жеткізуге болатынын дәлелдеді.
Әрине, БРИКС елдерінің проблемалары да жетерлік. Оған тоқталмаймыз. Баршаға белгілі, бұл – кедейлік, әлеуметтік қысым т.б. қиындықтар. Бұл – Бразилияда, Оңтүстік Африка Республикасында, Үндістанда кең етек алған күрделі жағдай. Дегенмен БРИКС басқа елдерге бәрібір тартымды бола түседі. Айталық, он жыл бұрын Индонезия, Малайзия, Нигерия секілді мұсылмандары көп елдер ұйымға енуі мүмкін екенін болжаған едік. Бұл бүгінде іске асып жатыр. БРИКС-тің жалпы біріктіруші сипаттамасына тоқталайық. 2000-жылдардың басында олардың бәрі де әлемнің жедел дамыған ірі экономикалары болды. Бұл тарапта Қытай мен Үндістан көшбасшылығын әлі де сақтап келеді. Ірі экономиканың қарқынды дамуы мәселелерді де тез шешеді. Қытай осы арқылы қордаланған талай түйткілін шешіп алды. Өмір сүру сапасын арттыру, теңгерімге қол жеткізу үшін қажетті технологиялық прогресс ұдайы өсіп отырды. Соңғы екі онжылдықтан бұрын олар сыртқы сұранысқа тәуелді еді. Халық кедейленіп, ішкі сұраныстың үлесі аз болды. Он жыл бұрын сапалы, жоғары технологиялы тауарды АҚШ-қа, Еуропаға тасыды. Қытайдың бүгінде АҚШ-пен, Еуроодақ елдерімен сауда айналымы жарты трлн долларды құрайды. Бұл – Ресейдің ІЖӨ-мен тең үлкен көрсеткіш. Бүгінде жағдай өзгерді. БРИКС елдерінің халқы да сапалы және жоғары технологиялы тауарды сатып алатын хәлге жетті. Сондықтан олар бұл тәуелділіктен арылды. Он жыл бұрын БРИКС көшбасшы елдері позицияларын жоғалтады деген сенім болған, ал жетпіс жыл бұрын тіптен оларға еш ел назар аудармаған еді. Бүгінде БРИКС елдері қайта гүлденді. Көптеген сарапшы бірауыздан алдағы он жылда БРИКС елдері әлемде экономикасы өрлеген, жоғары технологияға ие көшбасшы елдерге айналады деп отыр. Бұрын бұл тарапта экономиканы ғана айтатын.
Бірнеше жыл бұрын Иммануил Валлерстайн бастаған еуропалық танымал әлеуметтанушы ғалымдар «Капитализмнің болашағы бар ма?» деген еңбегінде бірауыздан қазіргі қаржылық капитализмнің келешегі жоқ деген ұйғарымға келді. Бірақ қайда барамыз, бағытымыз қалай? Бүгінде көптеген көрнекті ғалым гуманистік интеграция аясындағы әлемге қадам басуымыз керегін құптайды. Соңғы 30 жылдағы әлемдік тепе-теңдіктегі дағдарыс, Батыстың тоқырауы мен Шығыстың жандануы, өркениеттердің талас-тартысы жаһандық тұрақты дамуға мүмкіндік бермей тұр.
2008-жылдары Үлкен жетілік елдері Үлкен жиырмалық елдеріне енетін Қытай бастаған, Үндістан қостаған әлемнің көптеген дамушы еліне дағдарыстан шығуға көмектесті. Жағдай қалай жылдам өзгереді? Былтыр БРИКС-тің ІЖӨ-нің ауқымы (әлемдік ІЖӨ-нің 31,5 пайызы) Үлкен жетілік елдерінің ІЖӨ-нен (әлемдік ІЖӨ-нің 30 пайызына жуық) асып түсті. Он жыл бұрын ғана әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі бойынша БРИКС елдері бар-жоғы 10 пайызды, Үлкен жетілік 40 пайызды еншілейтін. Қазір Батыс әлемі өздеріне тиімді болмағандықтан протекционизм саясатына көшті. Бұрын олар жаһандануды бетке ұстап еркін сауданы қолдайтын. Менің ойымша, енді Үлкен жетілік елдері БҰҰ арқылы Үлкен жиырмалықтан шығуды заңдастыруды ойластырады. «Жиырмалық» форматы – ХХІ ғасырдағы әлемдік үкіметтің ізашары» деген Франция президенті Никола Саркозидің сөзі бар. Үлкен жетілік бүгіннің өзінде БРИКС елдерінің қысымын сезініп отыр.
«БРИКС-тің негізгі өзегі – гуманистік өркениет. Кеңес кезінде біз коммунизмге жетуді армандадық. Демократия, теңдік, әділдік туымыз болды. Қытай мен Үндістан сияқты экономикада индустрияландыруды, ақпараттандыруды табысты жүргізген көшбасшы елдердің қуаты мен қадамын нық басуы – Батыс жоғалтып алған дәстүрлі құндылықтардан айырылмауында. Сондықтан әлем елдері БРИКС консенсусына шоғырланады. Мәселен, 80-жылдары Вашингтон консенсусы құрылды. Осы арқылы сауда еркіндігі, жаһандану өзектілігі артты. Ол кезде бұл АҚШ пен Батыс елдеріне өте тиімді еді. Алайда соңғы он жылдағы Вашингтон консенсусының көптеген елге себілген күйреткіш дәні қауіп төндірді. 2008-2009 жылдардағы дағдарыстан соң Батыс өз мүдделері үшін әлемдік нарықты манипуляциялауға арналған қаржылық спекулянттық операцияларды жүргізіп келеді. Олардың бүкіл өндіріс орындары Қытай, Вьетнам секілді Шығыс елдерінде орналасқан. Бұл да оларды сақтай алмайды. Қазір АҚШ алдағы жылдары өз экономикасын терең рецессияға әкелетін банктік дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Әділ халықаралық саудаға қол жеткізу де әлемнің қуатты елдерінің міндеті саналатыны белгілі. Дамушы елдер үшін ең маңыздысы – азық-түлік өнімдері бағасының тұрақтылығын бақылау. Осы мәселелер БРИКС елдерінің алдымен шешетін түйткілдері. Бұл дамушы елдерді көп қызықтырады. Олар да БРИКС-пен бірге болуға бел байлайды. Өйткені әлемге әділ, үйлесімді жаһандану өзекті. АҚШ қазір ұпай Қытайға ауа бастаған соң жаһандануды тежеп отыр. Яғни бүгінде гегемондығын сақтап қалуға бар күшін салып отыр. Сондықтан БРИКС елдері өзге елдердің ішкі ісіне қол сұқпай, жұмсақ күш – экономикалық және гуманитарлық жобалар арқылы ұстанымдарын нықтай алады.
Бүгінде әлемде 8 млрд халықтың ішінде 2,5 млрд адам орта тапқа жатады. Олардың 900 млн-ы Батыста болса, қалғаны дамушы елдерде тұрады. Яғни сұранысты қамтамасыз ететін орта табысты адамдардың әлеуеті БРИКС-те жеткілікті. Қазір БРИКС елдеріндегі экономиканың даму орталығы Шығысқа ауды. Қытай мен АҚШ өндірістік капиталдың жинақталуы жағынан 2000-жылдары шамамен тең болса, 2010 жылы Қытай 20 есеге көбейтіп, әлемді қамтамасыз ете алатын деңгейге жетті. Ежелгі Қытай жібек, фарфор, қағаз және т.б. инновациялық өнімдерін Ұлы Жібек жолы арқылы Батысқа қалай тасымалдаса, 2050 жылға қарай қазіргі Қытай да жаңарған, жаңғырған Жібек жолымен тауарын, қызметін, жаңа технологияларын жеткізіп, әлемді толық қамтиды. Экономикалық өсімнің тағы бір өзегі – демография мен еңбек өнімділігі. БРИК тұжырымдамасының авторы Джим ОʼНил осылай дейді. Бұл тұрғыдан да БРИКС-тің даму келешегі жарқын. Тіпті ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жетілдіру мен ІЖӨ траекториясы бойынша 2050 жылға қарай бірқатар Батыстың авангард елдері кейін қалады, олардың арасында Жапония мен Оңтүстік Корея да бар. Халық өсімі ұзақмерзімді жоспарларды жасауға, моделдеуді жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік береді.
Қазақстанның да бұл тұрғыдағы әлеуеті жоғары. Қазір қазақ елінде жоғары демографиялық өсім байқалады. Қуатты, білімді жас ұрпақ өсіп келеді. Демографиялық дивидендті дұрыс пайдаланып, кадрлар даярлап, жаңа технологияларды игерер болса, Қазақстан Орталық Азияның алғашқы жолбарысына айналады. Оңтүстік-Шығыс Азияның 7-8 пайыздық өсімімен дамыған елдерін «Азия жолбарысы» деп атайтыны белгілі. Мен де Қазақ елінің Орталық Азиядан шыққан алғашқы жолбарыс болғанын қалаймын. Жуырда жарияланған статистикалық көрсеткіштер Қазақстанда туудың, демографиялық өсімнің артқанын көрсетеді. Сондықтан халық өсімі мен техникалық дамуды модельдеуге болады. Біз бұл тарапта бүгінде дүние жүзіне кеңінен танымал әрі барлығы пайдаланып жүрген модельдеулерді енгіздік. Жер биосферасының адамдарға қызмет көрсету мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан ғылыми есептеулер арқылы «қызыл сызықты» есептейміз. Бұған БҰҰ да назар аударып отыр. Біздің математикалық модельдеуіміздің дұрыстығын Қытай мен Үндістан халқының теңесуін болжауымыздан да байқауға болады. Осы есеппен қарағанда, Қазақстанның көрсеткіші жақсы деңгейде», дейді А.Ақаев.
Спикер Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглицтің «Егер Америка үкіметі халықтың әлеуметтік мәселелерімен айналыспаса, онда екінші социалистік революция 2017 жылы Вашингтонда болады» деген сөзін келтірді. Америка қоғамы да буырқанған қоғам. Әлеуметтік айырмашылықтың арасы жер мен көктей өскен сайын олардың наразылығы да күшейе берді. Сондықтан БРИКС әлеуметтік әділдікті алға шығарады. Бұған тұрақты экономикалық өсім арқылы қол жеткізетініне сенімді. Бұл ретте БРИКС-тің жаңа даму банкінің үлкен маңызға ие болуы да мүмкін екенін жеткізді.
Думан АНАШ